Наразылық: «ӘЙ ДЕР АЖА, ҚОЙ ДЕР ҚОЖА» ЖОҚ РЕСЕЙ
Наразылық: «ӘЙ ДЕР АЖА, ҚОЙ ДЕР ҚОЖА» ЖОҚ РЕСЕЙ
Украинаны екіге бөлуге жанталасқан Ресей тәуелсіз мемлекеттің тұтастығына, ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндірді. «Бөліп ал да, билей бер» қағидасына сүйенді ме, жоқ империялық астамшылдыққа салынды ма? Не де болса, жақсылық емес. Ең қиыны, күні кеше ғана Грузиядан Оңтүстік Осетия мен Абхазияны бөліп алып, соғыс өртін тұтандырған Кремль Украинаны да уысынан шығарғысы жоқ. Дәл осы «ұрдажық» саясатын ертең Қазақстанға қолданбасына кім кепіл?!
Қара басының ғана қамын ойлайтын, өз мүддесін өзгенікінен әрдайым жоғары қоятын, 90-жылдардың басында өзін құрдымға кеткен Кеңестік империяның заңды мұрагері ретінде жариялаған Ресей бүгінде тырнағын украин халқына батыруда. Еуропалық Одаққа қосылуды армандаған, Кремльдің қыспағынан құтылуды аңсаған Украин халқын ел ішіне іріткі салған Ресей қанға бөктірді. Халқына қарсы оқ атқан қанішер де қарабет Янукович бүгінде Кремльден жанына сауға сұрап жүр. Ал күні кеше ғана Майданда қынадай қырылған қанша боздақ кім үшін және не үшін құрбан болды? Әрине, Украинаның азаттығы, тәуелсіздігі мен дербестігі үшін! Януковичтің қолымен от көсеген Кремль, анығы Путин оған да қыңбады. Бір кездері украиндардан уақытша жалға алған Севастопльге әскер кіргізіп, енді қарапайым халыққа қарсы қару қолдануға бекінген Ресейді кім тоқтатады? Әлемдік қауымдастық қайда? Әншейінде демократия, адами құндылықтар, тәуелсіздік пен бостандық туралы сайраудан жағы талмайтын АҚШ неге бәсең? Еуропалық Одақ, NATO, Біріккен Ұлттар Ұйымындағы әрекеттер неге нәтижесіз? Күні ертең дәл осы қоқан-лоққы әрекетін, қыспағын Ресей көршілес жатқан әрі табиғи ресурстарға бай, жерінің ұшы-қиырына көз жетпейтін Қазақстанға да жасамасына кім кепіл? Еуразиялық Одақ, Кедендік одақ, түрлі интеграциялық байланыстарды сылтауратып, тізе батыруға тырысатыны онсыз да бар. Елінің, жерінің, Қазақстанның келешегіне, мемлекеттік тұтастық пен ұлттық қауіпсіздікке алаңдаған бір топ азамат ертең Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығының алдына жиналып, наразылық білдіруге талпынды.
Құрметті достар! Азаматтар!
Бүгінде Ресейдің Украин елінде жасап отырған іс-әрекеттері – әскери жолмен сепаратизмді қолдауының салдарынан Украин мемлекетіне екіге жарылу қасіретінің алдында тұр. Бауырлас елге соғыс қаупі төнуде. 20-ғасырда дәл бұндай жолмен империялық Мәскеу Неміс елін де екіге бөлді, Кореяны, Йеменді, т.б. Мәскеу бұл саясатын әрі қарай жалғастыратын болса, ертең біздің солтүстік жерімізге де дәл осындай шабуыл жасамайды деп кім кепіл бола алады? Украинаға төнген қатер ертең бізге де төнуі мүмкін. Сондықтан, біз Ресейдің біртұтас Украин мемлекетіне жасап отырған шабуылына наразылығымызды білдіруге тиіспіз.
Біз ертең, дүйсенбі күні сағат 12.00 де Алматыдағы Ресей консулдігінің алдында соғысқа қарсы наразылығымызды білдіреміз. Бізге қосылыңыздар! Қазір Украиндарды қолдамасақ, ертең Қазақ Жерінен айырылу қаупі Сіз бен Біздің басымызға келеді.
Қасым Аманжолұлы,
Mukhit Asanbayev,
Өміржан Әбдіхалықұлы,
Нәзия Жоямергенқызы,
Айдос Жұқанұлы,
Расул Жұмалы,
Асқар Құмыран,
Aidos Sarym,
Мұхтар Тайжан