ҚАЗАҚТЫҢ ТАШКЕНТТЕ ІЗІ ҚАЛҒАН

ҚАЗАҚТЫҢ ТАШКЕНТТЕ ІЗІ ҚАЛҒАН

ҚАЗАҚТЫҢ ТАШКЕНТТЕ ІЗІ ҚАЛҒАН
ашық дереккөзі
Өткен тарих бүгінгі саясаттың ығына қарай жығылып зерттелмеуі тиіс. Егер бұл бағытта саясат тұрғысынан еңбек етсек, тарихтың шынайы ақиқатын аша алмаймыз. Мәселен, бұрынғы дәуірлерде біздің арғы ата-бабаларымыздың түп-қазық қоныстары – қазіргі Ресей құрамындағы Алтай өлкесінде, Моңғолия мен Қытайдың батыс облыстарында жатыр, һәм олар аталған мемлекеттердің иелігіне айналған. Жылқы баққан қазақтың омбы қар кешіп жүріп, «Омбы» деп атаған жерін сол орыстар басып алғанда – Омск боп, «Төмен» деп ныспылаған орманды алқабы – Тюмень боп, Томбы – Томск, Қорған – Курган, Орынбор (Ор өзенінің бойындағы қала) – Оренбург болып қала берді. 1864 жылы қытай-орыс шекарасы белгіленген кезде қазақтың әлімсақ мекені – Тарбағатай мен Алатаудың шығыс тарапы  екі алып мемлекеттің жер бөлісу саясатының кесірінен Қытай жағында қалып қойды. Көңіл жабырқататын мұндай тарихи фактілер Кеңес Одағы тұсында да көптеп орын алды. Өткен ғасырдың екінші ширегінде коммунистер ықылымнан қазақ жері болған, тұрғындарының жартысынан астамы қазақтар боп табылатын Қарақалпақстанды Өзбекстанға қосты. Ол аздай, 1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарайтын жер жәннаты – Бостандық ауданын, 1963 жылы ұланғайыр алапты алып жатқан Киров, Мақтарал, Жетісай аудандарын сол республиканың қарамағына өткізді. Кейін соңғы үш аудан кері қайтарылғанымен, бір кездері оларға қараған орасан көлемдегі аумақ толықтай бері өтпеді. Жызақ маңындағы күллі Мырзашөл аймағы өзбектерге қалып қойды да, олар сол өңірлерден жаңадан ондаған аудандар ашып алды. Ал тұрғындарының 90 пайызы қазақ боп келетін Бостандық ауданы басқа елдің құрамында қалды. Бұл – қазіргі жұрттың көбі білетін ащы тарих. Десек те, осы өңірге қатысты бүгінгі базбір тарихшылар мен кейбір білімпаз жандар болмаса, жалпы жұрттың бәрі бірдей біле бермейтін тағы бір сырлы тарих бар. Ол – Ташкенттің қазақтың көне шаһары екені, оның өңірі қазақ жері болғандығы жайында айтылмай жүрген сыр. Әлбетте, Ташкентті қазақтар тұрғызған деп кесіп-пішіп айтпаймыз. Оның негізі түркі тектес халықтардың әрқайсысы өз алдарына ұлт болып қалыптаспай тұрғанда қаланған. Заманымыздың басында Сыр мен Шыршық алабын жайлаған қаңлылардың бір тармағы сол кезде суы мол Салар бұлағының бойында үйлері ылғи таспен қаланған қыстақ тұрғызған. Уақыт өте келе, ол қыстақ үлкейіп, Тас­тыкент (Тасты қала) атанған. Осы Тас­тыкент атауы алға озған заманның тілдік үйлесімділігіне орай – Таскент, кейін қарлұқ диалектісіне сай Ташкент боп қалыптасқан. Кейбір жазбагерлер Ташкенттің байырғы атауы Шаш болған деп шатасып жүр. Шаш – Ташкенттің іргесінде болған басқа көне қала. Ол Шыңғысхан шабуылы кезінде қиратылған. Шаш қиратылған соң, оның тұрғындарының көпшілігі одан он-он бес шақырым жерде орналасқан Ташкентке орныққан. Осы себепті Ташкентте халық көбейіп, көлемі кеңейеді. Ақсақ Темір дәуірінен кейін оның солтүстік бөлігі бұрынғы Шаш қаласының орнына дейін жетеді. Сөйтіп Шаш атауы бірте-бірте ұмытылып, Ташкенттің аты жаңғыра бастайды. Ташкент ХІІІ-ХV ғасырларда қолдан-қолға өтіп, біресе Шағатай ұлысына, біресе Ақсақ Темір әулеттеріне қараған. ХV ғасырдың екінші жартысында, яғни Қазақ хандығы жаңа құрылып жатқанда, ол – Моғолстан хандығының шаһары болатын. Халқының дені сол заманнан XII-XVI ғасыр бұрын (б.з.б. ІІ-ғасыр мен б.з. ІІІ-ғасыр аралығы) бүкіл Сыр бойы мен Ферғана жазығында жеке мемлекет құрған Қаңлы жұртының ұрпақтары еді. Керей мен Жәнібек қазақ хандығының туын алғаш көтергенде өздерімен ілесіп келген және де орда тіккен Шу мен Талас бойындағы рулар болмаса, басқа жақтағы ру-тайпалар бірден олардың жанына ұйыса қоймағаны секілді, Ташкент маңындағы қаңлылар да әп дегенде Алаш ұлысына қосыла қойған жоқ. Бұл кезде Ташкенттің айналасында арғы да, бергі де тегі қазақ боп есептелетін өзге рулар да көп-ті. Бірақ олардың бәрі қаңлымен қатар тағы бір үлкен топ – қатаған-шанышқылылардың көлеңкесінде қалып, аттары онша шықпайтын. Керей мен Жәнібек жеке елдің отауын көтергеніне он жылдан аса уақыт өткенде, нақтысы, 1468 жылы бұрынғы Алтын Орданың шығыс бөлігіндегі Көк Орда аталған ұлыстың билеушісі Әбілхайыр өзінен бөлініп кеткен қазақ жұртын шауып алу мақсатымен қисапсыз әскер ертіп, Шуға қарай аттанады. Әбілхайыр Сырдың төменгі ағысымен бойлай жүріп, Созақ шегіне жеткенде аялдайды да, Моғолстан билеушісі Жүніс ханға бағынышты болғанымен, одан дербестік алуды ойлап жүрген Ташкент қаңлыларына «Қазақтарды бірлесіп шабайық» деп жаушы жібереді. Алайда қаңлы-шанышқылылар бұл аттанысқа ермейді. Осы бір тарихи деректі өзбек тарихшылары былай деп сипаттайды: «Ол кез – Моғолстан билеушілері өзара қырқысқа түсіп, ұлыс бірнеше бөлікке бөліну жолына түскен уақыт еді. Қаңлылар да Ташкент аймағын жеке уәлаят етуге әрекет етіп жатқан. Осы себепті қаңлылар Әбілхайырдың айтқанына жүрмеді». Анығында қаңлылар Әбілхайырға еріп, түбі бір туыс ел – қазақтарды шабудан бас тартқан. 1487 жылы Моғолстан ханы Жүніс қайтыс болғаннан кейін Ташкент аймағы үшін Жүніс хан ұрпақтары мен Темір әулетінің арасында үздіксіз соғыс басталады. Бұған үшінші жақтан бұл өңірді көптен бері басып алуды жоспарлап жүрген Мұхамед Шайбани араласады. Ол Жүніс хан ұрпақтарымен келісімге келіп, 1470 жылы қазақ ханы Керей барлық өлкелердегі тегі Алаш боп келетін руларды өз ордасына қаратып алу мақсатымен басып алған Созақ пен Сауран қалаларына шабады. Көп ұзамай Жәнібектен кейін хан болған Бұрындық Сырдың сол жағалауындағы қалалардың барлығын қазаққа қайта қаратады. ХV ғасырдың аяғында Түркістанның батыс бөлігін қайтадан шайбандықтар басады. Ал Ташкент өңірі мен Сауран қаласының маңы қаңлылардың көмегімен билік басына келген Жүніс ханның ұрпағы Махмұд сұлтанның құзырына өтеді. 1530 жылдары Ташкент шайбандықтарға да, Моғолстан билеушілеріне де бағынбайтын қаңлы-қатағандар иелігіне айналады. Содан 1567 жылы Бұқар хандығының тарихында ең құдіретті хан боп есептелетін екінші Абдолла басып алғанша, бұлар дербестікте болады. Бірақ осы 37 жыл ішінде қаңлы-қатағандардан қандай билеушілер шыққаны жөнінде ешбір тарихи дерек жоқ. Абдолла Ташкентті алған соң оған өзінің туысы Баба Сұлтанды билеуші етіп тағайындайды. Билік қолына тиген Баба Сұлтан қаңлы-қатағандардың ержүрек һәм мол әскеріне сүйеніп, арада көп уақыт өтпей-ақ, Абдолладан теріс айналады және Ташкент аймағын жеке хандық деп жария­лайды. Абдолла оған қарсы екі-үш мәрте ләшкер аттандырады. Бірақ жеңіліс табады. Осыған масаттанған Баба Сұлтан енді қазақ иелігіндегі Түркістан өлкесіне шабуылдайды. Қазақтың сол кездегі ханы Хақназар Абдолламен келісімге келіп, оның көзін жоймаққа кіріседі. Өзінің тығырыққа тірелгенін сезген Баба Сұлтан дереу қулыққа басады да, Хақназарға жау­шы шаптырып, бейбіт шартқа отыруға ұмтылады. Сонымен бірге өзі басып алған Түркістан өлкесін у-шусыз қазақтарға қайтарады, сондай-ақ Абдолла ханды бірлесіп шабуға Хақназарды көндіреді. Бұрынғы хандар сияқты қалайда Ташкент өңіріндегі қазақ руларын Алаш ордасына қосуды армандаған һәм Бұқар ханын әлсіретпейінше бұл арманға жету ауыр болатынын білген Хақназар оның ұсынысына қолдау көрсетеді. Сөйтіп ол Ташкентке әскерімен алаңсыз барады. Бірақ алдамшы Баба Сұлтанның жендеттері Шыршық бойында түнемелікке түскен хан шатырына тұтқиылдан шауып, Хақназарды өлтіреді. Хақназарға опасыздықпен ажал құштырған Баба Сұлтан қайтадан Түркістан тарапты жаулайды. Қазақ билігін қолына алған Шығай хан онымен аяусыз күреске түседі. 1582 жылы Тәуекел бастаған қазақ сарбаздары Түркістан түбінде оның айтулы ләшкерінің тас-талқанын шығарады. Баба Сұлтанның басы кесіледі. Бұған разы болған Абдолла Шығай мен Тәуекелге Ходженд қаласын, Зарафшандағы Адыркент аймағын сыйға тартады. Дегенмен Тәуекел хан сайланғанда Ходженд пен қазақ даласын бөліп тұрған, ілкі заманнан қазақ рулары жайлаған, тұрғындарының бәрі Қазақ Ордасына бүйрегі бұрыс, өзінен бұрынғы хандардың дерлігі бауырына басуды армандап өткен, сауда ісі мен қолөнері дамыған Ташкентті Алаш жұртының құрамына қосуды ойлайды. Алайда ол үшін құдіреті күшті Абдолла ханмен текетіресу керек. Бірақ тәуекелсіз мақсаттың орындалуы екіталай. Тәуекел өз әскерінің айбындылығымен қатар Ташкент, Шахрухиа (бүгінгі Тойтөбе), Ходженд маңындағы қазақ руларының өзіне көмек көрсететініне сенеді. Осы сеніммен 1588 жылы аталмыш аймақтарға жорық бастайды. Расында, «Тәуекел Бұқарға соғыс ашқанда Ходженд, Шахрухиа, Әндіжан төңірегіндегі баяғы Мұхамед Шайбаниға еріп келген керей, найман, қыпшақ, қоңыраттар, Ташкенттегі қаңлы-қатағандар, дулат-сіргелілер қазақ жағына шығып кетті» деп өзбек тарихшысы Н. Икрумов жазғандай, Тәуекелдің жорығы сәтті шығып, аталған жерлер қазақтарға өтеді. Осы тараптағы қауіпсіздікті біржолата орнықтырып кету мақсатымен Тәуекел жорығын ары қарай жалғастырып, Абдолланың жеңілмейтін делінетін әскерін ұрыстың бар даласында тұқыртып, Самарқан мен Бұқар қаласына дейін жетеді. Бұқар түбінде өзі ауыр жараланады. Осыған және бұқарлықтардың бітім туралы жасаған ұсыныстарына байланысты әскерін кері қайтарады. Бұл бітімнің негізінде Ташкент қаласы бүкіл уәлаятымен, Ферғана жазығының солтүстік бөлігі Қазақ Ордасының құрамына кіреді. Сонау Керей-Жәнібектен бастап соңғы ханымыз Кенесарыға дейінгі қазақ билеушілерінің қайсысының болмасын, тарихы мен іс-әрекетіне зер салсаңыз, ешқайсысының да жат жерді, бөгде елді жау­лап алуды ойламағанын, сол жолда соғыс жүргізбегенін байқайсыз. Өзінің төрт жүз жылға таяу тарихында қазақ хандары өз жері мен елін қорғау мақсатында сыртқы басқыншыларға қарсы айқасумен өткен. Жат жерге басып кірген жаңа біз жоғарыда айтқан Тәуекелдің, сол бұқарлықтармен жиырма жыл ұдайы соғысып, ылғи жеңіске жеткен Есім мен Тұрсын хандардың жорықтары ғана. Дегенмен бұлар көбіне қарсы шабуылға шықты және есте жоқ ескі заманнан қазақтар жайлаған, Алаш ұлының атамекені болған жерлерге иелік етуге талпынды һәм басынған жауды қайта бас көтерместей күйретуді жоспарлады. Десек те, бұрынғының ақылман хандары аманаттап қалдырған, бекітіп берген талай-талай қала-шаһарлардан, дала-алаптардан кейін күш-қуатымен қатар береке-бірлігі азайған, түрлі шапқыншылықтардан зәразәп болған, оған қоса, ғасырлар бойы сыртқы елдер тарапынан жасалынған қысым мен саясаттың, кейде баққұмар төре-сұлтандардың елдік мұраттан гөрі жеке бастың мүддесін көбірек ойлайтын таяздығы кесірінен рухы төмендеген жазған қазақ мәжбүрлі-мәжбүрсіз түрде айырылып қалды. Ежелден шығыстан батысқа, оңтүстіктен солтүстікке кіре тартқан керуендер жолының торабы, бір кездері ұлы Жібек жолының кіндік тармағы атанған, қай заманда да Орта Азияда стратегиялық һәм экономикалық маңызы аса жоғары болған, ал уақыт өте бүкіл бір географиялық аймақтың орталығы санала бастаған Ташкентті иелену – кімге болмасын, басты мұрат болғаны тарихтан мәлім.Тәуекелден кейін бұқарлықтармен үздіксіз соғыс жүргізген Есім ханның жорықтары да көбіне-көп осы Ташкентті қорғау мүддесінен туындаған. Бірақ Есім хан игеріп отырған аймақ тым байтақ еді. Сол байтақ жердің ең қауіптісі, өзбек хандары түгілі сонау Иран шахтары да көз қадап отырған сол Ташкент уәлаяты-тын. Сондықтан жан-жақтан жау қысқан қазақ жерін қорғау жолында бір тыным таппай, біресе шығысқа, біресе батысқа аттанатын Есімге Ташкент тарапты мекем ұстап тұру үшін ол шаһарға бір сенімді адамды бек етіп қою керек болыпты. Ол бұл лауазымға өзінің туысы Тұрсынды таңдапты. Тұрсынның кезінде Ташкентте қаңлылардың дәрежесі төмендеп, үстем орынға қатағандар шыққан болатын. Міне, осы қатағандардың бек-оғландарына арқа сүйеген ол, 1624 жылы Шахрухиа түбінде өзінен жеңілген Бұқардың Имамқұлы ханымен келісім жасасып, Ташкентті жеке уәлаят, ал өзін хан деп жариялайды. Көп ұзамай Ташкентте өз атынан теңге шығарады, Есімнің Шығыс Түркістанда жүргенін пайдаланып, Түркістан, Сайрам қалаларын шабады. Оның бұл әрекеті – жер аумағы біршама айқындалып, тегі бір жұрттың бір ұлтқа, яғни қазаққа біріккен кезде елді екіге жарып, алауыздық тудырған кешірілмес опасыздығы еді. Бірақ ұлт ұйытқысын бұзған сатқынға қашанда зауал табылған. 1627 жылы Есім хан оның басын найзаға шаншиды, оған жақтас қатағандардың тоз-тозын шығарады. Ташкентке хәкім етіп, қаңлы Бақтышты (өзбектер Пахташ деп жазған) тағайындайды. Міне, осы Бақтыштан бастап 1784 жылға дейін Ташкент қазақ билерінің иелігінде болды. 1720 жылы оның тағына Ұлы жүздің ханы Жолбарыс отырды. 1729 жылы Ташкентті қалмақтар алғаш рет жау­лады. 1731 жылы оны қазақтар азат етіп алады. Дүрбін-ойраттың екінші шабуылы 1735 жылы іске асады. 1739 жылы қазақтар қайтадан өздеріне қайтарады. 1740 жылы қалмақтарға сатылған Ташкенттегі аз ғана сарттар мен қырғыздардың тобы Жолбарысқа у беріп өлтірді. Сол жылы Абылай сұлтанның қолдауымен қала билігі Төле бидің қолына көшеді. Осы жылы күзде қалмақтар шаһарды үшінші рет басады да, өздеріне жақтас қырғыздар арасынан Көкім дегенді қала биі етіп қояды. Көкімнің билігі алты айға да жетпейді. Оны Төленің туысы Бәйтік өлтіргенімен, ондағы қалмақ билігі төрт жарым жылға созылады. Қазақтар тек 1745 жылы ғана оларды қаладан түпкілікті қуады. Осы жерде мынадай сұрақ туындайды: егер Ташкент әлімсақтан өзбектердікі болса, неге олар қалмақтармен соғыспайды? Өзбек тарихында өзбек-қалмақ соғысы деген дерек атымен жоқ. Қалмақтар Ташкенттен асып, Ферғана жазығының солтүстігіне бір рет барған. Осы соғыс қана қоқан-қалмақ шайқасы делініп, аз ғана дерекпен кейінгі өзбек тарихына енген. ХVIII ғасырдағы Қоқан бегінің хаткерлерінің өздері жазбаларында «Ташкент тараптағы қазақ жерінде қыпшақ-қазақтар мен қалмақтардың жойқын соғысы жүріп жатыр» деп бірнеше мәрте жазады. Тіпті Ташкенттің ХVIII ғасырдың бірінші ширегі мен ХIХ ғасырдың алғашқы жартысындағы кезеңінің тарихын тәптіштеп жазған Мұхамед Салық Ташкандидің «Тарихи-жәдидә-Ташкент» атты еңбегінде де аталмыш шаһар үшін қалмақтарға қарсы тек қазақтардың соғысқаны туралы жазылған. 