ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ АРНАЛДЫ
ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ АРНАЛДЫ
19 қарашада Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың Мұнай ғимаратының Ғылыми кеңес залында “Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қоғамды әлеуметтік жаңартудағы ролі” деген тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Ол еліміздің тұңғыш Президенті күні – ұлттық мерекеге арналды. Оған университет проректорлары, құрылым басшылары, кафедра меңгерушілері қатысты.
Конференцияны университетіміздің ректоры, академик Ж.М. Әділов ашты.
Дөңгелек үстелге Ресей халық шаруашылығы академиясының және Ресей Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясының профессоры, экономика ғылымдарының докторы, Еуразия экономикалық ынтымақтастығы интеграциялық проблемаларды стратегиялық зерттеу институтының директоры, Ресей Жаратылыстану ғылымдары Академиясының вице-президенті А.Т. Спицын қатысып, “Әлемдік экономика мен қоғамды әлеуметтік модернизациялаудың жаңа үлгісін қалыптастырудағы Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық инициативалары” деген тақырыпта баяндама жасады. Сондай-ақ, ҚазҰТУ-дың Экономика және бизнес институтының директоры Сәуле Әбдіғаппарова мен Базалық білім беру институтының Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Калимаш Бегалинованың да баяндамалары тыңдалды. Онда Н.Ә. Назарбаевтың Ұлт көшбасшысы ретіндегі еңбегі жан-жақты айтылды.
Қазақстанда 80-жылдардың соңынан басталып, 90-жылдардың ортасына дейін созылған саяси шиеленістерді қантөгіске жеткізбей шешуі – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сындарлы саясатының үлкен жемісі. Ол бұл жеңіске қара күшпен емес, нақты іспен жетті. Тұңғыш Президент қоғамдағы барлық күштерге де, сыртқы ықпалға да құлақ асты, бірақ ешқайсысының ырқында кетпей, ел тізгінін берік ұстады. Мұны Елбасымыздың ұстанған саясатының ел менталитетімен үндесіп жатқандығының тікелей көрінісі деуге болады. Демек, Тұңғыш Президент күнінің мән-мағынасы осындайда салмағы артатыны сөзсіз. Сондықтан да Тұңғыш Президент күнінде республика жұртшылығы осы бір үйлесімді терең сезіне білуі ләзім. Сонда ғана бұл мереке Тұңғыш Президентті ұлықтай отырып, оны тарихи аренаға шығарған халқының зор мақтанышына айналады.
Бану ШАЛОВА