Мұзафар Әлімбаев, Қазақстанның Халық жазушысы: ЕРКЕЛІКТІҢ ЕҢ ҮЛКЕНІ – ЕЛГЕ ЕРКЕЛЕУІҢ

Мұзағаң, Мұзафар Әлімбаев көрнекті ақын, қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын балалар әдебиетіне арнады. «Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын» деп аталатын Естай ақынның әйгілі «Қорланындағы» Маралдыда дүниеге келді. Ақындық өнер Мұзағаңа анасынан дарығанын өзі де үнемі естеліктерінде айтып отырады. Балалық шағы қиын-қыстау уақытқа тап келді. Ашаршылық, қуғын-сүргін жылдары біреуден ілгері, біреуден кеш ғұмыр кешкен ақынның ақын болмауға қақы жоқ еді. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі бір сөзінде: «Ақынды ақын ететін жетімдік пен жоқшылық», – деген еді.

Жетімдікті көп көрген ақын әкеден тоғыз жасында, анасынан он төрт жасында айрылды. Соғысқа да қатысты. Әскери міндетін де адал атқарды. М.Әлімбаевтың әр алуан жанрдағы елуден асқан төлтума кітаптары жарық көрген, таңдаулы өлең-жырлары әлем халықтарының 39 тіліне аударылған. Сонымен бірге, ол 300-ге тарта ән-өлеңдердің авторы. Бұл туралы кезінде ақын шығармашылығын көбірек зерттеген, белгілі сыншы Б.Сахариев: «Мұзафар қызығы да, бейнеті де, зейнеті де мол творчестволық жұмыстан бір күн мойнын босатпай, өз талантын тынымсыз, толассыз толғаныс, тебіреніс арқылы, іркілмей іздену арқылы шыңдап, біртіндеп өсіп, өндіре жазып келе жатқан жемісті қаламгер», – деп жазған екен. 

«Тарлан ата-бабамның

Тарихына адалмын…..

Жүдеп шықтым бір ойдан

Түлеп шықтым бір ойдан

Жемісі де – мирасым,

Кейісі де – мирасым, – деп жырлайды ақын. Ендеше, ақынның балалық шағы, алғашқы өлеңдері туралы, жүріп өткен жолы туралы өз естелігіне құлақ түрелік. 

…Маралдының атын әмбеге, бүкіл қазаққа жайған тамаша композитор, таңдайы талайлы Естай Беркімбаевтың «Қорланы». 

Мен сол Маралды атырабының Қызылағаш деген аядай ауылында 1923 жылы күзде дүниеге келіппін. 

Сол ауыл Павлодардың оңтүстік-шығысында алпыс шақырым жерде. Құлынды даласымен іргелес. Темір жолдан тоғыз шақырым. Сөйте тұра, Керекуді алғаш жетіге шыға ғана көрдім ғой деймін!

Менің атам Әлімбай да, бабам Жұман да шаруа баққан жуас жандар болған деседі. Әлімбай төрт ұл, бір қыз көрген: тұңғышы менің әкем Айтмағамбет, одан соң Қалабай, Мұхаметжан, Ахметжан, Гүлсім.

Мен атамды көрген жоқпын. Әжем еті тірі, пысық, айналасына, ауыл адамдарына өктем, ақылға салып сөйлейтін кейуана еді. Менің сегіз жасымда дүние салған о кісі шүйкедей ғана, домаланып, аяғын ширақ алатын кейпінде көз алдымда әлі тұрғандай. Атын ешкім атамайтындықтан ба, менің әжем бүкіл ауылдың әжесі сияқтанатын. 

Ахметжан – біздің әулеттің зия­лысы, мұғалім еді. Мұғалімдер семинариясында оқыған, орысшаға өте жетік, каллиграфиясы маржандай әдемі болатын. Сол ағайдың қолтаңбасына еліктеп «жұтынып» жазатындар ауылда бірқыдыру ұшырасатын. Тіпті күні бүгінге дейін ауылдан алуан хаттардан Ахаңның қолтаңбасын танып, қуанатыным да бар. Облыстық қазақ газетіне, аудандық орыс газетіне үзбей жазып тұратын тілші де со кісі еді. Бір шатырдың астында өзімізбен бірге тұрған, бір дастарханнан қатар отырып шай ішетін тірі адамның құйма әріппен басылған аты мен фамилиясын көріп, аузымызды аша, айран асыр таң болатынбыз. Газет-журналды штаттағы журналистер ғана емес, қарапайым еңбеккерлер де шығарысатынын бізге тұңғыш айтып түсіндірген де, бірінші рет іс жүзінде көрсеткен де Ахметжан аға.

***

Әкей көп сөйлемейтін, аз айтса да, саз айтатын, қақ-соқпен ісі жоқ, әділ, ақиқатшыл, тұйыққа жақын дерлік аса сабырлы адам болған. Бұл сипаттаманы бұрынырақ өткен және қазіргі ауыл үлкендерінің суреттемесінен алып, келтіріп отырмын. Жарытымды күнкөрісі болмаған ол жас кезінде көкірек ауруына шалдығыпты. Бір күн ауру, бір күн сау жүдеу күндері еміс-еміс есімде. 1932 жылдың қысында елу үш жасында сол ескі науқасынан кетті.

Әлімбай әулеті Маралдыда кісіге жалданбай, жалынбай, кісі жалдамай, қауымдасып күн көрген: қырманын бірге қаққан, аз малын кезек баққан, намысқа қатар шапқан…

Анамыз Зейнеп жарқын мінезді, ділмар, тумысында ақын кісі еді. Төркінінде, оң жақта «жақсы апа» атанған ол түскен жерінде көпке сыйлы жан болған. Істі керемет тігетін. Әкесіз өткізген бес жыл ішінде қарным талай ашқанмен, иінім жалаңаш боп көрмегені де содан. Апам да аурудан көз ашпады. 1937 жылы қыста қатты суық тиіп, өкпесі қабынып, бір жеті төсек тартты да, үнсіз үзілді.

Апамыз он екі құрсақ көтеріпті. Соның тоғызы емшектегі кезінде, бесіктегі шағында, аяғын тәй-тәй басқан жылдарында қыршын өлген. Әсіресе, он сегізге толар-толмас­та, орысша он жылдықты үздік бітірген тұңғыш ұлы Мұсасы қайтыс болғанда, апам қатты қажып қалыпты. Нан жайып жүріп те, іс тігіп отырып та, ұлын жоқтап, күңіреніп өлең айтатын. Ұзақ айтатын. Соның көбін жанынан шығарады екен-ау.

Ақ таудағы қырандай,

Айрылған соң Мұсадан,

Аққан жасым тия алмай,

Аһ ұрамын құсадан…

Осы шумағы жадымда қалыпты. Сол он екі баладан қазір екеу-ақ бармыз. Ағайым Зұфар Айтмағамбетов журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.

***

Училище қабырғасында мен ең алғаш өлеңімді жаздым. Ол орыс әдебиеті сабағының үсті еді. Лекция ақын Александр Пушкин туралы болатын. Өлең бірақ та, Александр Сергеевичке арналмаған-ды. Тырнақалдымды сол ақын турасындағы сабақта бастағанымды жолдас-жораларым өзінше ырым етіп, құттықтаған-ды. Рас, мен апамның көзі тірісінде үндескен, үйлескен, әуен-әуезі, сазы, үні келіскен бірді-екілі сөздің басын күтпеген жерден байлап та қалатыным бар-ды… Оным тіл шығардағы сәбидің тәтті былдыры болды ма екен, әлде…

