АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН
ашық дереккөзі

1. Дүппаәмір Әлиевтің әңгімесі

Бұл әңгімені «Ордабасы-Сарбаз» ЖШС-тің бас директоры Дүппаәмір Әлиев ағам айтқан еді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары. Шымкент облысының Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданында қызметтемін. Орталығы Шаян ауылы. Кеңес өкіметінің дәуірі жүріп тұрған кез. Қоңыр күздің түскеніне де біраз болған. Ара-тұра мінез көрсетіп қоятын Арыстанды-Қарабастың тентек желі демесең, табиғат реңі бұзыла қоймаған шақ. Бүгін де күн шуағын шашып, жер әлемге мейірімін төгіп тұр. Әдеттегідей түс әлетінде ескі медресе жанындағы шайханаға бардым. Сақалдары омырауларын жапқан ақсақалдар кеседегі күрең қызыл шәйді шайқап ішіп, әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Біразының жүздері таныс. Сәлем беріп, дастарқан шетіне жайғасып, әңгімелеріне құлақ түрдім. Олар алма-кезек күзгі жиын-терін, малдың жай-күйінен сөз өрбітуде. Даяшы қос бүйірі дөңкиген үлкен шәйнекті әкеп, босағанын алып кетті. Әңгіме үзіліп барып, қайта жалғасты.

Дастарқанның бір жақ шетіндегі қоңқақ мұрынды шал төрде шөккен нардай болып отырған қаба сақал Ыдырыс қартқа басын бұрып, тамағын кенеді. 

Ыдеке, патша ағзамның тұсында сіз бен біз ес біліп қалған боз бала едік. Есіңізде ме, мына Тасқұдықтағы сіргелінің қою мұртты қарақшысы болып еді ғой. Ана бір жылы соны Одамандағы бұлақ басында бір саудагер таяққа жығып кетіпті деп ел іші дүрлігіп кетіп еді. Сол әңгіменің жай-жапсарынан не білгеніңіз бар? 

Ыдырыс бұрын осы өңірге әйгілі аңшы болған жан. Жасы сексеннің сеңгіріне шыққан соң ғана ата кәсібінен қол үзген. Қазір оны балалары мен немерелері жалғастырып жатқан жайы бар. Ақсақал байыппен сөйлейтін жан. Әңгімені ойланып барып, жүйелеп айтады. Тек тыңдай бер. Ақсақал әдеттегідей іле жауап беруге асыққан жоқ. Алдындағы кеседен буы қылаңытап көтерілген күрең қызыл шайды асықпай екі-үш ұрттап, кепкен аңқасын жібітіп алды. Кең етек шапанының жан қалтасынан орамалын алып, жіпсіген маңдайын сүртті.

Ескі заманда тіршілік басқаша еді ғой. Созақтың саудагерлері түйелеріне тері мен жүн артқан тең-тең жүктерін осы Шаянның үстімен Шымкент пен Тәшкенге қарай кірелеп тартатын. Сол шәһарларда әлгілерін матаға, киім-кешекке, шәй, қантқа, алтын, күміске айырбастап қайтатын, – деп бір қайырды да кесеге қолын созды. – Әлгі сен сұрап отырған қарақшының шын аты есімде жоқ. Жұрт оны Байтан деп атап кеткен. 

Тағы бір әңгіменің ұшығы осылай басталды.

 – Шіліңгір шілденің күні болса керек. Сол Байтан ұлы сәскеде осы Шаянның шайханасында отырса, тізбектелген төрт-бес түйесіне тең-тең жүк артқан бір саудагер келген. Саудагер қою қасты, иегінде шөкімдей сақалы бар апайтөс, келбетті жан екен. Мұндағылар бұрын-соңды көрген, кездескен адам емес. Түйелерін шөгеріп, күрең қасқа атының шылбырын бағанға байлап, кең етек шапанын шешіп, шайханадан шай ішеді. Күйіс қайырған түйелер үстіндегі жүктерге көз қиығын тастаған Байтан: «Әп бәрекелді, бұйыртса мына дүниелердің бір бөлігі менікі болар. Берсе қолынан, бермесе жолынан», – деп жұтынып қояды. 

Күн төбеден ауа саудагер түйелерін тұрғызып, Қаратауды бетке алған. Екі-үш белден асты-ау деген кезде Байтан да Қаракердің үстіне қарғып мінеді. Саудагер Қаратаудың бергі бетіндегі Одаман бұлаққа жақындап қалған екен. Бөркін қабағына дейін баса киіп, жан қалтасынан қара орамалын алып, әдеттегідей аузы мен мұрнын тұмшалап байлайды. Әудем жер қалған шақта, Қаракерге қамшы басып, қайқы шоқпарды көтере ұстап, қиқулап ұмтылған. Мұндайда қиқуды естіген саудагер арындаған қарақшыдан сескеніп, аттан түсіп, бетегеден биік, жусаннан аласа күйге түседі екен. Соққыға жығылмайын деп, қалтасынан оны-мұны алтын-күмісін, не құнды тауарынан қалағанын беріп құтылып жүріпті. Ал мына саудагер артына бір қарайды да қыр көрсеткендей міз бақпай жүре берді. Бұл Байтанның шамына тисе керек. Ашуға булығып, сойылымен жон арқадан ұрып жыққаннан басқа амалы қалмайды. Қабаттаса беріп, сойылын құлаштай сілтей бергенде, анау жалт бұрылып, оқыс қимылмен қолынан шап беріп, соғуға мұршасын келтірмей өзіне жұлқи тартып, ат үстінен жұлып алады да, алдына өңгере салған. Бөркі жерге ұшып түсіп, салбыраған қолында бауынан ілінген шоқпары салақтап бара жатқаны. Саудагердің бура санды тақымы соншалық күшті болар ма. Мойнына артып жіберіп, қысып қалғанда тынысы тарылған. Одаман бұлаққа жеткенде Байтанды көкпардың тартылған серкесіндей жерге сылқ еткізіп тастай салады. Байтан жан шақырып, ес жиям дегенше, етбеттей жатқызып, қыл шылбырмен қол-аяғын тас қылып байлаған. Бұлқынып еді қыл шылбыр қолын қиярдай жанына қатты батты. Қимылдауға шамасы жоқ. Сау­дагер жүк үстіндегі қаптан үлкен қарбыз алады да, бұлақ суына батырып қояды. 

Бұл ары өткен, бері өткен сау­да­гер­лердің бірауық демалатын жері. Бұлақтан таяқ тастамдай берірек қой басындай тастарды бір-біріне түйістіріп, жасаған ошақ бар. Саудагерде үн жоқ. Қоржынынан шәугімін шығарып, бұлақтан су алып, ошаққа қояды да тізеден биік өскен жусанның біразын жұлып әкеп, маздатып от жаққан. Жалақтаған қызыл жалыннан су әп-сәтте бұрқылдап қайнайды. Шәугімге уысын толтырып, көк шай салып, Байтанды желкесінен жымқыра ұстап, жұлқи көтереді де жүрелетіп отырғызады. Бетіндегі қара орамалын жұлып алып, отқа тастай салды. 

– Әй, қарақшы, қазір мен са­ған қонағымдай қызмет етейін, – дейді миығынан мырс етіп. – Мына шілденің аптабы қаныңды кеп­тіріп те жіберген болар. Саған шай ішкізіп, таңдайыңды жібітейін. – Ол қайнаған шайды кәрлен (сапар) кесенің ернеуіне дейін толтырып, аузына апарғанда қорланғаннан қанын ішіне тартып, сазарған Байтан басын кекжитіп, тартынып қалады. Сол-ақ екен анау куәлдай жуан жұдырығымен көк желкеден қойып жібергенде, маңдайымен жер сүзе құлаған. Қайта жүрелей отырғызып:

– Іш!.. Ішпесең желкеңді үземін, – дейді кәрін төгіп. 

Қарсыласуға қауқар қайда. Оның үстіне қол-аяғы байлаулы. Айтқанына көнуден басқа амалы қалмайды. Шай бір ұрттағаннан-ақ аузын күйдіріп, өңешін қарып түскен. Енді ішпей қойса анау басын шалқайтып, аузына кесені төңкере салары хақ. Тағы да ұрттайды. Саудагердің төзімі тау­сылып, зірк ете қалады.

– Сораптамай тез іш! Менің жолға шығуым керек, – деп желкесінен тағы да түйіп жіберген. Бұйрық қатты, жан тәтті. Көзін жұмып, ыстық шайды үстін-үстін ұрттайды. Маңдайынан бұрқ еткен ащы тер шаң басқан өңін айғыздап, төмен қарай сорғалаған. Ішіп болған бойда саудагер кесемен бұлақтан толтырып су әкелді. 

– Енді мынаны іш, шөлің тез қанады. 

Саудагер кекесінмен тіл қатқан.

Батыр бұлақтың суы тастай суық екенін біледі. Ішпейін десе анау жуан жұдырығымен желкеден тағы ұрғалы тұр. Амал жоқ кеседегі суды бір деммен тартып жіберді. Суық тас төбесіне бір-ақ шыққан. Күректей аппақ тістері жарылып кетердей зар қақсап, көзі қарауытып, басы зеңіп барады. Саудагер кесеге буы бұрқыраған шәйді тағы да толтырып құяды да ыржиып:

– Іш, – дейді. Мысқыл аралас жуан үнінде табалаған кекесін бар.

Ыстық шай тістерін қақсатады. 

– Іш, бәрін таусып іш, – дейді кіжініп.

Саудагер босаған кесені жерге қойып, бұлақта тұрған қарбызды алып келеді.

Енді мына қарбыздан жесең, қарның да тояды. – Ол жалпақ кісе белдігіндегі қыннан жүзі қылпыған қайқы пышаған шығарып, бүйірінен сұғып жібергенде, тырсиған қарбыз парт етіп жарылып, қақ бөлінеді. Ішінен қызылын опыра ойып алып:

Сен бүгін менің қадірлі қона­ғымсың ғой, – деп тағы да миығынан мырс етті. – Мен саған мынаны асатайын. Қане, аузыңды аш. – Қарсыласып береке таппасын білген ол айтқанына тағы көнді. Аузын кере ашқанда анау тығып жіберді. Мұз да ондай суық болмас, сірә. Тісі тағы да зар қақсайды. Шекесін жарып жіберердей суық бірден маңдайына тепкені. Екі шекесі солқылдап зіл тартқан.

Саудагер жорта масаттанып:

– Тәшкеннің қарбызының дәмін байқадың ба?! – Тістерін ақситып, кең даланы жаңғыртып, оспалап қарқ-қарқ күлсін-ай бір. – Шекер ғой, шекер! Мұндай дәмі тіл үйірген қарбызды жеген де арманда, жемеген де арманда.– Ол қарбыздың екінші бөлігінің қақ ортасынан қызылын жұдырықтай етіп ойып алып. – Қане, қонақ, мынаны тағы бір рет асап жібер, – дейді. Аузына кептеліп қалған қарбыз қызылын жұдырығымен қойып жібереді. Қос ұрты керіле бүйірлеп, екі езуінен шырын суы сорғалап, зордан шайнап, тұншығып барып әзер дегенде жұтады. Саудагер оның пүшәйман түрін табалағандай тұла бойы селкілдеп, тағы да күлсін-әй бір. Артынша өңін күрт өзгертіп, көк желкесінен қойып жібергенде, Байтан жерге кескен томардай жалп еткен. Қысқа қонышты етігімен өңменінен теуіп, шалқасынан жатқызды.

