ҚАУЫМҒА ОЙ САЛҒАН МӘУЛІТ
ҚАУЫМҒА ОЙ САЛҒАН МӘУЛІТ
Жақында «Таугүл-3» мешітінің Бас имамы Орынбасар Дәуренбековтің бастамасымен мешіт ұжымы ұлағатты дастарқан жайып, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітін өткізді. Ұлағатты дастарқан деп отырғанымыз, ас мәзірі – ардақты Расулуллаһтың (с.ғ.с.) таңдап ішкен дәм-тұзын қамтуға тырысқан. Оның ішінде қасиетті зәм-зәм су, балдай тәтті құрма, қазақтың еттен кейінгі орында тұтынатын аппақ сүті бар.
Мәуліт кешін осы мешіттің наиб-имамы Ермек Көкірекбаев жүргізді. Мәуліт қасидасы мен арнайы салауатын кәсіби маман, қари Мұхаммад Айюб нақышына келтіріп оқыды. Көпшілік те Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жамағатпен салауат айту бақытына ие болды.
Сонымен қатар Алла Тағаланың мақтаулы құлы, ақырзаман Пайғамбары, бәріміздің Шапағатшымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) өмірінен әзірленген слайд көрсетілді. ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің қызметкері Сансызбай Құрбанұлының уағызы – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен сыр шертті. Жастар дуф арқылы ансарлықтардың әнін орындады.
Әдеттегідей қашанда да ізденіс үстінде жүретін мешіттің бас имамы Орынбасар Дәуренбеков бағалы сыйлық әзірлеп, сұрақ-жауап ойынын ұйымдастырған екен.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден өткенде, «Уа, Алла! Расулаллаһ бұл дүниеден өткен болса, менің көзімді көр қыл! Мен Пайғамбардан (с.ғ.с.) басқа ешкімді көргім келмейді» дегенде, дұғасы қабыл болып, қос жанары көрмей қалған сахабаның аты кім? Және оның Пайғамбарға (с.ғ.с.) шексіз сүйіспеншілігіне орай түскен аят – қайсы аят? Бұл сауалға жауап беруге көпшілік кәдімгідей тосылып қалды. Қысқасы, Орынбасар жиналған жұртқа үлкен ой салды. Ардақты Елші Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар өмірін жетік білу үшін көп насихат, оқу керек екендігін түсінді ел. Сұрақтың жартылай жауабын айтқан қари Смағұлов Құрметке Орынбасардың кәде-сыйы бұйырды.
Мінекей, мәулітті атап өту тек қана тойлау емес, ойлануға түрткі болатын үлкен мүмкіндік десек, артық айтқандық емес.
Мәуліттен – мәулітке иманымыз, біліміміз артып жете берейік!
Күлпара ЖҰМАҒАЛИ