Білім жүйесі – консервативтік жүйе болуға тиіс

Білім жүйесі – консервативтік жүйе болуға тиіс

Білім жүйесі – консервативтік жүйе болуға тиіс
ашық дереккөзі

Шыншыл, досқа адал, мәдениетті де білімді жандарды жоғары бағалайды. Өйткені олардың барлығы өз бойында бар асыл қасиеттер. Кезінде аса жауапты лауазымдарды атқарғанына қарамастан өте қарапайым. Қоғамдық өмірге белсене араласатын ол өмірінің әр сәтін мағыналы өткізуге дағдыланған. «Түркістан» газетінің бүгінгі қонағы – заң ғылымдарының докторы, «Шеврон» корпорациясының Еуразиялық бөлімшесі құқықтық кеңесшісінің басқарушысы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Кедендік, қаржылық және экологиялық құқық кафедрасының профессоры, Қазақстан мұнай-газ саласы заңгерлері ассоциациясының президенті, KazBar Басқарма кеңесінің мүшесі Жұмагелді Елубаев мырза.

«Білім мен ғылым саласы ақсап тұр»


– Жұмагелді Сәкенұлы, халқымыз көп өмір сүргеннен емес, көпті көргеннен ақыл сұра дейді. Тіршіліктің талай асуын астыңыз. Өмірден не түйдіңіз?
– Шынымды айтсам, жастың ұлғайғанын тіпті, сезінбеймін де. Құдайға шүкір, қажыр-қайратым бойымда, алға қойған арман-мақсаттарым жетерлік. Соларды іске асыруға асығамын. Негізі әрбір жас адамға өзінше қызық қой. Мен бұрынғыдай белсендімін, айтулы компанияда жұмыс істеймін, жоғары оқу орнында сабақ берем, ғылыммен шұғылданамын, кітап жазып жүрмін. Маған барлығы қызық, аға буын, орта және жас буын өкілдерімен түгел араласамын. Қазір жұбайым Жібек екеуміз өмірдің қызығын көрудеміз, балалар ержетті. Ұлды – ұяға, қызды қияға қондырдық. Үш немереміз бар. Немерелерімізбен әр кездескен сайын қуаныштан төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей қалады. Бақыт деген осы ғой!
– Сіз неге заңгерлік мамандықты таңдадыңыз?
– Менің заңгер болсам деген арманым КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Шекара әскері теңіз бөлімінде әскери борышымды өтеп жүрген кезімде пайда болған. Алдымен КСРО МҚК Жоғары мектебіне түсуге талпындым. Құжатымды қабылдаудан бас тартқандар орта мектепті бітірген аттестатымдағы бағаның төмендігін айтты. Негізі алған бағаларым аса жаман емес еді. Меніңше, отбасылық тарихым кедергі болған сияқты. Өйткені 1937 жылы менің арғы атам «төңкеріске қарсы әрекет етті» деген айып тағылып, тек 1990 жылдары ғана ақталды. Атам мен әкем де «зиян келтіргені және іріткі салғаны» үшін түрмеге қамалған. Бірақ олар да ақталып шықты. Менің мамандық таңдаудағы арманыма кедергі болған осы жайт сияқты. КСРО-дағы ең мықты жоғары оқу орындарының бірі – Свердловск заң институтына түсуге шешім қабылдауыма себеп болған да осы кедергі. Екі жасаған талпынысымның нәтижесінде, сот-прокурорлық факультеттің студенті атандым. Сабақты жақсы оқыдым, қоғамдық жұмысқа белсене аралас­тым, тарығып қалмас үшін түнде және демалыс күндері жұмыс істедім. Яғни, заңгер болсам деген арманыма қол жеткіздім және дәл осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін.
– Қазір жас заңгерлерді баулып жүрсіз. Жас әріптестеріңіз туралы пікіріңіз қандай?
– Бес жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті заңгерлік факультетінің магистратура мен PhD деңгейін меңгеретін жастарға дәріс беріп жүрмін. Олардың дип­лом жұмыстарын дайындауда ғылыми жетекшілік етемін. Басқа жоғары оқу орындарында табиғи байлық құқығы мен экологиялық құқық тақырыбына лекция оқимын. Өкінішке қарай, мектептер, колледж­дер мен университеттердегі білім беру жүйесінің деңгейі кеңестік жүйемен салыстырғанда, әлдеқайда төмен. Әрине, Қазақстанда үлгі етуге лайықты білім ордалары бар. Бірақ саусақпен санарлықтай. Соған қарамастан, жақсы білім алғысы келетін студенттер сабағына жауапкершілікпен қарап, ұстаздық етуден жалықпаған мұғалімдерінің еңбегін ақтап жүр. Меніңше, білім беру мен жоғары оқу орындарын үздіксіз реформалау, министр болған әр шенеуніктің түбегейлі зерттеп алмай жатып өзінше жаңалық енгізуге ұмтылуы, яғни, реформалауының соңы сапаның төмендеуіне, келеңсіздіктерге әкеп соқты. Тәуелсіз сарапшылар тарапынан зерттелмеді әрі әр министр өзінің атын тарихта ұлы реформатор ретінде қалдырғысы келіп жанталасуынан қателіктерге ұрынды. Ал олардың кейбірі билік басына өзінің қаржылық қиындықтарын шешу үшін, яғни, мемлекеттік бюджеттен халықтың қаржысын жымқыру үшін келеді. Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында бұған келтіретін дәлелдер жетеді. Кейбір мұғалімдердің білім саласын «батпанқұйрыққа» айналдырып алғаны тағы бар. Студенттер білімін бағалауда, жоғары оқу орындары, колледждер мен дип­лом қорғауда пара дәмететіндердің бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Мен мұндай лас тірлікпен ұстаздардың бәрі айналысады дей алмаймын. Білім саласында адал тер төгіп жүрген мұғалімдер көп. Біздегі білім жүйесінің құрдымға кетпей, аман қалуы сондай ұстаз деген атқа лайық жандардың арқасы. Тәуелсіздік алғанымызға 22 жылдан асса да оқу бағдарламасының тұрақталмауы, сапалы оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарының болмауы түлектердің білім сапасын төмендетті. Жыл сайын жоғары оқу орындарының ректорлары мен жаңадан тағайындалған білім министрі өзіне дейінгі қалыптасқан ереже-қағидаларды жоққа шығарады да, жаңадан талап қояды. Ескі ережеден неге бас тартқанын түсіндірмейді де! Жаңа ережелер мен талаптарға сай болу үшін ұстаздар қауымы оқу бағдарламаларын өзгертіп, қағазбастылықпен әлекке түсіп жүргені. Осының кесірінен алтын уақыттары зая болады, кәсіби біліктілікті арттыруға, лекциялық материалдарын жақсартуға, жаңа әдебиеттерді табу үшін ізденуге, әріптестермен тәжірибе алмасуға мұршалары жоқ. Қағаз жүзінде ғана маңызды, ал іс жүзінде құны көк тиынға татымайтын тірлік бұл.
Білім жүйесі мен жоғары мектеп консервативтік жүйе болуы тиіс. Тиімді тәсілдерге сүйенетін тәжірибе әбден електен өткізіліп барып, тың өзгерістер білім жүйесіне абайлап енгізілуі керек. Әлем бойынша сапалы жүйелердің бірі болған кеңестік білім жүйесін біз қалай мақтан тұтушы едік? Жаңасын ойлап үлгерместен, сол сапалы жүйеден айрылып қалдық. Реформаларға қарсы емеспін, бірақ ол жоспарлы түрде, алдын ала егжей-тегжейлі зерттеліп барып енгізілуі қажет әрі уақыт сынынан сүрінбеген тұжырымдама болуы шарт.
– Отандық ғылым жүйесі туралы ойыңызды білсек? Тәуелсіздік алғалы бері бұл салада қандай өзгерістер болды?
– Ғылым саласының ақсап қалуы да білім жүйесіне қатысты олқылықтардан. Жоғары оқу орындарындағы ғылым кандидаттары, доктарларының ғылыммен шұғылдануына уақыт тапшы, сабаққа дайындалу және ұйымдастыру жұмыстарымен-ақ қолдары тимейді. Меніңше, ғылыми атағы барлар тым болмаса өздері маманданған салада ғылыми зерттеулермен айналысуға міндетті. Кез келген ғылыми атақ нақты ғылыми жұмыстармен, ғылыми өмірге белсене араласумен, тақырыптық сөзсайыстарға қатысумен т.б. өлшенуі тиіс. Өкінішке қарай, ғылыми мамандарды дайындау, ғылыми атақтарды қорғау мен ғылыми атақ беруде кеңестік жүйеден бас тарту, Болондық конвенцияға (Болондық процесс) қосылуды сылтауратып, PhD жүйесін енгізудің соңы ғылыми қызметкерлерді дайындаудағы дәстүрлі үрдістен айырды. Негізі Болондық конвенция ұлттық білім беру мен маман дайындау жүйесін жоққа шығармайды. Тек біздің білім саласына қатысы бар шенеуніктер «атың шықпаса, жер өртенің» керін келтірген сияқты: батыстық білім беру жүйесінің басты мақсатын, өзегін, қағидалары, міндеті мен ережелерін терең түсінбесе де, сол күйі көшіріп алды. Отандық білім жүйесіне, маман дайындауға сор болған да осы. Енді бұрынғы сапалы білім беру мен ғылым саласын кері қайтару үшін реформалар емес, білім саласында төңкеріс жасауға тура келеді немесе эволюциялық жолмен жоғымызды біртіндеп түгендейміз.
– Сіздіңше, отандық білім мен ғылымның келешегі қандай?
– Тек жағымсыз жайттарды тізбелеп, қара аспанды төндіргім келмейді. Әрине, біздің қоғамның көзі ашық, көкірегі ояу. Бұл бұрынғы білім жүйесінің арқасы. Ғылыми еңбектері, кәсіби білігі мен білімі, тәжірибесі арқылы қоғамды сауаттылыққа үндейтін ұстаздар шоғырын мақтан тұтамыз. Заң саласында тың серпіліс жасаған майталмандар – Сұлтан Сартайұлы Сартаев, Майдан Күнтуарұлы Сүлейменов, Анатолий Александрович Диденко, Игорь Иванович Рогов, Күләш Мұратқызы Ілиясова т.б. Қазақстандық білім мен ғылымды дамыту үшін бұрынғы жүйені қайтаруымыз керек. Ғалымдарымыз кандидаттық немесе докторлық еңбектерін Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанда емес, өзіміздің елде қорғауы шарт. Бұл жас ұрпақтың арасында өз кәсібін шебер меңгерген майталмандардың қалыптасуына сеп. Қазіргі магистр білімі мен ғылыми дайындығы жағынан алғанда, заң ғылымдарының кандидатымен бір деңгейде деуге келмейді. Немесе PhD (философия докторы) деңгейлі маман ғылыми атағын КСРО кезінде қорғаған заң ғылымдарының докторына қарағанда, әлдеқайда салмақты дей алмаймыз.

«Мемлекеттік қызметтен өз еркіммен бас тарттым»


– Өмірбаяныңызға көз жүгіртсек, 20 жыл бойы мемлекеттік қызметті атқарыпсыз. Қазір мүлдем басқа салада тер төгіп жүрсіз. Бір біріне кереғар дүниелер. Бір саладан екіншісіне бейімделу Сізге қиынға соқпады ма?
– Мемлекеттік қызметті тастау да, жекеменшік салаға бейімделу де қиын болды. ҚР Әділет вице-министрі лауазымынан өз еркіммен бас тарттым. Яғни, мені кетуге ешкім күштеген жоқ. Оған себеп болған жайттар бар. Мемлекеттік қызметтен алшақтауға қатысты шешімді қабылдаған сәтте (1997 жылдың қарашасы) ҚР Үкіметі бір жылдың ішінде екі рет отставкаға жіберілген еді. Әлбетте, бұдан министрліктердің басшылары да шет қалмады. ҚР Үкіметі екінші рет отставкаға кетіп, ҚР Әділет министрлігінің жаңа құрамы жасақталған кезде елімізге еңбегі сіңген әрі танымал заңгер Константин Анатольевич Колпаков министрлікке қайта тағайындалған жоқ. Оның орнына келген жаңа министр Бауыржан Мұхамеджанов орынбасарларының командасын құрғанда маған орын бұйырмады. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі болуға немесе ҚР Жоғарғы сотына судья ретінде кері қайтуға ұсыныс жасалды. Алайда, екі ұсыныс та менің көңілімнен шыққан жоқ. Әрі сол сәтте менің қызым мектепті бітіріп жатқан болатын, ал мен «қызым жоғары білімді шет елде алса» деп армандадым. Жоғарғы шенді шенеуніктің жалақысын алатын адамға бұл қол жеткізбек арманмен тең. Әрі қызымнан кейінгі кезекте онымен тетелес өскен ұлым тұрды. ҚР Үкіметі отставкаға кетпестен 2 айдай уақыт бұрын «Шеврон» корпорациясынан «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорнына заңгерлік қызметті басқаруға қатысты ұсыныс түсті. Ойлана келе, мемлекеттік қызметтен бас тартып, маған мүлде бейтаныс сала – халықаралық бизнес­ке бет бұрдым. Таңғалғаным, «Шеврон» корпорациясы «Теңізшевройлға» жұмысқа тұрмас бұрын қойған талаптарымды түгел қабыл алды. Мінеки, он алты жылдан бері «Шевронның» жүйесінде жұмыс істеп келемін және жасаған таңдауыма түк те өкінбеймін. Өйткені мен үшін жұмыс пен шығармашылықтың жаңа көкжиегі ашылды, отбасылық жос­парларымды жүзеге асырдым. Жаңа лауазымға тез бейімделіп кете алмадым. Бұған дейін мемлекеттік деңгейдегі аса маңызды шешімдерді қабылдап, сандаған кездесу мен келіссөздерге қатысып, мемлекеттік қатынастарға ықпал ететін шаралардың қақ ортасында жүруге үйреніп қалғанмын ғой.
– Он жылдан астам уақыт «Теңіз­шевройл» біріккен кәсіп­ор­нында тер төктіңіз. Қазір «Шеврон» корпорациясының Еуразиялық бөлімшесіндегі заң департаментін басқарасыз. Екі қызметтің тоғысар тұсы қайсы?
– Халықаралық бизнес сала­сындағы жұмыс өте қызықты боп шықты. Себебі, қызмет барысында батыстық және қазақстандық іскерлік мәдениетті ескеруге, бизнесті жүргізудің халықаралық талаптары мен халықаралық құқық қағидаларын басшылыққа алуға міндеттейді. Мен «Теңізшевройлда» да, «Шеврон» корпорациясының Еуразиялық бөлімшесінде де жоғары сапалы кәсіби заңгерлердің тобын құрдым. Еуразиялық кеңістікте «Шевронның» бизнес-жобаларына заңгерлік қолдау көрсетіп жүрген әріптестерімді мақтан етемін.
– Соңғы кездері 50 жылдан кейін Жер шарындағы мұнай қоры таусылады деген болжамды жиі естиміз. Сіздіңше, Қазақстан мұнайының әлеуетін тиімді пайдаланып жатырмыз ба?
– Мен мұнайшы да, геолог та емеспін. Сондықтан мұнай қорының 50 жылдан кейін таусылатынына қатысты ештеңе айта алмаймын. Алайда, KAZENERGY Ассоциациясының соңғы форумында көптеген танымал әрі беделді мамандар мен сарапшылар 30 жылдан кейін энергетикалық нарықта көмірсутегілерге деген сұраныстың өте жоғары болатынын және әлемдік көмірсутегі қоры сұранысты қанағаттандыруға жететінін айтты. Аталған форумда көмірсутегі қорларын тиімді пайдалана отырып, олардың қызығын келешек ұрпаққа да көрсетудің жолдары қарастырылды. Мұнай мен газ қорының көлемі жағынан алғанда, Қазақстан әлемдік ондыққа кіреді. Бүгінде құрлықтағы кен орындары белсенді түрде игерілуде. Теңіздегі жалғыз жоба – көмірсутегі шикізатына аса бай Қашаған жүзеге асырылуға дайын тұр. Білуімше, егер ендігі игеріліп жатқан және келешекте игерілетін кен орындарын тиімді пайдалансақ, қазақтың мұнай және газ қоры кем дегенде 50 жылға жетеді. Бұл жерде Каспийдің солтүстік бөлігінде барлау жұмыстары жүргізілген, бірақ әрі іске асырылмаған кен орындарын ескеру қажет. Әрі ғылым да бір орнында тұрған жоқ, үздіксіз даму үстінде. Атом, жел, Күн, су т.б. пайдалану арқылы қуат көзін алудың балама жолдары қарастырылуда. Аталған қуат көздері әлемдік көмірсутегі нарығында лайықты бағаға ие болуы тиіс. Сондықтан келешек ұрпақтың экономиканы дамытуға және лайықты өмір сүруіне мүмкіндігі бар. Арандатуға, жағымсыз ойларға бой алдырмай, ертеңгі күнге үмітпен қарау қажет. Ал қазақ мұнайын тиімді пайдалануға келсек, Қазақстанның посткеңестік кеңістікте қол жеткізген жетістіктері табиғи байлықты тиімді пайдаланғанына тікелей қатысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасы мен Үкімет Қазақстанның табиғи ресурстарын игеру үшін Шеврон, ЭксонМобил, Бритиш Петролеум, Тоталь, Ени, Бритиш Газ, Шелл сияқты басқа да шетелдік компанияларды тартуы – өте дұрыс шешім болды. Дәл осы компаниялар Қазақстанға мол ақшамен бірге заманауи технология мен бизнесті басқарудың тәсілдерін ала келді. Осының арқасында еліміз қазір кейбір маңызды көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарында. Экономикамыз, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі, жалпы біздің қоғам көршілес жатқан Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Балтық жағалауы елдері мен Шығыс Еуропа (Румыния, Болгария т.б.) әлдеқайда бөлек. Ұлттық қордағы ондаған миллиард АҚШ доллары ертеңгі күнге деген сенімділікті күшейтеді. Мұнай-газ саласын дамыту елдегі басқа салаларды да аяғынан тік тұрғызуға сеп. Осының барлығы Қазақстандағы қазба байлықты тиімді пайдалана білгеннің арқасы. Әлбетте, бәрі керемет деуге келмес. Қазба байлықтарын мемелекеттік басқарудағы кемшіліктер, құзырлы мемлекеттік органдардың мұнай компаниялары жұмыстарына шектен тыс жиі араласуы, шенеуніктер арасында жемқорлықтың дендеуі, заңдардың тұрақсыздығы мен басқа да олқылықтар табиғи байлықтарды пайдалана отырып, экономиканы дамытуға кедергі болады. Бұл өз алдына бөлек қаузайтын тақырып…
– Кен орындарын игеру негізінен экологияға кері әсер етеді. Биыл еліміздегі «Шеврон» сияқты ірі компаниялар Астанада Экологиялық форум өткізуді қолға алды. Қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болған осы жобаның нәтижесі қандай?
– Қазір біз экологиялық проблемалар өте кең ауқымды қамтитын күрделі уақытта өмір сүріп жатырмыз. Жер шарының көптеген тұрғыны қоршаған ортаның бүгіні мен ертеңіне алаңдайды. Біздің барлығымыз қоршаған ортаның таза әрі жағымды болғанын қалаймыз ба? Болашақ ұрпаққа таза ауа, таза су, құнарлы жерді мұраға қалдырғымыз келе ме? Еліміз бен экономикамыздың бәсекелестікке төтеп беруіне мүдделіміз бе? Өкінішке қарай, заманауи өндіріс қоршаған ортаға ықпал етеді. Адам үнемі табиғи қорларды пайдаланады, өңдейді, жұмыс барысында табиғатты ластайды. Бірақ табиғаттың қоры шексіз емес, таусылудың алдында. Сондықтан мұны Жер шарының әрбір тұрғыны жете түсінуі, үнемі мәселе көтеруі, экологияны сақтаудың, қоршаған ортаны қорғаудың жолдарын қарастыруға белсене араласуы қажет. Әйтпесе, жағдай тым ушығып кетуі мүмкін.
ҚР Конституциясында мемлекет адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауды мақсат етеді. Заң тілімен айтсақ, біз бәріміз де жағымды қоршаған ортада өмір сүруге қақымыз бар және оны қамтамасыз етуді мемлекеттен талап ете аламыз. Ал мемлекет бұл міндетін мүлтіксіз атқарып жүр ме? Өкінішке қарай, олай дей алмаймыз. Қазақстанның қазіргі экологиялық заңы жетілдірілген нормаларына қарамастан, өте үлкен кемшілігі бар – ластанған қоршаған ортаны қалпына келтіру, оны жақсартып, дамыту басты мақсаттар тізімінде емес. Экологиялық заңнама мемлекеттік бюджетті толтырудың тетігіне айналды, ал өндірілген қаражат табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны қалпына келтіру шараларына жұмсалмайды. Табиғат үшін ақша алумен бірге табиғатқа арнайы қаржы құюды қолға алатын кез жетті. «Шеврон» корпорациясы 2012 жылдың қарашасынан бастап ҚР экологиялық заңнамасына өзгерту енгізу үшін ұсыныстар дайындауды қолға алды. Бұл бастаманы «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг», NCOC, ҚазЭнерджи Ассоциациясы, КАПУР Ассоциациясы, Қазақстандағы Америкалық сауда палатасы т.б. ұйымдар мен жеке тұлғалар қызу қолдады. Осы бастаманы жүзеге асыру барысында орасан зор жұмыс атқарылды, сан саладан заңгерлер, экологтар, технологтар көптеген ғалымдар, мамандар мен сарапшылар тартылды. Олардың ішінде ғылым докторлары мен кандидаттары бар, сондай-ақ, ғылыми шені болмаса да, өз ісінің шебер маманы атанған азаматтар атсалысты. Аталған жобаны дайындау барысында біз азаматтардың лайықты табиғатта өмір сүруге қақы барын, мемлекет пен табиғи ресурс­тарды пайдаланушылардың мүддесін негізге алдық.

«Мен бақытты жанмын!»


– Жұмагелді Сәкенұлы, өміріңіз қарбаласқа толы: «Қазақстан мұнай-газ заңгерлер ассоциациясының» (KPLA) президенті, KazBar Басқарма кеңесінің мүшесі, бірқатар арбитраждардың арбитры, Корольдік Арбитрлар Институтының (MCIArb) мүшесі, Ресей-Британдық заңгерлер Ассоциациясының мүшесісіз, Қазақстан Республикасындағы көптеген заңнамалық құжаттарды дайындауға үлес қостыңыз, «Недропользование и право» журналының бастамашысы әрі бас редакторысыз, ғылыми еңбектер мен мақалаларыңыз қанашама. Сіздің белсенді қызметіңіз бен қол жеткізген жетістіктеріңізді тізбелесек, талай уақыт кететіні сөзсіз. Уақытты соншалықты ұтымды пайдаланудың сыры неде?
– Оның ешқандай құпиясы жоқ. Өз ісіңді жақсы көріп, ұйымдастыру жұмыстарын жоғары сапалы ету керек. Қоғамдық жұмыс, құқықтық пуб­лицистика, ғылым – мені қатты қызықтырады, заңдық қоғаммен біте қайнасып, қызықты оқиғалардың қақ ортасында жүремін. Әрі әрбір ісімнен ләззат аламын. Денсаулығыңды, дене бітіміңді қадағалап отыру қажет. Әсіресе, жасың 50-ден асып кеткеннен кейін шығармашылық қалыпты бір деңгейде ұстап тұру аса маңызды. Мен аптасына 3-4 рет фитнес-клубқа барамын, залда жаттығу жұмыстарын жасап, суда жүзіп, басқа да тиімді шараларға көңіл бөлем. Ал демалыс күндері жұбайым екеуміз ұзақ уақыт бойы жаяу қыдырамыз. Қазір қысқы маусым ғой, соңғы жылдары шаңғы тебуді қолға алдым. Ендігі «сарыауыздар» арасында қар үстінде сырғанаудан чемпион атанып үлгердім. Осыдан бір-екі жыл бұрын теңіз деңгейінен 4376 метр биіктікте жатқан Комсомол шыңын (қазір географиялық картада көрсетілмесе де, «Назарбаев шыңы» деп аталады) бағындырдым. Өмір осылайша зымырап өтіп жатыр…
– Он бір жылдан бері «Қазақстан мұнай-газ заңгерлер ассоциациясының» (KPLA) президентісіз. Аталған құрылым туралы қысқаша баяндап берсеңіз?
– KPLA – менің мақтанышым. Бірнеше жыл бұрын осы салалық әрі кәсіби Ассоциацияны құру туралы бастамамды қолдаған барлық әріптестеріме алғысым шексіз. Атап айтсақ, заң саласының мэтрі, заң ғылымдарының докторы Майдан Күнтуарұлы Сүлейменов; профессор, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Сафинов; Қазақстанның ірі заң фирмаларының басқарушы серіктестері – Айгүл Кенжебаева, Ольга Ченцова, Тілек Байғабылов, Байрамалы Ахмедов, Айдын Бикебаев т.б. Сондай-ақ, «Теңізшевройл» компаниясының Келісімшарт-құқық­тық бөлімінің заңгерлері, басқа да мұнай компанияларының заңгерлері де атсалысты. Бүгінде біздің Ассоциациямыз заңгерлердің беделді де тәуелсіз қоғамдық бірлестіктерінің қатарында. «Атырау халықаралық құқықтық конференциясы» сияқты форумдар мен Ассоциация тарапынан ұйымдастырылатын басқа да шаралар ашық пікірталастың, мұнай-газ саласын дамытудың келешегі мен түйткілдерін талқылайтын, мамандардың кәсіби білігін арттырудың жолдарын қарастыратын азат мінберіне айналды. KPLA көп ұзамай, өзінің «Недропользование и право» журналын жарыққа шығарды. Журнал – әр санында барлық материалды ағылшын және орыс тілінде қатар жариялайтын посткеңестік кеңістіктегі жалғыз басылым.
– Алпыстың асқар шыңына шыққан азамат ретінде Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз? Сіз өзіңізді бақытты жанмын деп есептейсіз бе?
– Иә, мен бақытты жанмын. Өйткені мен сүйікті ісіммен айналысамын, жанымды бақытқа бөлейтін отбасым бар. Құдайға шүкір, әлеуметтік ахуалымыз жақсы. Балалар сапалы жоғары білім алды, отбасын құрды, жұмыс істеп жүр. Шаңырағымызға бақыттың нұрын құйып, шат күлкімен толтырған үш немереміз бар. Достарыммен, әріптестеріммен жиі араласамын, алға қойған арман-мақсаттар көп… Сірә, Адамның бақыты – осы шығар.
