КОРЕЯ КӨРМЕНІ ӨТКІЗУГЕ КӨМЕКТЕСПЕК

КОРЕЯ КӨРМЕНІ ӨТКІЗУГЕ КӨМЕКТЕСПЕК

КОРЕЯ  КӨРМЕНІ ӨТКІЗУГЕ  КӨМЕКТЕСПЕК
ашық дереккөзі
286

Жуырда еліміздің Премьер-министрі Серік Ахметов Оңтүстік Кореяда екі күндік ресми сапармен болды. Сапар кезінде Үкімет басшысы Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің қабылдауында болып, Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылы елімізге ресми сапармен келіп қайтуға шақыруын табыс етті.

Корея басшысы мен Серік Ах­метов кездесуінің негізгі та­қырыбы – екі жақты сауда-эко­но­микалық ынтымақтастық мәсе­лелері болды. «Біз бұл бағытта едә­уір табыстарға қол жеткіздік. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында екі жақты сауда айналымының 1 миллиард доллардан асып түсуі соның бір жақсы дәлелі. Біз сауда айналымы қарқынын одан әрі арттыруға ынталымыз», – деді өз сөзінде С.Ахметов. Кездесу барысында, Қазақстан мен Корея арасында іске асырылатын Балқаш жылу электр стансасын, Атырау облысында газ-химия кешенін салу, «Жамбыл» кен орнын игеру секілді бірқатар бірлескен ірі жобалары да сөз болды. 

Корея басшысы Пак Кын Хе Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевқа өзінің ыстық ықы­ласты сәлемін жолдады. Пак Кын Хе ханым екі жақты іс-әрекеттер деңгейін жоғары бағалап, мем­ле­кетаралық қатынастардың барлық қырлары бойынша байла­ныс­тарды одан әрі тереңдете түсуге ынталы екендіктерін біл­дірді. Ол: «Қазақстан Корея үшін Еуразия кеңістігіндегі ең бас­ты әріптестердің бірі болып табы­лады» деген пікірде. Сондай-ақ, 2017 жылы Астанада болатын ЭКСПО көрмесін өткізу жайын да айта кетті. Кореяның мол тәжірибе жинақтағанын мәлім ете отырып, кореялықтар өздерінің тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендіктерін де жеткізді. 

Сапар аясында Үкімет басшысы Корея Республикасы Премьер-минис­­трінің орынбасары – жоспар­лау және қаржы министрі О Сок Хёнмен де кездесті. Министрмен кездесуде машина жасау, қайта жаңғыртылатын энергия көздерін өндіру, жеңіл өнеркәсіп және басқа да салалардағы тиімді бизнестік жобалар жайы айтылды. 

«Қазақстан үдемелі индус­трия­­лық-инновациялық даму бағ­дар­ламасын жүзеге асыру арқылы тұрақты өсімді қамтамасыз етуге ұмтылыс танытуда. Осы ба­ғытта біз Кореямен өзара тиімді инвестициялық және технологиялық ынты­мақтастықты одан әрі дамы­туға мүдделіміз», – деп атап көрсетті Қазақстан Үкіметінің басшысы. 

Кездесу барысында бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды. Маңыз­ды құжаттардың арасында кеден ісінде өзара әкімшілік көмек көрсету және ынтымақтастық туралы келісім, қазақстандық «Самұрық-Энерго» АҚ мен корея­лық «Hyundai» корпорациясы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумдар бар.

Сонымен бірге, Қазақстан мен­ Корея сауда-экономикалық палаталары арасындағы өзара түсіністік туралы, «Samruk-Green Energy» ЖШС мен «Hyundai» корпорациясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар жасалды. 

Ресми сапар кезінде қазақстан­дықтар Оңтүстік Кореяның эконо­микалық маңызы зор ірі кәсіп­орындарының бірі – «LG Chem» компаниясында болды. Бұл компания Тэджон қаласында орналасқан. «LG Chem» компаниясы мұнай-химия өнімдері, ақпараттық және электронды материалдар шығарумен айналысады. Бұл компаниямен ынтымақтастық байланысы 2010 жылы Елбасының Оңтүстік Кореяға жасаған ресми сапарында бекіген болатын. 

Оңтүстік Кореяны Қазақ­стан­дағы ірі инвесторлар қатарына іліктіріп отырған жобаның бірі – Балқаш жылу электр стансасы. Бүгінде Балқаш жылу электр стан­сасының құрылысымен «Самұрық-Энерго» АҚ және кореялық «КЭПКО-Самсунг» консорциумы айналысуда. Сол себепті де, қазақстандық делегация ресми сапар аясында Сеулден қырық шақырым қашықтықта орналасқан Инчон қаласындағы «Ёнгхын» жылу электр стансасының жұмысымен танысып қайтты.

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары