Астана мен Алматыда Ресей елшілігінің жанында наразылық акциялары өтті

Астана мен Алматыда Ресей елшілігінің жанында наразылық акциялары өтті

Астана мен Алматыда Ресей елшілігінің жанында наразылық акциялары өтті
ашық дереккөзі
282

Үлкен жетілік Ресейдің әрекетін қатаң сынға алуда


Қазір әлемдік қауымдастықтың назары Украинадағы төтенше жағдайға ауды. Бүгінде әлемдік ақпарат құралдарының негізгі тақырып өзегі де осы. Әлемдік саясатқа өз ықпалын жүргізетін “Үлкен сегіздіктің” Ресейден өзге мүшелері Ресейдің Украинаға, соның ішінде Қырымға әскерилерін енгізуін қатаң сынға алып, алдағы маусым айында Сочиде өтуі тиіс “Үлкен сегіздіктің” саммитіне байкот жариялайтындықтарын айтып, қоқан лоқы жасауда.”Біз, Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ елдерінің лидерлері, Еуропа кеңесінің төрағасы және Еуропа комиссиясының төрағалары Ресей Федерациясының Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзып отырғандығын кінәлаймыз. Бұл Ресейдің БҰҰ жарғысының аясындағы міндеттемелері мен 1997 жылғы Украинамен арадағы келісіміне қайшы келеді.  Біз Ресейді Украинадағы адам құқығының бұзылуы және қауіпсіздігі алаңдататын болса, оны келіссөздер мен халықаралық бақылау жолымен немесе БҰҰ мен ЕҚЫҰ эгидасының медиациясы арқылы шешуге шақырамыз.  Біз осы мәселелерде бірге іс қимылдар жасауға дайынбыз” деген олар. 

Батыс пен Американың Ресейге жасап отырған қысымы бір бұл емес, егер Ресей райынан қайтпаса, Ресейге қатысты қолданатын санкцияларының күшейе түсетіндігін мәлімдеуде. Канада, Литва, т. б. мемлекеттер елшілерін кері шақыруда. 


Қоғам белсенділері Ресей елшіліктерінің алдында наразылық шеруін өткізуде


 Ал әлемнің бейбіт тұрғындары өз елдерінде Ресей елшіліктерінің алдында Ресейдің Украинаны бөлшектеу әрекетін сынап, наразылық акцияларын өткізуде. Бүгін, яғни наурыздың 3-інде Латвияның астанасы Рига қаласындағы Ресей елшілігінің жанында мыңға жуық адам, Ресейдің Украинаға әскер енгізуі мен оның аумақтық тұтастығына қауіп төндіргенін сынап, наразылық акциясын өткізген. Дәл сондай наразылық шаралары Алматы мен Астана қалаларында да өткізілді. Астанадағы Ресей елшілігі мен Алматыдағы Ресейдің бас консулдығының жанына жиналғандардың қарасы отыз, отыздан алпыстың маңайында. “Қырымнан қолыңды тарт, Ресей” деген ұранмен шыққан олар Ресейдің Астанадағы Төтенше және өкілетті елшісі мен Алматыдағы Бас консулының наразы халыққа шығып, хатты табыстап алуын талап етті. Алайда, елшілікке келген қоғам белсенділерін елшіліктегілер көздеріне де ілмеді. Керісінше, бұл жерде Қазақстанның тәртіп сақшылары жиналушылардан көп болды. Олар жиналғандарды алыстан бақылап жүрді. Алайда хатты консулдықтың хат жәшігіне тастап, бейбіт түрде тарап кеткен алматылық пикетшілердің басшыларының бірі Мұхтар Тайжанды заңсыз шеруге шыққаны үшін, сотқа шақырып, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған. Астаналық шерушілерді де сотқа сүйреген. 


Ресми Астана Украинаға қатысты мәлімдеме жасады


Украинадағы бейберекетсіздіктер басталғаннан бері, Қазақстанның ондағы оқиғаларға байланысты ұстанымы айқындалмай келген еді. Қаншама уақыттан бері үнсіз ҚР  ресми билігі Сыртқы істер министрлігі арқылы ресми мәлімдеме жасады. Дегенмен мәлімдемелерінің мәтінінде өгізді де өлтірмес, арбаны да сындырмас жалтақтық байқалады. Дейтұрғанмен, тараптардың қай қайсысын да күш қолданбауға шақыру арқылы, Ресейдің бұл әрекетін құптамау, сынап отырғаны айқын. Мәлімдеме мәтіні төмендегідей:  “Қазақстан Украинадағы ахуалдың дамуына байланысты терең алаңдаушылық білдіреді. Шиеленістің одан арғы эскалациясы аймақтық ауқымда да, ғаламдық ауқымда да адам айтқысыз салдарларға соқтыруы мүмкін. Қазақстан барлық қатысушы тарапты жағдайды реттеуде күш амалдарынан бас тартуға және қалыптасқан мәселені келіссөздер жолымен шешу мақсатында саяси шараларды көбірек қолға алуға шақырады. Бұл шешім халықаралық құқықтың негізгі қағидаларына сүйенуі керек“. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеме жасаған.

Серіктес жаңалықтары