Аққан жұлдыз

Аққан жұлдыз

Аққан жұлдыз
ашық дереккөзі
484
«– Оның өмірден қалай өткенін айтып беріңізші. – Мен оның тәлімі мол тағдыры туралы айтып берейін». Самурай әпсанасынан Біз қадірін біле бермейтін бес күн тірлікте тұғырлы тұлғасымен, терең тағылымымен жанымызды нұрландырып, жүрегімізден орын алатын, өмірден өтсе де рухымен жебеп жүретін ұлағаты мол жандар болады. Осындай жанның бірі Ба­уыржан Иманалиев еді. Ол біреулер үшін – асыл жар, ардақты әке, орны бөлек бауыр болса, екіншілерге – адал дос, ақылшы жан, дана ұстаз болып дараланды. Әлі де ақжарқын бейнесімен жарқ етіп алдыңнан шығып, көзінен құйылған мейірім сәулесімен жаныңды жылытып, жүрегінің түкпірінен арнаған әр сөзімен жан-дүниеңді тебірентіп, серпілтіп сала беретіндей. Иә, осы күйінде ол жүздеген жүректе мәңгі өмір сүре бермек. Бауыржанның тағдыры жеңіл болмады, бірақ ол өз өмірінің әр кезеңін тылсым тірліктің қайталанбас сыйы ретінде қабылдай білді. Үлкен отбасында өмірге келген қарапайым бала тәуелсіз еліміздің рухани-мәдениетін өрістетуге үлес қосқан қайраткер, отандық баспа ісінде танылған кемел тұлға еді. Ол талантты жанды тани білетін көреген болды: білікті де шебер мамандардың басын қосып, оларды мүдделі мақсатқа жұмылдырып, бағыттап, елес болған арманның мағыналы істерге айналатынына көздерін жеткізе білді. Оның ақыл-кеңесі, ізгілікті ұстанымы мен даналық ой иірімдері кейінгіге тәлім болған шығармашылық мұрасының нық негізін қалады. Бауыржан Иманалиев баспа ісіне 1992 жылы келді. Кешегі кеңестік кезеңде кітаптарды басу ісі сын көтермейтін, еуропалық баспа өнімдерімен салыстыруға келмейтін еді. Чех полиграфия мамандарымен танысып, баспа өнімдерінің таңдай қақтырар сапасын көрген ол әлемдік жоғары деңгейдегі өнім шығаратын баспа ісін өрістетуді өз алдына мақсат етіп қойды. Осылай құрылған «Баур» баспасы чех типографиясы базасында мемлекеттік құрылымдар мен ірі компаниялар сұранысына орай түрлі-түсті фотоальбомдар, жоғары сапалы кітаптар шығара бастады. Елбасының жеке тапсырысы бойынша ұлы ақын А. Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойына шақырылған мемлекет басшыларына ұсынылған сыйлықтардың бірі – «Абай» кітабын шығарды. Нұрсұлтан Әбішұлы арнайы нұсқамен алдын-ала танысып, құптады. Кітап шындығында да тамаша еді: ақынның інжу-маржан өлеңдерімен өрілген мазмұнына қолмен қабылып, алтын зермен әшекейленген сыртқы мұқабасы үйлесе кеткен кітап баспа ісі тарихында біртуар дүние ретінде танылды. Бауыржан – тыңға түрен салатын ізденістің адамы, жаңа істердің басынан танылатын тұлға ретінде 1998 жылы ақпан айында «Қазақстан компьютерлері мен коммуникациясы» журналын шығарды. Бұл тамаша жоба болумен қатар, еліміздегі IT-бизнестің ең алғашқы салалық басылымы болды. Сол жылы жазда американдық альпинист Скотт Браудердің басқаруымен еліміздегі тұңғыш вадемекум «Алматы және қала маңайының қалта жолбағдары» жарық көріп, осы бір ерекше жанрдың барша талабына сай сипатымен танылды. Қазақстанда ағылшын тілінде басылған шетелдіктерге арналған бірінші жолбағдар жинағы да Бауыржанның тың дүниесі болды. Оның авторлары – американдық Майкл Ротбарт пен Эмми Фостер. Әдемі әзіл, мейірім мен махаббатқа әрі танымдық ақпарат пен тағылымға толы 400 бет. Бұл әлі күнге қайталанбас бірегей туынды ретінде құнды. Тағы бір тарихи қадам – Алматы қаласы Туризм Департаментімен бірлескен туристік бағыттағы басылымдар негізін қалауы. Департаментті басқарған Жаңабай Қайсенов бұл бастаманың жүзеге асырылуын былай деп еске алады: «Неден бастау керек? Саяхатшыларға қажетті еліміз туралы ақпараттар қажет еді. Біз Бауыржан екеуміз бұрын-соңды болмаған соны бағыт іздедік». Бірлескен жұмыс нәтижесінде Қазақстанның туристік компанияларының сұранысын қанағаттандыратын жолбағдарлар мен каталогтардың 100 мың данаға жуық басылымдары жарық көрді. Бауыржан өзі біліп қана қоймай, өзгемен білгенін бөлісе білетін азамат еді. Ол тек өз баспасының бағыт-бағдарын ғана бақылап отырған жоқ, үзеңгілес әріптестерінің де бас­па ісінің жоғары дәрежеде дамуына атсалысқан ізгі жүректі жан. «Алматыкітап» АҚ президенті Элеонора Баталова: «Бауыржан – өз ісінің шебер маманы еді. Ол біздің компания үшін басылым өнімдерін шығару туралы іскерлік біліктілікке баулу сағаттарын жүргізді. «Менің алғашқы кітабым» топтамасын шығару құқығына ие болып, іске кіріскенімізде «Баур» компаниясының қызметкерлері бізбен бірге жұмыс жасап, біздегі нарық мүмкіндіктеріне сай өнім беру мақсатында аударма, дизайндық безендіру тәжірибесімен бөлісіп, кітаптардың өз деңгейінде шығуына атсалысты. Біз балалар әдебиеті бойынша үштікке кірген қазақстандық баспаға айналдық, бұның қомақты үлесі бізге достық көмек қолын созған Бауыржанға да тиесілі», – деп тебірене еске алады. 2000 жылы Бауыржан досы Казбек Райымбековпен («Гулянда» сауда үйінің ортақтас иесі) бірге қазақ тіліндегі сапалы балалар әдебиетін шығаруға кірісті. Сөйтіп Қазақстандағы танымал «Аруна» баспасының өмірге келуіне себепкер болды. Бауыржаннның досы әрі әріптесі – Дидара Алина да өзінің «Арман-ПВ» баспасын ашты, бұл мекеме де заман талабына сай сұранысқа ие, көркем өнімдерімен танылды. Бауыржан ең белсенді мүшесі болған Қазақстан баспагерлері және кітаптаратушылар Ассоциациясында да қаншама істер қолға алынды. Кітап көрмелері, жәрмеңкелері, мәжілістер мен жиындарда білікті маман өзінің тәжірибесімен бөлісіп, қызықты бастамалардың жүзеге асырылуына арқау болды. «Баур» баспасына «Мәдени Мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы кітаптардың дизайнерлік тұжырымдамасы, сыртқы мұқабасы мен ішкі безендірілу стилі тапсырылуы да кездейсоқ емес еді. Жаңашыл ізденістер жауапкершілікпен ұштасып, басқару мен бақылау, қаріп таңдау мен тартымды дизайн тың технологиямен жұмыс жүргізіліп, нәтижелі еңбек жеңіске жетті. Қазақстанның баспа ісінде тағылымды тәжірибесін, өзіндік ізденісін қалдырған Бауыржанның қайраткерлік еңбегі атап өтіліп, арнайы алғысхаттармен және «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» атағымен марапатталды. Ол жұмыстың шығармашылық ізденіс пен талғамға құрылуын талап ететін, ешкім оның шаршап жабыққанын, сынақты өткелдерде қамыққан сәттерін көрген емес. Оның жігерлілігі мен өз білімін орайлы қолдана білетін біліктілігі, талғамы мен тапқырлығы және уытты әзілдері мен ұтымды жоспарлары қандай ауыр жұмысты жүйелі де жеңіл атқаруына негіз болатын. Демалыс сәттерінде де отырған ортасын жарқын күйге бөлейтін сазгер жан өзі ән айтып қана қоймай, өзгенің де жүрек сырын ықыласпен тыңдай білетін. Ол мейірім мен намыстан өрілгендей әсер қалдырып, адамдарды шынайы құрметтеп, сүйе білетін асыл қасиетімен дараланатын. 4 ақпанда Бауыржан 60 жасқа толар еді. Небәрі 60 жас. О дүниеге озған 8 жылда біз оған деген сезімімізге сызат түсірмедік, оны ортамызда жоқ деп қабылдамадық та. Жазушы Сәбит Мұқановтың шығармасындағыдай, ол жалт еткен жұлдыздай танылып, жарқ еткен сәулесімен жүректерге өшпес із қалдырып, ағып түсті. Бауыржанды еске алатын барша жанға қайғырып, көз жасын төгу қажет емес, себебі біз білетін Бауыржан өмірдің сынын мойымай көтере білетін, қайғырғанды жұбатып, мұңайғанды жігерлендіре білетін жан еді. Олай болса, бұл күнді біз оның күмбірлеген үні құлаққа келіп, өзіне ғана тән әдемі күлкісімен жанымызды аялап, рухымен жебеп тұратын, сан сауалға жауап таба білетін тағылымды күн ретінде қабылдайық. Жадымызда мәңгі жүрер жарқын тұлғасына лайық құрмет те осы!
Даулет Тынбаев, 
 
Әйгерім Байжұманова
 

Серіктес жаңалықтары