МОЙЫМА, МАҚПАЛ!
МОЙЫМА, МАҚПАЛ!
Қай дәуірде де елдің атын айбарлы ұлдарымен қатар жайдары қыздары да шығарып отырған. Сонау ықылым замандардан бері осылай болып келеді. Тұмар, Бопай, Ұлбике, Майра, Мәншүк, Әлия, Хиуаз, Жамал, Күләш, Шара, Роза, Бибігүл… Осылай жалғаса береді. Соңғы кездері өкімет орындары өнер адамдарының кейбіреулеріне қырын қарай бастағандай. Оның бір мысалы қазақтың ерке қызы, әсем әнімен, мақпал үнімен даламызды тербетіп жүрген Мақпал Жүнісованың телеарналардан көрінбей кетуі және концертінің радиодан берілмей отырғаны. Не болғанын Мақпалдың өзі де түсінбейді. Телеарналар жоғарыдан нұсқау бар дейтін көрінеді. Сонда қалай, билік басындағылар басқа шаруаның бәрін тап-тұйнақтай тындырып тастап, енді өнермен айналыса бастағаны ма? Анау әнді айтуға болады, мынау әнді болмайды деген сөз бе бұл? Олай болса, сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ қаптап кеткен айқайшыларды неге көрмейді? Оларға неге тыйым салмайды? Шетелдік тайраңбайларға еліктеп, сахнаға жартылай жалаңаш шығатын қыз-келіншектер мен шашын жалбыратып, қалай болса солай киініп, көрерменді сыйлаудан қалған жігіт-желеңдерге неге қой демейміз? Не ойы жоқ, не бойы жоқ, не даусы жоқ, не алып бара жатқан таланты жоқтар неге сахнаға шығады?!
Ал халықтың сүйіктісіне айналып кеткен ұл-қыздарымызға неге қырын қараймыз? Әлде бұл олардың талантын көре алмаған қызғаныштан туған күншілдік пе? Бір мысал. Биылғы тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концертке белгілі әншілер Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Жұбаныш Жексенұлы, Саят Медеуов, Құдайберген Бекішевтер неге қатыстырылмады? Бұлар эстрада сахнасының сәні емес пе? Олардың орнына аты-жөндері жұртшылыққа әлі таныла қоймаған әншілер мен көп адам қатысқан хор және бишілер өнер көрсетті. Рас, жастар өсуі керек, үлкен сахнаға шығулары қажет. Бұған ешкімнің дауы да, қарсылығы да жоқ. Тек әр нәрсе өз орнымен, уақытында болғаны жақсы ғой. Әйтпесе фонограммамен бір-екі ән салған соң «жұлдыз» болып шыға келіп жатқандар қаншама?! Осының бәрі баяғыдағыдай көркемдік кеңестің жоқтығынан. Сол кеңестің талқысынан өтер болса, бүгінгі әншілердің көбі сахнаға шықпақ түгілі оның маңына да жолай алмас еді. Атақты бұлбұл көмей әншіміз Бибігүл Төлегенованың сөзімен айтар болсақ, қазір аспандағы жұлдыздардан жердегі жұлдыздар көп сияқты көрінеді. Айтса айтқандай, десе дегендей «Ерінбеген етікші болады» демекші қазір ұялмаған әнші болып жүр.
Оны айтасыз, бүгінде ақшасы барлар тіпті ғарышқа да ұшып жатқан жоқ па?! Оның қасында сахнаға шығу деген не тәйірі! Ақшасын төлесең болды, компьютер сені әнші етіп жібереді. Күні кеше «Хабар» арнасынан көрсетілген халқымыздың аяулы қызы, 24 жасында КСРО халық артисі атанған Күләш Байсейітованың өмірі жайлы түсірілген көп сериялы фильм аяқталды. Фильмде тума талант, дара дарын иесі Күләштің қандай қиыншылықтарды басынан кешіріп барып атақ-даңққа қол жеткені көрсетілген. Сол сияқты Роза Бағланова да туған елден жырақта жүрсе де бір өзіне ғана тән қайталанбас даусымен топты жарып шыққан жоқ па?! Қатардағы қарапайым жұмысшыдан бастаған Бибігүл Төлегенованың да өнердегі жолы оңай болған жоқ. Өйткені бұлар табиғатынан тума талант болып жаралған жандар. Шіркін, осынау саңлақтар өздерінің өшпес өнер жолдарын тәуелсіздік алған елімізде бастағанда ғой деп армандайтыным да бар кейде!
Сол бір шын өнер жұлдыздары деп ауыз толтырып айтқанымыз жарасатын саңлақтардың ізін басып, көрермендері мен тыңдармандарын өнерімен, әсем даусымен тамсантып, олардың жүректеріне нұр құйып, қуаныш пен шаттық сыйлап жүрген әншілердің бірі Мақпал Жүнісова емес пе еді? Оны табан астында телеарналарға шығармайтындай, бұрынғы концерттерден қиып тастайтындай не бүлдіріп қойыпты ол, кімнің жолын кесіпті?
Мақпалдың ай мен күннің аманында қосағы Заманбектен айрылып қалып, бірер жыл қара жамылып, аза тұтқаны, азапты күндер мен түндерді бастан кешкені аз ба еді? Қайғымен қан жұтып, бұл өмірден түңіліп отырғанда қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының ұлы Бақытжан мен зайыбы Зейнеп оның үйіне келіп: «Қарағым Мақпал, сен халықтың адамысың, сені қалың көрерменің мен тыңдарманың күтіп отыр деп сахнаға қайта шығарған еді ғой.
Өнер сүйер қалың жұртшылық оны қуана құшақ жая қарсы алғаны белгілі. Сөйтіп жүргенде кенеттен осынау әңгіме пайда болды. Мұның неге бұлай болғанын, қайдан шыққанын, кімнің нұсқауы екенін Мақпалдың өзі де білмейді екен. Өйткені ешкім жарытып ешнәрсе айта қоймайды. Әйтеуір жоғарыдан, бір тылсым күштің тарапынан келген нұсқау бар көрінеді. Бұл не деген жұмбақ? «БАҚ басшылары өздеріне осындай «бұйрық» келіп түскенін айғақтайтын ешқандай құжатты көрсетпейді, ашып айтпайды. Бәрінің айтар жауабы біреу-ақ: «Бұл – жоғары жақтан берілген нұсқау» – дейді Мақпал бір газетке берген сұхбатында. «Әрине, бұл бұйрықты Президент берген жоқ, – дейді Мақпал «Жастар үні» журналына берген сұхбатында (2013 жыл, желтоқсан). – Тәуелсіз мемлекет бола тұра белгісіз бір адамның заңсыз бұйрығын орындап отыр телеарналар».
Сонда қалай, біздің өкімет басқа шаруаның бәрін тындырып тастап, енді өнер адамдарының шаруасына кіріскені ме? Онда жетіскен екенбіз! Біздің қолымыздан келері – Мақпалға басу айту, әділеттің әйтеуір бір күні орнайтынына сендіру.
«Халқымнан айналайын еркелеткен» дейтін Роза Бағланова болса өмірден өтіп кетті. Енді «қиғаш қас, қолаң шаш, қазақтың ерке қызы» Мақпалды халқымыздың еркелете алмайтын болғаны ма?!
Ғазизбек ТӘШІМБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның құрметті журналисі