ТҮРКІСТАНҒА КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ КЕЛГЕНІ РАС
ТҮРКІСТАНҒА КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ КЕЛГЕНІ РАС
2013 жылдың 20 желтоқсанында Елбасының қатысуымен өткен Жалпыұлттық телекөпір барысында Түркістан қаласына табиғи газ беретін жеткізуші газ құбыры ресми түрде іске қосылған болатын. Сондай мақалалардың бірі – «Оңтүстік Рабат» газетіне жарияланған еді. Басылымдағы тілші мақаласында: «Түркістандықтардың сол күнгі қуанышы тәулікке де созылмапты. Қазір мұндағы үйлердің бірде-бірінде газ жоқ. Жақында ғана Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде түркістандықтар көгілдір отынды пайдалануға салтанатты түрде рұқсат алып, құбырдан от лаулатқан сәт бәріміздің жадымызда. Бұл не? Тағы да «шымкенттік вариант» па, әлде, жауапты мамандар тұрғындарға жағдайды дұрыс түсіндірмеген бе?» деп берілген еді.
Тілші зерттеуіне сүйенсек, «көгілдір отын келді» деп қуанған тұрғындардың қуанышы бір күннен әріге аспаған. Шын мәнінде, көгілдір отын неге жетпеді? Көгілдір отынның келмеуінің сыры неде? Бұған жауапты адамдар кім? Сансыз сауал көңілімізде қалып қойған. Сансыз сауалға жауапты «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басшылығы беріп отыр.
«Түркістан қаласына жеткізуші газ құбырын салу жобасын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүзеге асырды. Жоғарғы қысымды газ құбырының ұзындығы 22 шақырымды құрайды. Құбырға газ 2013 жылдың қыркүйегінде іске қосылған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан берілуде. Сонымен қатар, инвестициялық жоба шеңберінде өткізу қабілеті сағатына 100 мың текше метрді құрайтын автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) мен 2 газреттеу пункті салынды»,– дейді.
Аталмыш компанияның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, «бұл жоба «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан Түркістан қаласына дейін жеткізуші газ құбырын салуға бағытталған. Былтырғы жылдың 18 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында қол қойылған Меморандумға сәйкес облыс әкімдігі бюджет қаражаты немесе инвестор тарту арқылы қалаішілік газ тарату желілерін салуға міндеттеме алған болатын. Түркістан қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша бүгінгі күні ішкі таратушы газ құбырларын жүргізу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді және бұл жұмыстар бірнеше кезеңмен іске асырылмақшы.
Желтоқсандағы телекөпір барысында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры мен Түркістан қаласына көгілдір отын беретін жеткізуші газ құбырының жұмыс қабілеттілігін көрсету мақсатымен салтанатты түрде алау жағылып, блокты газ пункті (БГП-1) маңында орналасқан бес тұрғын үйге алғашқы газ берілген болатын. Аталған абоненттердің үйлерінде жеңілдік шартымен қауіпсіздік автоматикасы бар газбен жылыту жабдықтары, тұрмыстық газ есептегіш құралдар орнатылды. Тұрғындарға өндірістік газ есептеу құралдарын дәлдеу бойынша технологиялық процедураларды іске асыру және газбен қамтамасыз ету қызметін көрсету келісімшартын жасасқанға дейін газдан ажыратылатындықтары туралы алдын ала ескертілген болатын. Бүгінгі күні ішкі газ желілерін жүргізу құжаттамаларын заңдастыру, рәсімдеу және тиісті жергілікті өкілетті органдар келісімін алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған қоса Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу агенттігі сатылатын газ бағасын анықтап, тарифті бекіту шараларын жүргізуде. Осы аталған шаралар атқарылған соң абоненттерге газ беру қайта жалғасатын болады», – дейді.
Гүлзина БЕКТАС