«ЕВРЕЙЛЕР АҚША ТӨЛЕСІН!»

«ЕВРЕЙЛЕР АҚША ТӨЛЕСІН!»

«ЕВРЕЙЛЕР АҚША ТӨЛЕСІН!»
ашық дереккөзі
211

Литвалықтардың кейбірі Израильге өкпелі. Ол өкпенің
астарында қаражатқа қатысты дау жатыр. Жуырда Литва парламентінің Бюджет және қаржы
комитетінің төрағасы, социал-демократ Бронюс Брадаускас: «Екінші дүниежүзілік
соғыста еврейлерді аман алып қалған литвалықтарға зейнетақыны Литва емес,
Израиль төлеуі тиіс» деген мәлімдеме жасады.

Әлемдік БАҚ-тың біріне берген сұхбатында: «Израиль үкіметіне
өтініш айтайық, зейнетақыны солар төлесін. Бірақ еврейлер төлегісі жоқ!
Керісінше, Литвадан не алуға болады деп аңдып отыр!», – деп ашуланған
Брадаускасты қолдаушылар жетерлік. Әсіресе, шенеунік басқаратын комитет мүшелері
Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде өмірлерін қатерге тіге отырып, еврейлерді
радикалдық бағыттағы ұлтшылдардың қармағынан аман алып қалған 150 литвалыққа
мемлекеттік зейнетақы төлеу туралы ұсынысты түгел қолдаған жоқ.

Бірнеше жыл бойы үнсіз келген сол азаматтар соңғы кездері
өздеріне айрықша көңіл бөліп, қаржылық тұрғыда мемлекеттің қолдауына зәрулігін
білдіруде аса белсенді. Осыған ашуланған Брадаскаус: «Қанша уақыттан бері ләммим
демеген. Енді келіп ақша керек дейді!. Мемлекет есебінен іске асырылмау керек
ондай шаралар. Бастарын қатерге тіккен екен, басқа жолдарды қарастырмай ма?! Мәселен,
Израильге өтініш айтыңдар, қандай да бір жәрдемақыны Израиль төлесін!», – деді.

«Мемлекет қазынасынан шығатын әр тиын ысырап болмауы
тиіс» деген ұстанымдағы Брадаскаус КСРО кезінде ата-аналары жер аударылғандықтан,
Сібірде туған литвалықтарға да мемлекет тарапынан қомақты көлемде жәрдемақы төленіп
отырғанын қолдамайтынын жеткізді: «Сібірде туғаны үшін де жәрдемақы алу деген –
ақылға сыймайтын іс! Ешқандай қысым көрген жоқ, сонда да ақша алады үкіметтен!».

Әлбетте, Брадаскаусты жақтамайтындар да бар. Мысалы,
Социал-демократиялық партияның төрағасы әрі премьер-министр Альгирдас
Буткявичус: «Бұл дұрыс емес, мен қолдамаймын!», – деп оның сөзіне наразылық
танытты. Тарихқа жүгінсек, соғыс жылдарында Литвадағы еврейлердің 95 пайызының
көзі жойылған. Олардың басым бөлігі ұлтшылдар билік басына келмей тұрғанда-ақ
ажал құшыпты. Бүгінде еврейлердің өлтіргені үшін бірде бір адам жазаға
кесілмеген. Есесіне, КСРО кезінде литвалықтарды Сібірге жер аудару шарасына қатысқан
бұрынғы кеңес әскерлерін жаппай соттап жатыр. 

Серіктес жаңалықтары