Қазақстанда 1800 адам СПИД-пен ауырады

Қазақстанда 1800 адам СПИД-пен ауырады

Қазақстанда 1800 адам СПИД-пен ауырады
ашық дереккөзі

ҒАСЫР ДЕРТІ – ВИЧ/СПИД

1 желтоқсан – Халықаралық
ВИЧ/СПИД-ке қарсы күрес күні


Бүгін СПИД-ке қарсы күрес күні. Жер шары атап өтетін  бұл күннің кез келген мемлекетте саяси, әлеуметтік, экономикалық жағынан маңызы
зор. Өйткені, Жер шарындағы адамзат біткенді жайлап жалмап келе жатқан бұл дерт
үздіксіз дамып үстінде. Ақ халаттылар мен ғалымдарды алаңдатқан да осы жайт.
Ресми деректерге сүйенсек, 2008 жылы әлемдегі 33,4 миллион адам тіркеуде тұрса,
сол жылы 2,7 миллион адам жаңадан тіркеліп, тағы 2 миллион адам ажал құшқан.

Он тоғызыншы ғасырдың соңында Батыс-Орталық Африкада
пайда болған СПИД ең алғаш рет 1981 жылы АҚШ-та назарға ілігіпті. Бүгінде оны
емдеудің тәсілдері бар болғанмен, құлан-таза айықтыра алмайды. Антивирустық дәрілер
ВИЧ-инфекциядан қаза табатындардың санын төмендетуге ғана сеп. Алайда, мұндай
дәрі-дәрмек көптеген елдерде өте қымбат тұрады әрі екінің бірі қол жеткізе
алмайды. Емдеуі қиынға түсетіндіктен, дәрігерлер мен құзырлы органдар ВИЧ/СПИД
дертін жұқтырмаудың алдын алатын шараларды насихаттауға көңіл бөлуде. Ал бүкіл әлем
бойынша осы аурудың ошағы Африка елдерінде: дертке шалдыққандардың 68 пайызы –
осы аймақтың тұрғындары және Африка елдерінде туылған сәбилердің 91 пайызы
ВИЧ/СПИД-ке анасының құрсағында жатқанда-ақ жұқтырады екен… 

Қан және жыныстық қатынастар арқылы жұғатын бұл кеселдің
ерекшелігі – адам ағзасын ұзақ уақыт бойы жаулайды. Әлбетте, дер кезінде анықталған
ауруды емдеу оңай. Бірақ біздің отандастар дерттің алғышарттары білінген бойда
дәрігердің көмегіне жүгінуге құлықсыз. Оған себеп, медициналық тұрғыда
сауатсыздық, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамау, немқұрайлылық. Осының
салдарынан, еліміздегі аурулар саны жыл сайын 20 пайызға өсіп келеді. Биыл
жазда жүргізілген медициналық тексерулер нәтижесінде ВИЧ-СПИД вирусын жұқтырғандар
Қазақстанның бүкіл облысынан табылыпты. Алдыңғы қатарда Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік
Қазақстан, Қостанай облыстары мен Алматы қаласы тұр.

СПИД-ке қарсы күрес жөніндегі Республикалық орталықтың
басшысы Батырбек Әсембековтің айтуынша, 2013 жылдың 30 сәуірі күнгі есеп
бойынша, Қазақстанда 20 мыңнан астам адам СПИД таяқшасын жұқтырғандар тізіміне
ілігіпті. Ал 1802 адам осы дертпен ауыратындар санатында. Олардың көпшілігі жұмыссыздар
болса, вирусты жұқтырғандардың 70 пайызы 20-39 жас аралығындағылар. 2013 жылы
ВИЧ/СПИД-ке шалыдыққандар мен ауыратындарды емдеу мақсатында мемлекеттік
бюджеттен 4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініпті. 

Өкінішке қарай, опық жегізетін олқылықтар ақ халаттылар
тарапынан да кетеді кейде. Мәселен, осыдан 7 жыл бұрын Шымкент қаласында 149
баланың ВИЧ-ке шалдығуына аурухана қызметкерлері себеп болған. Арты дауға ұласқан
осы қайғылы жайттың жаңғырығы әлі бітпеді. Жуырда ғана Астана қаласында тұратын
сегіз жасар қыз баладан ВИЧ таяқшасы табылып, ол Шымкентке кері қайтуға мәжбүр
болған. Қазір дәрігерлердің бала бойындағы дертті не себепті дер кезінде анықтай
алмағаны тексерілуде.

Ғасыр дертіне айналған бұл аурумен күресті күшейтпесек,
кейін бармақ шайнайтынымыз анық. Ол үшін бүкіл аймақта жұрттың медициналық тұрғыдағы
сауаттылық деңгейін көтеріп, ВИЧ/СПИД таяқшасының адамға, оның ұрпағына қандай
зияны мен зардабы барын түсіндіріп, қауіп-қатердің алдын алу шараларын кеңінен
жүргізген дұрыс. Бұл белгілі бір халықаралық ұйымдардың міндеті деп қарамай,
мемлекеттік деңгейде атқарылатын шаралардың санын көбейткен жөн. 

Нәзия Жоямергенқызы