АТҚЫШТАР БРИГАДАСЫ ТУРАЛЫ КІТАП
АТҚЫШТАР БРИГАДАСЫ ТУРАЛЫ КІТАП
Жуырда белгілі
ғалым, тарихшы, профессор Тілеу Көлбаевтың «Өшпес даңқ» атты кітабы «Азия арна»
баспасынан жарық көрді. Кітаптың мұқабасының өзі, ондағы берілген суреттер отты
жылдардан көрініс бергендей әсер қалдырды. Таралымы 2000 дана.«Өшпес даңқ»
кітабы 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде Алматыда 100-ші және Ақтөбе қаласында
101-ші қазақтың ұлттық атқыштар бригадасының қалай, қандай жағдайда
жасақталғанын, қан майдандағы ұрыстары, олардың жауынгерлік рухтарын нақты
деректермен, публицистикалық тілмен бере білген.
Кітаптың алғашқы беті
ҚР Президентінің Қызыл алаңнан жолданған (9 мамыр 2005 ж.) құттықтауымен
ашылған. Кіріспенің өзінде сол кездегі әскери газеттер және кейінгі
газеттердегі мақалалардан сілтеме жасалып берілген. Кітаптағы тақырыптардың өзі
майдан даласынан сөйлеп тұрғандай, оқырмандарды өзіне тарта түседі. Майдан
көрген ардагерлердің естеліктері, атқыштар бригадасы командирінің алғашқы бұйрықтары,
Жамбыл атаға майдангерлер жазған өлең хаттары, гвардия полковнигі, Кеңес
Одағының батыры Бауыржан Момышұлы, кинорежиссер Сұлтан-Ахмет Қожықов, дивизия
басқарған Әбілқайыр Баймолдин т.б. жауынгерлердің суреттері мен
естелік-әңгімелері кітаптың мазмұнын байыта түссе, қазақ ақын-жазушыларының майдан
даласында жауынгерлермен кездесулері, майдангерлердің хаттары, елден хабар,
майданға келген домбыраның құдыретті күші жауынгерлерге ерекше рух сыйлағаны да
қамтылған. Тарихи танымы мол «Өшпес даңқ» кітабының «Боздақтар» деп аталған
бөлімінде майдан даласынан қайтпай қалған 100 және 101-ші ұлттық атқыштар
бригадасының жауынгерлері туралы нақты деректер қосымша ретінде берілген,
сондай-ақ кезінде Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылып, түрлі себептермен бұл
жоғарғы атақты ала алмаған 16 жауынгерлердің тарихы да қоса жарияланған.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
еңбек ардагері