1745 жылдан кейін Ташкент билігі Төле бидің қолына толық көшеді. Ташкенттен бастап сонау Жетісуға дейінгі қазақ жері қалмақтардан азат етілген осы кезден былайғы уақытта жерге таласудан туындаған қазақ-қырғыз қақтығысы белең алады. Төле ғұмырының соңына дейін жеті сайын қайталанатын осы қақтығысты реттеумен күн өткізеді. Өзі өмірден өтер алдында: « Мәйітімді осындағы Шайхантәуір әулиенің жанына жерлеңдер. Бейітім – Ташкент қазақ жерінің төрі екенін оған таласып жүргендерге білдіріп жатсын»,– деп өсиеттейді. Төленің қаупі бекер емес екен. Ол қайтыс бола салысымен, шаһарда сол тұста әжептеуір көбейіп қалған өзбектерге тілімен де, түр жағынан да сіңісе түскен Шағатай, Жошы, Хажы-Тархан әулеттері мен Қоқан хандығына арқа сүйеген сарт-қашғарлықтар тобы арасында билікке талас басталады. Бірақ Төленің орнына шаһар бегі сайланған оның кенже ұлы Қожамжар алғашқыда оларға дес бермейді. Алайда қала ішіндегі тартыстармен қатар, сырттан үздіксіз соққан қырғыз бен Қоқан шапқыншыларының қаупі күннен-күнге арта түседі. Қожамжар Абылай сұлтаннан көмек сұрауға мәжбүр болады. 1765 жылы Арқадан Абылай көп қолмен келіп, Піскент жағасында Ташкентке бағыт алған Қоқан қолын тас-талқан етеді. Ташкентте бас көтерген бүлікшілердің көсемдерін жазаға тартады. Абылай өлген 1781 жылдан кейін шаһар билігі үшін талас-тартыс қайтадан өршиді. Қорытындысында, Ташкент төрт бөлікке бөлініп, әрқайсысын бір-бір билеуші билейтін, атап айтқанда, Қожамжар билейтін – Шайхантәуір, Хажы-Тархан әулеттеріне қарайтын – Бесағаш, Жошы ұрпақтарының иелігіне өткен – Сибзар, Шағатайдан тарағандардың үлесіне тиген – Көкше сияқты төрт қамалға айналады. 1784 жылы бұрын Төленің, кейін Қожамжардың сарайында даруғалық жасаған Жүнісқожа деген қашғарлық ұйғыр бас көтеріп, Қоқан бектерімен жасырын келісім жасаудың арқасында бір-ақ зеңбіректі бес мыңдық қолмен алдымен Шайхантәуір, одан соң басқа қамалдарды басып алады. Төрт қамалды бұздырып, бүкіл Ташкентті қоршайтын биіктігі 4-5 құлаш келген, аумағы 16 шақырымдық жаңа қорған салдырады. Шайхантәуір билігінен айрылған Қожамжар Ташкенттен 20 шақырым жердегі Төленің жазғы қонысына барып жайғасады. Ұзақ жыл шаһар билігін қайтарудың жолын іздеп, Жүнісқожамен талай рет шайқасады. 1798 жылы Қоқаннан қосымша күш алдырған Жүнісқожа Қожамжар бастаған қазақтарды Ташкент маңынан біржолата аластатуды ойлап, үлкен соғысқа кіріседі. Алдымен қазақ ауылдары үстіндегі Шымған тауының екі жырасының түбінен ағатын өзеннің жоғарғы жағын таспен бөгеп, өте үлкен екі шатқалдың арасын суға тотырады. Су аса аумақты екі жыра-шатқалдың кемеріне келіп толғанда, бөгесін тастар оның қысымына төтеп бере алмай, бірден бұзылады. Содан орасан жылдамдықпен ылдиға жылжыған алапат сел төмендегі қазақ ауылдарын басады. Селден аман қалып, жағаға шыққандарын қаруын кезеніп дайын тұрған жау шеріктері қырады. Жүнісқожаның зұлымдығы соншалық, сонда өлген қазақтардың бастарын кескізіп, тау қылып үйгізеді. Жүнісқожа со жолы неше мыңдаған қазақтарды қырып, Қожамжарды Қазығұрт етегіне көшіріп жіберсе де, ол маңнан қазақ атаулының бәрі түп көтеріліп көшіп кетпеді. Ташкент маңымен қоса, Бегабад, Піскент, Жызақ шегінде қалған 500 мыңдай қазақ оған бас иіп, бағынады. 1806 жылы Ташкентті қоқандықтар жаулап алады. Шаһар мен оның айналасына Ферғана жақтан өзбектерді көшіріп әкеп орналастыру – осы кезеңнен бастап қолға қатты алыныпты. Қоқан хандары Ташкент түгілі қазақ жерін билеген 55 жыл ішінде өздері басқан Шымкент, Түркістан, Иқан, Сайрам, Әулиеата, Созақ қалаларына өз жерлерінен мыңдаған өзбектерді көшіріп әкелді және барлық тарапта өзбек тілі мен ұлтын үстем орынға шығарды. 1865 жылы Ташкентті орыстар бауырына басты. 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы құрылып, ол бес облысқа бөлінді. 1887 жылы жүргізілген санақта Қоқан кезінде жергілікті қазақтарды өзбектерге ассимилияциялау жүйесі қарқынды жүргізілгеніне қарамастан, Ташкент пен оның айналасындағы Ташқазақ, Жызақ уездері халқының 53 пайызы қазақтар, 15 пайызы құрамалар (олар да қазақтар), қалғандары өзбектер мен тәжіктер болды. 1918 жылы қаңтарда мұнда кеңес өкіметі толық орнап, Түркістан автономиялық республикасы құрылды. Түркістанға алғашқыда орыс коммунистері жетекшілік жасағанымен, кейін қазақтан шыққан белгілі тұлғалар басшылық етті. Бұл жылдары Ташкентте ел басқарған, билік пен ғылым орындарында қызмет еткен қазақтардың саны өзбектерден әлдеқайда мол болды. 1924 жылы Түркістан республикасы таратылып, оған қараған өлкелер одақтас республикаларға бөлінді. Осы кезде Ташкентті қазақ пен өзбек республикаларының қайсысының құрамында қалдыру мәселесі үлкен дауға айналған. Өзбек коммунистерінің жетекшілері Ташкенттегі өзбектердің санын жасанды түрде көбейтіп, «Қалада басқа ұлттарға қарағанда өзбектердің саны әлдеқайда басым. Сол үшін де Ташкент өзбектікі болуға тиіс», – деп Орталық Комитетке хат жазған. Ол хаттаға мәлімет бойынша, Ташкенттегі қазақтардың 40 пайызға жуығы өзбек санатына кіріп, олардың санын мейлінше арттырып жіберген.Т. Рысқұлов пен С. Қожанов, т. б. Алаш қайраткерлері оны Қазақстанға қалдыру керектігін, оның ілкіден қазақ қаласы және қала мен төңірегіндегі жұрттың 70-72 пайызы қазақтар екенін нешеме деректермен дәлелдеп бақса да, жоғарыдағы мәліметке сенген әрі зорлыққа басқан Сталин бастаған орталықтағы коммунистер Ташкентті Өзбек республикасына беріп жіберді. Әлбетте, біз қазір Ташкент бұрын біздікі еді деп, біреуге қарсы өнбес дауды қозғамаймыз. Бірақ та, тарих болған күйінде елге айтылуы керек. Тағы бір ащы ақиқат – Өзбекстанда қазір тұрып жатқан қазақтар жылдар өткен сайын әр түрлі себептерге байланысты бір кездері басқаға айналған баяғы бабаларындай өзбек этносын қабылдап, сол ұлтқа кірігіп бара жатыр. Белгілі демограф М. Тәтімовтің қайбір жылы «Өзбекстандағы қазақтардың 500 мыңдайы өзбек этносын қабылдауға бейім тұр» деп жазғаны шындықтың нақ өзі. Бұған керісінше, Қазақстанда нешеме жүз жылдан бері тұрса да, бірде-бір өзбек қазаққа айналған емес…

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,

жазушы