Қазақ дипломатиясы мінез көрсетуі тиіс еді

Ресейлік актер Алексей Панинге 2 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) (3704 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Ақмола облыстық ІІД баспасөз-қызметіне сүйене отырып, Tengrinews.kz сайты жариялаған екен. 

Естеріңізде болса, осыдан бірер күн бұрын Көкшетауға гастрольдік сапармен келген ресейлік әртіс араққа сылқия тойып алып, дау-дамай шығарғанымен қоймай, спектакльдің шырқын бұзған болатын. Спектакльдің ұйымдастырушы, актриса Марина Друцкая: «Кеше кешке «Бес в ребро» спектаклі басталар алдында облыстық филармонияға ішімдікке тойып алып, әбден мас болып келген ол сахна сыртында дау шығарды. Мені және филармонияның басқа да қызметкерлерін қорлады», – дейді.

Осыған орай, бір-екі журналистің пікірін білуді жөн көрдік. 


Талғат Ешенұлы,  журналист:

ОРЫСПЕН БЕЙІТІМІЗ ДЕ БӨЛЕК


–Украинадағы масқара геосаяси жеңіліс Путиннің Сочидегі көңіл-күйін ит талаған тулақтай қылғаны анық. Бұл Ресейде бұрын-соңды болып көрмеген истерияны туғызды. Бір сәт мастығынан айыққан солтүстік көршінің моральдық-психологиялық бетпердесі, ішек қырындысы осы жерде нақ ашылды десе де болады. Жириновскийдің, Лимоновтың, Паниннің кербақпа әрекеттерін де осы қисынның төңірегінде қарастыруымыз керек. Бұл жекелеген тұлғалардың ақылынан алжасып немесе арақ ішіп, албаты көки салғаны емес, путиндік режимнің төңірегіне қоқан-лоққы жасау, тізе батыру, күш көрсету тактикасының бір көрінісі. Ресейдің Қазақстанға, қазақтарға деген әу бастан келе жатқан көзқарасы, қарым-қатынасы. 
Осыны пайдаланып, қазақ билігі, қазақ дипломатиясы мінез көрсетуі тиіс болатын. «Қаһарман» депутаттар мен «қайраткер» министрлер неге үндемейді? Шекаралық облыстың әкімдері ай қарап отыр ма? Бұл нені білдіреді? 
Жалпы, бізге Жириновскийлер, Лимоновтар, Паниндер қауіпті емес. Бізге Модест Колеровтер, Александр Дугиндер, Аждар Куртовтар, Константин Затулиндер әлдеқайда қауіпті. Ал, олардың ұлттың санасына, қоғамдық ойы­на жасап жатқан шабуылдарын, шырмауын тойтаруға тиіспіз. 
Меніңше, осындай қатер мен ша­буылдарға кембағалдық комплексінен, ескі стереотиптер мен үрейден арылған естияр ұлттың жауабын, қарымта соққыны қазақ әлеуметтік желісі беріп отыр. Қазақтілді газеттердің жаппай жабылып жатқанына қарамастан қазақ контенті, ақпарат кеңіс­тігі елдік ұстындағы интеллектуалдық, ақпараттық майданның көш басында тұр. Бізге қазіргі кезде Амантай қажылар емес, Айдос Сарымдар керек. Ешкім де алдыңғы толқынның ел алдындағы еңбегін жоққа шығармайды. Бірақ жаңа дәуірдің тартысы «аттан мен асатаяқтың» тартысы емес, білім мен біліктің, ағартушылықтың тартысы. 

Асылхан Мамашұлы,  журналист:

Күлкілі айыппұлды  салмай-ақ қойғаны  жақсы еді


– Ресей актерінің Қазақстан театрындағы өрескел әрекеті басқа уақытта болса қоғамда дәл қазіргідей резонанс тудырмауы да мүмкін еді. Мас адамның айтқан сөзі ретінде ескерілмеуі мүмкін еді. Ресейдің ресми билігі де, саясаткерлері де Киевтің «Майданында» жеңіске жеткен украиндарды ұлтшыл-фашистер, бүлікшілдер ретінде бағалап, Лимонов, Жириновский сияқты даурықпалары Қазақстанның территориялық тұтастығына нұқсан келтіргісі келетін пиғылдарын ашық айтып жатқанын көріп отырмыз. Бәлкім бұлар кейбір саяси мақсаттарда әдейі айтылатын да шығар. Бірақ Қазақстанға өнер мен мәдениеттің өкілі боп келіп отырған Паниннің дәл осы кезеңде жалпы қазақты сыбай салуы, әрине бұл әрекеттердің бәрінің белгілі бір тенденциядан туып отырғанын көрсетсе керек. Ол тенденция әлі сол баяғы өзін аға ұлт санайтын кеудемсоқтық, өктемшілдік екені жұртшылыққа жақсы мәлім. Бір қызығы, орыс ұлтының санаға әбден сіңген мұндай тенденциядан арыла алмай отырғанын орыстың кейбір интеллектуалдары өздері де айтып жүр. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, Панинге екіайлық есептік көрсеткіш айыппұл салынған көрінеді. Осындай күлкілі айыппұлды салмай-ақ қойғаны жақсы еді. Яғни, үш мың теңге айыппұл төлеп, жұртты сыбай беруге болатын көрінеді. Жаңылмасам, осы Панин былтыр дәл осыған ұқсас әрекеті үшін Қырым татарларынан кешірім сұрап құтылған. Қазіргі уақытта Қазақстан Ресейдің ең жақын одақтасы, Кедендік одақтың мүшесі. Өзіне одақтас, бауырлас елге осылай қарайтын болса, ертең Еуразиялық одаққа кіріп не ұтамыз олармен?

Гүлзина БЕКТАС 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button