– Әй, қарақшы, сен туралы­ ес­тігенмін. Осы жерден ары өткен, бері өткен саудагерлерге күн бермейді екенсің. Олардың табан еті, маңдай терімен тапқандарын мына Одаман бұлақтың басында тартып алып, оңай олжаға әбден құнығыпсың. Әуселеңді көрейін деп, кеше Тәшкеннен өзім әдейі шыққан едім. Сенің назарыңа ілікпекші болып, жолай Шаянның шайханасына да бұрылғаным сол. – Иегімен шөккен түйелер үстіндегі жүкті меңзеп. – Сол қарақшы екеніңді бағана мына жүктерге арбалып қалған көздеріңнен байқадым. Қу дүние сендей қарақшыны жайына қаратып отырғыза ма. Соңымнан келетініңді де сездім. Енді міне, Одаман бұлақта екеуміз ғана. Қазір сені анау Қаратаудың құзынан итеріп жіберсем, жаның жаһаннамға бір-ақ кетті дей бер. Бірақ ол саған жеңіл жаза болар еді. Мына оңай табысты олжалап, жеген аузыңа енді быламықтан басқа ас болмас. Қызыл етті түсіңде ғана көресің. Содан кейін қолыңа сойыл ұстап көр. Саған лайықты жаза сол болар, – дейді. Байлауда болат тұяқтарымен жер тарпып, оқтын-оқтын оқыранып тұрған Қаракерге көзін салып: 

Жануардың тұрқы бөлек екен-ә! – дейді қызыға қарап. – Атыңнан айырмай-ақ қояйын. Бірақ мына құранды ерің енді менікі. – Байтанды жайдақ Қаракердің үстіне көлденең артты да, шылбырымен тартпалықтан мықтап шандып байлайды. Басын күнгей беттегі Шаянға қарай бұрады.

 – Ал жануар, иеңді үйіне жеткіз. – деп сауырын қамшымен осып жібереді.

Арада бір ай өтер-өтпестен Байтанның аузындағы қызыл иек еттері босап, тістері бірінен соң бірі саудырлап түсе бастаған. Көп ұзамай ауыз толтырып асап ет жеуден мүлдем қалады. Қарулы жігітке быламық ас па тәйірі. Ай өткен сайын азып, жыл өткенде әруаққа айналғандай тері мен сүйегі ғана қалған. 

Бір күні ауласында отырса ат­шабар бала келіп, биік дуалдан басын қылтитып: «Мырзағұл көкем әкесі жатқан бейіт басына Самарқаннан алып келген көк тасын тұрғызғалы жатыр. Түсте ас беріп, дұға бағыштамақшы. Соған сізді шақырады», – деп дауыстайды. 

Қалыңдығы жуан тақтайдай көк тас кісі бойымен шамалас екен. Күмбездей сүйірленген бас жағында жаңа туған Ай таңбасы бар. Бел ортасына араб қарпімен сөз жазылған. Бейіт басына жиналғандар жерді тізеден қазып, көк тасты тұрғызады. Сәлде киген молда дұға оқиды. Қорымнан алыстай бере Мырзағұл екі-үш қадам алда келе жатқан Байтанды кідіртіп: 

– Құрдас, жасанды тіс салдыр­ма­саң түрің жан шошырлықтай екен, – дейді жанашыр үнмен.

– Мырзағұл, жасанды тіс дегенің қандай тіс? – Жүзіне таңырқай қарайды.

– Самарқанның шеберлері үнді пілінің ақ сүйектерінен жонып жасайды екен. Осы барғанымда өз көзіммен көріп келдім. Кәдуілгі тістен айнымайды. 

Байтан сол күннен бастап, жолға дайындалады. Қаракерді он күн бо-йына жемдеп, қоңдандырып алады да, жиған-тергенінің біразын төрт тақта орамалға түйіп, қоржынға салып, аттанып кетеді. Сол кеткеннен мол кеткен. 

Әйелі Бәтима мен балалары жол бойына қарай-қарай күн артынан күн өткізіп, сағыныштан сарылады. Жайдарлы жаз да, қоңыр салқын күз де, борандатқан қыс та, жауындатқан көктем де өтіп, жайраңдап жаз да қайта келген. Күдік күшейіп, үміт үзілер шақта көз ұшындағы сағым ойнаған бұлыңғыр белден бұлыңдаған қара көрінеді. Жақындаған сайын сұлба анықтала түскен. Аттылы кісі екен. Әудем жер қалғанда әлгіден көзін қолымен көлегейлеп тұрған Бәтима:

– Мынау біздің Байтан ғой!.. Бала­­ларым-ау, әкең келе жатыр!.. – деп қуаныштан жүрегі жарыла жаздап, дауыстап жібереді. Лезде көзінен моншақтап төгілген жасын самал жел желпіген ақ желек орамалының ұшымен сүртеді. «Көкеміз келе жатыр!» – деп үш бала аттылы кісіге қарай жарыса жүгіреді. Байтан аттан түсіп, балаларын құшағына алып, мауқын басқан. Үлкеніне Қарагерді жетектетіп, кішісін көтеріп алып, ортаншысының қолынан ұстап келеді. Олар жеткенше үй маңына көрші-қолаң да жиналып қалады. Бәтима солардан именіп:

– Зарықтырып жеттің-ау әйтеуір, – дейді құмыққан үнмен сыбырлай сөйлеп. Жақын тұрған біреу естіп қалды ма деп, қуыстанғаннан өңі лезде қызара бөртсе керек. Сағыныш табы меңдеген жанарымен сүзіле қарайды. Байтан езу тартқан. Тізілген маржандай аппақ тістері күн сәулесіне шағылысып, жарқ ете қалады. Нар тұлғасын айтсайшы. Баяғы балуан бітіміне қайта келіпті.

– Сендерден, мына ел-жұрттан артық кім бар маған, Бәтимаш-ау?! – дейді ол. 

Байтан баласын жұмсап, өріс­тен мал алдырып, құрбандық шалады. Жұрт тарқаған кезде оңаша қал­ған Мырзағұл:

– Құрдас, бітімің бұрынғы қал­пына келгенін көріп, қуанып отырмын. Бірақ жан-дүниеңде өзгеріс бар секілді, – деп Байтанның жүзіне сыр тарта қарайды.

Ол бірден тіл қатпайды. Күн қақты қоңырқай өңі сұрғылттанып, кең маңдайындағы әжімдері жиырылып, аз-кем отырады да:

– Ер азаматқа қарақшылық кә­сіп емес екен. Самарқандағы ғұ­лама мол­далар Шариғаттың ұрлық-қар­­лықты құптамайтынын, харамнан тапқан мал арам екенін құ­лағыма әбден құйды. Оңай олжадан шыққан мүйізім қайсы? Бір жыл елден жырақта жүрдім. Енді маңдай теріммен мал таппасам болмас деп отырмын, – деді жабырқау үнмен. 

Шайханада бағанадан әңгімеге елітіп отырған ақсақалдардың бірі киіп кетті:

– Әп, бәрекелді! «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ». Байтанды тағдыры жөнге салған екен де.

Ыдекең шайынан ұрттап, маң­дайына шып-шып шыққан терін орамалымен сүртіп, үзілген әң­гі­месін қайта жалғады.

Арада бес жыл өткен соң, Тасқұдықтағы ағайындарға ат ізін салдым. Бір түнді өткізіп, ертеңіне Ерден жиенім екеуміз Шаянға бет бұрдық. Қара жолдың қос қапталындағы өріс малға толыпты. Сол жақтағының қарасы қалыңдау екен. 

– Ерден, мынау кімнің малы? – деп қамшыммен сол жақты меңзедім. 

Ол жалт қарап:

– Е-е, бұл Байтан байдікі ғой. Анау соңында жүрген кенже ұлы. Өзі бір малсақ. Ал мынау, – деп оң жақ қапталды қолымен көрсетті. – Осы ауылдағы жалпыныкі. 

Мен әрі таңданып, әрі сүй­сін­дім. 

«Мал баққанға бітеді» деген осы екен ғой. 

Бәрінен де Байтанның үй маңын­дағы бақшасын айтсаңызшы. Өрік, алма, жүзімі самсап тұр. Теңкиген қауын-қарбызы тағы бар. Көрсең көзің тоймайды. Ана бір жылы Самарқанға барып, алмалы-салмалы тіс салдырып келген жоқ па. Сонда бір жыл жүріп, бағбандық кәсіпті де үйренген екен. Күн ұзаққа қолынан кетпені түспейді. Осы ауылға алажаздай көкөніс жегізіп отырған сол, – деді Ерден тамсанып.         

