«ШІРКІН, ӘРБІР ӘЙЕЛ ДӘНЕШТЕЙ БОЛСА»

«ШІРКІН, ӘРБІР ӘЙЕЛ ДӘНЕШТЕЙ БОЛСА»

«ШІРКІН, ӘРБІР  ӘЙЕЛ  ДӘНЕШТЕЙ БОЛСА»
ашық дереккөзі
Бұл сөзді айтқан Дәнеш Құрманбайқызының 10 жылдан астам құдайы көршісі болған Бағжан апай болатын. Бағжан апай сөзге сараң, әрнәрсенің байы­бына барып сөйлейтін, ел анасы атанған кісі. Кейде бір кісіге баға бергенде белгілі адамдардың, лауазымды кісілердің сөздерін келтіріп жатамыз. Ал Бағжан Мәмбетқызы қарапайым адамдардың ішінен шыққан қарапайым кісі. Ол кісі тектен-тек осылай демесе керек. Дәнеш Мамытбаева 1929 жылы Жалағаш ауданының №16 ауылына қарасты «Еңбекші» колхозында колхозшы-шаруа отбасында өмірге келген. Ол кісі 1935-1936 оқу жылында «Есбол тамындағы» бастауыш мектеп есігін ашқан. Онжылдықты жақсы бітірген Д.Мамытбаева 1946 жылы Қызылорда педаго­гикалық институтының тарих факультетіне түсіп, оны 1950 жылы бітіріп шығады. Дәнеш апаның студенттік кезеңін 1948 жылы «Ленин жолы» газетінде ақын Ә.Оңалбаев былайша суреттеген: «…Біздің Дәнеш білімге де, іске де бірдей ғой. Япырай десейші, сөзге келсе тілінен бал тамады, іске келсе бір қаһарман. Өнегесі де мықты ғой», – деген ауыл әйелдерінің сөздерін қаз-қалпында келтірген автор мақаласында 18 жастағы Дәнештің Қызылордадағы пединституттың ІІ курсында оқитындығын айта кеткен. Сонау 1948 жылдан елдің көзіне түскен Д.Құрманбайқызы 1950 жылы институттың тарих факультетін бітіріп, алғашқы еңбек жолын Қазалы ауданындағы Октябрь, Мұратбаев атындағы мектептерінде бастаса, 1963-1973 жылдарда бұрынғы Тереңөзек ауданындағы Иса Тоқтыбаев (Калинин) атындағы орта мектепте онжылдай ұстаздық етті. Осы тұста мектептерде тарих пәнінің қалай оқытылуы жайлы әдістемелер жазып, бұл еңбектері облыстық, республикалық деңгейде мақұлданып, арнайы плакаттар шығарылып, әдістемелері мектептерде пайдаланылды. 1973-1983 жылдары Қармақшы ауданында ұстаздық қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шықты. Ол өз пәнін жетік білумен қатар, шәкірттерінің көңіл-күйіне баса мән беретін. Тарих сабағында туған халқының әдебиеті, ауыз әдебиеті мұраларын, жер-су атауларын кеңінен пайдаланатын. Дәнеш Құрманбайқызымен таныстығым 1969 жылы Тереңөзек аудандық газетіне қызметке орналасуымнан басталды. Әкелерімді білетіндіктен, апаммен танысып, араласа бастадым. Ол кісінің көзінен айрықша нұр төгіліп тұратын. Адамдарды өзіне тартатын ерекше бір жылы адам. Нағашы әкесі Мамытбай, шешесі Айшагүл де елге сыйлы, әжептәуір ақындықтары бар кісілер болған. Шыққан тегі мен нағашы жұрты да белгілі адамдар. Олардан туған Дәнештің осал болуы мүмкін емес болатын. Өз өмірінде Дәкең апамыз оны дәлелдеді де. 1992 жылы алғашқы «Қоңыраулы көк найза» атты кітапшам шықты. Дүроңғар ақынға арналған шағын кітапшам ел назарын аударды. Алматыға шілденің бас кезінде келіп, дайын болған кітапты алып Қызылорда қаласына жеттім. Ол кезде өзім Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы әкімнің орынбасары болып қызмет атқаратынмын. Сыр еліне белгілі Сыр сүлейлері жырларын жақсы білетін Елеу Көшербаевтың үйіне сәлем бере бардым. Елағаң облыс ардагерлер кеңесінің төрағасы болатын. Дәнеш апайдың қатты науқастанып жүрген кезі еді. Аман-саулықтан кейін, өзімнің қуанышымды жасыра алмай, Дәнеш апайға Дүроңғар жайлы кітапты ұсындым. Қатты ауырып, төсек тартып жатқан Дәкең кеудесін көтеріп, кітапшаға ернін тигізді де, жанға батқан ауруын білдірмей маған күлімсірей қарап: «Тынышбек, мына өлеңнің 4 жолының орны ауысып кетіпті, дұрысы былай еді», – деп оқи жөнелді. Оқып болғаннан кейін: «Әттеген-ай, Оңғар ақын жөнінде зерттеп жүргеніңді айтпағаның-ай. Мұнда көптеген өлеңдері ілінбепті», – деген еді. Дәнеш апай ауыр науқастан қиналып жатқанда да асқан зеректігін осылайша танытқан болатын. Кезінде Дәнеш апаймен мектеп және жоғары оқу орнында қатар оқыған Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспанов өзінің ақ тілегін былайша жырлаған еді: …Біз балаймыз Сені әлі де мықтыға, Бақытты деп бағалайды жұрт мына. Дәнеш, Елеу – ұлағатты ұстаздар, Ұрпақтарың үмітіңнен шықты да, – деп жырға қосса, ақын Махмұтбай Әміреұлы «Ұйытқысы болды бір елдің» деген өлең жолдарын ұлағатты ұстаз Дәнеш Құрманбайқызы Мамытбаеваға арнаған. …Айнымас анық асыл-ды, Білмеді асып-тасуды. Елінің болып мақтаны, Ерінің даңқын асырды, – деп Дәнештің адамгершілік, биік парасатын жырлаған. Облыстық «Сыр бойы» газетінің 1992 жылдың 15 тамызындағы санында Дәнеш Мамытбаеваның қаза­сына орай суретін басып, қазанама берді. КСРО-ның және Қазақ республикасының үздік мұғалімі Мамытбаева Дәнеш Құрманбайқызы талай жасты қанаттандырып, адамдардың жүрегінде өшпес із қалдырған жан еді. Міне, содан бері де 22 жыл өтіпті. Еліне, жұртына ізгілік, иман­дылық, мейірімділік сыйлап, алдынан мыңдаған шәкірт ұшырған Дәнеш Құрманбайқызының есімі ұмытылмақ емес.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеуші, этнограф