Солтүстік Қазақстанға көз салған

Солтүстік Қазақстанға көз салған

Солтүстік Қазақстанға көз салған
ашық дереккөзі

 

Бұл бассыздықты ауыздықтап, аузына келгенді оттайтын Лимонов мырзаға
тосқауыл болар ешкім табылмап еді. Алайда еліміздің Сыртқы істер министрлігі
Ресейге Лимоновтың іс-әрекетін түсіндіріп беру туралы нота жолдайтынын
жариялады.

Шүкір! Қазақстанның солтүстігіндегі бақандай 5 облысты Ресейдің меншігі деп
санайтын Лимонов мырза жауап беруі тиіс. Facebook парақшасында ол Кремльге «Нұрсұлтан
Назарбаев президенттіктен кеткен соң Қазақстанның солтүстік облыстарын аннексия
жасау» туралы ұсыныс жасайды. «Кеңес құрамында болған екі республика Украина
мен Қазақстан қиын кезеңдерді бастан кешіруде (…). Қазақстанда девальвация
болды. Осы екі елде болып жатқан оқиғаларға өзім қуанып отырмын. Ресей ерінбесе
Украинаның жартысын, Солтүстік Қазақстанды алады деп сенемін. Қазақстан билікке
таласып жатқанда Ресейдің қалаларын өзімізге қайтара аламыз», – деді ашық ойын
білдіріп. Тіпті осы жарияланымнан кейін бұл Лимоновтың емес, Кремльдің жоспары
ма деп қаласың…

Бұл іске енді ғана кіріскен Сыртқы істер министрлігінің өкілі Жанболат
Үсенов қоғам қайраткерінің орынсыз пікірі тіпті сорақы деген пікірде.  «Біз Лимоновтың қандай
мақсатпен айтқанын білмейміз, бірақ оның психикалық денсаулығы ойлануға тұрарлық.
Қазақстан Республикасының территориясы мен тәуелсіздігіне қол сұғылмайды.
Кімнің тарапынан болса да озбырлығын көтермейміз», – деді Үсенов мырза. Лимонов
мырзаның озбырлығына қатысты СІМ Ресейге нота жіберуге бел буыпты. «Ресей –
Қазақстанның стратегиялық серіктесі, одақтасы және досы. Лимоновтың абсурдты
пікірі Ресей мен Қазақстанның сыртқы саясатына әсер етпеуі тиіс. Біз Лимонов
мырзаның бұл қылығына ресейлік әріптестеріміздің тіисті жазасын беретіндігіне
сенеміз», – деді ол. Екі ел арасына от салатын пікірлер бұған дейін де Ресей
саясаткерлері тарапынан айтылған. Бірақ қандай да тыйым мен жазаның берілгенін
естімептік. Оған Жириновский мырзаның бір емес, бірнеше жыл бойы айтылған біржақты
пікірлері дәлел. Ол аз болса, артынан сөз ерген жазушы Лимонов бұл пікірімен 90
жылдардан бері бөлісіп келеді екен. Десек те бұл пікір Кремльдің емес, жай ғана
сайқымазақтың пікірі деп білейік.