БОЙ ТІКТЕУДІ КҮТКЕН КӘСІПКЕРЛІК

БОЙ ТІКТЕУДІ КҮТКЕН КӘСІПКЕРЛІК

БОЙ ТІКТЕУДІ  КҮТКЕН КӘСІПКЕРЛІК
ашық дереккөзі
240

Кәсіпкерлікті
қолдау қалай жүргізілу керек? Өз ісіңді бастау немесе отбасы кәсібін
жүргізе қою оңай емес. Әр отбасында кәсіпкерлік дәстүрге айналуы тиіс
екені аталды Елбасы Жолдауында.

Былтыр Шелек қаласында
Агробизнес орталығы ашылған болатын. Мұнда аудан шаруаларына ауылдық
жерлерде бизнес жүргізудің сәтті әдістемелерін үйрету қолға алынды. 2012
жылы ауданның 200 фермері қатысқан 16 шеберлік сабағы мен оқыту
тренингі өткізілді. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарының ынтасын ашып,
қатысушылардың өз бетімен жиналуына түрткі болды. Нәтижесінде 2013 жылы
бағдарлама кеңейтіліп, ауылдық жерлерде бизнесті жүргізу дағдыларын
дамыту жөніндегі оқыту фермерлерге ғана емес, ауданның жұмыссыз
тұрғындары мен жаңа бастаушы кәсіпкерлері де тартылды. Ауыл тұрғындарына
қарапайым, түсінікті тілмен жеткізу мақсатында бизнес жаттықтырушылар
осы ауылдардан таңдалып алынды. Өз кезегінде олар 25-30 адамнан құралған
топ құрып, 10 кентте «жаңа бастаушы кәсіпкерлер мектептері»
ұйымдастырылды. Бизнеске баулитын мектепті 249 тұрғын сәтті тәмамдады.
Осы жылдың маусымында «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті
қауым­дастықтарының қоры» «Идеядан бизнеске дейін» атты үздік жоспарға
бәйге жариялаған еді. Кәсіпкерлер мектебінің курсын бітірген ауыл
тұрғындарынан 84 өтініш түскен. Мұнда жүн өңдеу, жылыжай шаруашылығы,
тігін цехы мен наубайхана, шаштараз ашу сияқты бизнес жоспарлар ұсынған
13 жеңімпаз анықталды. Кәсібін бастауға сертификат алғандардың бірі
Әлияс Көкенов: «Менің қазіргі шаруа қожалығымның атауы – Аян. Ағам
екеуміз шаруашылықты бірігіп жүргіземіз. Шаруашылық Торыайғыр жазығы,
Қарағайлы қыстауында орналасқан. Қой шаруашылығымен бала кезімнен
айналысып келем. Біздің кәсіп энергияға тәуелді, жарық жоқ, қой төлдеген
кезде қадағалау керек. Қазіргі заманға сай қорамызға жарық беретін күн
батареясын орнатсақ деген ойымыз жүзеге асатын болды. Ол шаруашылықты
кеңейтуге, төл басын шығынсыз алуға септігін тигізеді, – дейді. Ал
компьютер клубын ашқан Күләнда Масақ ауылында тұрады. Жолдасы көлік
апатына түсіп, екі жылдан бері жүруден қалған. Екі баланың анасы. Ауыл
балаларының көбі компьютер іздеп, Шелекке келеді. Келіп кеткен жолақысы
бар. Бұл ауыл тұрғындарын біраз шығынға ұшыратады және уақытын
жоғалтады. «Нәпақа табудың соңында әр түрлі жұмыс істеп жүрдім, мектепте
сабақ бердім. Кәсіпкерлер мектебіне жазылып, өз бизнес жоспарымды
өткіздім. Өткен жылы ауламыздан компьютерлік клуб аштық. Міне, бізге
тағы компьютер беріп отыр. Оқушыларға қиын түседі. Бұған дейін көшірме
аппаратын қойып, көшірме жасап жүрдік. Бизнес жоспарды жасағанда пайдасы
көп екенін байқап, сосын ашуға бел будық. Ал кәсіпкерлер мектебінен көп
нәрсені білдік, өз бетімізше ешқашан білмес едік. Соның арқасында
отбасы бюджетін де алдын ала есептейтін болдық», – деді жас кәсіпкер.

Жеңімпаздарға қажетті жабдық­тарды сатып алу мен
ұсынылған бизнес жоспарларды іске қосу үшін «Еңбекшіқазақ ауданының
жергілікті қауымдастығының қоры» қаржылық қолдау көрсетті. 

Дүниежүзінде
экономикасы бай мем­лекеттердің барлығы шағын кәсіп­керлікті жақсы
дамытқан. Қарапайым халық арасында қажетті тетікті тауып, өз кәсібін
бастауға демеу әрқашан керек. Кәсіпкерлерді қолдау шарасына Парламент
Мәжілісі депутаты Нұрлан Жазылбеков қатысты. Ауыл кәсіпкерлеріне
құттықтау айта келген депутатты сұхбатқа тартқан едік. 

– «Кәсіпкерлер мектебі» қор есебінен қаржыландырылады екен. Сонда оқыту жұмыстары қашанға дейін ұласпақ? 


Оқыту жұмыстарының жақсы жүргендігі сондай, Оралдан келіп кәсіпкерлер
мектебінде білім алып кеткендер бар екен. Бұл – мектептің өзін
көрсеткендігінің белгісі. Әр өңірде осындай кәсіпкерлер мектебі ашылса,
нұр үстіне нұр. Тегін оқыту тоқтатылмайды, бірақ жыл сайын грант тарату
жағы әзірге белгісіз. 80 өтініштің 50-і бекітілген бизнес жоспармен
түскен, мұның өзі үлкен көрсеткіш емес пе? Жақында Елбасының Жолдауында
ауылшаруашылығына үлкен мән беріліп отырғанына куә болдық. 

– Шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін басқа қандай шаралар қолданылуда?


Еліміздің экономикасын елу пайызға жеткіземіз деген мақсат қойдық. Бұл
мақсатқа тек шағын кәсіпкерлік қана жеткізеді. Шетел тәжірибесі
көрсеткендей, дағдарыс кезінде шағын кәсіпорындар ғана дағдарысқа бой
алдырмайды екен. Ал ірі кәсіпорындар құрдымға бірден кетеді. Ауылда
біреу азық-түлік дүкенін ашса, бәрі жаппай дүкен ашуға тырысады. Мұнда
тігін цехы, фото салон, шаштараз да бар. Енді осындай қорлар көбейсе,
алдымызға қойған мақсатқа жылдам жетеміз. Кәсіпкерлікке қатысты
заңнамалр жеңілдетіліп жатыр. Бүгінде Парламентте соның бірталайы
оқылымға берілген. Елбасы Жолдауында да кәсіпкерлікке үлкен мән
берілді. 

– Қор кәсіпкерлердің істі одан әрі жүргізіп әкетуін қадағалай ма?


Кәсіпорынды аяғынан қаз­ қаз тұрғызды. Оған енді еш­кім­нің көмегінің
қажеті жоқ. Дү­ние­жүзінде екі үш жүз жылдық тарихы бар, ата бабасынан
қалған кәсіпорындар бар. Бізде неге жоқ? Біздің арғы аталарымыз мал
шаруашылығымен ай­налысты. Осы кәсіпті бүгінде да­мытуға болады, етін
экспорттап, кон­серві зауыттарын салып, шетелге танытуға болады. Ісін
жаңа бастаған кәсіпкерлерге айтарым, одан әрі білімін же­тілдіру керек.
Жаңа айтқандай, бас­қа қаладан келіп білім ал­ғандар бар. Бұл басқа
өңірлерде осы проблеманың өткір екенін, аймақтардан кәсіпкерлік мектебін
ашу керектігін білдіреді. Оның үстіне бұл қоғамдық қордың арқасы
қаржыландырушы – мемлекет емес. Ендеше, бұл мемлекетке тек пайда ғана
әкеледі. 

– Жастарды ауылға қай­та­ру­дың бірден-бір жолы жұмыс орындарын ашу ғой…


Жастар ауылдан неге қа­ша­ды? Жұмыссыздық кеулеп алған, істейтін кәсіп
жоқ. Қай ауылға барсаң да жұмыссыздық. Осы мәселені шешу үшін әр ауылда
әр түрлі салаға басымдық беру керек. Мәселен, осы жеңімпаздардың ішінде
қуыршақ тігетін шебер бар. Ол кімге керек деп ойлайды ғой көпшілік.
Бірақ маркетинг есептелген, шығыны мен кірісі де қарастырылған,
кәсіпкерлік білімі бар кәсіпкердің қолынан шыққанын байқаймыз.
Аймақтарда жергілікті қорлар мен кәсіпкерлерлікке баулу мектептерін ашу
арқылы, жастарды ауылға қайтара аламыз. Бұл қор бастапқы көрсеткіш қана.
Оған мемлекет те көмек көрсетуі қажет.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Өз
жобасын ұсынып, кәсіп­кер­лік мектебін тәмамдаған кәсіп­кердің бірі –
Бекболат Әсиян. Жаңа кәсіпкер жылыжай ашу туралы жоспар дайындап, дайын
жылыжай құрылғыларына ие болды. 

– Жылыжайдан бір мау­сым­да қанша рет өнім аласыз ма?


Қыркүйек, қазан айларында көшетті отырғызсақ, желтоқсан, қаңтар
айларында сатылымға шығарар едік. Сонда бір маусымда бір-ақ рет өнім
аламыз деген сөз. 

– Кәсіпкерлікті жаңадан бастау қаншалықты қиын болды?


Қазақстан азаматтығын ал­ғанымызға сегіз жыл бол­ды. Осы жылдары
өзімізге пай­­­далы қызанақ, қияр өсір­дік. Айналысқан шаруа
болған­дықтан, аса қиындық болды деп айта алмаймын. Оның үстіне бізге
көмектесіп жатыр. Келешекте осы кәсіпті жалғастырамыз, әрине. Он шаршы
метрден екі үш тонна қияр шықса, сатып, шыққан пайдасын есептейміз. 

Дайындаған 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары