ЖЕЛІСІ – ЖЕР ҮШІН КҮРЕС
ЖЕЛІСІ – ЖЕР ҮШІН КҮРЕС
Жазуға деген
табиғат берген талантын басқадан бұрын туған өлкесін, ата-бабасын, елін, жерін
зерттеуге пайдаланып жүрген адамдар болады. Олар елдің көзіне көп түспейді.
Бірақ өз ауылдарында, облыстарында сыйлы. Олар атақ дәметпейді. Бірақ кей
атақтылардан мықты болуы мүмкін. Сайын даланың бір пұшпағында жатып, елдің
тарихын болашаққа жеткізсем деген мақсатты адамдардың бірі – Отыншы Көшбайұлы.
«Орхон» баспасы.
2011, 2013 жж.
Отыншы Көшбайұлының
«Тоғыз ауыл», «Атасы басқа аттан түс» повестері жайлы
Біздің қолымызға
ілкіде түсіп, тіршілік қарбаласымен мойын бұрғызбаған екі кітапқа үңілудің сәті
енді келген. Маңғыстау өлкесінің тарихын, этнографиясын, сол түбекті мекен
еткен халықтың шежіресін жақсы білетін автордың екі шығармасында да үлкен
ізденістің табы бар. Әуелі «Тоғыз ауыл» повесіне тоқталайық.
Бекет атаның мекеніне
көз тікпеген жау аз. Он тоғызыншы ғасырдың соңы, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы
жылдары Маңғыстау қазақтары Хиуа қарақшыларына әлденеше рет соғыс ашқан. Сол
кездері тек хиуалықтар емес, түркімендер де Маңғыстауға дәмелі болады. Бұл
шығарма сол кездегі қазақтың асқақ рухына қойылған ескерткіштей.
Повесть Абыл жыраудың
Нұрым туралы монологынан басталады. Абыл жырау қартайған шағында өзіне ізбасар
ретінде Нұрымды көп ертіп жүрген деседі. Нұрым адай руының ішкі-сыртқы саяси
жағдайымен жақсы таныс, арғы-бергі ата тарихын жетік білетін, суырып-салмалық
өнердің жүйрігі ретінде көз түскен. Абыл қарт жас ақынның бойынан ел мен жер
үшін неден де тайсалмайтын берік рухын танып, өзінің ел ішіндегі ендігісін Нұрым
атқаратын шығар деген ішкі шешімін көрсетеді. Бұл ойды жазушы тікелей айта
салмай, қарт жыраудың терең толғаныстарын жазуы арқылы оқырманға ыммен
білдіреді. Тіпті осы арқылы Нұрым повестің қара қазығы екенін аңғартқандай.
Бірінші Нұрымды айтуының да басты себебі осы. Өйткені шығармамен тақырыптас
Нұрым Шыршығұлұлының дастаны да бар.
Шығармадағы басты
кейіпкерлердің бірі – Қабыл батыр. Қабылдың көзсіз ерлігін Отыншы Көшбайұлы
батырдың інісі құла айғырдың үйрінен айырып қалғанында, қырық адамға
қарсы төрт-бес жігітпен қолдарына қасқыр ұрып алатын саймандарымен шыға салған
эпизоды арқылы береді. «Мал ашуы жан ашуы» деп, малдан айырылғаны емес, ата
жауының еш сескенбей малды айдап кетуінен намыстанып шыққанын жазушы сәтті
жеткізген. Ол тек қана Қабылдың намысы емес, жеке рудың да емес қазақтың
намысы, қазақтың батырлығы еді. Осы Қабыл мен Сылыңғыр қара екеуінің арасындағы
ұзақ диалог батырлықпен қоса ақсақалдың даналықты да сездіреді.
Отыншы Көшбайұлы
қазақтың салтына, дала заңдылығына, көшпенді тұрмыстың қыр-сырына қанық екені
шығарманың өн бойынан үнемі сезіліп тұрады. Мәселен құла айғырдың
ақбоздың арқырай кісінегенін естіп, үйірден бөлектене шапқанын сенімді
жеткізген. Ондай оқиғалар, аңыздар қазақ арасында өте көп.
Шығармадағы тағы бір
аяулы кейіпкер – Ақсырға. Ақсырғаның «жараң құтты болсын» деп, батырының
саулығын жаратқаннан тілейтін, әр жараланған сайын ері қайсарлана түссін деп,
көңілін аулау мақсұтында айтқан сөзі баяғы қазақ әйелінің жоралғысындай. Ежелгі
батырлар дастанындағы арулардың сарқытындай сезілетін Ақсырға болмысы тарихи
оқиғалардың қатпарынан жарқырай көрінеді. Ақбоздың тыпыршуынан жүрегі елегізіп,
жақсылықтан күмәндануының өзі қазақы психологияны аңғартатыны анық.
Повесть
кейіпкерлерінің өткеннен бүгінге түсе салғандай әсер қалдыруы,
білімдарлығынан болса керек. Қабыл батыр жорыққа шығарда, асығыс сауыт
кимей шығады. Соны көрген Байменбет батыр: «Асығыс жүріп сауытыңды да кимепсің.
Бұрынғы батырлар садақ жебесінен қорғану үшін сауыт киген. Болмаған жағдайда
аталарымыз бір айла ойлап тапқан. Ол ту биенің қылынан есіліп, қатты ширатылған
шылбыр болатын. Сол шылбырды жүрек тұсынан бастап, кіндіктен төмен екі еліге
дейін бірнеше қабат орап жауға шабатын. Өте жақыннан болмаса, әлгі «сауыт»
алыстан жеткен оқты дарытпаған. Жақыннан атылған оқтың да дөп келгені болмаса,
қисық-қыңыр келгені денеге жетпей қыл шылбырдың тіндері арасында тұрып қалатын»
деп өз білгенін айтып, Қабылға да солай істеуін өтінеді. Осы арқылы жазушы
оқырманын сендірсе, бір жағы өзінің де этнографиямен жақсы таныс екенін
аңғартады.
Повестің оқырманға
қатты әсер ететін жері Қанапияның ерлігі. Бұрымды арудың ержүректілікпен жаудың
соңына түсіп, көзсіз ерлік көрсетуі кейінгі ұрпаққа көрсеткен үлгі, өнегесі.
Бұндай ерлік үлгісі көшпенділер тарихында молынан кездеседі. Қаламгердің осы
эпизодты повеске сыналап кіргізуі қазақ деген халықтың батыр қыздарының да
тарихта өз орны барын баса айтуы деп түсінеміз.
Повестің соңы жауды
жеңген қырық батырдың ерлігімен аяқталады. Отыншы Көшбайұлы бұл шығармасына
тарихи деректерді молынан пайдаланған. Маңғыстаудағы адай руының тарихын,
ерлігін, өрлігін айту арқылы күллі қазақ елінің қайсарлығын танытады.
Тәуелсіздік үшін, жер үшін күресте ұл түгілі қыздың аянып қалған жері жоғын
айтады. Бұл осынау ерлік дастандардың жалғасы. Халық жолында жандарын пида
еткен бабаларға дұға ретінде жазылған шығарма. Бұндай ерліктер сол кездері
қазақтың байтақ даласының әр пұшпағында болып жатты. Кешегі бабалардың зор
дауысы осы повесть арқылы бізге жаңғырып жетті.
Екінші повесть –
«Атасы басқа аттан түс». Бұл да адай батыры Қожагелді туралы. Он төрт тараудан
тұратын повесть түгел дерлік Қожагелді батырдың өмір жолына бағышталған.
Алдымен шығарманың неге бұлай аталғаны туралы ой бөлісейік.
Бір жолы жау қолына
Қожагелді батыр, інісі Жарық, ұлы Ожымпай үшеуі қоршауға түсіп қалады. Қаракер
ат мінгескен үшеуін көтере алмай қиналып қалады. Сонда батыр «атасы басқа аттан
түс» деп ұлын жау қолына тастауы да осы кез. «Бала белде» дейтін қазақ үшін
бауырдың баладан артық тұратын кезі осындай сын сағаттарда сыналса керек. Жау
жолына құрбандыққа баласын тастап кетіп бара жатқанда батыр жүрегі езілмеді
дейсіз бе? Міне, лейтмотив осы.
Повесте Қожагелді
батырдың Маңғыстау жеріне төнген әр кезеңдегі қауыптерге ықпалы жайында
баяндалады. Оның әуелгісі 1783 жылғы хиуалықтардың Қарамылтық, Ыстыбай, Сары
ауыдарына шабуылы. Сонда Қарамыс батыр өзінің қарттығына қарамай, жауға қарсы
күресіп қаза тапқан болатын.
Екіншісі түркімен
жұртының Сүйінқара ауылына шабуылы. Одан кейін орыстардың Маңғыстау түбегіне
бекіністер алған, жергілікті халыққа қоқан-лоқы көрсете бастаған кезеңдер.
Төртіншісі 1853 жылғы хиуалықтардың тоғыз ауылға шабуылы. Осындай тарихта
қалғаны, қалмағаны бар халықтың басына төнген қауіптің көбін сейілту жолында
аянбай еңбек еткен кісілердің бірі – Қожагелді батыр.
Түркімендер мен
қазақтардың арасында көп дау жылқыға байланысты болған. Адай жылқысы мен
түрікмендердің ақалтекесін будандастыру арқылы жылқыны асылдандыру екіжақтың да
қызығушылығы еді.
Түркімендер мен
қазақтардың арасында болған Ұланақ шайқасынан сыр шертетін шығарма Қожагелді
батырдың болмысын ашады. Көреген қолбасшының ұйымдастыру қабілеті, өзге
батырлармен тізе қосып жауға қарсы күресті жоспарымен орындаудағы Қожагелдінің
орны айырықша. Атағозы, Төлеп батырлардың басты кейіпкер айналасынан әрдайым
табылуы да сол кездегі қазақ жұртының жаудан запы боп, бірігуден басқа амалдың
қалмағанын да көрсетеді.
Әкесі Тоқсанбайдың да
шежіреші, жұртты аузына қаратқан ділмарлығын да жазушы сәтті суреттейді. Жоңғар
шапқышылығы кезіндегі қазақ елінің ойсырай жеңілген тұстарын Тоқсанбайдың
аузына салу арқылы, ондай жеңілістердің уақыты өткендігін айтқысы келсе, бір
жағы Қожагелдіні қайрау арқылы тек жеңіске үгіттеу. Қожагелді де әкесінің
айтқан әңгімелері арқылы тарыдай шашылған қазақ халқын көз алдына елестететін.
Әкесі ылғи Қожагелдіге ақылшы ретінде көрінеді. Оның істеген әр ісіне өз
бағасын беріп, жолға шыққанда батасынан да тартынып қалмайды. Бұл қазақ халқы
үшін әке орнының да айрықша екеніне дәлел.
Алтыншы тарауда
Қожагелді батыр Хиуаға барады. Оның мақсаты – тұтқынға түскен Мырзатты құтқару.
Хиуа базарлы қала. Онда барғанда таныс саудагер базар аралап жүрген қазақтың
жәй көпес емес екенін бірден аңғарады. Таныс саудагер бесін намазында өзі іздеп
жүрген адамды тауып алуына мүмкіндіктің барын айтады. Бұл сол кездегі қарапайым
халықтың бейбіт өмірді қалайтынын, соғыс қарақшылардың арасында жүріп жатқанын
аңғартса керек-ті. Мырзаттың қашуына саудагер Ахмет көп жақсылығын тигізеді.
Мырзат пен Қожагелді елге оралғанда Тоқсанбай қарт дүниеден озады.
Повестегі негізгі
шайқас – Ұланақ маңындағы ұрыс. Бұл ұрыста Қожагелді айырықша көзге түседі.
Алайда Қожагелді мен Тұнғыт батыр сол шайқаста қаза табады. Ат үстінде туып, ат
үстінде өлген батырларын халқы аңызға айналдырды.
Бұл екі шығарма да
кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деген ниетпен жазылған деп ойлаймыз. Тек қана
Маңғыстау жұртының емес, қазақтың жүрегінде ел мен жер үшін қасық қандары
қалғанша күрескен бабаларымыз мәңгілік қалады.
Бауберген
Жетіген