Айырқалпақтыларды ағайын десек те...

Айырқалпақтыларды ағайын десек те...

Айырқалпақтыларды  ағайын десек те...
ашық дереккөзі
781
Қырғыздар бұдан кейін де тыныш бола қалмайды. Бердіқожадан жеңілгеніне намыстанған олар қалайда діттеген мақсаттарына жету үшін жиі-жиі қол құрап, қазақ ауылдарын шабады, малдарын барымталайды. 1749 жылдың көктемінде Бердіқожа әскерін бастап, Шымкент, Сайрам жақтағы қалмақтарды қууға аттанады. Осыны пайдаланған Адығын- Тағайлар Шатқалдағы дулат, сіргелі, қаңлы-шанышқылыларды түре қуып шығады. Қалмақтар Жетісу, Талас алабынан кетпей тұрған уақытта-ақ олармен тіл табысып, Алатаудың қазаққа қараған бетін, Шу өзенінің орта тұсын, Әулиеата айналасын, Үшалматы, Үшарал жерін, Іленің сол жағалауындағы Сарытауқұм жайлауын аракідік жайлап жүрген солтүстік қырғыздардың сарыбағыш, солты, саяқ, бұғы сияқты ірі тайпаларға жататын рулары жоңғарлардың әлсірей бастағанын сезіп, Ыстықкөл жағасындағы ағайындарымен сөз байласып, осындағы дүрбін-ойратты талқандап, аталмыш тараптарға орнығып алуды мұрат етеді. Расында, бұл уақытта бір кездері күндей күркіреген ойрат-дүрбіннен береке-бірлік қашқан, қуаты әлсіреген, әр ноян, әр батыры өз ауылын ғана қарауылдап қалған, басқыншылыққа бұрынғыдай түп көтеріле бірлесіп шабуылдайтын ұйымшылдығынан айрылған еді. Сол себепті қырғыздар оларды аталған өлкелерден оп-оңай ысырып, оңтүстіктегі батырлардың тепкісінен қашып барған қандастарымен қоса, Нарынқол, Кеген тұсқа айдап жібереді. Осы кезде қырғыздардың солты руының Арон батыры өзіне қарасты елімен Шудың төменгі тұсына, ал жоғарғы тұсына Қошой батырдың ұлы Жамансарт батыр жайғасады. Сусамыр мен Талас бойындағы Үлкен Қақпа өлкесін саяқ руының басшысы Арзыматтың Садыр батыры еншілейді. Бұғы руының Тынай би, Садық би, саяқ руынан Қашыке, Атаке, Бердіке батырлар Ыстықкөлдің Алматы жақ беткейіндегі Торайғыр асуының етегіне қоныстанады. Құсшы, сары, қытай рулары бұрынғы бабаларымыздың қонысы деп, батысы – Таластың орта тұсына, шығысы – Меркеден Үшалматы, Ыстықатаға, солтүстігі Сарытауқұмға дейін орын тебеді. Арада бірер ай өткенде бұлардың барлығы қазақ жеріне тағы ішкерілей еніп, Қастек, Самсы, Әулиеата, Түймекент, Құрағаты, Шоқпар, Құлан төңірегін бауыр­ларына басады. Яғни, қазіргі Алматы облысының батыс аудандарын, Жамбыл облысының Байзақ, Құлан, Меркі, Шу, Қордай аудандарының өте кең көлемдегі шығыс, оңтүстік жағына тұтастай емінеді. Осы әрекеттердің барлығы қырғыз батыр-билерінің өзара келісуімен іске асады. Бұл жайында 2006 жылы Бішкекте шыққан «Алымбектин санжырасы» атты кітапта егжей-тегжейлі баяндалады. Қырғыздардың діттеген жерлерді иемденіп қалуға асыққаны сондай, қазақтар қалмақтарды Шымкент, Сайрам маңынан енді қуып, ал Нарынқол, Кеген жақтан әлі ысырып үлгермей жатқан уақытта-ақ, яғни бір-ақ жылдың ішінде бұл аймақтарға қоныстанып үлгереді. Олардың баса-көктеп келуімен бұл жерде отырған қазақтардың өрісі тарылып, жайылымы азаяды. Қалмақтан әзер құтылып, соғыс пен ұрыстан әбден жүректері шайлыққан қазақтар әуелгіде оларға қарсы бас көтере қоймайды. Алайда, солты мен сарыбағыштың, саяқ пен сарының кейбір басбұзар барымташылары қазақ ауылдарын мекендерінен қуып, малдарын айдап кетіп, тыныштық бермейді. Қазақтың бас көтерерлері жиналып: «Бұларың қалай?» – десе, қарсы жақ: «Іленің ұзына бойын, Үшаралды босатып, Арқаға қарай көшіңдер! Ал Таластан Шымкентке дейінгі аралық бағзы заманнан біздің мекен болған. Өздерің кетпесеңдер, күшпен кетіреміз»– деп қоқан-лоққы жасайды. Қазақтар болса: «Сендердің айтып тұрғандарыңның бәрі көне Үйсін жері. Осы өңірлерді кеше қалмақ басқанда тау ішіне тығылып, үндерің шықпай қалып еді ғой. Неге сонда аттандап шықпадыңдар?» – деп қарсы уәж келтіреді. Содан бірі қарсылық, бірі үстемдік қылып, келісе алмаған екі жақ сойылдасуға дейін барып, адам шығыны орын алады. Өз дегендеріне қазақтардың көне қоймайтынын ұққан сарыбағыш биі Болатұлы Есенқұл және Талас аяғындағы Қапқа деген жерде отырған саяқтың қабасынан шыққан Садыр қырғыздың барлық батырларын жиып алып, қазақтарды Шымкенттен асырып қуып тастаймыз деп ұйғарым жасайды. Артынша көп қолмен аттанған ол жолындағының бәрін жапырып-қырып, дегеніне қол жеткізеді және Қаратаудың Шаянға асатын белі үстінен өз шекарасының белгісі ретінде ылғи тастан қаланған қорған салдырып, оған «Қырғыз Садыр қамалы» деп ат қояды. Оған қоса: «Қоқи қазақ, енді сонау Жетісудан бастап, Қаратаудың осы шегіне һәм Шымкентке дейінгі жерден дәмеленбесін!» дейді әрі өзін «Қырғыздың ханымын!» деп жарияға жар салады. Бұл уақиға Алаш қаһармандарының барлығы қалмақты Жетісу, Аякөзден қуу жолында шайқасқа түсіп жатқан 1749 жылдың жазында болған. Садырдың бұл қылығына назаланған жергілікті жұрт Ташкенттегі Төле биге арыз айтып барады. 1752 жылы Төле Балқаш жақта жүрген Бердіқожа батырды шақыртып, екеуі Талас жақтан арыз айтып келген қазақтарды ертіп, Қаратаудың батыс жақ етегіне ордасын тігіп отырған Абылай сұлтанға барады. Бұ уақытта Абылай әлі хан болмаса да, бар Алашқа сөзі жүретін сұлтанға айналған екен. Келушілердің арызын тыңдап болғасын ол: «Қазақ-қырғыз бір ұрық едік. Қайбір жылы Ташкенде кек қуалаған Бәйтік Көкімге у беріп, содан арамыз бұзылып, оның аяғын ала қалмақ қайта келген. Қалмақтан жаңа құтылып отырғанда, қырғызға қарсы соғысайық деп отырсыңдар. Қоқан, қытай, орыс үшеуінің бірі алда-жалда бізге қол салса, бұрыннан бір тұқымды боз үйлінің баласы едік, бір көмегі тиер еді»,– дейді. Төле би Абылайдың сөзіне жығылады. Ал, Бердіқожа мен Жәпек батырлар оны тыңдамай, Орта жүздегі найманды билеп отырған Көкжал Барақ сұлтанға барады. Барақ Бердіқожаның айтқанын мақұл көріп, арғын-найманнан төрт мың қол бөледі. 1754 жылы Бердіқожа мен Жәпек өз қарамағындағы мың қаралы қолды оларға қосып, Есенқұлға қарсы аттанады. Бұл хабарды шолғыншы арқылы біліп отырған қырғыздың бас биі Есенқұл – Қашыке, Кебек, Бөлекбай билерді шақырып, қазақтардың қол құрып жатқанын айтып, даяр тұралық дейді. Бұл уақытта Көкжал Барақ пен Бердіқожа бастаған қол Қастектен асып, Боралдайдағы Қашыке батырдың ауылын шабады. Даяр тұрған солты, сарыбағыштар атқа қонып, қарсы атой салады. Есенқұлға Шу бойынан көп әскермен көмекке келген Садыр қосылады. Күндізгі соғыста екі тарап та жеңіске жете алмайды. Кешке қазақтар түнемелікке қонғанда тың күшпен толыққан Есенқұл қолы оларды қапыда басып, быт-шыт қылады. Сөйтіп, түнгі шабуылдан қазақтар жағы жеңіліп, Барақ, Жәпек, Қаумен, Жайсаң батырлар өледі. Ертесіне Садыр қырылған қазақтардың бастарын кесіп алып, үйілген бастардан «Кәлламұнара» тұрғызады… Сөйтіп ол: «Көкжал Барақты алдым, жалғыз көзді Қарақты алдым» деп мақтаныпты (Қарақ деп, мұнда Садыр Қабанбай батырдың інісі – Қарақұрсақты айтқан). Осы жеңіске масаттанған Садыр бұрынғыдан да құтырынып, бір жыл өткенде Созақ пен Шолаққорған жақтағы қазақ ауылдарын, Келес, Қазығұрт маңындағы елді шауып, көп адамдарды тұтқындап, қисапсыз мал-мүлік айдап кетеді. Садыр бұл аймақтарды шауып жатқанда Бердіқожа қолынан ажал тапқан баяғы Шонық батырдың баласы Ережеп Шымған тауынан 600-дей аламанымен түсіп, Шыршық мен Қаржантау бөктеріндегі жұртты қанға бөктіреді. Есенқұл болса, Іле бойындағы қазақтарды қуып, өзеннің оң жағына асырып жібереді. Бұл қақтығыстардан кейін, нақтысы, 1759 жылы Барақтың ұлдары Ханбаба мен Әбілпейіз Шатқал һәм Ферғана шегіндегі қырғыздарға тиіп, топалаңдарын шығарады. 1760 жылдары қазақ-қырғыз арасындағы шиеленіске Қытай үкіметі де араласып, екі елге «тату тұрыңдар» деген ниетпен елшілер жіберген. Соған қарамастан, 1764 жылға қарай Қытаймен шекаралас өңірді жайлаған Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтары Қытайға қараған Шығыс Түркістан қырғыздарының үш рет шабуылына ұшырайды. Оған тойтарыс беру үшін Абылай сұлтан Әбілмәмбет ханның ұйғарымымен өзіне қарайтын рулардан қол жиып, жорыкқа дайындала бастайды. Мұны естіген Шығыс Түркістан қырғыздары дереу Қытай үкіметінен өздерін Абылай шабуылынан құтқаруды өтінеді. Қытайлар Абылайға елші жіберіп, шығыстүркістандықтардың жіберген қателіктерін кешіруді қатты өтініп, һәм олардың бұдан былай мұндай қатыгездікке бармайтындарына сендіріп, шабысты тоқтатады. 1765 жылы оңтүстіктегі қырғыздар Қоқан билеушісі Елдана бимен бірігіп, Ташкентті қазақтардан тартып алмаққа кіріседі. Бұл уақытта Ташкент Төле бидің кенже ұлы Қожамжардың иелігінде-тұғын. Мұны естіген Абылай Түркістан бегі Балдыбек төреге Қожамжарға болысып, әскери көмек беруін сұрап, жаушы жібереді. Балдыбек Абылай өтінішіне құлақ аспай, Абылайдың хатын елшілердің көзінше жыртып тастайды және Түркістан ендігі уақытта қазақ билеушілеріне бағынбай, дербес уалаятқа айналатынын мәлімдейді. Жаушылардың осы хабарынан соң Абылай күзгі мезгілде Түркістанға аттанады. Түркістандағы Балдыбекті тәубесіне келтіріп, келесі, яғни 1766 жылдың басында Ташкент айналасындағы Елдана бек пен қырғыздар қолын шабуға шеру тартады. Мұнда келсе, қоқан-қырғыздың біріккен ғаскері Ташкент түбіндегі Піскент қорғанына тығылып алған екен. Абылай қорғаннан жан баласын шығармай, оны бір жарым ай қоршап жатады. Жағдай бұлай жалғаса берсе, өздерінің мүшкіл хәлге түсетінін ұққан қоқан-қырғыздар Абылаймен келісімге келіп, бейбіт түрде Ферғанаға шегінеді. Абылай Піскентті қоршап жатқан кезде Әбілпейіз сұлтанды Талас өзені бойындағы Қаработа деген би басқаратын қырғыздың қытай руын шауып келуге жұмсайды. Піскенттен қоқан-қырғыз қолы кеткен соң өзі Шымған үстіндегі тынымсыз қырғыздарды жуасытып, Қаработа еліне келеді. Келсе, Әбілпейіз сарбаздары Қаработаның елін талқандап, биді тұтқынға алып отыр екен. «Абылай Қаработаны босатады да, онымен «бұдан былай тату болайық» деп келісім жасайды және оның бір ұлын бас қылып, тоғыз адамды аманатқа алып, кері қайтады» (А. Махаева, «Шанышқылы Бердіқожа батыр», 138-бет.). 1771 жылы күзге қарай Еділде жатқан жоңғар торғауыттары қытайлар қырып тастаған ойрат жұртына барып қоныстану үшін Далай Ламаның шақыртуымен қазақ жерін кесіп өтіп, шығысқа бет алады. Тарихта «Шаңды жорық» деген атпен қалған осынау үдеріс, қазақ даласынан тыныш өтпей, жолындағысының бәрін жапырып жүреді. Алаш жұртының қалмаққа деген кегі әлі басылмаған кез. Кіріптар күймен келе жатса да, жол-жөнекей соғыс сала, қырғын ұйымдастырып алға жылжыған қалмақ-торғауыттың қылығын естіген қазақ батырлары дереу Балқаш бойына жиналып, жауды тосады. Мұнда да үлкен ұрыс болып, ол бірнеше айға созылады. Қазақ сарбаздары осы соғыста жүргенде, қырғыздар жағы құтырынып, оңтүстіктің біраз жерлеріне тағы ылаң салады. Ел ішінде ер-азаматтардың жоқтығын үнемі пайдаланып қалуды көздеп жүретін қырғыз батыры Есенқұл Арқарлыдағы ботпай руының ауылдарын талқандап, жылқыларын айдап бара жатқанда мал мен жан үшін арпалысып, шайқасқа түскен Сәмен батырдың ұлы Ергеніш пен қызы Мақпалды және бірнеше адамды өлтіріп кетеді. «Сол қайғылы жағдайды еске салатын: «Қайда батыр Жауғашты?! Ауылымызды жау басты! Ағайын деген қырғыздар, Жер мен малға жармасты. Сарыбағыштан құрықтай, Есенқұл деген албасты, Сәмен батыр жоқ кезде, Мақпал қызбен қармасты… Сауыты жоқ, қалқансыз, Мақпал ару мерт болды, Кек алу бізге серт болды…» деген жыр жолдары ел жадында қалған» (Ү. Бүркітбаева, «Шанышқылы Бердіқожа батыр», 101-бет.). 1773 жылы Абылай қырғызға екiншi жорығын бастайды. Бұл жолы да Шу, Талас бойындағы қырғыздарды шауып, оларды бiраз уақытқа тыныштандырып қайтады. Бірақ бұдан кейінгі бес-алты жыл ішінде екi ел арасындағы ескi дау басылмай, барымта мен кезек-кезек шабуыл үдей түседi. Қазақтар жағынан Бердiқожа бастаған батырлар ретi келсе қырғыз айылдарының топалаңын шығарады. Қырғыздар жақтан Садыр, Үсен, Теке тәрiздi қол бастаған батырлар да қарап жатпай, Қаратау, Шымкент, Билiкөл, Үшалматы өңiрiндегi Ұлы жүз бен Орта жүз тайпаларын қан қақсатады. Әсiресе, Садыр манап бiр шапқан ауыл-шаһарларды үш-төрт мәрте шауып, Шымкент, Созақ, Шолаққорған қалаларын тағы қиратып, өртке орайды. Мұндай бейбастыққа төзiмдерi таусылған қазақ билерi мен батырлары жиналып, Арқада жатқан Абылайға барады. Садыр мен басқа қырғыз би-манаптарының әбден тiзесi батқанын айтып, атыс-шабысты тоқтатуды сұрайды. Абылай ағайын қырғыз халқын және бір шабуға әуелде мақұл болмайды. Ру батырлары мен би-басшылары ақылдасып, Бұқар жырауға «Абылайды сен көндiр» дейдi. Сонда Бұқар Абылайға: Ей, Абылай ханым, Қырғыз Көкжарлы Барақты алды, Сарт пенен қазақты алды, Шолаққорған, Созақты алды, Ендi алмағаны аз-ақ қалды!.. – дейдi. Абылай осыдан кейiн ұшып тұрып, сырттағы үш жүздiң игi жақсыларының алдына шығып: «Рас, сендер айтқан Садырдың қылығы айып, тыныш жатқан елге бүлiк салған. Бiздiң батырлардiкi де айып – жортуыл жасап, өздерi барған. Мен «қой» дегенiммен, бәрiбiр қоймайсыңдар. Анау тұрған Бердiқожа да қоймайды. Мен қырғыз деп аттанбаймын, Садыр деп аттанамын! Аттанғанда үш үйден бір адам, екі адамға үш ат алыңдар. Екі адам бір биенің сүтін ішсін. Ат басына бір шідер, бір арқан алыңдар», – дейдi. Содан ол Байғозы, Бердiқожа, Жауғаш, Жарылқап сияқты батырлар бастаған бес мың қолды бастап, Сарысу бойымен келедi де, Созақ, Шолаққорған, Түркiстан, Сайрам, Шымкент, Келес төңірегіндегі кейбір жерлердi иемденген қырғыздарды қуып, Ташкентке жетедi. Ташкентте жатып, арадағы шатақты бейбiт жолмен шешудi ойлап, Шу, Талас, Ақсу, Қорағаты басындағы қырғыздарға елшi жiбередi. Өз кезегiнде қырғыздың Есенқұл биi Жайыл, Кебек, Садыр секілді би-батырларымен келiсе отырып, Жамансарттың сөз бiлетiн жиырма бiр жасар ұлы Тiлеубердiнi бас қылып, Ташкентке қырық елшi жiбередi. Келген елшiлердiң бiр тобы Абылайға: “Садыр менi “хан” деп танысын деп айтты”, – дейдi. Абылай үндемей қояды. Содан екi жақтың сөз ұстағандары “шатақтың басы сендерден басталған” деп бiр-бiрiн айыптап ұзақ сөйлейдi. Бiр кезде бағанадан берi үндемей тұрған жас Тiлеубердi сөйлейдi. Ол шатақтың басы Бәйтiк Көкiмге у берiп өлтiргенiнен басталған деп, ұзақ уақыттан бергi кикiлжiңдi саралап, аяғын Бердiқожа мен Садырдың тiрлiгiне әкеп тiрейдi. Содан қазақ пен қырғыздың ежелден дос, бауырлас халық екенiн айта келiп: «Құдайдың жерiне таласып, бiр-бiрiмiздi қыра беремiз бе, жоқ әлде, мәмiле жасап тоқтасамыз ба?!» – дейдi. Оның сөзi ойынан шыққанына разы болған Абылай: “Сендер Садырға айтыңдар. Бұдан былай елдi шаппасын. Өзiнiң жерiне кетсiн де, тынышталсын. Ал, бiз Бердiқожаны қойдырайық”, – дейдi. Қырғыз елшiлерi осы сөздi құп көрiп, өздерiнiң бас билері Есенқұл мен Жайылға Абылайдың сәлемiн жеткiзедi. Есенқұл “ендiгәрi қазаққа тиiспесiн” деп Кебектi Садырға жұмсайды. Садыр өзiн ханмын деп кекiрейiп тұрған кезi екен. Жаңағы сөздi естiгенде: “Менi хан деп танымаған Абылайға көресiнi көрсетем”, – деп шаптығады. Бұл – 1779 жылдың жазындағы оқиға. Содан Абылай амалсыздан қырғыздарға қарай аттанады. Қырғыз шебіне келгенде екі елдің арасындағы шатақта тағы да бейбіт жолмен шешуді ойлап: «Әлі де болса жауласпайық, елдесейік!» деп, Садырды келісімге шақырып, Жауғашты жұмсайды. Садыр келіссөзге көнбейді. Абылай оған екінші мәрте елші жұмсайды. Садыр бұл жолы да қисық сөйлеп, Абылайдың намысына тиетін сөздер айтып, Жауғашты қайтарады. Осыдан соң екі халықтың жанжалын жөн сөзбен шешудің мүмкін еместігіне көзі жеткен Абылай ұрысқа дайындалады. Қол астындағы алты мыңдық әскерiн үш қанатқа бөлген ол, Бердiқожа бастаған қолды Садыр отырған Таласқа жiбередi. Екiншi қолды Қорағатының басындағы солтыларға жiбередi. Үшiншi қолды Абылайдың өзi бастап, Жауғаш, Жарылқап батырлармен бiрге Әулиеатаға келедi. Бердiқожа Садырды тырп еткiзбей басып алады. Абылай Әулиеатаны оп-оңай бағындырып, екiншi қол кеткен солтыға қарай аттанады. Солтылар Қорағатының белiне бекiнiп алып, Момақан, Жайыл, Кебек би мен Үсен, Теке, Итеке батырлары қазақтарға қатты қарсылық көрсетедi. Абылай келгесiн қазақтар жеңiп, қарсыластың басты адамдарының бәрiн тұтқынға алады. Осы алапат шайқаста екі жақтан мыңдаған адамдар өліп, қолға түскен Садыр, Жайыл, Үсен, Теке және басқа да қырғыз руларының бiрқатар батыр-билерi дарға асылады. Сондағы қырғыздардың ең көрнектi адамы һәм жасы үлкен биі Жайыл екен. Сондықтан да олардың бәрi жерленген мола «Жайыл мазары» аталады. Бұл жолғы соғыстың сұрапыл болғаны соншалық, ұрыс болған жер мен майдан даласы қазақ-қырғыз арасында «Жайыл қырғыны» деген атқа ие болған. Қазақ-қырғыз шабысы аяқталған соң 1780 жылы екi елдiң шекара мәселесi бойынша келiссөздер жүргiзiледi. Қырғыздың Х1Х ғасырдағы шежірешісі Алымбектің жазуы бойынша, сонда Манас ұрпақтарының бас адамдары – Есенқұл би, Кебек би, Тума би, Қашыке батыр өзара ақылдаса келiп, Жамансартұлы Тiлеубердiнi тағы да Абылайға елшiлiкке жiбермек болады. Оның алдында Абылайға не айту керектігін ақылдаспақ ниетпен Тілеубердіге Есенқұл: «Қазақтарға не керек екенін білесің бе?» – деп сұрайды. Тілеуберді айтады: «Бұл жәйт белгілі емес пе. Қазақтың даулағаны – өзінің бұрынғы жері, қонысы. Бердіқожаның қалағаны – құн, мал», – дейді. Билер «қырғыздардың қонысы қай жерлермен шектелуі керек?» деп сұрағанда, Тілеуберді: «Басы – Үшалматы, Сарытауқұм, Қызылқия, Сантас, аяғы – Бетегелі Қойтас, арғы жағы – Қашқар, Үрімші», – деп, өз елінің шегін айтып береді. Бұған разы болған билер оның сапарына оң жол тілеп, шығарып салады. Абылай онда Түркістанда екен. Тiлеу­бер­дiнi қабыл алып, бірден: “Жарастықтың шарты мынау: Таластың суы – су шек болсын, Ырғайтыға дейiн қазаққа қалдырасың”, – дейдi. Сонда Тiлеубердi: “Сiз Таластың суы, Күйiктiң белi, Кiшiбурыл, Шоңбурыл тұсы тау шек болып, арғы Қорағатыны жиектеп, Түймекенттен Таластың суын кесіп өтіп, Әбілқайырды басып, Түгiскенге келiп, Ұланның ұршығын баса, Тескейге түсiп, Ырғайтыға дейiн жетсiн дейсiз. Менiң бұған қосарым: бұл жерлерде қырғыздың қаны көп төгiлгенiн бiлесiз. Сондықтан шекара – Шоқпардан тартып, Iлеге барып, Сарытауқұмнан тоқталсын”, – дейдi. “Ойбай-ау, бұл не деп тұр?!” – деп қазақтар жағы жапырлайды. Абылай Тiлеубердiге қарап: “Қазақтар бiзге не қалады” деп тұр ғой”, – дейдi. Тiлеубердi тағы шап етiп: “Тақсыр, қырғыздың азайып қалғаны – тау арасына кiргендiгi мен жарымы Ферғана жаққа ауып кеткендiгiнен ғой. Күйiктiң белi мен Бурылдан Бетегелi Қойтасқа дейiн қанша жер? Одан тартып, Түймекенттен Таластың аяғы қанша жер? Ұланның ұршығы менен Шоқпардан бергi ылди қанша жер? Хан тауы, Байғара, Әулиеатаға дейiн қанша жер? Iленiң бас жағы қанша жер?” – дейдi. Абылай Тiлеубердiнiң сөзiне тоқтап, Таласқа дейiнгi жердi иелiгiне алады. Осы бiтiмнен кейiн қырғыздар Iле бойын, Шу мен Таластың орта тұсын қалдырып, көшiп кетедi. Сарытауқұм мен Шоқпар қазақтарға қалады. Сөйтiп қазақтар Алатаудан Iлеге, Күйiктiң бас жағынан Қаратаудың өн бойы мен Шымкенттiң таулы өңiрiн, ал қырғыздар Ыстықкөлден Шудың басына дейiнгi жердi алатын болып сөз байласады. Абылай бекiткен сол меже осы күнге дейiн екi елдiң шекарасы болып тұр. Абылай өлген соң да ескi кектi қуған кейбiр батырлар бәрiбiр тыным таппаған. Ретi келсе, бiр-бiрiн барымталап, шауып отырған. Екі елдің шежірелері мен кейбір мұрағаттық деректерде де Абылайдан соң қазақ-қырғыз шабысы әр-әр жерде ұзақ уақытқа созылғандығы жайынан хабар береді. Ұзақ жылға созылған осы қақтығыстың басты қаһарманы ретінде ауызша және жазбаша мағлұматтарда жиі аталатын Бердіқожа батыр өмірінің соңына дейін қырғыз барымташы-зорлықшыларымен күресіп өткен. Ақыры 1786 жылы солардың қолынан опасыздықпен өлтіріледі. «Менде арман көп, себебi, қырғыз-қазақтың бiрге туғанындай күнiнде туылып, ендi бiр-бiрiмен жауласып, шiлдiң боғындай бытырап, еншi алған күндерiнде өмiрден өтiп барамын», – деп қайғылы арманмен кеткен Төле бидiң баласы, 1760-1784 жылдар аралығында Ташкентке ұлысбегiлік атқарған Қожамжар би де өмірінің соңына дейін қырғыз-қоқан бiрiккен қолдарымен соғысумен болған. Бұл жайында өзбек, тәжік тарихшыларының жазбалары мен Ташкент мұрағатында көптеген мұралар сақталған. Сонымен бiрге ХVIII-ХIХ ғасырларда оңтүстік Қазақстан мен Ташкент өңірін мекендеген дулат, қаңлы, шанышқылы, қоңырат тайпалары туралы сыр шертетін шежiре-әпсәналарда да аталмыш мәселеге қатысты бiрталай нұсқадағы әңгiмелер айтылады. Сондай мәліметтерге ден қойсаңыз, қырғыз-қазақ жалпыұлттық деңгейде болмаса да, рулық, кейбір басараздығы бар топтар арасындағы шауып кету, алып кету тәрізді оқиғалар – бергі Қоқан хандығы екі елді де басып алған уақытта да тоқталмаған. Соған байланысты Алатау, Әулиеата, Қаратау, Түркістан, Арыс, Сыр өңірлеріндегі қазақ-қалмақ жауласуы дәуірінен кейінгі уақыттарда өмір сүрген қазақ батырларының аттары қырғыз бен қоқан басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерліктері арқылы шыққан. Бұлардың қатарында шымыр Қапланбек, Қожық, рамадан Ескелді, сіргелі Тайлақ пен Назар, қоңырат Алтай мен Жарылқап, шегір Ақпан, көкірек Биназар батырлар бар. Қапланбекті 1782 жылы, Ақпанды 1822 жылы, Тайлақ пен Назарды 1831 жылы, Пошан датқаны 1842 жылы қырғыздар өлтірген. Ботбай Сыпатай мен шапырашты Сұраншы батырлар да қырғыз манаптарымен біресе жауласып, біресе достасып жүрген. Біз осы мақаланы жазу барысында бірнеше кітаптар мен зерттеу еңбектерді парақтап, бірталай мұрағаттық мұраларды көз елегінен өткіздік. Солардың ішінде Талас, Шу бойындағы қазақ-қырғыз қақтығысын басқа жазбаларға қарағанда кеңірек және ашып жазған «Алымбектин санжырасына» көбірек ден қойдық. Әлбетте, кім болса да, өз халқының тарихын жазғанда өзіне тартып жазатыны бар. Алымбек қария Абылай заманында екі халықтың басынан өткен уақиғаларды жақсы баяндағанымен, бір тарауда көңілге еш қонбайтын мәліметтерді алға тартып кетеді. Мысалы, кітабының 86-бетінде қырғыздар «Жайыл қырғынына» дейін қазақтармен таласқан жерлерге Абылай өлген соң қайта келіп қоныстанды деген сарынды ой айтады. «Кейін екі елді де Қоқан ханы басып алғанда, қазақтар Ташкент құшбегісіне жалынып жүріп, Сарытауқұм мен Үшалматыны, Әулиеата мен Шоқпар, Байғараны, Түлкібас пен Талас-Шудың төменгі екі қапталын қайта сұрап алған. Құшбегінің арқасында қазақтар аталған жерлерге мықтап орныққан» дейді. Мейлі, Алымбек шатасты делік. Бірақ осы заманғы көзі ашық, өткен тарихты дұрыс біледі делінетін ғалымдарға не жорық?! Мәселен, тарих ғылымдарының кандидаты Т. Асанов деген қырғыз ғалымы өзінің «ХVIII-ХIХ қылымдардағы қырғыз-казак чек ара маселелери» атты мақаласында Алымбектің жаңағы қателігін тарихи ақиқат, талассыз факт, дәйекті мәлімет санайды. Ойын оқушының санасына сіңіп қаларлықтай шабытпен жазып, «шындығы сондай еді» деген ниетті бетке ұстап, «жаңалық» ашқандай көсіледі. Осыны оқығанда, Алымбекты қайдам, Т. Асановты өз халқының тарихын терең білмейді екен деген ой қаумалайды. Өйткені қоқандықтар қазақтарға емес, қырғыздарға бүйрек көп бұрған. Бұған себеп Қоқанның ықпалды деген хандарының көпшілігі қырғыздармен туыстық қатынаста болған. 1770-1799 жылдары Қоқан бектігінің бегі болған әрі осы бектікті нығайтуға мол қажыр, өлшеусіз еңбек сіңірген, сонымен қатар Ташкент түбіндегі қазақтармен бірнеше мәрте соғыс жүргізіп, тауы шағылған Нарботаның ең жақсы көретін әйелі қырғыздың адығын руының қызы-тұғын. Осы қыздың Момынбек және Ырысқұлбек атты екі ағасы Нарботаның уағында Қоқан бектігінің әскеріне басшылық еткен. 1822 жылы хан тағына Мәдәлі отырған кезде Жүсіп, Полат, Сатыбалды деген қырғыздар мыңбасылық шенге жетіп, хан сарайында ықпалды тұлғалардың қатарына кірген. Мәдәліден кейін хандықты кезегімен иеленген Шералы мен Құдиярдың балалық шақтары нағашылары – қырғыздардың арасында өткен. Екеуі де нағашыларының қолдауымен таққа жеткенде қырғыздан шыққан Сопбек, Сарымсақ, Сұлтанмұрат, Әлімбек, Атабек, Шәрібек сынды кісілер хандықтың ең жоғарғы лауазымды қызметтеріне қол жеткізді. Хандар бұлармен барлық мәселе бойынша кеңесіп отырды. Әлімбек даруға жазатайым қаза тапқанда оның Құрманжан атты әйеліне Құдияр, шешесі Жарқынайымның айтуымен, датқа лауазымын беріп, сарай істеріне араластырады. Шералы хан сайланған 1842 жылы Шатқал, Талас, Нарын, Шу қырғыздары бірігіп, жеке хандық құру үшін үлкен жиын өткізеді. Екі күндік жиында тиісті мәселелерді шешіп болған соң қырғыздар сарыбағыш руынан Ормонды өздеріне хан сайлайды. Ол өз туыстары Жантай мен Қалықұлды хан уәзірлері етіп тағайындайды. Бірақ бұл хандық қоқандықтардың қолында ойнаған «қуыршақ хандық» болды. Дегенмен Қоқан билігі қырғыз ханын ауыстырмады. Оған паруанашы деген атақ берді де, жыл сайын одан тиісті алым-салығын алып отырды һәм керек кезінде қазақтарға айдап салды. Ормонның бар бітірген тірлігі – Кенесарыны өлтірумен шектелді. Одан соң өз елінің ішіндегі тірліктермен басы қатып, ағайындарымен алысумен күн өткізді. 1854 жылы бұғы руының адамдары оған қарсы бүлік шығарып, оны өлтірді. Оның өлімімен бірге Х1Х ғасырдың ортасында аз ғана уақыт өмір сүрген қырғыз хандығының да күні сөнді. Алайда қырғыз руларының басқа көсемдері Қоқан хандығы қашан құлағанша оған қызмет етті… Ия, осындай-осындай кептерді ескермей, «қоқандықтар қазақтарға қырғыздардан жер тартып әперді» деп артық кеткен Т. Асановтың пікірін өзге түгілі сауатты қырғыздар да қолдай қоймас… Бiз кейде аталарымыздың бұрынғы көршi елдермен болған қақтығыстарын – ескi дауды қозғап, қазiргi халықтар достығы арасына iрiткi салып аламыз деген желеумен өткен тарихтың бетiн тұмшалап, iске асқан нақты оқиғаларды айтудан, жазудан қашқақтаймыз. Сөйтiп, тарихтың өзi адамзатты небiр дүрбелең заманның тезiне салып, қазiр бiр-бiрiн саналы пайыммен, кең парасатты өремен сыйлайтын өркениет заманына жеткiзгенiн естен шығарамыз. Өткен тарихтың бәрiн қозғамасақ, бiз бiр кездерi орыс-түрiк, орыс-швед, орыс-немiс, қазақ-қалмақ, грек-парсы, ағылшын-француз… әйтеуiр, жер бетiндегi бiр-бiрiмен соғысқан халықтардың барлығының бастан өткерген шайқастарын да кiтаптарға жазып, хатқа түсiрмес едiк қой. Ендеше, тарих деген сабақтың өзiн болған күйiнде жазсақ, оның еш сөкеттiгi болмас, сiрә. Менiң бүгiнгi мақсатым – ХVIII-ХIХ ғасырлардағы қазақ-қырғыз қақтығысының неден туындап, қалай аяқталғаны жайында шамам келгенше оқырмандарға қысқаша мағлұмат беру едi. Қазiр қазақ пен қырғыз өркениеттiң биiк сатысына жеткен азаматтар тұратын жеке-жеке тәуелсiз ел. Екі елдің азаматтары тарихты бiлуге құмартқанымен, қазір өткен күндердегi көзқарас өлшемi бойынша өмір сүретін пайымсыз емес. Тәуелсiз ел демекшi, бiздiң негiзгi ойымыз – өз алдымызға егемен ел болғанға дейін қандай замандардың баспалдақтарынан өткенiмiздi, оның iшiнде оңтүстiк қазақтарының қысқа кезеңдегі тарихының бір парасын айшықтап беру ғана болатын. Момбек Әбдәкімұлы,  жазушы (Соңы)

Серіктес жаңалықтары