ҰЛТТЫ САҚТАҒАН ҰЛЫ АНАЛАР

ҰЛТТЫ САҚТАҒАН ҰЛЫ АНАЛАР

ҰЛТТЫ САҚТАҒАН ҰЛЫ АНАЛАР
ашық дереккөзі
«Жұмақ – ананың табанының астында». Ана туралы толғанған сайын осы сөз еріксіз ойға оралады. Ананың құдіреті неде? Өмірге бала әкелуімен, ұрпақ жалғастығымен ғана құдіретті ме? «Баламның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма қадалсын» дейтін Ананың жанкештілігін қайда қоямыз? Қазақтың арғы-бергі тарихында басынан нелер өтпеген?! Аштықты да көрді, жоқтық та көрді. Сұм соғыс аналарды жалғыз ұлынан айырған кездер де өтті. Баласын бауырына қысып, даладағы шөптің тамырын қорек етіп, ашаршылықтан аман алып шыққан батыр аналар да өтті өмірден. Тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі – Аналардың алдында бәріміз қарыздармыз! Өйткені қазақ ұлтының мәңгілік тілекшісі де аналар. Қазақтың басына төнген небір зұлмат замандарда көбіне ұлтты сақтаған қазақ әйелдері екенін есте сақтағанымыз жөн. Керек десеңіз, Аналар отбасының береке-бірлігін ғана сақтап қойған жоқ, қолына қылыш, найза алып, жауға да шапты. Тарихтағы батыр аналарымыз – Бопай, Гаухар аналарымыздың ерлігі, Нұрилә, Данабике, Қарашаш аналарымыздың дана болмысы осының куәсі. Белгілі ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметов өзін анасы аштықтан қалай алып қалғандығы туралы аңыз ғып айтып жүр. Жалғыз ұлын аман алып қалу үшін ана жыртқыштың аузына қызын қалдырған. Қызын құрбандыққа шалу арқылы ұлын сақтаған Ананың ойы да осы. Ұл арқылы ұлтты сақтау. Демек, Ана қандай қиын заманда да, ұрпағының амандығымен бірге ұлтының да амандығын тілеген. Қазақ анасы ұлттың өмір сүруі үшін, ұрпақ жалғастығы үшін осындай көзсіз ерліктерге де барды. 2011 жылы Жапониядағы цунами кезінде жапон әйелі құндақтаулы сәбиін бауырына басып, аман алып қалғандығы жайлы батыс баспасөзі жарыса жазды. Ана баласын аман сақтап қалу үшін бар денесімен құшақтап құлаған. Ана бауырындағы баланы аршып алғанда, тіршілік иесінің әлі де тынысы соғып жатқан екен. Демек, ана қай кезде де баласының амандығын ойлайды. Су тасқыны болса да, сұрапыл соғыс болса да қызғыштай қорғайды баласын. Өйткені алпыс екі тамырын иіткен, тоғыз ай, тоғыз күн толғатқан нәрестесін басы жерге жеткенше қорғайды. Фашизмге қарсы соғыста елімізден мыңдаған ер азаматтар майданға аттанды. Ресми дерек бойынша, Қазақстан 602 939 адамынан айрылған. Жарты миллионға жуық адамынан айрылған Қазақстанда кімдер қалды?! Көбіне жетім-жесірлер ғана. Соғыстан кейінгі жылдары қазақтың саны неге қаулап өсті?! Қарап отырсаңыз, сол жылдары әрбір отбасында алды 12-ге дейін, соңы алты-жеті балаға дейін өрбітті. Аналар жоқтың орнын толтыру үшін ұлттың санын арттыруды көздеді. Сол жолға саналы түрде барды. Әрбір отбасында дүниеге келген төртінші-бесінші бала жоғалған ұрпақтың орнын басты. Бұл қазақ әйелінің ерлігі емес деп айта аламыз ба? Соғыс майданында батырлығымен көзге түскен Әлия мен Мәншүктің көзсіз ерлігін аналарымыз бейбіт өмірде қайталай білді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары нарықтың көшіне ілесемін деп, ала дорба арқалап кеткендер де аналарымыз емес пе еді?!. Бауырындағы бес-алты баласының қамын ойлап, күні-түні табанынан тозып, базарда жүрген де солар. Елдің басына төнген қиындықты да, басқа түскен кез келген ауырлықты да көтере білетін қырық шырақты абзал жандар. Ендеше, ұлттың тазалығы, ұрпақ­тың амандығы әлі де ананың қолында! Отбасын сақтайтын да аналар! Береке-бірліктің бастауы болатын аналарымызды, қыз-келіншектерімізді тағдыр толқыны өз қайығына мінгізіп алып, өмір-теңізге жалғыз жіберетіні ғана жанға батады. Үш-төрт баласын жалғыз өзі жетілдіріп жүрген аналарымыз қаншама. Бүгінгі қоғамда балаларын жалғыз сүйреп, жетілдіріп жүрген аналар жүздеп саналады. Бауыр еті баласын көшеге тастамай, қиындықты көтерген аналарымызға демеу болатын ер азаматтар қайда кетті?! Аналарымыздың көбі өркениетті қоғамда баласының бірін бауырына басып, бірін қолынан жетектеп, неге жалғыз күн кешуде? Жуырда ғана әлеуметтік желілердің бірінде төрт баласымен жалғыз басты ана суық үйде өмір сүріп жатқаны туралы әңгіме оқырмандар арасында ұзақ уақыт талқыланып еді. Қуықтай ғана бір бөлмеде төрт бірдей баласымен тұратын ананың қамқоршысы тастап кеткен. Жалғызбасты әйелдің суық бөлмені жылытатын да мүмкіндігі жоқ. Балаларына бар берері аналық жылуы ғана. Ал оңтүстікте бір ана қыс ортасында үш баласымен көшеде қалыпты. Балаларын жетектеп, дірдек қаққан ана үш баласын жалғыз өзі жетілдіруге мәжбүр. Өйткені қамқоршысы тастап кетті. Жауапкершіліктен әке қашқанымен ана қаша алмайды. Үш баласы көзінің ағы мен қарасы. «Мұздаса да, қаңтардың қарлы ызғарына тоңса да, балаларын далаға тастай алмайтынын» айтып, егіледі қайран ана! Мұндай оқиғалардың жүзін тізбектеп жазуға болады. Ең бастысы, ешқандай уақыт ананың балаға мейірімін, ананың балаға жылуын өзгерте алмайды. Өйткені дүниеде анасыз адам жоқ. «Алып та анадан туады». Қаламы жүйрік жазушы да, сөз бастаған шешен де, ел бастаған көсем де ана көкірегінен нәр алған. Ана – барлық өмірдің бастауы. Баласын мәпелеп өсіріп, жақсы азамат болып өскенін қалайды. Адам бойындағы барлық асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Отбасының береке-бірлігін де, тұтастығын да сақтайтын Ана. Осыдан жарты ғасыр бұрын ғалымдар мынадай қарапайым тәжірибе жүргізген екен. Анасынан айрылған маймыл балаларына арнап екі қуыршақ маймыл ана жасап, бірінің омырауынан сүт шығатын, денесін қатты да суық етіпті, ал екіншісінің омырауын сүт шықпайтын етіп әрі денесін жұп-жұмсақ қылып жасайды. Маймыл балалары сүті бар, денесі қатты қуыршақты емес, сүті жоқ болса да, денесі жұмсақ қуыршақты ана ретінде қабылдап, соның бауырына тығылыпты. Балаға керегі де осы, мейірім, яғни ананың жылы құшағы. Ананың қоғамда әрдайым өз орны болуға тиіс. Анаға қызмет ету – бүтін бір ұлтқа қызмет ету деген сөз. Ананың көзінен төгілетін нұр жан-жағына шуақ болып шашылады. Осы шуақпен бәріміз жылынамыз. Бүткіл шығармаларында қазақ әйелінің жиынтық образын жасаған көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов: «Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді», – дейді. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін» әйел-аналарсыз өмірді елестету мүмкін емес. Әрбір жұмыр басты пенде дүние есігін ашқаны үшін анасына қарыздар. «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса» делінген екен пайғамбарымыздың хадисінде. Біздің бүгінгі қоғамда да жартыкеш ғұмыр кешіп, тағдырдың үлкен жүгін арқалаған аналар бар. Қиындықты да, ауырлықты да қиналмай көтеріп жүрген сол аналардың алдында басымызды иелік!

Гүлзина БЕКТАС