Орыс мектептерінде қазақ тілі сағаты қайта артпақ,

Орыс мектептерінде қазақ тілі сағаты қайта артпақ,

Орыс мектептерінде қазақ тілі сағаты қайта артпақ,
ашық дереккөзі
287

Білім және ғылым министрлігі орыс мектептерінде қазақ тілі пәнінің сағатын
5-тен 3 сағатқа қысқартқанда қоғам ұлардай шулаған. Себебі, бұл онсыз да қазақ
тіліне шүйіре қарайтын басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметін
төмендететіндей көрінді.
Парламент мәжілісінде бірнеше депутат министрліктің бұл шешіміне тікелей
қарсылық білдіріп, депутаттық сауал жолдап үлгерді. Мәжіліс депутаты Розақұл
Халмұрадов: «Елімізде орыс тілінде сабақ беретін 1700-ден артық мектеп бар.
Сарапшылардың айтуы бойынша, осы мектепті бітірушілердің 7-10 пайызы ғана қазақ
тілінде сөйлей алады. Білім және ғылым министрлігі бұл жағдайды түзеудің орнына
мектеп бітірушілердің Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында қазақ тілі пәнінен
тапсырған тест жауаптарының бағасын жалпы қорытынды балға есептемейді. Бұл
оқушыларды мемлекеттік тілді үйренуге ынталандырмайтынын министрліктегі
лауазымды тұлғалардың түсінбейтініне қайран қаласың. Қазақ тілін үйретудің
халық арасында кеңінен қамтылуы өзекті мәселе болып тұрған кезеңде Білім және
ғылым министрлігінің мұндай қадамға баруын қалай түсінуге болады? Осындай
асығыс шешім қабылдауға не түрткі болды? Егер министрлік қазақ тілін оқытудың
жаңа технологиясын, әдісін ойлап тапқан болса, оны іске асырып, оң нәтиже
бергеннен кейін сағатты қысқартса болмас па еді?» деген мәселені төтесінен
қойған болатын.
Айта кету керек, қазақ тілі пәні қысқартылмай тұрғанда республикамыздың
орыстілді мектептерінде 1-сыныптан 9-сыныпқа дейін қазақ тілі 1600 сағатқа
дейін оқытылып келіпті. Соның өзінде орыстілді оқушы жылына 1600 сағат оқыса
да, 160 сөз үйреніп шыға алмаған. Бұл реформа Білім және ғылым министрлігінің  экс-министрі Бақытжан
Жұмағұловтың кезінде енгізілген бастама еді. Алайда, даудың астында қалған жаңа
министр Сәрінжіпов нақты бір қадамға келмей жүрген. Ал бүгін Мәжіліске алғашқы
есебін беруге келген министр орыс мектептерінде қазақ тілі пәнінің сағатының
қайта артатынын айтып қуантты. «Бір-екі күндікте орыстілді мектептерде қазақ тілі
сағатын көбейту жөніндегі бұйрыққа қол қойдым», деді ол. Министрдің
айтуынша, орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінің сағаты бір сағатқа артып,
кейбір пәндерді қазақ тілінде оқыту бойынша сынақ жүріп жатқан көрінеді.
Қазірдің өзінде бұл сынаққа 100 мектеп қатыса бастаған. Алдағы уақытта басқа да
мектептерде жүзеге асуы бек мүмкін.
«Біз білім ұяларын үштілді етуіміз керек. Мектеп бітіруші түлек қазақ, орыс
және ағылшын тілін еркін меңгеруі тиіс. Қазақ тілі өзінің мәдениетін,
әдебиетін білуі үшін, орыс тілі басқа да этнос өкілдерімен қарым-қатынас
орнату үшін, ағылшын тілі жаңа технологияның құлағында ойнауы үшін қажет.
Нәтижесінде 10-20 жылдан кейін білім ұялары қазақ-орыс болып бөлінбей, үштілді
атануы тиіс. Барлық мектептерде кейбір пәндер орыс тілінде, енді бірі қазақ
тілінде оқытылуына күш салуымыз керек», деп түйіндеді өз пікірін министр
Сәрінжіпов. 
Жаңа министр Сәрінжіпов экс-басшы Жұмағұловтың олқылығын оңалтуды қолға алса,
құба-құп болар еді. Бұл оның министрлік қызметіндегі игі бастамалардың басы
болғай деп тілейік.

Динара Дүрмән

Серіктес жаңалықтары