Әлихан Смайлов, ҚР Статистика агенттігінің төрағасы: АСТАНАДА ӘТІР  40 ПАЙЫЗғА АРЗАНДАДЫ

Әлихан Смайлов, ҚР Статистика агенттігінің төрағасы: АСТАНАДА ӘТІР  40 ПАЙЫЗғА АРЗАНДАДЫ

Әлихан Смайлов,  ҚР Статистика агенттігінің төрағасы: АСТАНАДА ӘТІР  40 ПАЙЫЗғА АРЗАНДАДЫ
ашық дереккөзі
240

 Мемлекет «бағаны ұстап тұрамыз, бір деңгейге келтіреміз» деп уәде берсе де, теңге құлдыраған күннің ертесінде-ақ ірі сауда орталықтары мен компаниялар, кейбір жанармай бекеттері тауар сатудан бас тартып, есігіне бірер күнге құлып салғаны жасырын емес. 

Бұл орайда Премьер-министр Серік Ахметов өңірлердің әкім­де­ріне тиісті шара қолдану ту­ралы ескертілді деген болатын. «Тұрмыстық тауарлар бағасына девальвация әсер етпеуін және отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату шаралары аймақ басшыларымен келісілді. Тұрақтандыру қорлары арқылы аймақтарда барлық мүмкіндіктер жасалады. Ал жанармай бағасы қатаң бақылауға алынады», – деді Үкімет басшысы. Алайда қала дүкендері мен дүңгіршектері бағаны өз қалауы бойынша қойып алғаны анықталуда. 

Бағаны ауыздықтау аймақтарда үлкен қиындықтар туғызып отыр. Мәселен, Шымкентте айдың басында 1 кг макарон өнімдері 155 теңге тұрса, қазір 455 теңгеге бір-ақ көтерілген. Алматыда картоп бағасы 100 теңгеден – 150 теңгеге, 240 теңгелік сүт бірден 280-300 теңгеге секірген. Мұндай жағдайлар Қызылорда мен Таразға да тән. Әзірге ұн, май және ет бағасы ғана ауыздықталған. Ал қалған өнімдерге онша бақылау жоқ сияқты. Мәселен, ірімшіктің бағасы екі еселенгені Алматы, Астана, Ақтөбе, Талдықорған, Тараз қалаларында тіркелген. Әсіресе жеміс-жидек пен көкөніс бағасы шарықтап кеткен. Себебі бұл тауардың 90 пайызы шетелдерден импортталатыны белгілі. Соңғы күндердегі ең қызықты ұсыныс, басшылардың қап-қап ұн алудың қажеті жоқ дегені. 

Бұл орайда ҚР Статистика агент­тігінің төрағасы Әлихан Смай­лов Орталық коммуникациялар қызме­тінде өткен брифинг барысында деваль­вацияның азық-түлік бағасына әсер етпей қоймайтыны туралы айтты. «Өзіңіз дүкендерге кіріп көрдіңіз бе?» деген сұраққа Әлихан Смайлов мүдірместен: «Мен девальвациядан кейін дүкендерге кірдім. Мысалы, Астанада әтір-парфюмерияға қазір 40 пайыз жеңілдік жүріп жатыр, ал бұл білсеңіздер импорттық өнім. Ал азық-түлікке келер болсақ, мен азық-түлік дүкендеріне барғанда бағаның өскенін байқаған жоқпын. Жақында ақпан айы бойынша қорытынды жасаймыз, 20-сы мен 25-ші ақпан аралығындағы бағаға мониторинг жүргізіп, 1 наурызда инфляция бойынша бағаны жариялаймыз. Бірақ девальвацияның әсері бәрібір болады», – деді Смайлов мырза. Жұртшылық әтірдің арзандағанын дәтке қуат етсін деген шығар, сірә?! 

Табиғи монополияларды реттеу агент­тігінің төрағасы Марат Ос­панов та бағаны өзгеріссіз ұстаймыз деді. «Азық-түлік, шаруашылық тау­арлары, қызмет көрсетудің бар­лық түрі бойынша баға өзгермейді. Ал­дағы өзгерістер жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Коммуналдық қыз­мет түрлеріне де баға көте­ріл­мейді. Әсіресе жылу-электр-сумен қамтамасыз ету бойынша ба­ғаларды қатаң бақылауға алдық. Өйткені бұл отандық өнімдерден алынады», – деді Оспанов мырза. 

Десек те қымбатшылықтан қа­шып құтылу жоқ. Бұл жайтты мемлекет алдын-ала ескертіп отыр, яғни «бағаға болашақта енгізілетін өзгерістер жоспар бойынша жасалды» дейді. Кейбір өндірістік жұмысшылардың жалақысына 10 пайыз үстеме қосылады, ал қалғандары не істемек? 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары