АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІНДЕ — ЖАҢА МІНДЕТТЕР

АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІНДЕ — ЖАҢА МІНДЕТТЕР

АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІНДЕ — ЖАҢА МІНДЕТТЕР
ашық дереккөзі

Апта басында Орталық коммуникациялар қызметінде мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бір сағаттық баспасөз мәслихатын өткізді. Анығын айтқанда, бір сағатқа жоспарланған шараның уақыты межеленген мерзімнен асып кетті. Журналист қауымның ақпарат саласының басшысына сұрақтары жинақталып қалыпты. Баяндамасын «Құрметті әріптестер!» деген қаратпа сөзден бастаған министр ара-тұра әзіл айтып, баспасөз мәслихатын барынша емен-жарқын өткізуге тырысты.

ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫ ЕЛБАСЫ АЙҚЫНДАДЫ


Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза әуелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауларына қысқаша тоқталды. Сонау 1997 жылдан бастап елдегі бетбұрысты өзгерістерге себепші болған стратегиялық құжат туралы айтқанда, министр Елбасы Жолдауының ұлттық идея формуласын айқындап беруге өзек болғанын атап көрсетті. «Жалпы, тәуелсіздік жылдарында ең көп талқыланған тақырыптардың бірі – ұлттық идея болатын. Егер сіздер жақсылап назар салатын болсаңыздар, Елбасының 2006 жылғы Жолдауында ұлттық идеяның стратегиялық формуласы айқындалып берілді. Ұлттық идея дегеніміз не? Оқушы үшін – сапалы білім алу, студент үшін – өзінің болашақ мамандығын жете меңгеру, әрбір саланың маманы үшін – өз жұмысында шеберлік шыңына шығу, мемлекет үшін – әлемдегі мемлекеттердің алдыңғы қатарында болу. Яғни, қазір бәсекенің заманы болса, сол бәсекенің алдында болуымыз керек», – деді министр. Бұдан соң былтыр жарияланған «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа стратегиялық бағыты» атты құжат қазақ ақпарат кеңістігі үшін тың мақсат-міндеттер жүктейтінін атап көрсетті. 


«МӘДЕНИ МҰРАҒА – 10 ЖЫЛ»


 «Мәдени мұра» бағдарламасы 2003 жылы қабылданған еді. Он жыл ішінде осы бағдарлама аясында Қазақстан тарихына қатысты шетелдегі, атап айтқанда қытай, парсы, араб, түрік, моңғол мұрағаттарында, Еуропа пен Азияның басқа да елдеріндегі сан алуан, жалпы саны ондаған мың құжат көшіріліп әкелініп, ғылыми айналымға түсті. Олардың басым көпшілігі монографиялар, оқулықтар, ғылыми еңбектер түрінде жарық көріп, халық игілігіне айналды. Республика аумағындағы 37 көне қала зерттеліп, 113 тарихи-мәдени ескерткіш жаңартылды. Қазақ тарихында тұңғыш рет «Бабалар сөзі» атты қазақ ауыз әдебиетінің 100 томдық жинағы жоспарланып, оның 93 томы кітап болып басылды. Қалған 7 томы жыл соңына дейін баспадан шығуы тиіс. Ғылыми-фольклорлық экспедициялар мен зерттеулер нәтижесінде «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі», «Қазақтың 50 батырлар жыры» атты жинақтар жарық көрді. «Осының бәрі Елбасының 2003 жылғы Жолдауынан туындайтын «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар», – деді М.Құл-Мұхаммед.


«ҚАЛТАЙ МҰХАМЕДЖАНДЫ ДА ӨЛТІРЕ СЫНАҒАН»


«Тәуелсіздік жылдарында кейбір көрші елдерде театрлар жабылып, ол аз болғандай, енді бір көрші елде өнердің тұтас бір саласына тыйым салынғанда, Қазақстан өзінің театр­ларын сақтап қалды. Сақтап қана қойған жоқ, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 17 жаңа театр ашылды» деген министр елдегі мәдениет саласының дамуына талдау жасады. 

Әлбетте, елордада ашылған «Астана-Опера» театры бұл сөздерге дәлел бола алады. Театр бар, енді репертуарды байыта түсу керек.

Айтпақшы, театрдағы шығар­ма­шылық пікірталас туралы ой толғаған министр бір кезде Қалағаңның сын тезіне ұшырағанын еске салды. «Естеріңізде болса, қазір қазақ драматургиясының классигі саналатын Қалтай Мұхамеджанның «Бөлтірік бөрік астында» деген классикалық туындысын сол кездегі аға буын жақсы қабылдай қоймаған. Тіпті, өлтіре сынаған ағамызды. Сол кезде Мұхтар Әуезов «Біз бұл күлкіге дән ризамыз»деп жаңа буын өкілдерін арашалап алған» деген министр аға буын мен жаңа буын арасындағы шығармашылық таласты ақтап, осы тақырыпқа жазатын журналистерді терең пайымдауға шақырды. 


