СОНДА... 758 МЛН. ТЕҢГЕНІ КІМ ҚЫМҚЫРДЫ?

СОНДА... 758 МЛН. ТЕҢГЕНІ КІМ ҚЫМҚЫРДЫ?

СОНДА... 758 МЛН. ТЕҢГЕНІ  КІМ ҚЫМҚЫРДЫ?
ашық дереккөзі
236

2009 жылы өткен ұлттық санақ елдің есінде ұзақ сақталатын сияқты. Тіпті сол кезде санаққа да, санатқа да ілінбеген кейбір елді мекен жұрты бұған еш күмәнданбайды. Ұлттық санаққа бөлінген бюджеттің 758 млн. теңгесін жымқырды деген айыппен Статистика агенттігінің бұрынғы төрағасы Анар Мешімбаеваның екі орынбасары мен «Киік» фирмасының жетекшісі Серік Тұржанов тиісті жазасын алып, сотталған болатын. 

Ал талай жыл сыртта қашып жүріп, былтыр ғана ұсталған экс-төрағаға қатысты сот процесі жаңа жылдан кейін қайта жалғасты. Бұдан бұрынғы отырысқа Мешімбаеваның басты сыбайластарының бірі, 6 жылға сотталған Нұрман Баянов Ақмола облысындағы абақтыдан жеткізілді. 2010 жылы ұсталған оған ұлттық санақ кезінде жеті теңгелік санақ парақшаларын он жеті теңгеге қолдан қымбаттатып, мемлекет ақшасын қымқырды деген айып тағылған-ды. Алайда, Баянов өз сөзінде экс-төрайымды ақтап, мемлекеттік сатып алу кезінде ешкімнің қысым жасамағанын айтумен болды. Ал, «Нұрман Баяновтың айтқандары шындыққа сәйкес келе ме?» деген сұраққа айыпталушы Мешімбаева: «Бұл кісі зиялы, білімді адам. Не дегенін дәл қазір өздеріңіз де естідіңіздер ғой…» деп жылы емеурін танытты. 

Баяновтың пікірін А.Мешім­бае­ва­ның қорғаушысы Ботагөз Бейсем­бае­ва да мақұлдады. «Көп мысал келтіруге болады. Сол Қаржы по­ли­циясының өзі, Бас прокуратура да А4 форматындағы қағазды жоғары бағамен сатып алады. Бюллетеннің түр-түсін көрдіңіздер ғой, барлықтарыңыз куә болған шығарсыздар», – деп кезінде дауға қалған санақ парақшасына кеткен ақшаның мән-жайын түсіндіре кетті. Дегенмен, айыпталушы тараптың бұл уәжімен сот процесі тоқтап қалмақ емес. 

Дүйсенбі күні сот отырысына келесі бір маңызды куәгер – «Киік» фирмасының жетекшісі Серік Тұржанов келді. 9 жылға сотталған Тұржанов та Мешімбаеваның бас­ты сыбайласы ретінде жауапқа тартылғаны есте. Қарағандыдағы абақтыдан арнайы жеткізілген ол тергеу кезінде: «Тергеушілер басыма қап кигізіп, аяусыз соққыға жықты. Қоқан-лоққы көрсетті. Мешімбаеваға қарсы шығу үшін буындырды. Сөйтіп қылмысты мойныма ілді», – дей келе, өзін абақтыдан босатуды талап етті. 5 жылдан бері Қарағанды облысындағы Долинка түрмесінде жазасын өтеп жатқан Тұржанов 2008 жылы тендерді ұтып алып, ұлттық санаққа қажетті бланктерді әзірлеумен айналысқан. Сөйтіп, айыпталушы Мешімбаева мен оның екі орынбасары Баянов пен Меңдібаевпен сыбайласып, бюджеттің 758 млн. теңгесін қолды қылған. Бұл қаржы Тұржанов басшылық ететін баспахананың шотына аударылғаннан кейін қымқырылған делінген. Алайда, Тұржанов өзіне тағылған айыптың бірімен де келіспейді. Сөзіне сенсек, ол сол кездегі Премьер-министрдің кеңесшісі қызметін атқарып жүрген әрі Мешімбаеваның екі орынбасарын да танымаған. Бұл екеуімен тек абақтыда ғана көзбе-көз танысып, біліскен көрінеді. Ал тергеу материалдарында кәсіпкер Статистика агенттігінің бұрынғы басшыларымен үнемі телефон арқылы сөйлесіп отырған деп жазылыпты. Тіпті, Тұржанов агенттіктің экс-төрағасы Мешімбаевамен Премьер-министрдің кеңесшісі ретінде ғана сөйлескенін айтқанмен, Мешімбаева «Тұржановпен мүлдем бірауыз тілдескен емеспін» деп жауап берді. 

Сонымен, куәгердің екеуі де Мешімбаеваны сүттен ақ, судан таза адам ретінде бағалады. Ол ол ма, мүмкіндікті уысынан шығарғысы келмеген Тұржанов өзіне тағылған айып­ты мойындамайтындығын, істі қайта қарау керектігін зілді үнмен жеткізді. Абақтының киімін киген екі сыбайластың да жүні жығылғаны көрініп тұр. Олар: «Ең бастысы он жылда бір өтетін ұлттық санақты уақытында абыроймен өткердік. Арым таза, кез келген адамның көзіне тіке қараймын», – деді еш қымсынбастан. Сот алдында түсініктеме берген екі куәгер де айып­талушы Мешімбаеваны да, өздерін де мейлінше ақтап алуға тырысты. Алайда, олар шындықты бүкпесіз айтты ма, жоқ па, ол жағы да белгісіз. Қызығы сол, ұлттық санаққа бөлінген 758 млн. теңгенің ұшығын Баянов та, Тұржанов та, тіпті қашқында жүріп ұсталып, сотқа тартылған Мешімбаева да көрмедік десе, сонда кінәлі кім? 

P.S. Кеше куәгерлердің келмей қалуына байланысты Мешімбаеваға қатысты кезекті сот отырысы кейінге шегерілді. Сот барысында ұзын саны 42 куәгер тыңдалуы тиіс. Енді жиырма шақтысы қалған. Бұдан былай шақыртуды елемеген куәгерлер сот залына мәжбүрлі түрде жеткізілмек. 

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары