Күрзі жұдырықты Головкин
Күрзі жұдырықты Головкин
Жұмыр жерді жұдырығына жүгіндірген, Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин орта салмақта WBA тұжырымы бойынша чемпиондық атағын 10-мәрте, IBO тұжырымы бойынша чемпиондық атағын 7-мәрте қорғап қалды. Ақпанның бірінен екісіне қараған түні Қарағанды бокс мектебінің түлегі Монте-Карлода Ганалық Осуману Адаманы техникалық нокаутпен жеңді.
Әлемнің әр түкпірінен миллиондаған жанкүйерлер бұл жекпе- жекті асыға күткені мәлім. Cағындырған сәтте жетіп, Моноко шаршы алаңының шаңын қаққан жерлесіміздің өнеріне жанкүйерлер тағы бір мәрте куә болды. Тағатсыздана күткен кездесу бүгінге жоспарлаған жекпе-жектердің 5-сі болып, түн ауа басталды. Алакеуім алаңда қазақтың көк туын желбіреткен көрермендердің қатары да көп көрінді. Арасында олимпиада чемпиондары Серік Сапиев пен Александр Винокуровты да көзіміз шалды.
EXPO-2017 халықаралық көрмесінің жарнамасымен безендірілген шаршы алаңға қазақтың оюлы шапанын жамылып шыққан жерлесімізге жанкүйерлердің ықыласы ерекше болды.
”Musicola” тобының орындауымен шырқалған қазақтың ән ұраны Монте-Карлоны тербетіп тастады бір сәтке. Қоңыраулатқан қоңыр домбыраның әуені мыңдаған жүректердің қылын тербетіп, қос ішектің құдіретіне мүлгітіп тастағандай.
Әне-міне дегенше жекпе-жекте басталды. Көпшілікті ойландырған Осуману Адаманың жекпе-жек алдындағы күпір сөйлеп, көпіргені емес Генаның нешінші раундта құлатады дегені сұрақ болды.
Әдеттегідей жерлесіміз сабырлы да, салмақты бәсекені бастап кетті. Алғашқы екі раундта-ақ қарсыластың әуселесін байқап, қағынған жынын қағып алатын Қарағандының қабыланы бұл жолы да білгенінен жаңылмады.
Алғашқы раундта-ақ шаршы алаңға шошаңдап шыққан Адаманың аптығын басты. 1-раунд аяқталар сәтте Адаманы жағына тиген жұдырық “жалп” еткізді. Оны тек гонгтың дауысы құтқарып қалды.
Қара маржанның қарымының қандай екенін бағамдады ма? Жерлесіміз тебінін сәл тежегендей болды. 5-раундқа дейін Адамадан сынақ қабылдағандай болған,“әкесі орыс, шешесі кәріс, өзі қазақ” сары ұлымыз одан әрі соза бергісі келмеді. 6-раундта Адаманы тағы бір мәрте есінен тандырды. Үзіліске үлгеріп қалған қара бала жетінші раундқа жетіп жығылды.
“Гена”, “Гена” ,“Қазақстан”, “Қазақстан ” деп, алаңды басына көшірген жанкүйерлердің қолдауынан қанаттанған, “Қазақтың баласының” қуатты соққыларына қауқар көрсете алмаған қара маржан қалбырақтап, құлап қалардың аз-ақ алдында жүрді, дөп тиген бір соққыдан тәлтіректеп кеткен қара баланы төреші арашалап алып, жарысты тоқтатты.
Жеңіске масаттанып, масайрамайтын Геннадий әдетінше жанкүйерлеріне басын иіп құрметін көрсетті. Олимпиада чемпионы Александр Винокуров құттықтап, иығына қазақтың қасиетті көк туын жауып жатты.Осы жекпе-жектен кейін Генамен кездесуден қашқақтап жүрген “қасқалар” одан әрмен шындап ойлары қақ.
Естеріңізге сала кетейік, кәсіпқой риникте бұл жерлесіміздің 29- кездесуіндегі 29-жеңісі және 26-нокауты. Келесі жекпе-жегін жерлесіміз 26-сәуірде Нью-Иоркте өткізеді. Қазірге қарсыласы анықталған жоқ.
Серікбол Насыр.