Көгілдір отынды кәдеге жарату
Көгілдір отынды кәдеге жарату
Мұнай және газ министрлігі «Қазақстанның газ саласын дамыту Тұжырымдамасын» дайындау үстінде. Қазақстан қойнауларындағы газдың қоры анықтамалықтарда көрсетілген мөлшерден анағұрлым көп болып шықты. Осы газдың 75 пайызы Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кен орындарынан алынады. «Каспий қайраңындағы жаңа кен орындарының ашылуын есепке алғанда, газдың геологиялық ресурстары 6-7 триллион текше метрден асады. Оның ішінде алуға жарамды қоры бүгінгі таңда 3,8 триллион текше метрді құрайды», – деді Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов пен Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин алдағы жылдары газ бағасының көтерілмейтініне сендіріп бақты. Десе де инфляция деңгейімен теңестіру үшін бағада ауытқулардың болатынын теріске шығармады.
Премьер-министр бағаның елеусіз көтерілетінін жасырған жоқ.
– Ақырғы бағаны қалыптастыру мәселесі – ақпан-сәуір үдерінде айқындалады деген ойдамын. Бағалар төмендеу, не шамалы өсу жағына қарай өзгеруі мүмкін. Бірақ халық үшін бағаның күрт қымбаттауы болмайды. Мұны ТМРА төрағасы мәлімдеп отыр, қолымызда бар сандар да осыны айтады. Бұл – «№1» мәселе! Қолымызда бар деректер де осыны дәлелдеп отыр», – деді Қазақстан Премьер-министрі. Былтыр еліміздің бес бірдей облысында газ бағасы қымбаттады. Бағаның шарықтауын шенеуніктер тек техникалық өнімдерді сатып алу шығынымен түсіндірген болатын.
Халық үшін маңызды мәселе – ортақ тарифтер құны. Ал Табиғи монополиялар субьектілері, операторлар мен коммуналдық қызмет ұйымдары өздері үшін тиімді тарифтердің болғанын қалайды. Енді екі тарапқа да ұтымды болатын ортақ шешім қабылдануы тиіс екенін айта келе, Премьер-министр халықтың да қалтасы қағылмай, монополиялық субьектілер де шығынға батпауы қажет екенін қатаң ескертті. Газ тарифтерін әртараптандыру әдістемесі аяқталса, бағаны берілген инфляциялық дәлізде ұстап тұруға мүмкіндік болады.
Сарапшылар тарапынан мамыр айында бағаның қымбаттауы туралы болжам айтылған еді. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Марат Оспановтың мәлімдемесіне сәйкес, бірінші мамырға дейін әр облыс үшін газдың бірыңғай бағасы бекітіледі. Бағаны Экономикалық саясат кеңесінде бекітілген дәлізде, яғни инфляциядағы жалпы үлесін 1,2 пайыздан артық өсірмей ұстап қалуға мүмкіндік береді. Бұл ретте өңірлердің әлеуметік жағдайы әрі газ қорының бар-жоғы ескеріледі. 1 текше метр газдың құны – 1580 теңгеден 10 мың 500 теңгеге дейін. Маңғыстау облысының өзінде бағаның құбылуы жиі орын алады. Сондықтан газ секторындағы баға мәселесін ретке келтіруге Үкімет ерекше көңіл бөліп отыр. «Барлық облыстарға бір баға болады деген сөз емес. Әрбір облыстың ішінде қазір әртүрлі бағалар бар. Соның барлығын бір жүйеге келтіріп, өңірлерде бірдей баға қалыптастырамыз. Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» аймақтарға сатады. Одан кейін «ҚазТрансГаз», ТМРА және жергілікті әкімдіктер бірлесіп, облыс ішінде класстар мен категорияларға қарай бағаны бекітеді», – деді Қарабалин мырза.
Отырыстан соң журналистерге берген сұхбатында Ұзақбай Қарабалин елімізде 10 жылдан кейін газ тапшылығы байқалатынын жеткізді. Оған газды кері айдау көлемінің артуы себеп. «Республикада газды кері айдау көлемінің айтарлықтай өскені байқалуда, бұл 2024 жылға қарай газ тапшылығының туындауына соқтыруы ықтимал. Қазақстанда өндірілетін газдың 90 пайызы – ілеспе газ. Бұл ретте газдың шамамен 30 пайызы жерасты қысымын ұстап тұру үшін жер қыртысына кері айдалады», – деді Ұзақбай Қарабалин. Министрліктің болжамынша, 2030 жылға қарай Қазақстанда жыл сайын жалпы көлемі 54,1 миллиард текше метр газ өндіріледі. Бұл 2013 жылғы көрсеткіштен 25 пайызға көп. Осыған байланысты геологиялық жұмыстарды жалғастыру және ішкі нарық қажеттіліктерін қанағаттандыру мәселелері «Қазақстанның газ саласын дамыту Тұжырымдамасына» кіргізіледі деді Мұнай және газ министрі. «Ішкі нарықтағы газ тапшылығының алдын алуға, геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруға және жаңа газ кен орындарын іске қосуға бағытталған жұмыстар жүргізіледі», – деді министр Ұзақбай Қарабалин.
Ақниет ОСПАНБАЙ