РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШКЕ ҚОЛ ЖЕТЕ МЕ?

РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШКЕ ҚОЛ ЖЕТЕ МЕ?

РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШКЕ  ҚОЛ ЖЕТЕ МЕ?
ашық дереккөзі
239

Биыл республиканың егіс алқаптарынан әуелде 18,5 миллион тонна астық алу көзделген. Іле-шала бұл көрсеткішке қол жетіп, жоспар 20 миллион тонна деңгейіне ұлғайтылды. Бүгінде оңтүстік өңірлердің астығы қамбаға толық түсіп, алды бастырылуда. 

Елбасының қабылдауында болған Премьер-министр Серік Ахметов өз есебінде рекордтық көрсеткіштің аулы алыс еместігін жеткізді. Алғашқы меже – 18 миллион тонна астық жиылып, қамбалар мен элеваторларға тапсырылды. Жоспарланған өнім ауыл шаруашылығының өсімін 12 пайызға жеткізбек. Ендігі мәселе мол өнімді ысырап етпей, қоймаларға орналастыру. Елбасы бұл мәселені де естен шығарған жоқ: «Қысқы маусымға лайықты дайындықты қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы жылын табысты аяқтап, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын қарастыру қажет», – деді ол. Десе де жыл сайынғы мәселе биыл да көңіл алаңдатады. Рекордтық өнім тағы да алынбақшы, ендеше оларды сақтайтын орын жеткілікті ме? деген сауалдың туындауы орынды. Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков «Қазіргі кезде елімізде сыйымдылығы 14 миллион тоннаға жуық астық қабылдау кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардың саны бүгінде 214-ке жетті. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өздерінің 11 миллион тоннаға дейін астық сақтау сыйымдылықтары бар. Яғни, бұл Қазақстанда жалпы 25 миллион тонна көлемінде астық сақтау қоймалары бар екенін көрсетеді», – деген болатын министр.

Жыл сайын Қазақстанда негізінен 13 миллион тоннадай астық жиналатын. Былтыр рекордтық өнім алынған жоқ. Оған қуаңшылық әсер еткені белгілі. Қуаңшылықтың салдары мұхиттың арғы бетіндегі алқаптардан да байқалды. Күннің аптап ыстығы әлемдегі астық экспортының алпауыты – Ресейді де састырған еді. Егіс алқаптары мен орман-тоғайларын өрт шалып, кесірі алқаптарға тиді. Әлемдегі осындай жағдайлар былтыр астық биржасында бірқатар толқулар тудырып, бағаның тұрақталуын астық импорттаушы елдер асыға күткен еді. Өйткені науқан аяқталысымен Ресейдің ішкі нарығындағы ұн бағасы 60 пайызға қымбаттаған. Бұл ресейлік бидайды сатып алатын елдердің қаупін ұлғайтты. Биыл қымбаттауға негіз жоқ. Бірақ АҚШ пен Еуропада астық бағасында толқу көп. Мәселен, 10 қазандағы мәлімет бойынша АҚШ-та астықтың кейбір түрлерінің бағасы арзандаса, Еуропада керісінше 0,8 пайыздық қымбатшылық байқалуда. Ал Қазақстандағы экономикалық жағдай тұрақты. Жалпы ішкі өнім өсімі 9 ай ішінде 5,7 пайызды құраған. Инфляция биылғы жылы болжамды күйінде тұр. 

Олай болса баға көтерілуіне еш негіз жоқ      

  

Биыл ала жаздай жауын-ша­шын­ның молдығынан солтүстік өңірлердің егіні бітік шықты. Егістік науқаны кеш басталғандықтан, әзірге ақырғы нә­тиже белгісіз. Қостанай облысы – ас­тықты аймақтардың бірі. Мұнда ас­тық жинау науқаны аяқталған жоқ. Бірақ егістік алқаптарының 90 пайызы орылып, астық қоймаға өткізілген. Егін ору науқанын аяқтамаған бір­неше аудан ғана қалыпты. Облыстың оңтүстігіндегі аудандар жиын-терінді аяқтаса, межеленген 4,5 миллион тонна астық қамбаға құйылады – дейді Қостанай облыстық Ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы С.Исенаманов. Мұнда егіннің орташа түсімі – 10,1 центнерді құрап отыр. 

Есесіне оңтүстік облыстардың егі­ні толық орылды. Астық бітімі – жыл­дағыдай. Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бидай мен арпаның жиын-терінін аяқтап шықты. Бұл жағдай Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарына да тән. Мұнда гектарына 5,4 және 6,5 центнерден ғана шыққан. 

Экспортқа 10 миллион тонна астық


Әдеттегідей ішкі қажеттілікті есептемегенде, еліміз қалған 6-7 миллион тоннаны шетелге экспорттап келді. Қазақстан бидайын алатын негізгі тұтынушылар – Иран, Ауғанстан және Орталық Азия елдері. Осы елдерге экспортталатын астықтың көлемі ұлғайып отыр. Мәселен, жоспарланған 20 миллион тонна астық алынса, 7-8 миллионнан басқасы сыртқа экспортталмақшы. Жылдан-жылға Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру үшін егістік алқаптары кеңейтіліп, суармалы жерлер қайта қолданысқа берілуде. 

ҚР Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында егін орағының жай-күйін егжей-тегжейлі айтып берді, бұл отырыс­та астық экспорты да елеусіз қалған жоқ. «Экспорт бойынша біздің ең бас­ты позициямыз, әрине, астық, оның ішінде бидай болып табылады. Одан басқа ұн да бар. Біз осы екі позиция бойынша бүкіл дүние жүзінде ең алдыңғы қатардамыз. Талай жылдардан бері ұн экспортынан бірінші орында келеміз. Жалпы айтқанда, осы екі позицияны мығым ұстап тұрмыз. Қазақстанның экпорттық әлеуеті орташа көрсеткіштен сәл жоғары болады деген болжам бар. Аталмыш көрсеткіш шамамен 9-9,5 млн тонна болады», – деді министр. 

Экспорттың артып келе жатқаны ел экономикасының даму көрсеткіші. Бір ғана Жамбыл облысында экспорт тауарлары импорттық өнімдерден екі есе асып түскен. Аймақтық кедендік бақылау департаментінің тәуекелдерді талдау және статистика бөлімінің басшысы Ардақ Ізбасаровтың айтуынша, облыстық сыртқы сауда айналымының жалпы көлемінде экспорт 69 пайызды, ал импорт – 31 пайызды құраған. Алайда Солтүстік облыстар туралы бұлай айта алмаймыз, өйткені күнделікті қолданылатын ет, сүт және нан өнімдерінің көпшілігі елімізде өндірілсе де, жергілікті халық Ресейден тасығанды жөн көретіні өкінішті-ақ. Егер әрбір облыста оңды көрсеткіштер көбейсе, азық-түлік қауіпсіздігіне уайымдамауға болар еді. 


Нан бағасы қымбаттай ма?


Қазақстанның ішкі қажеттіліктеріне небәрі 7-8 миллион тонна астық жеткілікті. Ведомство басшысының пайымдауынша, биыл астықты сақтау бойынша проблемалар туындай қойған жоқ. Астық сақтау қоймаларының сыйымдылығы жоспарланған өнім көлеміне сай келеді. Қазіргі уақытта өндірілген 18 миллион тоннадан астам астықтың тең жартысы элеваторлар мен астық сақтау қоймаларына жеткізілді. Қалған астық құрғақ болуына байланысты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қоймаларында және қырмандарда сақталуда.

Нан бағасы қымбаттай ма? Халықты толғандыратын өзекті сауалдардың бастысы да осы. Жуырда елімізде бірқатар қымбатшылық болады, баға көтеріледі, әсіресе азық-түлік өнімдерінің бағасы бірнеше пайызға өседі делінген. Халықтың көңілін күпті еткен сұраққа Ауылшаруашылығы министрі өзі жауап берді.

– Биыл нан бағасына алаңдауға негіз жоқ. Мәселен, бұған дейінгі жылдары астықтың тоннасы 300 АҚШ долларына (45 мың теңге) жетсе, бүгінде оның құны 27-28 мың теңге көлемінде. Нанның бағасының өсуіне жол бермес үшін «Азық-түлік корпорациясы» астықты кезінде белгіленген құнмен дәл сол деңгейде жіберген. Яғни, корпорация солтүстіктегі элеваторлардан еліміздің барлық өңірлеріне 28 мың теңгеден жөнелткен еді. Бұл тұрғыда нан бағасы қазіргі деңгейдегі межеде сақталған болатын. Сондықтан ағымдағы жылы нан бағасының өсуіне еш себеп жоқ, – деді Мамытбеков мырза. 

Бүгінде үшінші санатты ас­тық­тың орташа бағасы – 27-28 мың теңге. Бұл болжалған көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Сондықтан қазіргі кезде «Азық-түлік корпорациясының» сатып алу акциясын ашуға сәл ертерек. Елбасының қойған міндеті біреу – жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтау. Бұл әсіресе әлемде орын алып отырған дағдарысты ескергенде өте маңызды. 

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының 2013 жылдың 11 қазанындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша шаралар қаралды. Мұнда «Бүгін мейлінше ашық, маңызды әңгіме болып, Мемлекет басшысы тарапынан сындарлы сын айтылды. Біз Президент тапсырмаларын орындау бойынша барлық іс-шараларды кешенді жоспарға енгізіп, бұл үлкен жұмысқа кірісуге тиіспіз», – деп түйіндеді Премьер-Министр. 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары