600 млн.теңгені қолды қылған Мусин кім?

600 млн.теңгені қолды қылған Мусин кім?

600 млн.теңгені қолды қылған Мусин кім?
ашық дереккөзі
287

Жемқорлыққа қатысты күн сайын жаңа дерек тіркелетін
болды. Құлағымыз да үйреніп кетті ме, селт етпейміз кейде.

Елімізде дүбірлетіп
өткізген «Азиада-2011» қысқы ойындарына бөлінген қаражатқа да ауыз салғандар су
бетіне шығуда. Ақпарат үшін айта кетсек, Азиада 2011
қысқы ойындарын өткізу үшін қазынадан алғашында 768 200 000 АҚШ доллары бөлінген.
Тіпті, бұл қаржыны азсынғандар қайта-қайта аузын ашып еді, Үкімет
301 500 000 АҚШ долларын қосты. Бұдан бөлек «Самұрық-Қазына» ұлттық
әл-ауқат қоры да ұйымдастырушыларға 20 408 163 АҚШ долларын
ұстатыпты. Ол ол ма, қысқы ойын түрлеріне арнап салынған Астана мен Алматы
қаласындағы жаңа құрылыс нысандары мен күрделі жөндеуден өткен спорт
ғимараттарынан бөлек, Үкімет Алматыдағы екі трамплиннің құрылысына 34 млн.
доллар, ал Шымбұлақ курортына қосымша нысандар салу үшін 40 млн. доллардан
астам қаржыны тағы да құйған. 

Енді осыншама ақшаның да желге ұшқаны анықталып отыр.
Бұдан бұрын Азиаданың Алматыдағы дирекциясын басқарған өкілетті тұлға Сұлтанбек
Сыздықовтың үстінен 23 млн. теңгені өз мақсатына пайдаланды деген күдікпен
қылмыстық іс қозғалған еді. Күдіктінің Азиаданы өткізу барысында концерттік
бағдарлама ұйымдастыруға қаржы жұмсалды деп, қомақты қаражатты қолды қылғандығы
айтылған. Алматы қаласы ЭҚСЖҚК
департаментінің баспасөз хатшысы Жақсылық
Жақыбаев: «Бұл іске байланысты
қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. ҚР ҚК 176-бабы 3- бөлімі бойынша,
яғни, біреудің сеніп тапсырған мүлкін мақсатсыз жұмсады деген айыппен
күдіктінің қылмысы дәлелденсе, 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан
айырылуы мүмкін» деген-ді. Алайда, Сұлтанбек Сыздықов сүттен ақ, судан
таза болып шығыпты. Кейбір ақпарат көздерінде шенеуніктің  23 млн. теңгені мемлекетке қайтарып,
қылмыстық істі тоқтатқандығы туралы айтылады.

Ал таяуда Алматыда «Азиада-2011» ойындарын өткізген мемлекеттік компания
басшыларының бірі, Ұйымдастыру комитетінің телерадиотаратылым басқармасы
бастығы болған Айдар Мусин қаржы жымқырды деген айыппен істі болды. Тексеру
жүргізген қаржы полициясы мемлекеттік компания басшысының бюджет қаржысын
талан-таражға салғанын анықтаған. Қаржы полициясының дерегінше, Алматыдағы
халықаралық шаңғы трамплині кешеніне бөлінген 1,4 млрд. теңгенің 600 миллионы
Айдар Мусиннің  қалтасына түскен. Ол бұл қаржыны өзі басқарған компанияны
туысқандарының атына тіркеу арқылы меншіктепті. Нәтижесінде Айдар Мусинге «мемлекет
мүлігін ысырап еткен» деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды.

Қаржы полициясы тергеу басқармасының бастығы Амангелді Иманғалиев: «Айдар
Мусин Азиада ойындары өткен тұста 140 мыңның қымбат көлігін мініп, 400 мың АҚШ долларға
баспана сатып алған деген дерек бар.  Ол кінәсі дәлелденсе, 10 жылға сотталуы
мүмкін» екенін айтты. Айдар Мусин сот санкциясымен
қамауға алынып, 4 күннен бері тергеу изоляторында жатыр.

Серіктес жаңалықтары