АРҒЫМАҚ ЖЫЛЫ, АРМАНҒА ЖЕТКІЗ!

АРҒЫМАҚ ЖЫЛЫ, АРМАНҒА ЖЕТКІЗ!

АРҒЫМАҚ  ЖЫЛЫ,  АРМАНҒА ЖЕТКІЗ!
ашық дереккөзі
245

Қаз дауысты Қазыбек бише айт­сақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елі­міз, өз күш-қажырымызды әлемге байқатқан елміз, еңбе­гі­мізбен қара қазанымызды қай­натқан елміз, өркендерімізді өнерге баулып сайратқан елміз, ауыл мен қаламызды гүлдендіріп жайнатқан елміз. Көтеріңкі көңіл күймен қимай қоштасып, Жылан жылын тарих қойнауына шығарып салғалы тұрмыз. Рахмет саған, Жылан жылы! Өткен жылға өкпеміз жоқ. Ескі жылға есеміз кеткен жоқ. Мерекеміз көп болды, берекеміз мол болды. Ел адамдарының еңбегі жанып, еңсесі  биіктей түсті. Ешкім маңдайымыздан шертпеді, ел көші өркениет көкжиегіне қарай беттеді, еткен еңбек, төккен тер зая кетпеді.

Бірлігі жарасқан елміз, биікке таласқан елміз, ұлы мұрат жолында асқар биіктерден ары асқан елміз, жақсылармен жанасқан елміз, ұлт мүддесімен санасқан елміз. Біз осындай  Алла Тағаланың назары түскен егемен елміз, басына бақ қонған байтақ Қазақстан деген елміз!

Жылан жылының ең басты жаңалығы мен жетістігі мынау болды: 300 мыңнан астам халқы, 183 елді мекені, 123 білім ошағы, 200-ден астам балабақшасы, 7 колледж, 1 театры бар Мақтаарал ауданы – әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша республика бойынша аты озып алға шықты. Ілияс ақынның бір шумақ өлеңінің бетін  бұрып: «Телегей шалқып теңіздей қуаныштың шегі жоқ. Ардақталған өзіңдей, елімізде аудан тегі жоқ» дегің келеді.  Тәубе! Алда алар асуларымыз, асар биіктеріміз көп  болғай! Тәуелсіздік күнін тойладық, ауданның құрылғанына 85 жыл толғанын еңбек жетістіктерімен атап өттік. Елімізде бірінші болып Алпамыс батырға арналған ақындардың жыр мүшәйрасын өткіздік. Сол мүшәйрада бас жүлдені жеңіп алған Махамбет Сапармұратов:

Ассалаумағалайкум, 

Батыр бабам!

Күндей ыстық көрінген 

атың маған.

Қош келіпсің 

төріне Жетісайдың,

Қуанышқа кенеліп жатыр далам, – деп жырлады. Бүкіл қазаққа ортақ батырдың руын асқақтатып, бабалар ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі етті. Мұның бәрін Жылан жылы сыйға тартқан, қоржынымызға түскен қомақты олжа деп білеміз.

Санаулы күндерден соң сахнадан Жылан жылы түсіп, қыр астынан құлағын қайшылап Жылқы жылы келеді Қазақты жылқыдан бөліп қарауға болмайды. Арғымақ ат – қазақтың қос қанаты. Бұны айтып отырған себебіміз, алдағы арғымақ жылы қазақты арманына жеткізетініне еш шүбәсіз сенеміз. Жаңа  жылға айтар тілегіміз көп.

Арғымақ жылы, арманға жеткіз!

Асау өмір арнасында Тәуелсіздік тұғыры биіктей берсін. Қазақ елінің жетістіктерін дос-дұшпанымыз тамсанып көрсін. Жетілгендерлі демеп, кетілгендерге көмек  берейік. Бір аспан астында тыныштық орнасын, ұрыс, жанжал, кикілжің болмасын. Мырзашөл дихандарының кетпеніне батпан құйрық байлық ілінсін. Әрбір жанұя бақыттан басы айналып, қуанышпен кеуде керсін. Алла Тағала Қазақ еліне береке мен бірлік берсін! Ата-баба салты қанымызда жүрсін, барлық жақсылық атаулы жанымызда тұрсын. Бесік тербеткен аналарымыздың алақанына гүл бітсін, жігерлі жастарымыздың жүрегіне жыр бітсін, қырмызы гүлдей  құлпырған қыздарымыздың маңдайына нұр бітсін.

Барша отандастар, Жаңа Жыл құтты болсын! Арғымақ жылы, арманға жеткіз!

Бауыржан ОҢҒАРБАЕВ,

«Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президеті

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы    

Серіктес жаңалықтары