Тазабеков төреші болған айтысты Ерманов екінші қатардан тамашалады

Тазабеков төреші болған айтысты Ерманов екінші қатардан тамашалады

Тазабеков төреші болған айтысты Ерманов екінші қатардан тамашалады
ашық дереккөзі

Жуырда Ғ. Мүсірепов
атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында халықаралық «Жыр дода» жас ақындар
айтысы болып өтті. Дүбірлі додада Қазақстанның түкпір-түкпірінен  жиналған 
10 ақын мен Қытай жерінің Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарынан келген үш
бірдей үкілі қарындасымыз бақ сынады. Атамұра өнер – Айтыстың жас  өскіндеріне қолдау білдіріп, тұяқты тұлпарлардың
шабысын Мұхамеджан Тазабеков бастаған, Айнұр Тұрсынбаева, Серік Қалиев, Бақыт
Жағыпарұлы, Аменгелді Сейітхан, Ұлан Еркінбайұлы секілді танымал ақындар мен әдебиетшілер
бағалады. Соңғы кездері төл айтыстың 
діни идеологияның  ойыншығына
айналып бара жатқанына өкпесі қара қазандай болып жүрген Жүрсін Ерман ағамыз да
қадірлі қонақтар қатарында болды. 
Шорабек Айдаров, Балғынбек Имашев сынды айтыскерлер  халықтың арасында отырып, айтысты тамашалады. 

Орта деңгейде өткен бұл айтысқа қатсушы жас ақындардың бір қайнауы ішінде қалғандай  әсер қалдырды көпшілікке. Сахнада ақындар
еркін көсіліп,  шаба алмады. Айтысқа
дайындықтары аз болды ма, әлде шеберліктері жетіспеді ме, әйтеуір  ақындардың 
деңгейі дегендей болмады.

  «Ел
болам десең»… атты айтыстың қорытындысы бойынша қазылар  үшінші орынға Астаналық
Сырым Әуезханды (70 мың теңге) лайық деп тапты. Айтыстың екінші жүлдесін алматылық Алтынбек Ибрагимов (100 мың теңге) иеленсе,  бірінші орынды  Шорабек ақынның мақамымен шүйгіте шауып, қарсыластарын
шаң қаптырып,  ұтқыр жауап, ұтымды ой
айта білген Амангелді Сейітхан (150 мың теңге) еншіледі.  Бас жүлдені айтыстың ақбоз атын арда мінген,
жас та болса салмақты ойлар айта білген, тапқырлығы мен шеберлігі өзгелерден
ерекше шыққан  Қытайдан келген  қарындасымыз Анаргүл Беделхан (Үй) қанжығасына
байлады. Айтысқа қатысып бақтарын сынаған барлық ақынға  20 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары да үлестірілді.  

Десе де әр ақын өз қарымына қарай қоғамдағы түрлі
мәселелерді тілге тиек етті. Мысалы, күні кеше отқа оранған  базардың жайын жас ақын Манас Қайыртай: «Емес
қой жиылған жұрт сары маса, түтін сап қайта-қайта қуалайтын», – деп
базыналаса,  қантамырым қазағым деп
келген қандастырымыз «Нұрлы көшінің» тоқтап қалуын өкінішпен жырлады. Дін, діл
мәселелері  айтыстың өзегіне айналды.
«Махаббатсыз дүние бос емес қазір, дүниесіз махаббат бос боп қалды», – деген бір
ауыз сөз қоғамның ащы жарасының бетін тырнағандай, жиналған жүртшылықтың
санасына түрлі ой салды.  Айтыстың соңында
сөз алған қазылар алқасының төрағасы Мұхамеджан Тазабеков: «Жастардың беталысы
жаман емес. Қарымдары, ой орамдары бекіп келе жатыр. Күйкі дүниенің соңында  жұтылып бара жатқан, құрып бара жатқан өнерге,
Айтысқа кіл жастардың бас болып, бет бұрып келе жатқаны қуантады. Және  осы жастардың ұйымдастырған айтысына, айтыстың
көшін 40 жыл сүйреген, еңбегін ерен сіңірген Жүрсін Ерман ағамыздың келіп,
жастарға батасын беріп, айтысқа келіп қатысқаны біз үшін қуаныш. Осы кісілер
аман жүрсін деп тілейміз», – деді. 
Дегенмен, соңғы кездері айтыс сахнасына 
дінге бет бұрған жастардың  көптеп
келіп жатқаны мұсылман ретінде көбімізді қуантқанымен, көңілімізде көп күдікті
ойлар туғызатыны тағы бар. БАҚ-та базыналап, айтысты әлдекімдер жекешелендіріп
алмақшы деп жүрген Жүрсін аға Ерман 
айтыстың аяғына  қалмады. Мұның
сырын кім біледі? Айтыс туралы пікірін білмекші болып Жүрсін ағамызға хабарласқан
едік, байланыс аясынан тыс жерде болды. Алда сәті түссе Жүрсін ағаның да айтыс
туралы пікірін бере жатармыз. Ал әзірге түсінгеніміз ұлттық өнер-айтысқа
бей-жай қарамайтын жастар жоқ емес. Тек соларды баптап, бағыт көрсететін, демеу
болып, арқасынан қағатын ағалардың аздығы…

Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