– Әрбір адамның мақтанышы, бар байлығы – отбасы. Шаңы­рағыңыз туралы айтқанда үніңізде мақтаныш лебі еседі. Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Өмірдің ыстық-суығына бірге төзіп келе жатқан жұбайым Жібек –қолдаушым, алға ұмтылдыратын, күш беретін, шабытымды шалқытатын музам! Менің бар ғұмырымда қол жеткізген жетістіктерімнің жартысына жуығына жан жарымның арқасында қол жеткіздім десем, артық айтқандық емес. Алтын асықтай ұлымыз бен қарлығаштай қызымыз бар. Қызым Жанар Қазақ гуманитарлық-заң университетінің заң факультетін бітірді. Англияның ең беделді құқық мектептерінің бірі – Ноттингем университетінде бакалавр дәрежесін алғаннан кейін сол оқу орнында екі жыл бойы тәжірибе жинақтады. Сосын Лондондық экономика және саясат мектебінде магистрлық дәрежесін қорғады. Шет елдер мен Қазақстандағы түрлі заңгерлік фирмаларда жұмыс істеді. Қазір «CОLIBRI» компаниясының серіктесі. Ұлым Жанат бизнес-әкімшілік пен бухгалтерлік есеп саласы бойынша бакалавр дәрежесін алған. Сондай-ақ, ҚР Президенті жанынан ашылған Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында (КИМЭП) әлеуметтік ғылымдар бойынша бакалавр атанды. 2009 жылы Солтүстік Вирджиния Университетінде (Прага, Чехия) қаржы саласы бойынша іскерлік әкімшілік магистрі дәрежесін қорғады. Ал Назия, Жания, Аружан атты үш немеремнің жөні бөлек! Олар – біздің мақтанышымыз бен қуанышымыз. Келешегінен көп үміт күтетін немерелерімнің сабақтағы және өмірдегі жетістіктерін көргіміз келеді. Олардың өз Отанының лайықты қыздары болатынына сенімім кәміл. Осылайша уақыт пен ұрпақ сабақтастығы жалғаса бермек.
– Сіз үшін қандай адамдар қымбат? Адамдар бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?
– Ең алдымен шыншылдық, мәдениеттілік, интеллект пен білімділік, өз жұмысына деген жауапкершілік, досқа деген адалдықты жоғары бағалаймын.
– Жыл сайын еліміз ерекше қарқынмен дамып келеді. Сіздің соңғы он жылда есіңізде қалған аса маңызды оқиғалар қандай?
– Соңғы он жылда мен үшін, отбасым үшін көңіл толқытатын көп жайт болды. Біріншіден, балаларым жоғары білім алды, ұлымды – ұяға, қызымды қияға қондырдым. Немерелі болдым. Екіншіден, «Теңізшевройл» кәсіпорнынан «Шеврон» корпорациясына тұрақты жұмысқа ауыстым. Үшіншіден, докторлық диссертациямды қорғап, ғылыми тұрғыда жоғары шенге ие болдым. Мен үшін бұлардың барлығы да елеулі оқиғалар санатында. Әрине, көзге аса іліге бермейтін, бірақ өте жағымды жайттар да болды ғой. Көңілге қуаныш нұрын сеуіп, алыстарға жетелейтін, қанат бітіретін жағымды жайттарға ғана назар аударам. Қабаққа кірбің ұялататын жағымсыз жайттарға байланып қалмаймын. Өмір жолында кездесетін қиындықтарды жеңе білу қажет. Бұл өз өзіңді бағалауға және құрметтеуге сеп. Ал күшің жетпейтін келеңсіз жайттарды жеңе алмасаң, одан сабақ алып, ұмытуға тырысу керек. Меніңше, кедергі ретінде кездесетін келеңсіз жайттарға адамдардың өздері кінәлі. Сондай кемшілікке жол бермес үшін өткеннен сабақ алып отыру керек.
– Өмір жолындағы жеңіс пен жетістік, қуаныш пен бақытты сәттер сарқылмасын! Әңгімеңізге рахмет!
   


Әңгімелескен  Нәзия Жоямергенқызы