ЕМ ІЗДЕП ЖАНҰШЫРҒАНДАР

ЕМ ІЗДЕП ЖАНҰШЫРҒАНДАР

ЕМ ІЗДЕП ЖАНҰШЫРҒАНДАР
ашық дереккөзі
378

Ауруың жаныңа батса, ең алдымен дәрігерге жүгіресің.
Сырқатыңа шипа іздейсің. Жаныңның саулығын ойлайсың. Дәрігерлер халықтың
денсаулығын ойлап, гиппократ антына адалдық танытып жүр  ме? Адал болса, медицина саласында болып
жатқан сан түрлі оқиғалар ненің куәсі? «Бес саусақ бірдей емес» әрине, дегенмен
 медицина саласында орын алып жатқан
түрлі олқылықтың орнын толтыратын мезгіл жетті.

Бұл мәселелердің дені Премьер-министр Серік Ахметовтің
жетекшілігімен өткен Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінде сөз
болды. Халық медицина қызметкерлері тарапынан болатын  дөрекіліктер туралы жиі шағымданады екен. Ол
шағымдардың дені Премьер-министрдің блогына келіп түседі.

«Медицина қызметкерлерінің кәсібилігі тұрғысында
кемшіліктер бар. Блогтар мен келіп түсетін хаттарда бұл мәселе көтеріліп
жатады. Өкінішке қарай, кейбір облыстық, қалалық ауруханаларда барлығы жақсы
емес. Ем-дом жасаудың төмен сапасына, ауруханаларда қажетті дәрі-дәрмектің
болмауына, медицина қызметкерлері тарапынан болатын дөрекілікке жиі
шағымданады», – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, Үкімет басшысының тағы бір тоқталған мәселесі
– тегін ұсынылатын медициналық қызметтерге ақы алу фактілері бар екендігі.
Мұның барлығы министрлікке қарасты қадағалау бойынша комитет жұмысының
тиянақсыз бақылауын байқататынын қадап айтты.

Премьер-министр өз сөзінде: «Егер қатаң әрі нақты
қадағалау болмаса, біз бұл мәселені тыңғылықты қарастырамыз. Денсаулық сақтау
министрлігі мен жергілікті атқару органдарына сапалы медициналық қызмет пен
қадағалауды және мониторингті қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды
қабылдауды тапсырамын», – деді.

Алқа мәжілісінде айтылған мәселелердің бірі алдағы уақытта
еліміздегі медициналық мекемелердің басшылары мен олардың орынбасарларының
аттестациядан өткізілуі.

Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова ханымның  айтуына қарағанда, елімізде барлық жағдай
жасалғанына қарамастан, медициналық мекемелердің бірінші басшылары менеджменті
меңгермеген, олардың әлсіздігінен медицина қызметкерлерін ынталандыру жағы
нашар. Сол себепті де халық медициналық қызметке қанағаттанбай отыр дегенді
алға тартады министр ханым. Премьер-министрге министрдің айтқан ұсынысының бірі
аттестация мәселесі болса, екінші бір мәселе, дәрігерлердің баспанамен
қамтамасыз етілмеуі. Салидат Қайырбекованың айтуынша, өткен жылы қабылданған
шаралардың арқасында жұмысқа орналасқан медицина мамандарының саны 2721 адамға
жеткен. Дегенмен жергілікті жерлерде жас маманға жағдай жасалмайынша, оң
нәтижеге қол жеткізу өте қиын. Мәселен, Ақмола облысында өткен жылы дәрігерлерге
49 пәтер бөлінсе, Алматы мен Астанада мүлдем баспана берілмеген. Ал Атырау мен
Жамбыл облыстарында тек бір ғана пәтерден бұйырған. Ал Ақмола, Алматы, Қызылорда,
Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және қарағанды облыстарында ғана
баспана сатып алуға несие қарастырылған.

«Бұл мәселелер шешілмейінше, кадрлардың жетіспеушілігі
арта түседі және бұл ретте біздердің бірлескен күш-жігеріміз қажет», – дейді
министр.

Тағы бір қуантарлық жайт, елімізде халықтың табиғи өсімі
4,6 пайызға ұлғайған. Сонымен бірге, республикамызда бала туу санының
көбейгені, тиісінше, өлім-жітімнің азайғаны айқындалды. Осының арқасында
еліміздегі азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асып отыр. Соңғы бес жылда
ана өлімі үш есеге, бала өлімі 1,5 пайыға азайғанын жеткізді министрлік.
Отандық мамандарымыз операцияның аса қиын түрлерін де оаңай еңсеріп жүр.
Мәселен, былтырғы жылдың өзінде 60 мың кардиохирургиялық операция жасалыпты.
Бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда, 11 мыңға артқан. Ашық жүрекке жасалған
операция он мыңнан асып жығылатын көрінеді. Демек, елімізде жүрек ауруларымен
тіркелетін аурулар саны көбейген деген сөз.

Дегенмен, қазақ медицинасы қарқын алып, қарыштап дамып
кетті деп айта алмаймыз. Қазақ медицинасының олқы тұстары жетерлік. Ауылдық
жерлерде кадр мәселесінің жетіспеушілігі де осының дәлелі. Осындай
кемшіліктерді ескере келе алқа мәжілісіне қатысқан Үкімет басшысы Серік Ахметов
сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ең алдымен, елімізде туберкулез
індетіне тосқауыл қою керек деді. Екіншіден, еліміздің әр өңірінде
кардиохирургиялық орталықтар құру қажет. Ол үшін кадр мәселесін түбегейлі
шешуіміз керек. Сан түрлі орталықтар ашқанымызбен, сан түрлі аппараттар алып
келгенімізбен, онымен жұмыс істейтін кадрлар болмаса, бұл мәселенің шешімі
болар ма  екен. Мәселе осында! 

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары