Бекер ренжисіз, Ақберен!

«Түркістан»
газетінің сайтында «Ақберен Мырзан ағасына неге ренжіді?»  деген едік.
Ағалардың айтқан сынына орай, бүгінгі буын ақындардың талантты өкілдерінің
бірі, жаңашылдығымен ерте көзге түскен дарынды ақын Ерлан Жүніс те өз пікірін
ФБ-дағы парақшасында білдірген екен. Ерланның пікірін қаз-қалпында жариялауды жөн
көріп отырмыз.

“Зиялы ортада әлденені түсіндіруге тырысудың өзі әбестік”
деген түсінік бар еді. Әбестік болса да, әділетсіздікті айтпауға болмайды. Әділетсіздік
қыздардың да, ағалардың да тарапынан емес, сын айту формасында. Жалпы, ниетте. Өткен
ғасырдың басында, Финляндияда жүрген Маяковский өзінің “Бұлтының”
тарауларын Горькийге оқып бергенін айтады өмірбаяндық жазбаларында. Сонда
Горький ақынды құшақтап жылағанын да айтады. “Сені орыс халқы ұзақ күтті”
деген жылау ғой. Ақын қатты толқиды. Кейін “Скоро выяснилось,
что Горький рыдает на каждом поэтическом жилете” деп күлетіні де бар. Сол
заманда Пешков мырза әдебиетке келген әрбір жас ақынмен көрісіп жылайды екен. Бұл
– ұлттық әдебиетке деген ұлы жанашырлық болуы керек. Бізге кейде сол Горькийдің
Көз жасы жетпейтін секілді. “Көз жасына” хақылы екендігіміздің тағы
бір себебі бар. Өткен ғасырдың елуінші жылдарында ағылшын әдебиетінде белең алған
“ренжулі жас адамдар” (Сердитые молодые люди) деген ағым болды ғой.
Кейін, алпысыншы жылдары бұл саяси-әлеуметтік астарынан сәл ажырап, француз әдебиетіне,
оның сынына (Андре Моруа) әдебиеттегі алыптарға ренжулі жас қаламгерлердің
тенденциясы ретінде өтті. Оның алдындағы батыс футуристері, кейін орыс
футуристері (Маяковский, Северянин, Мандельштам) де алыптарды “уақыт
кемесінен лақтырып жіберу”, “қоғамдық пікірді шапалақпен тартып қалу”
секілді бунтарлық мінез-құлық көрсетті. Бір қуанатыным және мақтанатыным  –  қазақ
әдебиетінің жастары  –  90-шы
жылдардан бері қарай (алдынғы асыл буын бір бөлек) қазақ әдебиетінің дәстүрлі қарым-қатынасынан
ажыраған емес. Ойлау жүйесіндегі стереотиптерге қарсы күрес басқа бағытта өрбіді.
Біз ағаларға мінез көрсеткен жоқпыз. Оған мүдделі емеспіз. Бізді қалыптастырған
әдеби мектептер және оның үздік дәстүрлері бізге анағұрлым қымбат. Бұл  –  ұлт әдебиетіндегі
ұрпақтардың рухани сабақтастығының белгісі еді. Алайда, тәуелсіздік кезеңіндегі
әдебиетке, оның жас өкілдеріне қатысты бірде-бір негізді-фундаментальды сын
жазылған емес. “Бұл не өзі?” деген қазақы сауалдың өзі әдебиет
мінберінен қойылмады. Ал мұның соңы  –  Аманхан ағаның да, Мырзан ағаның да атүсті сөз
айтуына алып келді. Жастарға қатысты айтылатын “Пессимизм”,
“Халтура” деген ұғымдардың өзі әдеби термин емес. Мүмкін,
“делитант” деген сөзді қолданғысы
келетін шығар, бірақ бұл ағалардың қалыптастыруға ұмтылатын сынының өзі
делитанттық болған кезде, жастар әдебиеті басқа тұрғыдан қаралушы ма еді?
Мырзан ағамыздың кейінгі тоқсан бес-екімыңыншы
жылдары әдебиетке келген жастардың, оның ішіндегі белді өкілдері Танакөз Толқынқызы,
Алмас Темірбай, Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Тоқтарәлі Таңжарық, Бауыржан Қарағызұлы
және кейінгі он екіде бір гүлі ашылмаған тұнық жастардың жекелеген шумақтары
мен өлең жолдарын Хазарға қара май түгіп, балықтарды су бетіне алып шаққандай әрекет
жасауы – шынында әділетсіздік болды. Мырзан ағаның лексиконы және ойлау жүйесі
таң қалдырды. Мәселен, “жасанды философ”, “жасанды күйзеліс”
“интеллектуал поэзияның өкілі болып көріну (?)” секілді ұғымдары қызық
көрінді. Жасанды философия деген ұғым жоқ. Жалған философия деген бар яғни
псевдофилософия. Біз білетін псевдофилософия ешқандай ғылыми негізге сүйенбеген
немесе академиялық логикадан тысқары еркін ойлаудан және өз қисынына догмалық,
мифологиялық, астрологиялық, эзотерикалық танымдарды негіз етіп алудан туатын
философия. Әлемдегі барлық еркін ойлаушыларды академиялық көзқарастағы адамдар
псевдофилософтар деп атайды. Кез-келген философияға негіз болатын яғни алғышарт
болатын бұл таным көптеген ойшылдарға, әдебиетшілерге тән. Ал “жасанды күйзелісті”
лжедепрессия деп атаймыз ба? Мұндай да ұғым жоқ қой. Сонымен қатар,
интеллектуал поэзия деп ол кісі нені атайды? Интеллектінің көп категориядан тұратыны
белгілі. Соның біздің жастар әдебиетіне тән түрлері “әлеуметтік
интеллект” яғни өз қоғамыңды тануға ұмтылу және “эмоционалды интеллект” яғни өзіңді және өзгелердің
сезімін тануға ұмтылу. Демек, “өз сезімін тануға” және “өз қоғамын
тануға” деген жасандылық (?)
және өмір сүріп жүрген болып көріну (?) ме? Мырзан аға, Сіздер бізді кешіріңіздерші.
Өзіңіз айтқандай, қателік әр буында болады. Бірақ, жастар әдебиетінің жап-жарық
маягі болып көрінуге Сіз де ұмтылмаңызшы. Сіз Маяк емессіз ғой. Ақберен аға, мұндайға
ренжуге болмайды. Сіздің әдебиеттегі позицияңыз дұрыс.

Айна Хасанова.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button