БАТЫЛ ХАННЫҢ (БАТУ) ҰЛЫ ЖОРЫҒЫ

БАТЫЛ ХАННЫҢ (БАТУ) ҰЛЫ ЖОРЫҒЫ

БАТЫЛ ХАННЫҢ  (БАТУ) ҰЛЫ ЖОРЫҒЫ
ашық дереккөзі

Батыл хан (Бату) 1235-36 жылдары Шыңғыс ханның тағына отырған Үгедейдің бұйрығымен, Батысқа жорықты бастауды нақты қолға алған еді. Кезіндегі Жолшының ұлы (Жошы) Батыл Алакөлдің бойындағы қонысына өзінің бүкіл Дешті Қыпшақ жеріндегі әскерін жинауды (қазіргі қазақ даласы) және Шағатай ұлысының да қалың сарбаздарын (Шағатай жасы үлкен болса да, шапшаңдығы мен межеге алған мақсатын түпкілікті орындамайынша тынбайтын іскерлігінен және оның қатал ызғарынан іштей сескенетін) осы араға шақырып, тізе қосуға жаушыларын жіберді. Бір айға жетер-жетпес уақытта ұшы-қиыры жоқ мол әскер Барқытбел тауы мен Алакөл жағалауына жақын жатқан Іле Алатауының шеткі сілемдерінің аралығына лық толды. Миллионға таяу қалың сарбаз осы арада сап түзеп, жойқын соғысқа дайындалып, көп ұзамай жорыққа аттанды. Бұл ұлы жорыққа бұрынғы Шыңғыс хан империясының туын көтерген найман, керей, жалайыр, қоңырат, қият, уақ, суан, басқа да көптеген тайпалармен қатар сол кездегі қазақ жеріндегі үйсін, сары үйсін, арғын, дулат, қаңлы тайпаларының сарбаздары түгелімен тартылды. Батыл хан өз қасына әрі кеңесшісі және өзінен кейінгі қолбасшы етіп, Шыңғыс ханның бұрынғы әскер басы Сүбедей батырды ертіп алды. Соғысты жүргізудің бүкіл әдістері мен тәсілдерін бес саусақтай білетін ұлы батыр (кейбір деректерде тыва, қайсыбір мәліметте қоңырат тайпасынан шыққан, әлі тын.

Әскердің молдығы соншалық, салмағынан қара жер қайысқандай, құлақ тұндырған дыбысы алты қырдың астынан естілетін еді. 

Содан Батыл хан бастаған қыпшақтың қалың әскері Сарыарқаны басып өтіп, Жайық пен Еділдің екі аралығын бір демде жаулап алды.

Бұлғария (қазіргі татарлар) ешқандай қауқар көрсете алмай аяқ астына тапталып қалды. Жалпы, Үгедей ханның құлаққағыс етуімен, кезінде Шыңғыс ханның әкесіне у беріп өлтірген, Алтайдың арғы бетінен бері ауған тата (кейде татар делінеді) тайпасын жазықтылар ретінде соғыс басталар тұста ылғи алдыңғы шепке шығарып отырды. Шегінгендерін сол сәтте садақпен атып тастайтын.

Батыл хан Сүбедей батырмен үнемі соғыс бастар алдында кеңесіп отыратын болған. Еділ мен Жайықтың аралығын толық жайлап алған соң, хан өзіне Сүбедейді шақыртады. Сол кездегі қыпшақ (қазіргі қазақ) әскерлерінің аса молдығы Руське бірнеше бағытта соғыс жүргізуге жететін еді. Батылдың (Бату) қол астына сол тұста орыс княздіктері мен Кавказ, Қырымның әлі кіре қоймаған кезі. Хан бұларды мүмкіндігінше көпке созбай тез жаулап алуды жоспарлаған болатын. Осыны ескерген Батыл хан Сүбедейден: «Русь пен Кавказды бір бағытта таптап, талқандап өтуге бола ма, әлде екі бағыт ашып, орақтай иіліп ортаға алып соғыс жүргізгеніміз жөн бе?» – деп сұрады.

Бұлғар қаласында (қазіргі Қазан қаласы) аялдап жатқан бұлар дүрк көтеріліп, 1237 жылы күзде екі бағытпен жорыққа аттанды. Мөңкенің әскерін Кавказ жақтан жіберіп, өзі (Батыл хан) орыс князьдіктеріне ойда жоқта басып кірді.

Бірінші соққыдан кейін-ақ Пронск, Рязань, Владимир, Коломна қалаларының күл талқаны шықты. Батыл енді Мәскеуге бет бұрды. Бұл 1238 жыл болатын. 

Бас князь Владимир Всеволодович орыс князьдіктерінің бірінен соң бірі беріліп жатқанын естіп, қашып кетті. Қыпшақ әскерлері тек қалаларды ғана емес , бүкіл жолында кездескен елді мекендерді тып-типыл еткен еді. Ресейді үрей жайлап алған болатын. «Торғай болып ұшып кетпесең, аман қалуың екі талай» деген мәтел сөз ел арасында тарап кетті. Мәскеудің бекінісі қанша мықты болғанымен, айналасына ор қазып, су жүргізіп қойғанына қарамай және әскерлері жан аямай соғысса да, даланың болаттан берік сарбаздарына қарсы тұра алмады.

Ақыры Мәскеу да алынды. Сонымен қатар Коломна, Торжок, Козельск,Тверь қалалары да берілді. Бұл кезде Мөңке Солтүстік Кавказ бен Қырымды аттарының тұяғымен таптап, кездескен жауларына дес бермей, жайпап өткен уақыт болатын. 

Батылдың алдындағы ендігі мықты бекініс Новгород еді. Бұл қалаға бар болғаны 150-200 шақырым жер қалған-ды. Жылнамашылардың айтуынша, көктем айы болғандықтан, айнала көл-көсір болып еріп, сарбаздардың әрі ат-арбалардың жүруіне көп қиындық келтірді. Сондай-ақ, азық-түлік аза­й­­ып, әскердің біраз бөлігі ауыра бастаған.Түмен басшыларымен кеңес құрған Ұлы хан көктемнің қары мен суығы кеткенше далаға бет бұрып, демала тұрғанды жөн көрді.

 Бірақ, мыңдай садақшыны бөліп алып, қаланың түбіне жақындатып, отты жебелермен Новгородты өртеп жіберуді Қалқан түменге мықтап тапсырды. Тапсырма толықтай орындалды. Қамалды бұзбағанмен, қала іші тұтастай өртеніп кетті. Оттың жалыны мен будақтаған түтін алыстан көрініп тұрды. 

Демалып, біраз сергіген қалың әскер кезінде Сайын хан, деп Шыңғыс ханның өзі атақ берген Батылдың бастауымен енді оңтүстік славян қалаларын: Переяславльді, Угличті, Черниговты, Владимир-Суздаль, Смоленскіні көп қиындықсыз жаулап алды. 

Алда тек орыстың орталығы саналатын Киев қана қалған болатын. Батыл (Бату) мен Русьтің солтүстігін бағындырып келген Мөңкенің әскерлері қосылып, Киевті басып алуға дайындала бастады.

Әскердің алдында жарқырап Киев тұрды. 1240 жылдың күзінде, қатқақ жермен Батыл мен Мөңкенің қалың әскері Киевтің түбіне келіп жетті. Батыл хан сұлу Киевті ешқандай соғыссыз алғысы келіп еді және мұны Мөңкеге ескерткен болатын. Бірақ, Киев тұрғындары қаланы өз еркімен бергісі келмеді.

Батылдың негізгі күштері қаланы қоршауға алғанда, бойын үрей билеген Киев билеушісі Михайл Всеволодович Мажарстанға қашып кетті. Басшысыз қалған қала қорғаушыларының көрсеткен қатты қарсылығына Батыл ыза болып, әрі таң қалған еді. Дегенмен, қала қорғаны қанша күшті болғанмен үш айдың ішінде қалалардың қаласы атанған Киев ойран болды. Ыза кернеген хан қаланы тұтастай өртеп жіберді. Сонымен қатар, әскерінің біраз күнге демалуына рұқсат берді. Сүбедей мен өзге әскер басшыларын жинап алып, өзінің жорықтың алдында берген тапсырмасының қалай орындалып жатқанын сұрастырып тексерді. Сүбедей батыр ұлы жорық басталар алдында Батыл ханға Шыңғыс хан бабасының мына бір әдіс-тәсілін айтқан болатын. «Шыңғыс бабаң жүз мыңға толар-толмас әскерімен мұхиттай керіліп жатқан Қытайды шапқанда, соғыс басталар алдында бүкіл түмен басшыларын шақырып алып: «Сендер сарбаздарыңның ол жақта қытайдың әйелін алуына қарсы болмаңдар, сарбаздар күндіз соғысады, түнде солармен болсын. Соғыста шығынсыз болмайды және біз бірнеше айға кетіп бара жатқан жоқпыз. Мен біраз қыпшақтың қыз-келіншектерінің жасағын құрып, бірге алып бара жатырмын. Біз қытай әйелдерінен туған балаларды солардың қолына тапсыратын боламыз. Олар әлгі балаларды елге әкеліп, әрбір үйге бір-екі баладан беріп отырады. Өгей балалар біздің ұл-қыздарымызбен біте қайнасып өсіп, біраз жылдардан соң опат болған сарбаздардың орнын толтырады. Туған баласын бергісі келмеген қытайдың әйелдерінің баласын тартып алып, өздерін шауып тастап отырыңдар. Сонда ғана біз бір уыс құмдай халқымызды жоғалтып алмай толықтырып, сақтап қаламыз. Осыны естеріңде мықтап ұстаңдар», – деп жарлық берген еді.

Батыл хан да бүкіл әскер басыларын жинап алып, әрбір сарбазға осы ескертуді мықтап айтқан еді. 

Соғыс басталғаннан бері орыс жерінің мың-мыңдаған қыз-келіншектері сарбаздардың уақытша әйелі болып шыға келді. Кейбір көнбегендерін шауып тастағанда, қалғандары жым болды. Бір-екі жылдың ішінде тек орыстың ғана емес, сондай-ақ, Еуропаның жарты бөлігінің әйелдері туған балалар алыстағы далаға жөнелтілді. 

Бұдан соң Батыл хан Галич-Волын жеріне аяқ басты. Мұнда алты қала бар болатын. Бірақ мұндағылар ханның аяғына жығылып, айтқандарын түгелдей орындады. Сондықтан, ешқандай қақтығыс болмады. Сонымен, бүкіл Русь Батыл мен қыпшақ әскерінің алдында тізелерін бүгіп, бас иді. 

Қыс айының соңына таман кәрі құрлыққа жорық басталды. Әуелі Польша мен Силезия жерін басып алды. Поляктар мен немістердің біріккен күшін, темір сауытты рыцарларын түрлі айламен тасталқан етті. 1241 жылдың көктемінде Еуропаның елдері бірінен соң бірі құлай бастады. 1242 жылдың қараша айында батыл ханның түмендері Словения мен Хорватияны жаулап алып, Загребке ат басын тіреді. Қыпшақ әскерлері Еуропаның біраз қалаларын бағындырып, Венаға жетіп, оны да алады. Сербия, Болгария жеріне келгенде, арттан жаушы келіп, Үгедей ханның қайтыс болғанын жеткізеді. Бұған қарамай бұл елдерді де тізе бүктірді. Осыдан кейін, еріксіз ат басын кері бұруға тура келді. Басып алған жерлерінің бәріне өз адамдарын басшылыққа бекітіп, алым-салық жинап тұруға жарлық берді. 

Қанды жорықтан соң, 1243 жылы бұлар жазиралы кең өлке, суы жалпақ, тіршілікке өте қолайлы Еділдің бойына келіп тоқтайды. Осы арада өзінің құрған империясын Алтын орда деп атап, бүкіл басып алған жерлерін, мемлекеттерін, қалаларын Алтын ордаға бағындырады. Осы арадан қала салдырып, билік жүргізуді қолға алды. 

 Еділдің жағасына келіп, ақ боз атын суғарып болған соң, аттың алдыңғы аяғын көтеріп, тұяқтарының қаншама жер жүрсе де кемірілмегеніне қайран қалды. Ұстаны шақыртады. 

 – Мына ай тұяқты көрдің ғой, кемірілмеген. Мен әдейі жорық алдында таға қақтырмаған едім. Арғымақтың тұяғы қанша жерге дейін шыдайтынын білгім келген. Осы ай тұяқққа ұқсатып, Қағанаттың мөрін жасайсың, ұқтың ба, – деп бұйырады. 

Сонымен, қыпшақ-қазақтардың ай тұяқты мөрі бар екінші империясы (Шыңғыс ханнан кейінгі) осылай дүниеге келген болатын.

Бейсенғазы Ұлықбек, 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі