От басқан орынбасарлар
От басқан орынбасарлар
Өткен жылдың мамыр айында Білім және ғылым министрлігінің орынбасары Саят Шаяхметов қамауға алынған болатын. Ал жыл аяғында Ауылшаруашылығы вице-министрі Мүслім Өмірияев темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты. Қос орынбасардың қылмысы да ұқсас. Алайда көбіне министрлер емес, ылғи орынбасарлардың ғана айыпты болуы жұртшылық арасында түрлі қауесет тудыра бастады. Расында, Мүслім Өмірияев ісінің де күдікті тұстары тым көп, ал ар жағында бүкіл ведомстводағы лауазымды тұлғалардың қызметіне ой тастайды.
Расында жыл сайын мемлекет қаржысының дәп осы ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінетіні белгілі. Алайда егіншілік пен мал шаруашылығының дамып, басқа да салалардың қарыштап өріс алуы байқалмай келеді. 2003-2005 жылдары «Ауылды қолдау» жылдары аясында аграрлық салаға 150 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде республикадағы егістік алқаптарын тегіс сақтап қалудың сәті түсті. Бұған да тәубе! Бұдан кейінгі жылдары да миллиондаған қаржы бөлініп келеді, бірақ нәтиже ауыз толтырып айтуға жарамайды. Осының басты себебі бөлінген қаражаттың қолды болып, кейбір бөлігінің ғана межеге жеткенінен болар… Жыл аяғында Ауылшаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаев қызметінен босатылды. Өйткені 2013 жылдың қараша айында Премьер-министр Серік Ахметов бюджет қаржысының игерілмеуіне жол бергендігі үшін бірқатар министрлердің орынбасарларына сөгіс жариялаған. «Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тәкежановқа, Ауылшаруашылығы министрінің орынбасары Толыбаевқа және Қаржы министрлігінен Теңгебаевқа сөгіс жариялаймын», – деді Премьер. Іле-шала Марат Толыбаев: «Кешегі күннен бастап мен Ауыл шаруашылығы вице-министрі емеспін», – деп жазды Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына. Осылайша Ауылшаруашылығы министрі орынбасарының бірі өз еркімен орнын босатса, бірі парамен ұсталып отыр.
2013 жылдың 21 желтоқсанында Ауыршаруашылығы вице-министрі Мүслім Өмірияев ұсталды. Сот қылмыстық іс бойынша берілген материалдардың негізінде қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын санкциялаған. «Мүслім Өмірияев ветеринарлық дәрі-дәрмектер бойынша мемлекеттік сатып алу байқауында жеңуге көмектескені үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды» деп айыпталуда. Көп ұзамай оның сыбайласы ретінде Ауылшаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы департаментінің директоры Мақсұт Бақтыбаев жеке компаниялардың бірінен алған 720 мың теңге көлемінде қаражатпен ұсталды. Қаржы полициясының мәліметінше, Бақтыбаев мырза ЖШС-ны Астанадан 12 миллион теңгеге кеңсе жалдады деген жалған келісімшарт жасауға мәжбүрлеген.
Қазір тергеу жүргізілуде. Өз орынбасарының ақтығына сенетін Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков әуелде өз мәлімдемесімен министрліктегілер және баспасөз өкілдерін таңдай қақтырған еді. Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков: «Кінәлі» деп біздің елімізде Конституцияға сәйкес соттың үкімімен ғана анықталады. Егер сондай соттың үкімі шығатын болса, Өмірияев жемқорлық қылмыс жасаған болса, мен отставкаға кетуге дайынмын», – деп ағынан жарылды. Министр орынбасарының шалыс басқанына сенбейді екен. Сондай-ақ ол Өмірияевті ақтап алатын бірнеше деректер келтіргені есте. «Мүслім Өмірияев өзін адал қызметкер ретінде көрсетіп келді. Жемқорлыққа баруы мүмкін емес», – деді. Бұл жағдайға Ауылшаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Сәкен Қалқаманов та түсініктеме беріп, министр орынбасарының ақталатынына сенім білдірді. Өйткені Өмірияев мырза ветеринарлық дәрі-дәрмектер бо-йынша сатып алумен айналыспайды. Баспасөз хатшысының айтуынша, айыпталушы өсімдік шаруашылығы мен егіншілік бойынша сатып алуларға жауап береді екен. Сондай-ақ оның жұмыс орнында емес, өз пәтерінде ұсталғаны вице-министрдің пайдасына шешілуі мүмкін. Бұдан кейін де бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған кейбір мәліметтерде параға берілген ақшаны Мүслім Өмірияевтің өз туыстары, яғни әйелінің туыстары әкелгені жайында жарияланды. Бірақ бұл дерек те нақты дәлелденген жоқ. Ал өз орынбасарын қалай да құтқаруға кіріскен Мамытбеков мырза Facebook.com әлеуметтік желісіндегі парақшасында мынадай мәліметтер келтіреді: «М.Өмірияев министрлікте қызмет еткелі бері ешқашан да мемлекеттік сатып алулар бойынша комиссия мүшесі, төрағасы болған емес. Сондай-ақ ветеринария бойынша жауап бермейді, өйткені ветеринариялық дәрі-дәрмектер бо-йынша байқауды Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті жүргізеді. Бұл мәселеге жауапты басқа орынбасар – Г.Исаева. Мемлекеттік сатып алу комиссиясының барлық мүшелері Өмірияевтің байқауға ықпал етуін жоққа шығаруда», – деп жазады министр мырза.
Сонымен қатар бұл арандатушылық екенін де жасырмады. Мамытбеков мырза «ақшаны жеткізуші Өмірияевтің әйелінің туысы. Ал туыстар арасында қарыз алу, беру деген бар емес пе?» деген нұсқаны да алға тартты. Ең таңданарлығы министр мұны «қойылым» болуы мүмкін дейді. Егер де бұл арнайы ұйымдастырылған қойылым болса «режиссері кім?» деген сұрақ туындайды. Орынбасардың өз қолымен пара алғаны ақиқат болса, онда қандай қойылым туралы айтып отыр, министр мырза?! Әсілі, лауазымды тұлғалар осындай орынсыз пікірлері арқылы құқық қорғау органдарының қызметіне қара күйе жағатынын білмейтін сияқты. Әлде әдейі айта ма?
Соңғы мәліметтерге жүгінсек, бұл оқиғаның басқа қырын байқаймыз. Өмірияевке пара берушінің жеке есепшотынан миллиондаған доллар қаражат табылған. Бас прокуратура қызметкері «Қаржы полициясының жедел тергеу шаралары барысында Ауылшаруашылығы министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктері жағымсыз іспен айналысады» деген дерек берген.
«Мемлекеттік қызметкер делдалдар арқылы тендер өткізген. Осылайша Қаржы полициясы делдалға шыққан, ол Ауылшаруашылығы министрлігінде мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырып келген», – дейді Бас прокуратура. Сондай-ақ әлгі делдалдың Алматыдағы «Самал» ықшам ауданында 5 бөлмелі пәтері мен жеке үйі бар екен. Ұсталған мезетте ол қолындағы мәліметтерді өшіріп үлгермеген. Қомақты соманы шетелдік банктер арқылы жеке адамдар мен компаниялардың есепшотына аударған, 100 мың доллардан бастап миллион долларға дейінгі сома айналымда жүрсе керек.
39 жасар вице-министр көптеген компанияларда сарапшы, бас директор қызметтерін атқарған. «Русские фонды» халықаралық қорының директоры, «Южный центр» Алматы ЖШС қаржы директоры, ҚР Президенті істері басқармасының орынбасары қызметтерін атқарды. Ал 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап Мүслім Өмірияев Ауылшаруашылығы министрінің орынбасары болып тағайындалған.
Асылжан Мамытбеков орынбасарының пара алғаны расталған күнде өз еркімен қызметінен кететінін жариялаған еді. Кім білсін, етқызумен айтып қалған шығар…
Ақниет ОСПАНБАЙ