Сонымен бір дәптердің жартысына жыр толтырдым. Мен жатақханада жоқта сол дәптерді жолдастарым жоғары курста оқитын студент, жас ақын Хамза Өмірбаевқа көрсетеді. Кейін көрсем, өлшемінен асып ұзарған тармақтар қысқарып, келте қалған жолдар керісінше созылып, бір жөнге келіпті. Міне, қызық! Поэ­зияда да теория болатынын естіп көрмеген басым ырғақ барын, қазақ жырының әр жолында буын саны белгілі жүйемен қайталанатынын о кезде, он бес жасымда қайдан білейін! Соғыстан кейін: «Ағай, домбырада бунақ бар, ол дұрыс, ал өлеңде бунақ дегеніңізге жол болсын», – деп маған хат жазған мектеп оқушысының сұрағына мен мүсіркей қараған едім. Иә, өз басымнан кешкенім есіме түскен болар…

***

1939 жылдың 18 маусым күні менің өмірімдегі ең бір елеулі күн. Сол күні менің тырнақалды өлеңім Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде жарық көрді. Өлеңнің қалай басылғанына толығырақ тоқталған жөн. 18 маусым ұлы Максим Горькийдің қайтыс болған күні екені көпке белгілі. Соған үш-төрт күн қалғанда, мен редакцияға өлеңімді апарып бердім. Оған дейін талай рет тауаным қайтып, тауым шағылып, жырларым жарық дүниеге келе алмай жүрген. Осы жолы апарғанымның оңтайы келді білем: 

Газетке басылады бұның, – десті редакциядағылар. 17 күні кешкіде Керекудің Ленин көшесіндегі баспахана терезесіне кеп төндім. Терезе ортан беліне дейін ақ сырмен боялған. Сырды біреу қырнап саңылау жасапты, мен содан сығалаймын. Газет тайпақ машинада басылатын. Бір машина газет басып жатыр екен. Жүрегім лүп-лүп етті. Анығырақ қарап едім, облыстық «Большевитский путь» газеті болып шықты. Аударма материалды күтпейтін бұ газет һәманда бұрын шығатын. Ендігі кезек «Қызыл тудыкі». Соны күттім. Неге екені белгісіз, бір кезде іштегі тарсылдаған машина тоқтады. Тіл қатып, біреуден сұрап алу қайда: терезе шынысы шынашақтай қалың, әрі биік үлкен үйдің бір қабырғасындай тұтас. Тосып-тосып, түңіліп, жатақханаға қайттым. Ертеңіне ерте ояндым. Жан баласына айтпай, жалғыз өзім баспаханаға келдім. Тағы да өлі тыныштық. Әлден уақытта тысқа бір жігіт шықты. Содан сұрап ем: «Газет басатын машина қирап қалды», – деді. Сорым-ай! Оған да илана қоймай, ұзақ тұрдым. Түс кезінде бүгін өлі оразамды ашпағанымды сездім. Ертеңіне де есіл уақытым зая кетті. Келесі күні де кенелткен жоқ. 21 күні азанда әйнекке мұрны жабысқан момынды көріп, есіркеп кетті ме екен, ар жақтан бір көз сыртқа қадалды. Оның дауысын мен естімеймін, ол мені ұқпайды. Қалтамдағы қағазға «Қызыл ту», 18 маусым қайда?» деп жазып, әлгі бояуы жоқ тұсқа жапсырып ем. Іле «бүгін» деген ұсақ әріппен жазылған сөзді көрдім. Түс ауа, тарсыл-гүрсіл басталды, көзіме ыстық «Қызыл ту» деген аты бар газет машинадан аударылып түсіп, қатталып жатты. Ал енді жаңа газет сатуға қашан түсер екен? Бір қырсығы о кезде газет киоскісі түстен кейін істемейді. Енді неде болса, ертеңгі таңды күтуге тура келді. Менің ендігі тірлігімнің ең бас­ты тұтқасы «Қызыл ту» газетінің сол 18 маусымдағы саны сияқтыдай сезіндім. Таңертең шыдамадым, қасымдағы Қалымжанов Ерғалиды ояттым:

Менің өлеңім бүгінгі газетке шықты, – дедім.

– Әу, Әлімбайдың немересі, о не қылған әулиелілік. Басылғанын өзің көрмей, сүйінші сұрағаның қалай? – деп қылжақтап төсегінен басын көтерер емес. Енді ғана есікке беттегенімде, Ерғалиым атып тұрды. Шалбарын кие салды, сандалын аяғына іле салды. Майкасын жолай сұғынды. Екі көше жердегі киоскіге екеуміз жарыса жеттік. Ентігіп тұрмыз. Газет күткен үш-төрт адам бізге таңырқай қарайды. Кезегіміз жеткенше, тыпыршып бақтым:

– «Қызыл тудың» жиырма данасын! – деппін.

Ала сала, ашып жіберсек, үшінші беттегі «Горький» деген өлең көзге оттай басылды. Ерғали сезімтал еді: бас салып бетімнен сүйіп жатыр. Осынша сарылдырған, сабылдырған тырнақалдымның тасқа басылған таңбасын мен осылай күтіп ем…

***

1941 жылы күзде Қазақстанның жер-жерлерінде ұлттық әскери құрамалар жасақталды. Солардың біріне біз бір топ комсомол Павлодар өңірінен сұранып, өз еркімізбен аттандық. Кеңес Армиясы сапында мен жеті жарым жылдай қызмет еттім. «Жастық шақ, жігерлі шақ, жолбарыс ұстап мінерлік шақ».

Мен армияға мұртсыз кетіп, қырма сақалмен қайттым. 18 жасымда аттанып, 25 жасымда әрең оралдым. Беу шіркін, 18 бен 25-тің арасы! Бұл желікті жастықтың жел жетпес жүйрігімен жүйткітер шақ, адам зердесінің білуге ынтызар әрі магниттей алғыр шағы, ғылым-білім атаулыны молынан қармып, толар, толысар кезеңі, таланты шаршы топты жарып, өнерде өрге жүзер тұсы… Бұл жастағы Саттар Ерубаев пен Бау­бек Бұлқышев, Сұлтанмахмұт пен Шоқандар тындырған шаруалар ше?! 

Осыны ойлағанда, ішіңнен аздап өкінгендей де боласың. Бірақ… менің бірағымның жұбанышы да, қуанышы да нық-ақ!

Кеңес Армиясы сапында жеті жарым жыл қызмет еткенімде, Отан соғысы майданында сегіз айдай шайқасқанымда ержүректілік пен ездікті де, адалдық пен опасыздықты да, ойшылдық пен топастықты да, білімдарлық пен надандықты да өз көзіммен көрдім.

***

Маусым айының орта тұсында мені «Пионер» журналына қызметке алды. Әрине, бір айлық сынау мерзімімен… Менің алдымда осы орында бөлім меңгерушісі болып істеген бір жас ақын бір тумбочка толы хаттың конвертін ашпастан, жылы жауып кетіпті. Университет бітіретін жылы «қолы тимепті».

Осыларға жауап қайтар, – деді журналдың редакторы ақын Төкен Әбдірахманов, өзі курортқа кетіп бара жатып.

Жазған әр хатыңды менің орынбасарым Қабыл Боранбаев жолдасқа көрсетіп аласың. 

