Ертең Ақ Олимпиада алауы тұтанады

Ертең Ақ Олимпиада алауы тұтанады

Ертең Ақ Олимпиада алауы тұтанады
ашық дереккөзі
538

Ертең қысқы Олимпиада алауы тұтанатын күн. Жылқы жылындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болып саналатын Олимпиадаға әлемнің тоқсанға жуық елінен спортшылар қатыспақ. Олардың арасында еліміздің маңдайалды спорт саңлақтары да бар. 

Ақ Олимпиада алауы тұта­натын Сочи қаласы әлемге жанға жайлы саяжайларымен белгілі. Қап тауының батысында және Қара теңіздің жағалауында орналасқан қалада жаз мезгілі сәуірден қазан айына дейін жалғасады. Қараша-қаңтар аралығында күзгі ауа райы сақталса, ақпан айынан наурыздың ортасына дейін қыс мезгілі үстемдік құратын болғандықтан, дүлей боран мен үскірік аяз да сочиліктерге таңсық емес.
Спортшылар сайыстың он бес түрінен бақ сынайтыны белгілі. Барлық сайыстар Олимпиадаға арналып салынған 11 спорт кешенінде өтеді. Оның алтауы теңіз жағалауынан орын тепсе, бесеуі тауда орналасқан. Барлық спорт кешендері Олимпиадаға арналып, жаңадан салынған. Ақ Олимпиадаға және Пара­лим­пиадаға әлем елдерінен 3000-ға жуық спортшы қатыспақ.
Қазақстандық спортшылар бұл байрақты бәсекеде жанкүйерлерді жерге қаратпайды, Олимп шыңын бағындырып, кем дегенде екі медаль қоржынымызға түседі де­ген болжам да жасалуда. Ала­ман додада қазақстандық шаң­ғы­шы Алексей Полтаранин ал­тын алады деген үмітіміз бар. Конькиші Денис Кузиннің де жүл­де­лі орыннан көрінетініне сенім мол. Бұл әзірге болжам ғана. Де­генмен, спортшыларымыздан Сочиде аңызға бергісіз жеңістер күтетініміз жасырын емес. Тек бабы емес, бағы жансын деп тілейік!
Әрине, «артық айтып, семіз шық­­қанға» не жетсін! Мәнерлеп сыр­ғанаудан үздік нәтижелерге ие болып жүрген Денис Теннің де шығар биігі алда. Кейбір болжам жасаушыларымыз Денис Теннің де жүлделі орынмен оралуына үмітті. Мұз үстінде әсем өрнек салатын талантты спортшының жүлделі орынмен оралғанын тілейтін жанкүйерлер аз емес. Қаршадай баланың Олимп шыңын бағындырғаны қазақ елінің абыройы. Мәнерлеп сырғанаудан Денис Тенмен бірге Абзал Рақымғалиев та өнер көрсетеді.
Ақ Олимпиада ойындарында елімізден елуден астам спортшы бақ сынайды. Олардың арасында биатлоннан ерлер тобында Диас Кенешов, Ян Савицкий, Сергей Наумик, Александр Трифонов, Антон Панов болса, әйелдер тобында Елена Хрусталева, Галина Вишневская, Марина Лебедева, Дарья Усанова, Алина Райкова бар.
Күні ертең алауын тұтатын дүбірлі додаға елімізден қатысатын спортшылардың тізімін Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі жариялады. Олардың арасында шаңғы спортынан, биатлон, мәнерлеп сырғанау, фристайл-могул, фристайл-акробатика, шорт-трек, конькимен жүгіру, сноуборд, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіруден, шана спортынан спортшыларымыз бақ сынамақ. Биылғы жылы Қазақстан қысқы Олимпиадада алғаш рет сноуборд пен шана спортынан жарыстарға қатысқалы отыр. Сноубордтан тұңғыш рет Олимпияда ойындарына қатысатын Валерия Цойдың бапкері өз әкесі. Бұған дейін де Валерия Цой бірқатар биіктерді бағындырған үздік спортшы.
