Янукович қандай шешімге келмек?
Янукович қандай шешімге келмек?
Президент Янукович бір
айға жуықтаған Еуромайданды тарқатудың басқа амалы жоқтығын түсінді ме, әуелі
оппозиция өкілдерімен кездесуге құлық танытты. Елдің бұрынғы экс-президенттерін
жинап, кеңескен ол осындай шешімге келген болатын. Оппозицияның да күткені осы.
«Украинаны біріктіреміз!» деген атпен өткен басқосуда қабағы қатулы Янукович:
«Майданда арандатушылар мен күш құрылымдарының бассыздық әрекетіне налыдым. Біз
не нәрсені болсын, ақылға салып шешуіміз керек. Сондықтан біз оппозицияның пікірі
де маңызды. Алайда, Еуромайдан қатысушыларын босатып, алаңда орын алған
бейберекетсіздіктерді тексеруді прокуратураға тапсырдым», – деді. Ал «Удар»
партиясының жетекшісі Виталий Кличко: «Бүгінгі жағдайдың арты мемлекет үшін де,
сіздің қара басыңыз үшін де қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан билікті үлкен
өзгеріс күтіп тұр» деп кесіп айтты.
Осы кезде алаңда Кедендік
одаққа кіру жөніндегі келісімге қол қоймауға шақырған халық Януковичке үндеу
жариялады. Онда: «Януковичтің Кедендік одаққа қосылып, еуропалық болашаққа
деген жолды жабуына құқы жоқ. Украина Ресей империясының губерниясы емес,
Еуроодақтың мүшесі болады!» деп жазылған.
Дәл осы мәтін жолдарын оппозиция жақтастары дауыстап оқып берді. Оларға
дем берген екі американдық сенаторлар – респубикалық Джон Маккейн мен демократ
Кристофер Мерфи де украин азаматтарының
бейбіт шеруін нағыз демократияның көрінісі деп бағалады. Тіпті, Дж.Маккейн
мырза: «Ешер шерушілерге күш жұмсалса, АҚШ украиндық билікке қарсы санкция
енгізеді» дегенді дауыстап жеткізді.
Украина билігі кімнің
жағына шығарын білмей дал. Таяуда ғана Еуроодақпен келісімге қол қою жөніндегі
келіссөздердің тоқтағаны туралы ақпарат тарады. Кейбір дерек көздеріне сенсек,
мәмілені тоқтату украиндық тараптан шыққан. Еурокомиссар Штефан Фюленің
пікірінше, келіссөзді жалғастыру үшін Украинаның Еуроодақ келісіміне қол қоюға
деген сенімділігі керек. Бұдан кейін украиндық үкімет дереу арада дауға
айналған келісімді бірауыздан құптайтындығы туралы мәлімдеме жасап үлгерді.
Брюссельге арнайы келген Украинаның бірінші вице-премьері Сергей Арбузов:
«Еурокомиссар Штефан Фюлемен бірлесіп, Еуроодақпен келісімді қайта жаңғыртуды
қолға алдық. Оның «келіссөздер тоқтады» деген мәлімдемесіне қатысты айтсам,
жұмыс әлі жалғасуда. Үш жұмыс тобы Еуроодақ келісімі аясында туындаған
мәселелерді реттеп, еркін сауда аймағын құруды қарастырмақшы. Фюлені де түсінемін. Біріншіден, оның мәлімдемесінде Еуроодақ Украинаның
ЕО-қа кіретіндігі жөнінде кепілдік талап етіп отыр деген ақпарат бар. Алайда,
біздің жұмыс тобын құрып, оған Фюле мырзаның қатысуының өзі келіссөзге қол
қоюға деген кепілдік емес пе? Қазіргі таңда үкімет Еуроодақ алдына еуроинтеграцияны қолдайтындығы
жөнінде құжат ұсынды», – десе, Швецияның Сыртқы істер министрі Карл Бильдт:
«Фюленің ғана мәлімдемесі түскен жоқ. Біздің үстелде Украинаның да келісімі
жатыр», – дегенді білдірді.
Арбузов тілге тиек еткен
құжатта алдымен энергетикалық, экономикалық, сауда мәселелерімен қатар
халықаралық ұйымдармен әріптестік орнату жөніндегі түйткілдер талқыға салынды.
Әр салаға жауап беретін жұмыс тобы істің нәтижесін ЕО келісіміне қадам басуға
алып келмек. Тіпті, Украина президенті Янукович те: «Біздің мақсатымыз – ЕО
келісіміне қол қою» деп, оның мемлекет, халық үшін маңыздылығын жоғары
бағалағаны бекер емес. Сондай-ақ,
президент Янукович келіссөз құжаттарын дайындауда қателікке жол берген жауапты
тұлғалардың қызметтен босайтындығын да атап өтті.
Алайда, министрлер кабинетінің басшысы бұл
жерде бір кілтипанның барын айтады. «Келіссөздерді талқылау барысында
еурокомиссар ЕО тарапынан Украинаға көмек ретінде берілетін соманың көлемін
неге айтпады? Жұмыс тобын кім үшін, не үшін құрдық? Біз екі жақтың да өзара
түсіністікте Украинаға қажетті қайтарымсыз және қайтарымды көмек берілуін
шешуін құптаймыз. Мұның бәрі пікірталас кезінде анықталады. Сол үшін де
Брюссельге бардық, тағы да сапар шегеміз. Біз өзіміздің экономикамыздың және
серіктестеріміздің сауда балансы жөніндегі көрсеткіштерін алып келдік. Ал қазір
Украинаға ненің қажет екенін ашып алмақпыз», – дейді ол.
Дегенмен, Украина ЕО келіссөзіне
қол қоюға дайын екендіктерін мәлімдесе де, Арбузов мырза оның қашан жүзеге
асатындығын ашып айтпады.
Кличко чемпиондық титулдан неге бас тартты?
«Удар» партиясының
жетекшісі, боксер Виталий Кличко дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) бойынша
құрметті чемпионы атанды. Ол осы бойынша рингке қайта шыға алады екен.
Алайда, Кличко саясат үшін әлем чемпионы титулынан бас
тартатындығын мәлім етті. «Бұл жетістігіме қуанамын, әрине. Бірақ тап қазіргі
кезде бұл саясаттан маңызды емес. Себебі, халық маған арқа сүйеуде. Спортта
інім Владимир жетістікке жетіп жатыр. Соның өзі үлкен қуаныш. Ал ол менің
саясаттағы бағытымды қолдауға дайын», – деді ол.
Саясат сахнасына нық
қадам басқан Кличко мен басқа да оппозиция өкілдері Украина үкіметін отставкаға
жіберу туралы талапты қайта қойды. «Батькивщина» партиясының жетекшісі Арсения
Яценюк бұл жолы үкіметті босатуға қол қоятындардың саны артатындығына сенімді.
Ол үшін кемінде 226 дауыс керек екен. Ал заң бойынша, үкімет басшысы Н.Азаровты
отставкаға жіберу шешімі келесі жылдың көктемдегі сессиясында жүзеге асуы
мүмкін.
Айта кету керек,
украиндық ақпарат құралдары Януковичтің үкіметті 90 пайызға жаңартатындығын
жарыса жазуда. Аймақтар партиясының депутаты Анна Германның айтуынша, ЕО
келісіміне қол қою кезінде министрлердің алдын ала қауіпті айтпауы президенттің
ашуын туғызған. Қазіргі кезде отставкаға кетушілердің қатарында Экономикалық
даму және сауда министрі Игорь Прасолов, Сыртқы істер министрі Леонид Кожар
және Өнеркәсіптік саясат министрі Михаил Короленконың аты аталуда. Шын мәнінде,
Янукович бұл іске қазірден кіріскені көрініп тұр. 16 желтоқсан күні ол Киев
қаласындағы Печерск аудандық мемлекеттік әкімшілігінің басшысы Сергей Сущенко
мен қатар 23 аудандық мемлекеттік әкімшілік басшылары қызмет орнын босатты.
Киев алаңдарындағы 200
мыңдаған халық Украинаның әнұранын үзбей шырқауда. Оларға қолдау көрсеткен
Еуроодақ өкілдері мен АҚШ сенаторлары Януковичпен кездесіп, өз миссиясын
атқарып қайтты. Алайда, Еуромайданның қашанға дейін жалғасатыны беймәлім. Бір
белгілісі, бұл майдан мәселені біржақты етуге деген талпынысты күшейте түспек.
Динара Мыңжасарқызы