СЫР ЕЛІНІҢ АРҚАДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ
СЫР ЕЛІНІҢ АРҚАДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ
Биыл Сырдың елі күзгі егіс науқанын табысты аяқтады. Қамбасының бүйірі тоқ диқандар бірнеше жылдан бері бағынбаған межеге қол жеткізіп, көңілдерін бір демдеп отыр. Молшылық маусымының табысты аяқталуына әрине, ала жаздай білек сыбана кіріскен еңбек, шаруа қауымына деген мемлекеттің көмегі, мұның қабатында ауыл шаруашылығын қолдауға жасалған жергілікті жағдай негіз қалады. Осылайша, күрішті, ырысты Сырдың елінде ырзық-несібе толысты. Жуырда ғана тоқшылық тойын атап өткен облыс диқандары өткен аптаның соңында ел байтағы – Астанаға барып жәрмеңке өткізді. Қызылорда өңірінің молшылық сыйын үлкен ықыласпен қабылдаған астаналықтар күрішті өлкенің ұсынған өнімдерін қуанышпен тамашалады.
Жалпы Қызылорда облысында жеті аудан бар. Осыларға қосылып қала мен бүгіндері жұмыс ырғағын жаңа деңгейге көтерген “Байқоңыр” ӘКК” АҚ Астанадағы жәрмеңкеге жұмыла атсалысты. Жайдары мінез диқанның көңіл шуағын ала келгендей, сол күні Астана таңы да жылы қабақ танытып, жәрмеңкенің сөре саудасы қызып ала жөнелді.
Бұл жолы облыстың жеткізген өнімінің жалпы құны 112 млн. теңгені құрайды. Барлығы 590 тонна ауылшаруашылық өнімдері бар. Соның ішінде сүбелі ет пен балық, күріш пен көкөністің түр-түрі саудаға шықты.
Жәрмеңкелік шараға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков қатысты. Астана қаласының әкімі өз сөзінде Қызылордадан келген өкілдерге ризашылығын жеткізді.
– Өздеріңізге белгілі, жыл сайын күзде Астана қаласында ел өңірлерінің ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Аталған шарада әр облыс ала жаздайғы еңбектерінің нәтижесін, өздеріндегі жаңалықтарды ала келеді. Бұл бір жағынан ауыл мен қаланы жақындату, сол арқылы қала халқына тиімді бағадағы өнімдерді ұсыну, – деді Иманғали Нұрғалиұлы. Оның айтуынша, Астана базарларында картоп 100 теңге болса, мұнда 50 теңгеден ұсынылуда, яғни, 50 пайызға төмен. Сондай-ақ, еттің нарқы да тұтынушыға қолайлы. Жәрмеңкедегі 1100-ден сатылып жатқан ет былайғы базарда 1600 теңге.
Астана қаласының әкімі сондай-ақ, бұл шараны ұйымдастыру оңай еместігін тілге тиек етті. Осы ретте облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа, аудан басшыларына, жалпы жәрмеңкеге атсалысқан азаматтарға үлкен алғысын білдірді.
– Сыр өңірі жақсы даму үстінде. Экономикалық көрсеткіштер қарқынды өсіп келеді. Күріш өндірудегі жетістіктері де айтарлықтай. Мұның алдында үкіметіміздің, Елбасымыздың үлкен қамқорлығы жатыр,– деп тағы бір айқындай түсті сөзін Иманғали Тасмағамбетов.
Бұл ретте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осы шараның өтуіне дәнекер болған Астана қаласының әкіміне ризашылығын жеткізді.
Қырымбек Елеуұлы атап өткендей, бұл жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы өнімдерінің 33 түрі әкелінген. Биыл аймақта күріштен рекордтық өнім алынып, әр гектардан орташа 49 центнерден өнім айналды. Астаналықтар Сырдың сапалы өнімін сатып алса, өңірден келген делегация бас қаланың көрікті жерлерін аралап, ел байтағының еңселі келбетіне тағы бір қанықты. Мұның бәрі Елбасының сарабдал саясатының жемісі.
Айта кетейік, қызылордалықтар жәрмеңкесінде балық пен ақ күрішке деген сұраныс көп. Су мен Сырдың маржаны сатылып жатқан сөре түс ауғанша ұзын-сонар кезектен босамаса, келісі 1100-ден сатылған жылқы мен 800-теңгеден тұтынушысын тапқан сиыр еті де пышақ үсті өтіп жатты. Міне осылайша, Сырдың елі өз сыбағасын Арқадағы Астана жұртымен бөлісті.
Қуат Шарабидинов
Қызылорда облысы