Қысқы Олимпиада­ ойын­дар­ының ашылу салтанатында Қазақстан туын ұстап шығатын спорт­шының да есімі белгілі. Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында ел құрамасының туын ұстау құрметі шаңғышы Ердос Ахмадиевке табысталды. Ердос Ахмадиев: «Мен бұл жаңалықты алғаш бас бапкерімнен естідім. Таңқалғаным да рас. Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Мұндай сенім артқаны үшін алғысым шексіз, әрі сол сенімді ақтауға тырысамын», – дейді ағынан жарылып.
Олимпиада күндері үкілеген үміткеріміз Алексей Полтаранин жекелеген бәсекеде бақ сынап, өз қабілет-қарымын байқатпақ. Шаңғы спортынан елімізден Ердос Ахмадиев, Николай Чеботько, Евгений Величко, Денис Волотка, Марк Старостин, Роман Рогозин, Сергей Черепанов қатысады.
Конькимен жүгіру сайысында Денис Кузин, Дмитрий Бабенко, Федор Мезенцев, Александр Жигин, Роман Креч, Екатерина Айдова сияқты спортшыларымыз бар. Фристайл-могул мен фристайл-акробатика сайысында Дмитрий Рейхерд, Юлия Га­лы­шева, Дарья Рыбалова, Дмитрий Бармашов, Павел Калмаков, Жібек Арапбаева, Жанбота Алдабергенова, Бағлан Іңкәрбек, Сергей Берестовский сияқты өрендеріміз барын салады.
Шорт-трек сайысы бойынша Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжіғалиев, Аслан Даумов, Денис Никиша, Инна Симонова болса, тау шаңғысынан Игорь Закурдаев, Дмитрий Кошкин, Мартин Хубер, Екатерина Черепанова сияқты спортшыларымыз сынға түседі. Шаңғымен тұғырдан секіруден Алексей Пчелинцов пен шана спортынан Елизавета Аксенова қатысады.
«Спортшыларымыз үшін жағ­­дайдың бәрі жасалған. Ен­дігі жұмыс бапкерлеріміз бен спорт­шы­ларымыздың өз қолында. Олим­пиадалық жарысқа саңлақ­та­­рымыздың дайындығы жақсы. Біз оларға тек сәттілік тілейміз», – дейді ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов.
Әрине, саңлақтарымыз осал емес. Еліміз тәуелсіздік ал­ған 22 жылда бұл біздің қаты­сып отырған бесінші қысқы олим­пиадамыз. Бұған дейін де спортшыларымыздың қысқы олимпиаданың көрігін қыздырып, елеу­лі жетістіктерге жеткені бел­гілі. Бұл жолы да Сочиде қазақ­стан­дықтардың атой салып, жеңісті тұғырдан көрінуі негізгі мақ­сат. Топтан оза шауып, мәре сызығын алғашқы болып кесетін жеңім­паз­дардың қатарынан еліміздің то­лағайларын көптеп көрсек дей­міз. Сочи аспанында көк бай­рағымыз көкте желбіреп, әнұра­ны­мыз шырқалсын дегіміз ке­леді. Арқа сүйеп, үміт артқан спорт­шы­ларымыздың айы оңынан туып, жұл­дызы жанса болғаны…
Дегенмен, алдарында тұрған ал­пауыт елдер АҚШ, Ресей және Германия спортшыларының қата­ры­нан қалыспай, топ жару да олар­ға оңай сынақ емес. Сондықтан да, қоржынымызды медальдермен қампайтып, үздіктердің қатарынан көріну үшін спортшыларымызға жан берісіп, жан алысатын шақ туды. Әлем елдерінің мәртебелі жарысына қатысудың өзі үлкен арман. Сол арманның биігінен көрінген спортшыларымызға әрдайым сәттілік жолдас болсын!

P.S.Ертең Ресейдің Сочи қаласында XXII Қысқы Олимпиялық ойындардың ашылу салтанаты өтеді. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Ақ Олимпиадаға Қазақстаннан елуден астам спортшы барады. Спортшыларымыз Сочиге жиналған әлем спортшылары мен жанкүйерлерге қазақ елінің атауы мен әнұранын жаттататын сәті алыс емес.

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары