Жас дәрігерлерге қашан жағдай жасалады?

Жас дәрігерлерге қашан жағдай жасалады?

Жас дәрігерлерге қашан жағдай жасалады?
ашық дереккөзі
209

Министр ханым Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде іске асырылатын қаржыландыру жүйесі медициналық қызметкерлер үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында нәтижелі жұмыс істеуге жағдай жасап отырғанын атап өтті. Ана мен сәби өлім-жітімінің алдын алу, онкология және туберкулезді ерте анықтау, сондай-ақ, науқастардан арыз-шағымы болмаған жағдайда медициналық қызметкерлердің негізгі жалақысына қосымша ақы төленеді. 2013 жылы бұл мақсатқа 10 млрд. теңге жұмсалса, ағымдағы жылы оның көлемі екі есеге ұлғайтылған. 
Талдықорған қаласына іссапармен келген Денсаулық сақтау министрі дәрігерлермен кездесуде халық арасында салауатты өмір салты және дұрыс тамақтану қағидалары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту жолдарын талқыға салды. Сондай-ақ, ол халық денсаулығын сақтау саласында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар, салаға бағытталған қаражат, оларды тиімді және ашық пайдалану жайына да тоқталды. Бұдан бөлек мамандар жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін өңірлерге жіберетін жас дәрігерлерге жағдай жасауға шақырды. «Мамандарды тұрақтандырып, сақтап қалу маңызды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және әкімдер арасында қол қойылған Меморандум шеңберінде жергілікті атқарушы органдар міндеттемелер алды. Жарты жылдан кейін медициналық университеттерді аяқтап, өңірге келетін жас мамандармен қазірден танысу керек. Алматы облысында туып-өскен, өз облысында жұмыс істеуге дайын жоғарғы курс студенттерінің тізімін ЖОО әкімдіктерге жіберіп те қойды», – деді мекеме басшысы.
Шынында да, бүгінде алыс шалғайдағы елді мекендерге білікті дәрігерлердің жол тартуы сирек. Оларға мемлекет және жергілікті билік тарапынан жеңілдіктер қа­рас­ты­рылып, көмек берілмесе, бәрі бекер. Соның салдарынан қазір өңірлерде дәрігерлердің қателігі жиі тіркелуде. Келеңсіздіктерге жол бермеу үшін жас дәрігерлерге бүгіннен бастап қолдау көрсеткен абзал. Алайда, «Дип­ломмен – ауылға» атты бағдарлама қабылданса да, оның жүзеге асу тетіктері көңілдегідей емес екені анық.

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары