Украина: Николай Азаров отставкаға кетті
Украина: Николай Азаров отставкаға кетті
Тығырыққа тірелген Украина
билігінің басқа амалы қалмады. Президент Янукович өткенде ғана оппозиция
жетекшілеріне ұсыныс тастап, биліктен орын беруге келіскен болатын. Ал бұған еш
алаңдамаған премьер Азаров өзін сақ ұстаған еді. Ал бүгін Украина
премьер-министрі Николай Азаровтың отставкаға кеткендігі мәлім болды.
Ол бұл шешімге елдегі жағдайды
реттеуге байланысты барғанын айтады. «Мемлекеттеті кикілжіңге ұласқан жағдай
Украинаның экономикалық және әлеуметтік дамуына салқынын тигізді. Бұл Украина
қоғамы мен әрбір азаматына қауіп-қатер төндіруі мүмкін еді», – деп атап өтті өз
сөзінде. Сондай-ақ, ол: «Үкімет қақтығыстарды мейлінше реттеуге күш салып,
халықты бейбіт шешімге шақыруға тырысты. Біз елде қанның төгілгеніне, азаматтардың
құқығының бұзылуына жол бермейміз. Мемлекет қандай қиын жағдайда болсын
әлеуметтік топты қорғау жүйесін қамтамасыз етеді. Сондықтан да өзім
президенттен өтініп, премьерлік қызметтен босатып, отставкаға жіберуін
сұрадым», – деді.
Бүгінгі таңда ең бастысы
Украинаның бірлігі мен тұтастығын сақтауға басымдық беру керектігіне екпін
түсірген бұрынғы премьер-министр «Бұл жеке бастың жоспары мен амбициясынан да
жоғары нәрсе» деген баға берді.
Естеріңізде болса, Президент
Янукович «Батькивщина» партиясының жетекшісі Арсений Яценюкке премьердің, ал
«Удар» партиясының жетекшісі Виталий Кличкоға гуманитарлық мәселелер жөніндегі
вице-премьердің орнын ұсынған еді. Алайда, Яценюк мырза қазіргі үкімет тұрған
кезде премьерлік қызметтен бас тартатындығын мәлімдеген болатын.
Динара Дүрмән