Барабан соғып, шың қаққан

Барабан соғып, шың қаққан

Барабан соғып, шың қаққан
ашық дереккөзі
Бүгінде кемеліне келіп, ұлтымызға етене болған, өз бағдарын тапқан қазақтың дәстүрлі дирижерлық мектебі талай қиындықтарды бастан кешіргенін екінің бірі біле бермес. Дирижерлық мәдениеттің ұлтқа қатысты тарихы да тар жол – тайғақ кешуге толы. Дирижерлық өнер – заман мен қоғамның қилы сүрлеуінен өткен бекзат өнердің бірегейі. «Керней-сырнай тарттырып, Даңғыра, дабыл қақтырып…» «Алпамыс батыр» «Барабан соғып, шың қағып, Алдына әскер жүргізіп…» «Ер Тарғын» Қазақ музыкасының тарихын түгендеген кітаптарда осы өнердің қалай қалыптасқаны, халқымыздың маңдайына біткен әрбір дарынды дирижердың шығармашылық қарымы, жалпы қазақ дирижерлық мәдениетінің шежіресі жайлы ақпарат тым аз. Ұлтымыздың музыкалық мәдениетін алға сүйреген қазақ дирижерлары туралы осы саланың маманы, белгілі дирижер – Мүсілім Әмзенің қысқа ғана анықтамалық мақаласын оқыдым. Әрине, жақсы жазылған, бірақ мамандықтың қыр-сырын аша алатындай көлемге автор мақсатты түрде бара қоймаған секілді көрінді. Бұлай дейтінім – Мүсілімнің зерделі екенін сырттай білемін, дирижерлық кәсіптің методикасын да, тарихын да жүйелей алатын білікті маман, кейде, қазіргі кәсіби оқыту саласындағы қалыптасқан тұжырымдармен де келісе бермейтін өткірлігі де бар. Солай бола тұра, қазіргі көпшілікке белгілі де белгісіз деректерді іркіп қалғанын сездім. Оның да бір себебі болған шығар. Дирижерлық өнердің (diriger – французша – басқару) тарихын біздің отандық өнертанушылар Еуропадан, оның ішінде операның қалыптасу кезеңінен (XVII ғасыр) бастайды, дирижерлық ілімнің шылауын да сол маңайдан шежірелеп, кейінгі Ресей композиторларының қансорпа бейнетіне дейін өрбітуге бейіл. Арнайы музыкалық білім беретін оқу орындары да осы бағдарламаны құптайды, яғни, әлемдік өркениеттің біздің дәстүрлі музыкамыздың көсегесін көгертуге тәңір жіберген несібенің алды осы дегендей қанағатшыл болатынымыз бар. Ал өз ұлтымыздан шыққан дирижерлар ұлттық төлтума дәстүрдің өкілі болса да, белгілі бір еуропалық не орыс дирижерлық мектебінің мүриді ретінде қарайды. Бұл кеңес кезеңінен осы заманға дейін ұласқан қасаң тұжырым, бұған ешкімнің күмән келтіруіне жол да берілмейді. Кәсіби оқыту мектебінің барлық жетістіктерін молынан тұтына отырып, оның тарихына әлдеқандай күмән туындату біз үшін қисынсыздау іс болып көрінуі де мүмкін. Бұқара халық дирижерлық мәдениеттің түбірін католик әлемінен таратудан танбаса да, салыстырмалы шындық бәрібір бізді тыншыта қоймайды. Адамзат шежіресінде байырғы өнерпаздар ұжымын басқаратын музыкант, яғни, дирижер тұлғасының пайда болуы туралы тарихи деректер басқаша сөйлейді. Дешті Қыпшақтан – Алтын Ордаға, одан Мәуренақыр, Осман империясына дейін жалғасқан алтын дәуірімізде түрік сойынан өрбіген ұрыc әскерінің шеруге шығар алдында ұрмалы-үрлемелі аспаптардан құралған арнайы оркестрі болды. Соғысқа кірер алдында көшпенділердің рухи музыка орындағаны түріктің кіндігінен жаралған арда қазақтың санасында жасырынып жатыр. Іштей біледі, сезеді, түйсінеді, бірақ жаһандық музыкалық үстемдікке қырын келер деректі айтуға тәуекел ете бермейді. Қазіргі барша оркестр түрлерінің, оның ішінде үрлемелі аспаптар оркестрінің алғашқы кемелденген үлгісі адамзат өркениеті тарихында мәмлүктер заманында пайда болды. Бұл оркестр әскерлердің жоралық салтанаттарында, соғыс шерулерінде алдыңғы сапта жүріп өнер көрсеткен. Оркестрдің алдында қолына шағын асатаяқ (штандарт) ұстаған сері-сардар (дирижер) ырғақ ұрып, әртүрлі қол қимылдарымен әуенді құбылтып отыратын болған. Осы оркестр қазіргі Түркияда әлі күнге дейін бар және оның үлгісі кейіннен, араға бес ғасыр салып, Еуропаға көшті. Ұжымға асасымен жетекшілік еткен сері-сардардың бейнесі кәрі құрлықта дирижер деген атқа ие болды. Орыс патшасы бірінші Петрдің бұйрығымен Ресейде тұңғыш рет әскери оркестр құрылып, мұның әдепкі үлгісі де түрікше болды, мыс аспаптар кейіннен қосылды. Әмір Темір мен Баязит сұлтанның кесірінен иісі түрікке зұлмат әкелген азамат соғысы кезінде екі қосында да үлкен оркестр болған, ең сұмдығы сол, екі оркестрдің де түбірі бір еді. Ұран күйлері де ұқсас болған шығар, кім білсін… Осы оркестрлерді басқарған сері-сардарлар аспапты музыка тарихындағы тұңғыш дирижерлар еді деп кесіп айта аламыз және олар біздің бабаларымыз екенін мақтанышпен айтуға лайықты нәсілдің ұрпағымыз. А.В.Затаевичтің «1000 песен казахского народа» деген еңбегінде С.Сейфуллин орындаған «Абылай ханның атты әскерінің маршы» күйінің нотасы бар, түсіндірмесінде Абылайдың жорыққа шығар алдында жауынгерлерінің орындайтын ұран-күйі екендігі жазылған. Яғни, Ақтабан-шұбырынды кезеңінде де қазақтың керней-сырнай, сыбызғы, қамыс қурай, мүйіз сырнай, қобыз бен домбырадан құрылған оркестрі болғанын болжау қиын емес. Бұдан да әріге бара аламыз. Күлтегін қаған заманындағы (VII-VIII ғасырлар) табғаш пен түріктің сұрапыл соғысын сипаттаған қытай жылнамашылары түріктердің әскери оркестрі болғанын жазады, кейіннен осы үлгімен қытай императорларының сарай музыканттарынан құрылған ұжымдар пайда болды. Қазақ даласына кеңес өкіметімен бірге еуропалық-орыстық музыка дәстүрі келді, қазақ музыка мәдениетінің опералық, симфониялық, хор және камералық жанрларының дамуының іргетасын қалағандардың алды – Е.Брусиловский, А.В.Затаевич бастаған Ресейдің мықты өнер қайраткерлері болды. Жиырмасыншы ғасыр қазақ сазгерлерінің, солармен бірге, қазақтың кәсіби дирижерларының да қалыптасуына ықпал етті. Қазақ дирижерлық мектебінің негізін қалаған А.Жұбанов, Н.Тілендиев, Ш.Қажығалиев, Ф.Мансұров, Т.Мыңбаев, Т.Әбдірашев, Ғ.Дұғашев, Т.Османов, А.Мырзабековтер ұлттық өнердің дамуына үлкен үлес қосты. Осылардың ізін ала Б.Жаманбаев, А.Жайымов, Ж.Темірғалиев, Д.Үкібай, Ж.Бегендіков, Н.Жарасов сияқты дарынды дирижерлар ұлттық өнеріміздің мәртебесін көкке көтерді. Қазіргі кезде дирижерлардың жаңа буыны өсіп жетілді. Көзге түсіп жүрген Еркін Нұрымбетов, Дәурен Ғылымов, Ерлан Бақтыгереев, Дінзухра Тілендиева, Мүсілім Әмзе, Арман Жүдебаев алдыңғы буын ағаларының жарасымды жалғасы бола тұра жаңа қолтаңбасы қалыптасқан толқын екенін айтуға тиіспіз. Жастарда жалаң қайталауды місе тұтпайтын, қарапайым қол қайырымдарына (дирижерлық кесте немесе взмах) қанағаттанбайтын ізденімпаздық бар, және шығармалық бейнелері де бір-біріне ұқсамайды. Әлемдік дирижерлық мәдениеттің жаңалықтарынан хабардар, бес қаруы сай амбициялы білімді буын. Мысал үшін, осы буынның танымал өкілдері шығармашылықтарының табиғатына қарай шартты түрде суретші (пейзажист, музыкалық полотно жасауға ұмтылады), лирик (кез-келген шығарманы жан-тәнімен елжіретуге бейім, күйшіл, жаңашыл (новатор), эпик (ұлттық бояу мен ырғақты жырлаудың шебері) деп мінездеуге болатын шығар. Осындай теңеулерді тағы да бірсыпыра азаматтарға айтуға болады. Ойымызды жазуға себеп болған Мүсілім Әмзенің халыққа ұсынған шығармашылық концерттері еді. Оркестрдің тембрі мен аспаптардың классификациялық сипатын мейлінше игерген Мүсілім өзі қолға алған туындысына жәй ғана дирижерлық етумен қанағаттанбайтын эстет-художник. Автордың интерпретациясын қатаң сақтай отырып, өз трактовкасын жасай алатын еркіндігі де бар. Дирижерлық ғылымның ұтымды әдістемелерін қолдану арқылы партитураға жаңа леп, жаңаша мінез бере алады. Әдетте, Еуропа симфониялық мәдениеті өте кірпияз келеді, көп жағдайда дирижердың еркіндігін де іркіп отырады, соған қарамастан әлемдік тәжірибеде қарымды дирижерлар өзіндік ойын шығармаға ұтымды енгізе білген. Мұндай жағдайды Мүсілімнің шығармашылығынан да байқадық. Зерделі дирижер-симфонист ретінде әрбір туындыны шыққан кезеңіне, топырағы мен мектебіне қарай бейімдеп, өз танымын да жасқанбай жариялай алады. Әрине, осыдан кейін шығарманың гармониялық жарасымы басқаша реңге ие болатыны сөзсіз. Халық аспаптары оркестрінде осы ұстанымына берік, қазақ күйінің дәстүрлі мектебін жазбай танып, әрбір күйді немесе халықтық шығарманың қазақы болмысын дөп басқан. Импровизациялық қасиетін аша алады, сонымен қатар саздың бояуын қанықтыра түсу үшін фольклорлық сипаттағы аспаптарды да шебер қолдана алады. Оркестр дыбысын жібектей жұмсарту да бұл жігіттің басты ерекшелігі дер едім. Халық аспаптары оркестрінде кербез күйдің атасы – Нұрғиса Тілендиевтің, симфониялық оркестрде ұлттық мәдениеттің мақтанышы – Тимур Мыңбаевтың дирижерлық талантына бас иіп, өз сазының көркемдік көкжиегін біршама кеңіткен. Мүсілімнің балбармақ күйші, Жиделібайсынның толғаулы күйлерін мәнерін сақтай шертетін құмбыл домбырашы екенін дәстүрлі аспапты музыкалық антологияға жазған бірсыпыра күйлерінен білеміз. Республикалық конкурстарда күйші ретінде де, дирижер ретінде де талай топ жарғаны өнерсүйер қауымға белгілі. Аз-кем тілдессек те мінезінде титтей тоқмейілсу жоқ, өнердегі жетістіктерін міселеп, атақ-лауазымға ұмтылу сияқты дүниелерден де жаны ада. Көпшілік тыңдарманының махаббатын марапаттан биік қоя алатын қанына біткен мәрттігі қуантты. Кейінгі кезде жаңа белестерге көтерілген қазақтың ұлттық оркестр мәдениеті мен классикалық дәстүрі жаңаша даму жолына түсті. Ұлт мәдениетінің толайым табыстары елдің еңселі болуына сөзсіз жігер береді. Болашақта қасиетті өнеріміздің туын жықпай тік ұстайтын өрендерден көп үміт күтеміз. Рухани көзайым жетістігімізге үлес қосатын жас дирижерлардың жолы әрдайым ашық болғай. Жанғали Жүзбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор