АЛАШ ИДЕЯСЫ – ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

АЛАШ ИДЕЯСЫ – ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

АЛАШ ИДЕЯСЫ – ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
ашық дереккөзі
Ұлтшылдықты идеология ретінде тұжырымдай отырып, идеологияның қоғамдық мәні, әлеуметтік өзгерістерді жасауға талпыну әрекетіндегі оның заңдылығы мен жұмылдыру әлеуетін негіздеуге болады. Сондықтан да, ұлтшылдықтың әлеуметтік өлшемі туралы айтқанда, міндетті түрде «қоғамдық қозғалыс» ұғымы ойда тұрады, өйткені бұл қозғалыстарға да, идеологиядағы сияқты социумдағы түбірлі өзгерістер тән. Біз қарастырып отырған Алаш қозғалысы да қазақ қоғамының ауқымды бір бөлігін қамтыды және ұлтшылдық идеяға негізделді. Осылайша ұлтшылдық ұлттық қозғалыстарға идеялық мазмұн беретін идеология ретінде түсіндіріледі. Бұл екі құбылыста негізінен өзара тығыз байланыста, бір-бірін толықтыратын, екінші жағынан, өзіндік ерекшелігі бар құбылыстар ретінде талданады. Және қандай да болмасын, ұлттық қозғалыстардың жетекшілігінде этностық немесе ұлттық элита тұрады. Олар ұлттық қозғалыстардың идеологиясын ұлтшылдық идеологиясы мазмұнында негіздейді. Біздің жағдайымызда «Алаш» ұлттық идеясы осындай әлеуметтік алғышарттардан туындайды. ХХ ғасырдың басында қазақ халқының ұлттық мүдде туының астында бірігіп, шоғырлануы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бұл кезеңде Ресей империясының шеткері аймақтарындағы халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстарында, оның ішінде қазақ даласындағы көтерілістер барысында (жалпы отаршылдық пен тоталитаризмге қарсы қазақтардың 300-ге жуық көтерілісі белгілі) ұлттың жаңа зиялы қауымы қалыптасты, осы ұлттық интеллигенцияның қызметі нәтижесінде отаршылдық қысымымен басылып қалған этноәлеуметтік топтардың ұлттық өзіндік сана-сезімі жаңғырды. Бұл тұста қазақ халқында «төңкеріске дейінгі немесе «ұлтқа дейінгі» қоғамдық сана-сезімінің басым болғандығына қарамастан ұлттың біртұтас ұлттық топ екенін білдіретін қазақ халқының бірегейленуін – ұлт болып қалыптасудың әлеуметтік және саяси негізін қалады. Ұлт болып қалыптасудың да, ұлттық зиялы қауымның топтасуының да бас кезеңінде діни фактордың басымдылығы күшті болды. Реформаторлар ислам дінінің пайдасына ғылым, білімді игерудегі жаңалықтарын таратуға күш салатын «жәдидизм» деп аталатын жаңа бағытта оқытудың үлгілерін ұсынған болатын. Бұл қозғалыстың Ресей империясындағы орталықтары Орынбордағы «Хұсаиния», Уфадағы «Ғалия», Қазандағы «Мұхаммедия» медіреселерінде болды және оларда жаңа қазақ зиялылары да білім алды. Олардың арасындағы ең көрнектісі ретінде мұсылманша хат танып, сауатын ашқан ойшыл-философ Ғұмар Қарашты атауға болады. Жәдидшілдік қазақ қоғамына үлкен сілкініс әкелген жаңалық болды. Егер бұрын қазақ халқы бес уақыт намазды білумен ғана, діннің догматтарын сақтаумен ғана шектелсе, енді Қасиетті құранды қолына алып оқып, оның зайырлы білім мен ғылымға да жөн сілтейтінін білді. Бұл діни – ағартушылық ағым дәл осы кезде қазақ халқы үшін қажет қоғамдық сұраныс болатын. Алаш зиялыларының да көпшілігі бастапқы сауа­тын осы жәдидтік бағдардағы исламдық діни медреселерден ашқан еді. ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін патша үкіметінің қазақ даласына ислам дініне байланысты медреселер салдырып, қазына есебінен Құранды бастырып, қазақтарға тегін таратуының мақсаты халықтың ақыл-ой, санасын дінмен шырмап ұстау арқылы билеп-төстеуді көздеген саясат арқылы жүргізіп, қазақ елін басқарудың төте жолы деп қарастырғанын аңғару қиын емес, бірақ халықаралық өмірдегі өзгерістер, мұсылман халықтарының еуропалық басқыншыларға қарсы күресінің өрлеуі бой көтеріп жатқан тұста, Ресей империясының қоластындағы мұсылмандар ортасында барлық мұсылмандардың бірлестігі туралы идеяның көтеріле бастауы да патша үкіметін алаңдатпай қоймады. Осы кезде патша үкіметінің қыспағын сезінген қазақ зиялылары өз халқын саяси жағынан қайта түлету керектігін түсінді. 1905 жылғы бірінші орыс революциясы тек қазақтарды ғана емес, өзгедей мұсылман текті халықтардың саяси күштерін біріктіруге итермеледі. Мұның бір көрінісі Ресей мұсылмандарының алғашқы бүкілресейлік съезін өткізуі еді. Ұлт-азаттық қозғалыстың діни мұсылмандық ағымының кең етек жаюы жәдидиттік қозғалысқа ұласты. Бұл қозғалыстың саяси философиялық мәні қоғамдық өмірдің барлық саласына қатысты болды: діни мұсылмандық теологияның өзін модернизациялық нышандарға сәйкестендіру, әйелдің қоғамдық құқығын кеңейту, білім саласындағы реформалар, біртұтас әдеби тілді негіздеу және т.б. Былайша айтқанда, патшалық империяның мұсылмандық түркі халықтарының пантүркистік сипатта, бірыңғай ортақ мәдени бірлігі негізінде жаңа бірегейлік сана-сезімді қалыптастыру еді. Тағы бір айта кететін мәселе, мұсылмандық интеллектуалдардың саяси қызметіне баға беруде, мынаны байқауға болады: территориялық автономияны идеялық тұрғыдан негіздеуде «рухани өзгешелікті» қорғап қалу үшін «территориялық шекаралармен» сәйкестендіру талабы. Метрополия тарапынан сыртқы мәдени экспансияның күшті ықпалына тап болған қазақ халқы, зиялы қауымның басшылығымен өзінің ұлттық және дәстүрлі мәдениетін сақтап қалуды мақсат тұтса, екінші жағынан, ұлттық элитаның реформаторлық тобы – еуропалық орыс мәдениетін игеруге деген ұмтылыстарымен ерекшеленді. Бұның өзі өлкеде саяси белсенділіктің одан ары күшеюіне мүмкіндік беріп, қазақ халқының саяси құқық жөніндегі еуропалықтардың көзқарастарын анықтап, одан тағылым алуға септігін тигізді. Қазақтардың өздерінің көшпенділік өмір салтын романтикалық тұрғыдан қабылдауы, кейіннен қазақ халқының ұлтшылдығының қалыптасуының басты компонентіне айналды. Бұл дәстүрді сақтау арқылы қазақ халқы өзін біртұтас халық ретінде сақтап қалуға тырысты және осыған сай белгілі бір саяси автономия мен мәдени жағынан өз ерекшеліктерін айқындауға құқылы болды да. Қазақ ұлтшылдығының негізгі мақсаты да осы еді. Қалай болғанда да, осы кезеңде ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың басы-қасында ұлттық элита тұрды, бұлардың алғашқы тобы өз ұлтының еуропалықтармен салыстырғанда мешеу артта қалғандығына қатты қынжылды. ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлттық элитасының қоғамдық-саяси қызметінің екі жағын бөліп қарастыруға болады. Бір жағынан, олар отарлық әкімшіліктің құзырында жеке бастарының кәсіптік іскерлік жетістіктерге жетуі үшін аймақта тікелей патшалық саясаттың жүруіне мүдделі болса, екінші жағынан, бұлар дегенмен де ресейлік орыс интеллектуалдық ортамен салыстырғанда, өздерінің қоғамдық беделдерінің үнемі екінші орында тұратынына қанағаттанбады. Сондықтан да, осы фактор ұлтаралық қатынастар саласында наразылықтың себептерінің бірі болды. Бірақ, дегенмен де, интеллектуалдық тұрғыдан, ұлттық элита лидерлік орынға ие болғаны сөзсіз, олар тек қана Далалық аймақта ғана емес, сонымен қатар, заңды мемлекеттік аппарат – Мемлекеттік Дума, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және партия құру арқылы халықтың бүгіні мен болашағы туралы көзқарастарын кең таратты. Ұлттық элитаның осы Думаға халық мүддесі атынан қатысуы, қазақ ұлтының тұтастығын нығайта отырып, саяси деңгейлерін шыңдай түсті. Осыған орай қазақ элитасының саяси-идеялық күресте екі түрлі топқа бөлінуі заңды еді. Мұны Ә. Бөкейханов өзінің «Қырғыздар» (қазақтар) деген мақаласында атап өтеді: «Жақын болашақта, шамасы, далада, қазақ ортасында пайда бола бастаған екі саяси ағымға сәйкес, екі саяси партия ұйымдасып қалар. Олардың бірі – діни-ұлттық деп аталуы мүмкін және оның мұраты қазақтарды басқа мұсылмандармен діни тұрғыдан біріктіру болып табылады. Екіншісі, батыстық бағыт, олар қазақ даласының болашағын кең мағынадағы батыстық мәдениетті жүзеге асырумен байланыстырады». Енді ұлт пен ұлттық санаға, ұлттық идея мен идеологияға, ұлтшылдық пен ұлттық зиялы қауымға қатысты осы айтылған түйіндерден келіп, Алаш қайраткерлерінің қызметіне тоқталайық. Қазақ бола ма, болмай ма деген сауал талқыға түскен жиырмасыншы жүзжылдықтың басында, ғасырдан-ғасырға ұласқан ұлттық идея ширыққан тұста, оның заңды жалғасы Алаш идеясы дер шағында дүниеге келді. Алаш идеясының уағыздаушысы әрі оны жүзеге асырушы қайраткерлердің ұлт ісіне ерте есейген есті сана – жалындап тұрған жастық жігермен кіріскендіктері алдыңғы кезекте көрініс береді. Басында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатов сынды жол сілтер Алаш көсемдері тұрған алыптар шоғырының абыройлы ісіне тың серпін, жаңа тыныс берген жас шамасы жиырма-жиырма бестің, ары кетсе отыздың о жақ, бұ жағындағы өрендер еді. Яғни Алаш идеясы өзінің жас әрі жасампаз идея екендігімен ерекшеленді. Саралап көрелік. Алаш қозғалысының көшін бастаған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовтар ол кездері жас­тары қырықтың қырқасынан енді ғана асып, ақыл тоқтатқан әрі өздерінен кейінгі толқын ізбасарларына Алаш идеясының өміршеңдігі ұрпақтар жалғастығында екенін ұғындырып, сол идеяны жүзеге асыру жолында қызмет етті. Мұны жақсы түсінген әрі Алаш идеясының баянды болуына бар ынты -шынтысымен қызмет еткен, арқалы ақын-жазушылар Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытов Алаш қозғалысы құрылған тұста бірі – жиырма төртте болса, бірі – жиырма сегізге енді келді. Осы орайда М.Жұмабаев: Тіршіліктің көркі ерік, Адамдыққа ол серік. Бір түскен соң қақпанға, Қалар бұрынғы еркелік. Ойламай барып, ұрынып, Өкінген аз ба ертелік, деп жазған. Қазақ халқының тәуелсіздігінен айры­луының басты себептері сыртқы жағдайларға байланысты болғанмен, оның рухани астарларының, соның ішінде надандықтың да, содан туындайтын адамгершілік азғындықтың да ықпалының болғандығы туралы А.Байтұрсынов та, М.Жұмабаев та жазған. Надандықтың салдары бодан ел болуға әкелгендігін Мағжан Жұмабаев: Бірлік жоқ алты ауызды халықпыз ғой Қатардан сол себепті қалыппыз ғой. Ғылым мен мағрифатты керек қылмай Надандық шәрбәтіне қаныппыз ғой, – деп ашына жырлаған. 1917 жылы «Алаш» партиясын құрушылардың қатарындағы ең жас көсем, Алашорда үкiметiнiң мүшесi Әлімхан Ермеков жиырма бес жасында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Мұхаметжан Сералиндермен бірге Коммунистiк партия көсемі Ленинге көршілес елдерге өтіп кеткен шекарадағы қазақ жерлері қазақтікі екенін дәлелдеп, көзін жеткізіп, мәселені қазақтың пайдасына шешті. «Алаш» партиясының белсенді мүшесі болған, кейіннен алашшыл азаматтарға қауіп төнгенде ағалардың ақылын тыңдап, мұраты бір жас алашшылармен бірге Коммунистiк партия қатарына өткен сұңғыла суреткер, кейіннен заңғар жазушы Мұхтар Әуезов және 1914 – 1917 жылдары «Бiрлiк» қоғамының мүшесi (Омбы қаласы), 1917 – 1918 жылдары Алашорда жағында азамат соғысына қатысқан Дінмұхаммед (Дінше) Әділев және жалынды алашшыл жастардың тұңғыш жетекшісі Смағұл Садуақасовтар сол уақытта бозбала шақты енді артқа тастаған небары он жеті жастың шамасында болатын. Омбыда жас алашшылдардың «Жас азамат» газетiне редакторлық етіп, газет бетiнде алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған мақалалары нөмiр құрғатпай шыққан Қошке Кемеңгеров пен ұлтжанды алашшыл қайраткер Сұлтанбек Қожановтар сол кезде жиырмадан енді ғана асқан еді. Жиырма жастан асар-аспас кезiнде үлкен қызметтер атқара жүріп, ұлт қамын ойлап, жұрт аузына iлiнiп, есімі халыққа танымал болған мемлекетшіл қайраткер, ірі тұлға Тұрар Рысқұлов Түркiстан АССР-iнің үкiмет басшысы ретiнде 1920 жылы тарих сахнасынан кеткен Алашорда қозғалысының жетекшiлерi мен белсендi мүшелерiне қолынан келген мүмкiндiгiнше қамқорлық жасады. Тұрар Республика үкiметiн басқарған тұста Ахмет Байтұрсыновтың, Халел Досмұхамедовтың, Жүсiпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Мұхамеджан Тынышбаевтың т. б. аса көрнектi қазақ зиялыларының Ташкент пен Қазақстанның Оңтүстiк өңiрiн паналап, ғылыми, педагогикалық және шығармашылық жұмыспен айналысуға мүмкiндiк алулары осы Рысқұловтың қамқорлығы. 1918 жылы Ахмет Байтұрсынов Қостанайға келiп, Алашорда отряды қатарына жастарды тартқанда, қатардағы жауынгер болып тiзiмге жазылып, «Алашорда отрядының» ерiктiсi атанған Бейімбет Майлин және 1916 жылғы халықтың ұлт-азаттық көтерiлiсшiлеріне тiлектестiк бiлдiрiп, өлеңдер жазған Сәкен Сейфуллин әрі осы үш бәйтеректің бірі, ұлт-азаттық күреске үнемі қолдау білдірген суреткер ақын Ілияс Жансүгіров сол кездері жиырма үш жасқа енді келген. Патша өкiметiнiң боданындағы туған халқының, тағдыр тауқыметiн өткiр тiлмен айтып, баспасөз беттерiнде жиi-жиi мақалалар жазып, саяси күреске өмірін арнаған Мұхамеджан Тынышпаев және патшалық Ресейдiң бұрыннан-ақ қазақ жерiн отарлап, халқын орыстандыру секiлдi өктемдiк саясатын әшкерелеп, оған қарсы үгiт-насихат жүргiзген, сондай-ақ Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтай абзал азаматтармен пiкiрлес дос болып, бiр мақсатта күрескен Жақып Ақпаевтардың ақыл тоқтатқан шақтағы салмақты істері Алаш қозғалысына айбын бергені анық. «Алаш» партиясының көрнектi қайраткерлерiнен басқа қатардағы есімдері атала бермейтін мүшелерiнiң бүгінде мүмкіндігінше барлығының аты-жөнін ардақтау парыз. «Алаш» партиясын ұйымдастырушылар, халқымыздың бiртуар ұлдары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ә. Ермековтермен серiктес болып, халық қамы үшiн бiрге күрес жүргiзген алаш ұландарының бiрi Имам Әлiмбеков. Ол «Алаштың атты әскерлер полкын» жасақтаушылардың бiрi болды. Ал өрелi өрен Ғазымбек Бірімжанов, жалпы қазақ съезiнде Алашорда өкiметiне мүше болып сайланған Отыншы Әлжанов Жетiсуға келiп, съезд қаулыларын жүзеге асыру ниетiмен өлкенiң айтулы азаматтары М. Тынышпаев, С. Аманжолов, И. Жайнақов, Б. Мамытовтармен тiзе қоса отырып, игілікті істердің ұйытқысы болады. «Алашорда милициясының» алдында тұрған міндеттерді саралайды. Бұдан біздің анық байқайтынымыз, мұқым Алашқа ұран болған Алаш идеясы – ақыл тоқтатқан аға буынның бастауымен ерте есейген жас ұрпақтың жалғастыруымен тағылымы бүгінге сабақ боларлық салмақты жас та жасампаз идея. Алаш қозғалысы мен Алаш партиясы, Алаш идеясы мен идеологиясы аяқ астынан пайда болған жоқ, ол қазақ арасындағы партия құрылысының алғашқы жинақталған тәжірибесінің барысында орнықты. 1905 жылы құрылған «Қазақ конститутциялық-демократиялық партия­сы» мен 1906 жылы құрылған «Халық еркіндігі» (кадеттер) партиясын қоспағанда, «Алаш» партиясы – қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы. Нақтырақ айтқанда, Қазақстандағы қазіргі саяси жүйе мен партиялық институттың бастауы. Дей тұрғанмен де, бүгінгі саяси партиялармен салыстырғанда, ұлт мүддесі тұрғысында «Алаш» партиясы ұзақ жылдарға созылған ұлт-азаттық қозғалыс жолдарынан өтіп, саяси күресте пісіп-жетілгендігімен ерекшеленеді. ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік-саяси өмірдің жандануымен ұлттық элитаның ұлт мәселесін шешуге бағытталған қоғамдық қызметтері, сол кездегі басты бұқаралық ақпарат құралдарының бірі – баспа ісі мен баспасөздің кең таралуына алғышарттар қалыптастырды. Нақ осы «қоғамдық ортада», яғни білімді, көзі ашық интеллектуал қауымның ортасында ұлттың ұлттық мәні мен мазмұны, соған сәйкес әлеуметтік сая­си санасы, бейнесі талқыланып, сомдалып, ұлттық мүдделері саяси деңгейде тұжырымдалып қалыптасты. Осы әлеуметтік саяси ортадан ұлт болып қалыптасудың негіздемелері идеялық деңгейде баспа сөзі арқылы халыққа жеткізілді. Осы арнада қазақ халқының ұлттық рухы мен сана-сезімін оятуға бағытталған М. Дулатовтың «Оян, қазақ» атты еңбегі мен А. Байтұрсыновтың «Маса» атты шығармаларының маңызы зор болды. Сонымен, тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзатқа ауыр қасірет алып келген жиырмасыншы ғасырдың басында ұлттық идея өзінің рухани және әлеуметтік эволюциясының барысында «Алаш» идеясы түрінде көрінді. «Алаш» идеясы қазақ түсінігінде туыс түркі халықтарын біріктіретін «алты алаш» ұғымын білдіргендіктен, ХХ ғасырдың басында артта қалған отар халықтардың ұлттық өзіндік санасының оянуына орай, «түркістаншылдық» идеясымен шектесіп жатты. Бұл, әсіресе Мағжан Жұмабайдың поэтикалық шығармашылығы мен Мұстафа Шоқайдың тарихи саяси қызметінен аңғарылады. Саяси тәуелсіздіктің туын көтерген қазақ зиялылары «Оян, қазақ!» идеясымен халыққа ой тастады. Соның нәтижесінде үлкен идеялық әрі реалды Алаш қозғалысы басталды және Алаштың әлеуметтік, саяси және тұлғалық белсенділігі мен еркіндігі ұлттық идея ретінде ұсынылды. Бұл тәуелсіздік ұранының алдыңғы кезеңі ағартушылық идея­ларымен астасып жатқан болатын. Және Алаш қайраткерлерінің бұл үндеуі Абай мен Шәкәрімнің «адам бол!» ұстынымен және «ұждан» тұжырымымен сипатталатын рухани-адамгершілік бағдармен де бекітілді.

Болатбек Төлепберген,

философия ғылымдарының 

кандидаты