АСТАНАДА ТЕҢДЕСІ ЖОҚ МҰРАЖАЙ АШЫЛАДЫ


Елімізде жалпы саны 200-ге тарта мұражай бар екен. Дегенмен, Орталық мұражай Алматыда қалды, ал Астанада қазақтың арғы-бергі тарихынан сыр шертетін, сырттан келген қонақтарға Қазақстан туралы мол мағлұмат беретін іргелі мұражайдың жоқ екені рас. Мұхтар Құл-Мұхаммед Астанада Тәуелсіздік сарайының оң жағында Қазақстанда бұрын-соңды болмаған теңдесі жоқ мұражай ғимараты салынып жатқанын хабарлады. 73 мың шаршы метрді алып жататын Ұлттық мұражай ТМД елдеріндегі ең ірі музей саналмақ. Оның үстіне, бұл – бес мұражайдан тұратын кешен болмақ. Оның ішінде Астана мұражайы, Тәуелсіздік мұражайы, Тарих мұражайы болады. Ұлтық мұражай келесі жылдың орта шенінде пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

«ЖАСТАР КІТАП ОҚЫМАЙДЫ ДЕГЕНГЕ СЕНБЕЙМІН»


Қазақстандағы ірілі-ұсақты 10 мыңға жуық кітапхана бар екен. Оның екеуі – Ұлттық кітапхана. Алматыдағы ең үлкен Ұлттық кітапхананың кітап қоры 6 миллионнан асады. Ал Астанадағы Ұлттық кітапхананың қоры 800 мыңдай. 

Заманның сұранысына орай, «Қазақстанның электронды­ кітап­ха­насы» атты үлкен жоба жасалған. Оның қорында 4280 кітап және 16 мыңнан аса құжаттардың көшірмесі бар. 

«Қазір жастар кітап оқымайды» деген пікір қалыптасқан. Мен осы пікірмен келісе бермеймін. Жастар, бәлкім, баспа өнімі түріндегі кітапты оқымайтын шығар. Бірақ олар көбіне электронды нұсқасын оқиды», – деген министр өзінің де кейінгі кезде электронды кітаптарды оқуды әдетке айналдырғанын айтып, ағынан жарылды. 

«МЕН ДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАНАШЫРЫМЫН»


Мәдениет және ақпарат минис­трі­нің елдегі тіл мәселесіне соқпай кетуі мүмкін емес, әрине. «Мен де өздеріңіз сияқты қазақ тілінің жанашырымын» деген Құл-Мұхаммед мырза Қазақстанның мемлекеттік тілінің болашағына сенімі кәміл еке­нін жеткізді. «Салыстырып кө­рей­ікші, қазіргі кезде қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны оқушылардың жалпы санының 71 пайызын құрап отыр. Бұл –  қазақ мектептерінде оқитын және аралас мектептердің қазақ сыныбында оқитын балалардың жиынтық саны» деді министр. «Сондықтан еліміздегі мектепте оқитын балалардың 71 пайы­зы қазақ тілінде білім алатын болса, қазақ тіліне қауіп төніп тұр деп айтудың ешқандай негізі жоқ», – деп нықтайды министр. «Тәуелсіздік жылдарында қазақ тіліне қамқорлықтың бірден-бір көрсеткіші осы деп айтуымызға болады», – деп түйді сөзін Құл-Мұхаммед мырза. 


«КРЕАТИВТІ ОҚЫРМАНДЫ ЕСЕПКЕ ҚОСАЙЫҚ»


Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза қазақ тілінде шығатын газет-журналдардың таралымына қатысты өзекті мәселе көтерді. Әрине, таралым жағынан орыстілді басылымдардан озған қазақша газеттер бар. Бірақ әлемдік дамуға қарасақ, апталық басылымдардың, журналдардың таралымы жылдан жылға азайып келеді. Министр өткен жылы желтоқсан айында «Newsweek» журналының ең соңғы қағаз нұсқасын басып шығарып, біржола онлайын пішінге өткенін мысалға келтірді. «Креативті оқырман жаңалықты ғаламтордан алады», – деген министр болашақта газеттер интернет-сайттарын мықтап қолға алу керектігін баса айтты. Ендеше, болашақта газеттің таралымы қағаз нұсқаны жаздырып не сатып алушылар санымен ғана емес, интернет-нұсқаны ашып оқушылар санымен қоса есепке алынуы мүмкін.

«БІЛІМ» МЕН «МӘДЕНИЕТ» БІРІГЕДІ


Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза тақырыптық «Білім» мен «Мәдениет» тееларналарын біріктіру туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Бұл екі телеарнаның мазмұндық ұқсастығы жөнінде Елбасының Үкіметтің кеңей­тілген отырысында сын айтқаны оқыр­манның есінде болар. Сондықтан бұл ше­шімді осы сыннан шыққан нәтиже деп қарастыру керек. Алайда министр мырза бұл телеарналардың рейтингісі жоғары болмауының өзіндік себептері бар екеніне тоқталды. Оның басты себебі тақырыптық телеарналар қамтитын аудиторияға байланыс­ты. Мысалы, Ресейдің «Культура» телеарнасының рейтингісі оншалық мәз емес.

Сонымен, екі телеарнаның ең үздік жобалары іріктеліп, келесі жылдың басынан бастап жаңа арна ретінде іске қосылмақ. Тағы бір жаңалық – бұл телеарна енді «Хабар» агенттігінің құрылымына өтеді. Жаңа телеарна тәулігіне он сегіз сағат хабар таратады. 

Гүлбиғаш ОМАР

Астана