ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

Қазанның 15-і күні Алматы жұртшылығы «Құрбан айт» мейрамын ерекше қарсы алды. Тарихы Ибраһим пайғамбардан бастау алатын құрбан шалу рәсімінен бөлек, Алматы орталық мешітінде Құрбан айт мерекесі ұлттық нақышта тойлануда. Мешітке жиналған мұсылман қауымның көптігі сонша, мешіт іші мен сырты да айт намазына келген адамдарға толып кетті. Орталық мешіттің бас имамы Нұрбек Есмағамбет  бұны жақсылыққа балап, Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі екенін жамағатқа айтты. Бұл күні Алла разылығы үшін құрбандыққа мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін жақсылыққа шақыратынын жеткізді. Сондай-ақ бұл күні мұсылмандар өз бауырларымен қуаныштарын бөлісе отырып, кембағал, жетім-жесір, мүгедек жандарға қолынан келгенше сыйлықтар таратып, ауру-сырқаулардың халін біліп, оларға Алладан шипа тілейді, – деді ол. 

Айт намазынан кейін айт мерекесі басталып, барлық мұсылман қауым бір-бірін шын ниетімен құттықтасып, елге амандық-саулық тілесті. 

Биылғы Құрбан Айт мейрамын қаламызда тойлау ерекшелігі – ұлттық нақышта безендірілді. Атап айтсақ, орталық мешіттің бас имамы Нұрбек Есмағамбеттің ұйымдастыруымен Ұлық мерекенің сәні түрлі қайырымдылық акцияларымен шырайлана түсті. Ұлттық спорт түрлерінен түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Палуандар күресі, спорттық асық, гір тасын көтеруден жарыстар өткізілді. Бұл игі шараларға 100-ден астам бала қатысты. Сонымен қатар сахнада танымал өнерпаздар мен ақындар өнер көрсетті, сұрақ-жауап түріндегі ойында оза шапқан жастарға сыйлықтар берілді. Балаларға арнайы дас­тархан әзірленіп, сый-сияпат көрсетілді. Құрбан айттың бірінші күні Алматыда осылай басталды.

Ж. Баққондыұлы

Back to top button