Оймақтай ой! "Еларна" жабылады дей ме?

Оймақтай ой! "Еларна" жабылады дей ме?

Оймақтай ой! "Еларна" жабылады дей ме?
ашық дереккөзі
196

Екі-үш күн болды, әлеуметтік желілерде «Еларна 1 наурыздан
бастап, жабылады екен» деген сыбыс шықты. Жел сөз бе, әлде, шынымен телеарна жабылайын
деп отыр ма, әзірге ол жағы беймағлұм. Бар білеріміз, қазақ тілінде хабар
тарататын арнаның басына қауіп төнгендігінде.

Басында таза қазақ тілінде хабар таратқан арнаның
жұмысына қоғам тарапынан талай сындар да айтылғаны белгілі. Соған қарамастан,
аталмыш арнаның басшылығына келген Серік Абас Шах бұл арнаны  «таза отбасылық» деңгейге көтеремін деп
талпынған еді. Жаңа басшы өз уәдесінде тұрып, бірқатар жаңа бағдарламалардың тұсауын
кескен. «Ерлердің ісі бітер ме?», «Артефакт», жаңа бағытта басталған «Жарайсың»
сынды бағдарламалар осының жемісі. Отбасылық бағдарламалар желісін көбейтіп,
табиғи қазақы ортаға айналамыз деп жүргенде, арнаның ақпарат кеңістігінен
мүлдем жойылатындығын естігенде, таң қалмасқа шарамыз қалмады. «Еларнаның»
жабылатындығы рас болса, жыл басынан бері жабылған бірнеше газет-журналдың
қатары тағы бір санға артты деген сөз.

Естеріңізде болса, биылғы жылы ақпарат
кеңістігінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан 
«Алаш айнасы» мен «Дала мен қала» газеттері жабылып, бірқатар
журналистер жұмыссыз қалған еді. Енді олардың қатарын «Еларнада» қызмет
атқаратын журналистер толықтырмақ па? Қазақ тіліндегі БАҚ неге жабылып жатыр?
Қазақ тіліндегі газет-журналдардың орнын басқа ақпарат құралымен толтыра аламыз
ба? «Еларна» жабылса, жұмыссыз журналистер немен айналыспақ? Орыстілді
журналистика мен қазақтілді журналистиканы салыстыратын бүгінгі оқырман ертең
нені салыстырмақ? Қазақтілді журналистерді жұмыссыз қалса, қоғамдық ойды
қозғайтын кімдер болмақ?

Көңілде тұрған сауал көп.  Жауабы жоқ.

«Құйрығы жоқ, жалы жоқ,

Құлан қайтіп күн көрер?!

Аяғы жоқ, қолы жоқ,

Жылан қайтіп күн көрер?!- демекші, жұмысы жоқ,
ақшасы жоқ, журналистер қалай күн көрер?!

Арман БЕК

Серіктес жаңалықтары