Әскери тәртіпке көндіккен басым, әмірді орындауға әлі күнге дейін тәк тұрамын: айтты болды, қара терге түсіп хаттарға жауап жаздым, игере алмайтын болған соң, үйде де кеш бойында мен алыс ауылдарда зарыққан тілшілердің көңілін табуды ойластырдым. Бір ай дерегінде Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті бюросы мәжілісінде журналдың бөлім меңгерушісі болып бекідім. Бір айдың ішінде қыруар хатты сілкілеп тазартумен қатар, бірнеше өлеңдерді, мақалаларды редакцияладым. Редактор орынбасары бұларыма ризашылық білдірді. Кейін редакторымды да кейіте қоймадым білем. Журналда негізгі менің үлесіме тиген сыбаға поэзия еді. Әйтеуір, сол журналда жарық көрген сегіз жылдайғы өлең-поэмалардың сорпаға шығарына да, көкжасығына да менің ортақтығым даусыз. Солардың бәрі менің қолымнан өткен дүниелер… Олардың қазақ әдебиетінің бағалы қорына қосылғандары да бар, бармақ тістеткендері де табылады. 

Ой-толғам

Кітабыңның мұқабасы тозса да, сөзіңнің жұқанасы тозбасын.

***

Көңілдер арасында көпір тартылмаса, жұрттар бәрібір жұғыса алмайды.

***

Ақынның бір сөзі халықтың ортасында жүрсе, бір сөзі қалтасында жүреді.

***

Елдің тарихы мен тағдыры, ертеңі хақында сөз болғанда, ешбір енжарлыққа жол жоқ.

***

Үйкүшік жазушы да сыңаржақ, қаңғыбас жазушы да сыңаржақ.

***

Гүлден қамшы өрсе – өрескел, таспадан гүл өрсе – өнер.

***

Еркеліктің ең үлкені – елге еркелеуің.

***

Әр ауылдың әні бар ауылдың әніне айналғанда ғана айтулы өнердің анық төлі деп бағаланбақ.

***

Бір жігіт ауырып, төсек тартып қалыпты. Жұрт көңілін сұрап келгенде теріс қарап, жатып алыпты.

Келушілерге: «Шүкір, тәуір, әйтеуір», – деп әйелі жауап беріпті. Ауруы жанына батқан әрі әйелінің «шүкіріне» шыдай алмаған күйеу:

–Атаңа нәлет, тәуір болсам, тұрып кетпес пе едім? – деп, кейіген екен дейді бірде. 

Беу шіркін, деймін-ау, өзін өтірік мақтаған сыншыларға:

– Уа, ағайын, сенің қолпа­ш­та­ға­ның­нан мен көп төмен жатырмын, мынауыңды қойсаңшы, – деген бірде-бір ақынды, не жазушыны көрмей-ақ бұ дүниеден өтерміз бе екенбіз, ә?!

Ақын ширықса – камертон.

Сырттан қабылдағанын сұлу­лап, сыңғырлата қайта үн қататын камертон. Ендеше ол күндегі көңіл-күйін жырға түсіруі керек. Жаңағысы жалпақ жұрттың қолына жете ме, жетпей ме, қашан жетеді – онда шаруасы болмасын! Лирикалық күнделік. Аманжолов Қасым шығармашылығы осындай сипатта. Бүгін өзіне не әсер етті, ол соны жазған. Автордың өлеңіне қарап, әр күнде не істегенін, кіммен жолыққанын анық тануға болғандай. Әбділда, Қалижанның жана жырларынан да осындай суымаған лептер байқаймын. 

***

Сөзіңді халыққа зорлап өткізе алмайсың, тілге зорлап кіргізе алмайсың. Әділқазы халық қолайына жаққан сөзді ғана кәдесіне жаратады. 

***

Даңқтың сыны – қауіпті сын. Даңқ зіліне шыдай алмай, талайлар омыртқасын үзген, үзіп те жүр…

***

«Барға алданбай,

Жоқты малданбай» – шіркін, осындай тіркестер маған алмастың сынығындай жарқырай әсер етеді. 

***

Біздің заманымыздың білгір­лікке баулуы сондай: енді өрен жас өзін-өзі мүсіндеуге, тәрбиелеуге парасатпен кірісуі тиіс.

Дайындаған 

Гүлзина БЕКТАС

Back to top button