– Па, шіркін!.. – дедім мен де еріксіз тамсанып. – Біз де ди­қан­шылықты Байтаннан үйренсек, қанекей! 

Ыдекең қауға сақалын саумалай сипап, бірауық үнсіз отырды да:

– Патша өкіметі құлап, Кеңес өкіметі билігін жүргізді. Бай манаптарды тәркілеу басталған кезде Байтан басқалар сияқты өзбек пен түркімен ағайындарға қарай көше ауып, жан сауғалаған жоқ. Бар малын өз еркімен өкіметке өткізген. Содан кейін қудалауға түспеді. Ұжымдық шаруашылыққа белсене араласып, бағбандықты кәсіп етті. Еңбегі еленіп, құрметке де бөленген. Елуінші жылдың бел ортасында сексеннен асқан шағында өмірден озды. Қалың ел ақиреттік сапарға ақ жуып арулап аттандырды, – деп әңгімесін аяқтады.

Дүппаәмір: 

– Бұл әңгімені Шаянның көне­көз қариялары бертінге дейін айтып келді. Қазір олардың да көзі жоқ. Байтан да ұмыт бола бастағаны қашан. Мен мұны бүгінгі ұрпақ тәлім алу үшін қажет болып қалар деген оймен айттым. Қала берді олар бұрын ел ішінде осындай жан болғанын, өткенін білуі керек қой, – деді. 

 2. МАҚСҰТ

Сарыағашта Мақсұтты білмейтін жан кемде-кем. Сау жүретін күні болсайшы, шіркіннің. Мас адамның сөзі қайбір түзу болсын. Екі сөзінің бірі боқтық. Таңның атысы, күннің батысы орталық азық-түлік дүкенін айналшықтап жүргені. Жанынан өткен жүргіншіге шап береді. Ал сосын құтылып көр. Қашан дүкеннен жартылық алып бергенше, «шешеден…» қайырады да тұрады. Сотқар жігіттер қарадай жүріп шешесін боқтатып қойсын ба, жерге жығып алып, жуан жұдырықтарымен көк ала қойдай етіп, сабап та кеткен. Тіптен милицияға шағымданғандар да аз болған жоқ. Әрі десе он бес күннен соң дүкеннің қасында теңселіп, өткен-кеткендерді аңдып тұрғаны. Сырын білетіндер «бәледен машайық қашып құтылыпты» дегендей сонадайдан айналып өтеді. Ал білмейтіндер тұтылып жатады. 

Мақсұт бүгін де мас. Көзі қып-қызыл. Қабарып кеткен бет-жүзі көнектей болып іскен. Үстінде қолтығы жыртық көнетоз кәстөм. Дүкенге кіріп бара жатқан жас жігітті қолынан ұстай алды. 

– Кімнің баласысың?

– Жарқынның.

– Атың кім?

– Жанат.

– Маған дүкеннен бір жарты алып бер.

– Көке, жартылыққа ақшам жоқ. Тек нан аламын да, ауылға қайтамын.

– Өй, шешең… – Жұдырығын түйіп. – Аласың ба, жоқ па?.. Әлде мұрныңды бет қылайын ба?

– Көке, шын айтамын. Сізге арақ алып беретін ақшам жоқ.

– Өй, шешең… Маған жоқ деген сөзді айтпа… Тап! – Көйлегінің жағасынан ұстап тартып қалғанда, дар-р-р етіп жыртылды.

Мақсұт боқтаған сайын Жанаттың дүкенге кіріп-шығып жатқандардан ұялып, жаны қысылды. Ұрып жығайын десе жасы үлкен адам. Ал өткіншілердің бірі де Мақсұтқа мұның қалай деп тіс жарсайшы. Елемеген жандай жанынан өтіп жатыр. Ақыры болмаған соң шалбарының қалтасынан барын шығарып, әзер дегенде құтылды. Сол күннен бастап ол да дүкен алдында әлдекімдерді ұстап, боқтап тұрған Мақсұтты көрсе айналып өтетін болды. Бірақ оған деген іштегі қыжылы басылмай-ақ қойғаны. 

Жанат бір күні аялдамадан Мақсұтты көріп қалды. Бұл жолы сау екен. Үстінде сары түсті су жаңа жейде. Жанындағы өзі құралпы кісімен сөйлесіп тұр. Оның: «Шымкентке бара жатырмын. Нағашымның ұлы үйленіпті. Үйдегі қатын құтты болсын айтып кел деп құлағымның құрт етін жей берген соң кетіп барамын», – деген сөзін есітіп қалды. Жанат: «Келер кезек, терме тезек. Мен саған енді боқтағанды, жұрттың жолын ұстап, зәрезап еткенді көрсетейін» – деп, жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне кірді де, ащы судан жүз грамды тартып алып, қатты мас адамдай қисалаңдап, Мақсұттың жанына барып, жағасына жармасты. Тілін күрмей сөйледі.

– Сен кімсің?

– Мақсұт деген көкеңмін.

– Қай Мақсұт? Өліп қалған Мақсұт па? 

– Өліп қалғаның қалай?.. Мен тірі Мақсұтпын.

– Өй, шешең… Сен кімді алдап тұрсың? Шыныңды айтпасаң мұрныңды бет қыламын. – Жұлқи тартып қалғанда жейдесінің түймелері түгел үзіліп түсті. 

– Мына найсап қайтеді-ей?! – Жейдесінің етектерін шалбарына қайта салды.

– Жейдең түгілі қазір шыныңды айтпасаң, шал­ба­рыңды да қақ айырып, бар абыройыңды айрандай төгемін. – Екінші қолымен белдігінен ұстап, өзіне қарай тартып қалды. – Қане, шыныңды айт! Кімсің сен?

– Мақсұтпын дедім ғой.

– Өй, шешең… Өліп қалған Мақсұтты айтпа дедім ғой мен саған.

Жұрт жиналып қалған. Мақсұт соларға қарап:

– Ау, ағайындар, мынаған менің Мақсұт екенімді айтыңдаршы, – деді жалынышты үнмен. Топ ішінен бір жігіт:

– Көке, ішіп алып, шешемізді боқтап, берекемізді алатыныңды ұмытып қалдың ба. Енді міне, өзіңнен де зор шықты, – деп мырс-мырс күліп жатты.

Автобус келіп, жұрт орындарына жайғасып жатыр. Мақсұт пұшайман күй кешіп:

– Шырағым, мені жолымнан қалдырма. Қолымда жол ақысын төлеген билетім бар.

 – Сен маған шыныңды айтпай ешқайда кетпейсің. Кімсің?

– Айттым ғой Мақсұтпын, – деп автобусқа мінбекші болып жұлқынып еді Жанаттың қарулы қолынан босана алмады. 

– Сен мені алдап тұрсың. 

Автобус орнынан жылжып жүре берді. Мақсұт күйіп кетті. Жанат тілін күрмеп:

– Жүр, дүкеннен жартылық ал, – деп сүйрей жөнелді.

Мақсұт бір бөтелке сатып алып еді Жанат:

– Бұл аз, кешке дейін ішуге жетпейді. Тағы екеуін сатып ал, – деді зекіп сөйлеп.

– Басқа ақшам жоқ.

– Өй, шешең… Маған жоқ деген сөзді айтпа. Тап!

Ол қос қалтасының ішін айналдырып көрсетті.

– Міне, көк тиын да жоқ. Енді Шымкентке де бара алмаймын. Үйдегі қатын да гөй-гөйдің астына алып, жанымды жейтін болды-ау.

Жанат сонда ғана сенгендей кейіп танытып, қолын босатты.

Сол күннен бастап, сарыағаштықтар Мақсұтты дүкен маңынан көрмейтін болды. Арақты да мүлдем қойған. Бір мекеменің күзетшісі. 

Жұрт көпке дейін Жанатқа:

– Апырай, милиция жөнге сала алмаған Мақсұтты тәубасына сен келтірдің-ау, – деп ризашылықтарын білдіріп жүрді. 

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