Төле биді ұлықтаудың тарихы

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 2013 жылы 14-15 маусымында Тәшкенге барған ресми сапарында басқа шаралармен қатар Шайхантахур мазарына жерленген Төле бидің кесенесінде де болып, Өзбекстан президентімен бірге жиырма жылдан кейін екінші рет ұлы бабамызға зиярат етті. Осы сәтте Төле бидің кесенесін ресми түрде алғаш рет қалай ұлықталғанын еске алып едім.

Бұл оқиғаға менің тікелей қатысым болды. Өйткені ол кезде Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың ұлтаралық қатынастар жөніндегі кеңесшісі қызметін атқаратынмын. 

Өзім Өзбекстанда туып өскен көп қазақтың бірімін. Әкем Қынабек Үкібаев кезінде аудан басқарып, Өзбекстанда Еңбек Ері атағын алған қазақ. Ол кісі туралы «Егемен Қазақстан» газетінде жазылған («Халқының жақсы атын шығарған», авторы Ж.Самрат, 04.05.2013 ж.). мақала жарық көрген еді.

Тәшкенттің политехникалық институтын бітірген соң түрлі басшылық қызметтерде болдым. КСРО-да демократия есігі ашылып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға мүмкіндік туған алғашқы жылдарда-ақ Тәшкентте тұратын қазақ зиялы қауымына ұйытқы болып, қазақтың ұлттық мәдени орталығын құрыстым. Бұл оқиға 1989 жылдың 14 наурызында болған еді. Халық мәдени орталықтың төрағалығына мені сайлады. Біз Төле би бабамыздың басына сол кездерден бастап ашық барып, зиярат ете бастадық.

Бұл кезең ұлтаралық жанжалдардың күйіп тұрған уақыты еді. Өзбекстан Президенті түрлі ұлттық мәдени орталықтардың басшыларын қабылдап, көтеріп жүрген мәселелерін шешуге тырысып жүрді. 1990 жылдың 27 сәуірінде ол мені де өзінің қабылдауына шақырды. 

Сөйтіп, атақты Шараф Рашидовтың кабинетінде Өзбекстан Президенті Ислам Каримовпен бір сағаттай әңгімелестік. Ол кісі қазақ-өзбек қатынастарын жандандыру ісінде өзіне сенімді көмекші болатын адам іздеп жүргенін айтты. «Сол орынға сізді лайық көріп отырмын», – деді ол. Мен өз тарапымнан қазақ қауымының көптеген шетқақпайлыққа ұшырап жүрген мәселелерін айттым. Соның ішінде, қанша жерден лайықты болса да, қазақ кадрларының өспейтінін де ашық түрде жеткіздім. Президент біршама ойланып, бұл мәселелерді алдағы уақытта бірлесіп шешетінін жеткізіп, уәдесін берді. Сонымен мен Өзбекстан Республикасы президентінің қоластына қызметке кірдім. 

Бұл жерде бес жыл қызмет етіп, Өзбекстан мен Қазақстан арасын жақын­дас­тыруға, ықпалдастыруға қажетті құжаттардың бірталайының жасалуына тіке­лей атсалыстым. Әсіресе, мәдени-ру­хани байланыстар бойынша ынтымақ­тас­тықтарды тереңдетуге белсене қатыстым. Бұл уақыт тәуелсіздікке енді ғана қол жет­кізген республикалардың жеке мемлекет болып қалыптасуы жолындағы қиын әрі қызық жылдар еді. Мен Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары бірінші басшыларының бірнеше кездесуінің куәсі болдым. Екі және басқа да көршілес мемлекеттердің мәселелерін қарастырған көпжақты келіссөздер барынша күрделі, ауыр жағдайларда да өтіп жататын. Қазір соның бәрі тарихқа айналып отыр. Енді сол жаңа тарихтың Төле би бабамызға байланысты бір жерін айтып берейін.

1990 жылғы 28 қазан күні Президенттің жанындағы ұлтаралық мәселелер жөніндегі консультативтік кеңестің мәжілісі болды. Оның күн тәртібіне жалғыз-ақ мәселе – Ұлттық саясат және Ұлттық мәдени орталықтар жұмысы жөніндегі тұжырымдаманы талқылап, қабылдау енді. Осы тұжырымдаманы да-йындау маған жүктелген-тін. Президенттік кеңесте баяндама жасау да өзіме тапсырылды. Баяндама жасалып болған соң оны талқылау басталды. Оған Президент те, басқалар да қатысып, маған бірнеше сұрақтар берілді. Барлығына жауап беріп жаттым. Сонымен қызу талқыланған тұжырымдама қабылданды. Сол сәтте қазақ және өзбек халықтарының кейінгі қарым-қатынасына өзінің оң ықпалын тигізетін бір мүмкіндікті пайдаланып қалуды ойлап, И.Каримовке сұрақ бердім. «Ислам Әбдіғаниұлы, сіз оқыған Тәшкент политехникалық институтының механика факультеті жанында жайғасқан Шайхантахур мазарында жерленген қазақ халқының ұлы биі – Төле Әлібекұлының туғанына үш жылдан соң 330 жыл толады. Сондай, бауырлас халықтардың ұлы азаматтары мен даналарының мерейтойларын бірлесіп атап өтсек, осы елдердің, халықтардың жақындасуының игі ықпалы тиер еді», – дедім. Ислам Каримов: «Біз оқыған уақытта ол жер үлкен қоршаумен бекітіліп, ешкімді кіргізбеуші еді, аузында үлкен құлып тұратын. Ол атеизм заманы еді ғой. Ал енді бұл мәселе дұрыс екен, онда, Артықбай, сізге тапсырма, сол уақыт жақындағанда маған хабар қылыңыз, біз ондай тұлғаның мерейтойын екі ел болып атап өтуіміз керек, жоспарыңызға жазып қойыңыз», – деді.

Содан, арада үш жыл өткен соң, 1993 жылдың көктемінде, келісім бойынша мен Ислам Каримовке Қазақстан Республикасы Шайхантахур мазарында жерленген Төле би Әлібекұлының 330 жылдық мерейтойына қызу дайындықты бастап жібергенін жеткіздім. Президент маған Алматыға барып, біздің осы мерейтойды бірге өткізу ниетіміз барын Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізіңіз деді. Бұл тапсырмаға қуанып кеткен мен бірден ұшаққа отырып, Алматыға келдім. Алдымен сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Қуаныш Сұлтановқа, одан кейін Мемлекеттік кеңесші Әбіш Кекілбаевқа жолығып, біздің Президентіміздің Төле би Әлібекұлы мерейтойы туралы ниетін жеткіздім. Олар бұл ұсынысты Нұрсұлтан Әбішұлына айтып, келісімін алып берді. Мерекенің жоспарын біріккен жарлықпен екі Елбасы бекітетін болды, ал мерекелік комиссия құрамына екі жақтан саны бірдей мүше енетін болды. Кейінгі байланыстарды факс арқылы жасайтын болып келістік. 

 Сөйтіп, үлкен қуанышпен Тәшкентке ұшып кеттім. Қайтып келіп, президент әкімшілігіне баяндауға барсам, мені алдымен президенттің кеңесшісі Азизходжаев Алишер қабылдады. Ол маған Мәдениет министрлігінің тарихи ескерткіштер жөніндегі басқарма бастығы, ғылым докторы Пулат Захидовтан өзінің хат алғанын, онда аталмыш кесенеде Төле бидің жерленгені жөнінде тарихи дерек және құжаттың жоқ екендігі айтылғанын жеткізді. Барлығы аңыз түрінде тараған. «Әйгілі шығыстанушы-ғалымдар Бартольд пен Пугаченкованың жазбаларында ол жерде қазақ даласының бір дөкейі – Қарлығаш бидің жерленген дегені бар, бірақ оның Төле би екендігі туралы нақты деректер жоқ»,– деді кеңесші. 

Барлық істеген жұмысым далаға кетіп, сол жерде салым суға кеткендей болды. Азизходжаев сөзін жалғастырып: «Мен осыны Президентке жеткіздім, барлық жағдай егжей-тегжейлі анықталмайынша екі ел болып тойлауға асықпайық деп кеңес бердім»,– деді. 

Мен бұл жігіттің қазаққа деген көзқарасы жақсы емесін бұрын да байқап жүретінмін, бірақ дәл мынандай сұмдықты күтпеген едім. Дегенмен мұның бәрі жасанды, қасақана ұйымдастырылған іс екені көрініп тұрды. Бұл екі халықтың, екі елдің жақындасуына қарсы болған күштердің әрекеті еді.

Енді не істеймін деп ойландым. Сонсоң телефон арқылы Қазақстан Үкіметі және Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сол кездегі меңгерушісі Марат Мұхамбетқазыұлы Тәжинге шығып, болып жатқан жағдайдың барлығын түсіндіріп, маған ғылыми түрде дәлелдейтін құжат керек дедім. 

Сол жылдың ақпан айында профессорлар Марат Тәжин және белгілі қазақ экономисі Арыстан Есентүгелов Ташкентке келіп, әлем экономикасы және дипломатиясы университетінде болған бір ғылыми конференцияға қатысқан. Мен оларды күтіп алып, Төле би Әлібекұлының 330 жылдығына арналған қазақ-өзбек зиялыларының жиынына да бірге қатысқан едік. Осы жиында өзбектің де, қазақтың да зиялылары көп болды. Сол себепті М.Тәжин бұл мәселеге қанық-тын. 

Арада бірнеше күн өткен соң академик – тарихшы Манаш Қозыбаевтың қолы қойылған анықтама-құжат келді. Ол анықтаманың 70 пайызы бұрыннан энциклопедияда айтылған, белгілі жәйттер, ал бізге нақты құжат керек еді. Мен Марат Мұхамбетқазыұлына қайтадан телефон шалып, анықтаманы алғанымды, бірақ оның ішінде біздің мәселемізді шешетін дерек жоқ екенін айттым. Сол үшін бір тың әрекет жасау керек дедім.

Оған Қазақстанның жауабы басқаша болды. Олар Төле бидің 330 жылдығының орнына – Төле, Қаз дауысты Қазыбек және Әйтеке – үш бидің мерекесі тойлансын деп шешіпті. Сөйтіп, Төле бидің 330 жылдығын мерекелеу туралы мәселені үш бидің қазақ халқының тағдырына байланысты күрделі мәселелерді қарастырған Ордабасыдағы тарихи жиынын атап өтуге ұластырыпты.

Ал Өзбекстан жағында бұл мәселе басқаша шешілді. 1993 жылдың 26 мамыры күні бізге Н.Назарбаевтың ресми сапар жасайтыны жеткізілді. Сапар бағдарламасында оның Шайхантахур мазарына барып, Төле бидің кесенесіне кіріп, зиярат жасайтындығы қарастырылыпты. Президент И.Каримов жоғары мәртебелі қонақты күтуге қажетті барлық жағдайды жасауды Іс басқарушысы Зелимхан Хайдаров, Тәшкен қаласының әкімі Ахтамбек Фазылбеков және маған жүктеді. Біз мазарға кіретін жолдарды, үйлердің сырттарын, мазардың ішін жөндеттік. Сөйтіп, мазардың айналасы жарқырап қалды. 

1993 жылғы 26 мамыр күні Н.Назарбаевты әуежайда И.Кәрімов күтіп алып, тікелей Шайхантахур мазарына алып келді. Мазарға келгенде біз оларды тік түрегеліп күтіп алдық. Президенттер екі кесенеге бір-бір кілемнен сыйлады. Ал Тәшкент қаласының имамы құран бағыштады. 

Содан кейін өзбекстан президентінің қалалық резиденциясына қонақтарды қабылдау болды. Сол қонақасыда Н.Назарбаев И.Каримовке өзінің келуінің негізгі мақсатын айтты. Алдағы 28 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы ауданында үш биге арналған мереке өткізілетінін және соған өзбекстандық әріптесін арнайы шақыруға келгенін айтты. Қоштасар алдында мен екі мемлекеттің басшыларына Орталық Азия халықтарының ынтымақтастығы және оны дамытуға көмекші бола алатын қауымдастықтың бағдарламасын және құрылтай құжаттарын тапсырдым. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Ислам Каримовке қарап, менде де осындай кеңесші болса ғой дегені. Маған сол айтқан сөздер үлкен баға еді, осы күнге дейін сол сөздерді ұмытпай, есімде сақтап жүрмін. 

Ислам Каримовтың қазақтың үш биіне арнап ас беруіне арналған мерекелік шарасына бару сапарын дайындауға да мен белсене қатыстым. Президенттің сөзіне қажетті деректерді, түрлі анықтамаларды өзіміз таптық. Сөйтіп, үлкен еңбекпен әзірленген оның сөзі той дастарханында барынша әсерлі шықты. Қазақстандағы үш Президенттің қатысуымен өткен сол тарихи шараны баяндау өз алдына әңгіме. 

Енді міне, биыл Нұрсұлтан Әбішұлы 20 жыл өткен соң Тәшкендегі Төле би бабамыздың басына келіп, Ислам Әбдіғаниұлымен бірге екінші рет зиярат жасады.

 Осы уақыт аралығында қаншама су ақты, қаншама өмір кештік. Алайда Төле би бабамыздың рухының ризалығы үшін жасалған сол – қарлығаш қанатымен су сепкендей еңбегіміздің жанғанына қатты қуанамын. Екі халықтың достығы, бауырластығы арта бергенін тілеймін. 

Біз түбі бір, ең жақын халықтармыз. Біздің тіліміз де, дініміз де, діліміз де бір. Өзбекстанда бір миллион қазақ тұрса, Қазақстанда төрт жүз мың өзбек өмір сүріп жатыр. Қазір Өзбекстаннан тарихи Отанына жеті жүз мыңдай қандастарымыз көшіп келді. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи, Тәшкентте Төле би әулие бабаларымыздың рухы екі халықты да қолдап тұр. Тәшкентте қазақтың ұлы ақыны, данышпан Абайдың ескерткіші ашылды, енді Астанада екі халыққа ортақ данышпандардың бірі ұлы шайыр Навоидың ескерткіші ашылатын болады. Бұл туралы екі Мемлекеттің басшыларының кездесуінде айтылды. Сөйтіп, бауырлас халықтарымыздың өз ара қайтадан жақындасуы жүргізіле бермек. Бұған екі халық та риза екені сөзсіз. Төле би бабамыздың 350 жылдық мерейтойы осы іске елеулі мұрындық болары анық. 

Артықбай ҮКІБАЕВ, 

«Ата жұрт мейірімі» қайырымдылық қорының президенті

Back to top button