Жол полициясы неге пәрменсіз?

Жол полициясы неге пәрменсіз?

Жол полициясы неге пәрменсіз?
ашық дереккөзі
282

Адам өмірі қай кезде де бәрінен қымбат. Еліміздің ең басты байлығы саналатын адам өмірін сақтауға қаншалықты сергек қарап жүрміз?! Әлде, әртүрлі себептермен жиі кездесетін қайғылы жағдайға ет үйретіп алдық па? Әйтпесе, жол оқиғасынан қыршыннан қиылып жатқан адам өмірі, әртүрлі жол-көлік оқиғалары бүгінде қоғамды селт еткізбейтін көрініске айналған. Жол қауіпсіздігін сақтауға тиіс жол полициясының өзі көбіне пәрменсіздік таныта бастағандай. Бұл сөзімізді апта басындағы облыстық прокуратураның алқа мәжілісінде қаралған мәселелер дәлелдей түседі.

Алқа мәжілісінде облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы басқар­масының 2013 жылдың 9 айындағы қызметінде жол қозғалысы қауіпсіздігінің сақ­талуына жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша облыстық прокуратура басқарамасының аға прокуроры Н.Дүйсенбаев баяндама жасады. Аға прокурордың баяндамасындағы мәліметтер бүгінде жол полициясы қызмет­керлерінің өз қызметіне қан­шалықты жауапты екендігін байқатқандай.
Айта кету керек, жол полиция­сындағы соңғы жаңалық – жол полициясы мен патрульдік полиция бірігіп, нәтижесінде әмбебеп полицияға айналды. Мұндағы мақсат – жол қауіпсіздігін сақтауды нығайту. Алайда, жыл басындағы 9 айдың көрсеткіші әмбебап полиция қызметкерлерінің ел алдында тіке қарайтындай жағдайда емес екенін көрсетіп отыр.
Алқа мәжілісінде келтірілген мәліметтерге тоқталайық: Өткен жылдың 10 айында 153 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, биылғы жылдың он айындағы бұл цифр 372-ге жеткен. Өткен жылдың осы мерзімінде жол-көлік оқиғасынан қаза болғандар саны – 63 болса, биылғы жылдың осы мерзімінде жол оқиғасынан өмірмен қоштасқандардың саны – 105. Яғни, екі есеге өскен.
Тағы бір қиын мәселе, психонев­рологиялық және наркологиялық есепте тұрған 110 тұлғаға заңсыз жүргізуші куәлігі берілсе, оның 26-ның ғана бүгінгі күнге жүргізуші куәлігінің күші жойылған. Қалғаны көлік жүргізіп жүр…
Мұнан бөлек, прокурор келтірген фактілерге орай, есептен шыққан мемлекеттік белгілерді, сондай-ақ өзге автокөлікке тиесілі мемлекеттік белгілерді тағып жүру деректері анықталған. Тағы бір мысал, басқарма қызметкерлерінің лауазымдық міндеттерін қажетті деңгейде орындамау салдарынан, сот қаулыларымен құқық бұзушыларды жауапкершіліктен босату деректері орын алуда.
Атап айтқанда, азамат Е.С автокөлікті спирттік ішімдік ішкен күйінде басқарып, бильбордқа соққаны үшін оған қатысты ҚР ӘҚБК-нің 467-бабының 3-бөлігімен хаттама толтырылып, қарау үшін сотқа жолданған. Алайда, іс құжаттар толық болмауын байланысты, сот ұйғарымымен құжаттар басқармаға қайтарылып, әкімшілік іс сотқа тек 2 айдан астам уақыт өткеннен кейін жолданған. Осыған орай, құқық бұзушы Е.С. қатысты әкімшілік іс жауапқа тарту мерзімінің өтуіне байланысты өндірістен қысқартылып, әкімшілік сот қаулылары арқылы жауап­кершіліктен босатылған.
Алқа мәжілісінде өз кезегінде мінберге шыққан облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясы басқармасының бастығы А.Ахметовке бас прокурор өзі сауал қойды.
Қызылорда облысының прокуроры С.Нұрпейісов:
– Есепте тұрған 110 адам­ға байланысты неге шара қолданбайсыз?
Облыстық ішкі істер депар­таменті әкімшілік полициясы басқармасының бастығы А.Ахметов:
– Олардың 26-сының куәлігі алынды. Әрі қарай қалға­нын анықтауға жеке құрам жұмылдырылуда.
С.Нұрпейісов:
– Қанша уақыт керек?
А.Ахметов:
– Жыл аяғына дейін.
С.Нұрпейісов:
– Жыл аяғында арнайы брифинг ұйым­дастырып, елдің алдында бұл мәселенің қаншалықты шешімін тапқанын айтатын боламыз.
Мұнан бөлек облыс прокуроры инспекторлардың арасында адамгершілік пен мәдениетті сақтамайтындардың жиі кезде­сетінін атап айтты. Бүгінде жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шегушілер санының артқанын айта келіп, алдын-алу жұмыстарын ұйымдастыру үшін жобалар дайындауға, негізгі жұмысты күшейтуге тапсырма берді. Облыс прокуроры: «Ел жол полициясы қызметкерлерінің жұмыс істеп жатқанын сезінетіндей жұмыс болсын», – деп тапсырма берді.

Г.МАҒЛҰМҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары