ӘЙЕЛГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ – БОЛАШАҚҚА ҚАМҚОРЛЫҚ

ӘЙЕЛГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ – БОЛАШАҚҚА ҚАМҚОРЛЫҚ

ӘЙЕЛГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ – БОЛАШАҚҚА ҚАМҚОРЛЫҚ
ашық дереккөзі
478

Халық санын көбейту мәселесі саяси сипат алса да, аналар еңбегі мен дүниеге сәби әкелу жәрдемақысы халықаралық стандарттардан әлдеқайда төмен. Мысалы, бала күтіміне мемлекет тарапынан берілетін айлық жәрдемақы – 10 186 теңге, ал өмір сүрудің ең төменгі деңгейі бүгінде – 19 966 теңге. 

Таяуда Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов сотталғандарға  қомақты қаржы бөлінетінін айта келе, сәби күтіміне берілетін жәрдемақыны көбейту мәселесін көтерген еді. Бұдан кейін Қазақстан Халықтық Коммунистік партиясының Қостанай облысындағы филиалы «Аналарға қамқорлық  – болашаққа қамқорлық» тақырыбы төңірегінде дөңгелек үстел өткізді. Жергілікті  ҚХКП төрағасы Алпысбай Әлімбаев: «Үкімет ана мен баланы қорғауға қажетті жағдай жасап отырған жоқ» деген пікірін жеткізді. Қоғамның басты түйткіліне айналған бұл шара Астанада жалғасын тапты. 

Апта басында Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы «Әйелге қамқорлық – болашаққа қамқорлық» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіп, әйелдер басындағы тауқыметті азайтудың жолдарын қарастырды. Аталмыш шараға Мәжілістің Халықтық коммунистер фракциясының депутаттары Жамбыл Ахметбеков пен Айқын Қоңыров және арнайы шақырылған екі жас ана қатысты. Бала күтіміне мемлекет тарапынан берілетін айлық жәрдемақы – 10 186 теңге болса, 2014 жылы елімізде бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы 1, 2 және 3 балаға 55000 теңгені құраған. Депутаттар жәрдемақыны өзге елдермен салыстыра отырып, оның мардымсыз екеніне назар аударды. Мысалы, 2013 жылғы көрсеткіш бойынша Сингапурда бір жолғы жәрдемақы – 4900, Беларусьте – 1000-1500, Ресейде 3000 доллар шамасында екен. Францияда 3 жылға декреттік демалысқа шыққан аналарға ай сайын 400 еуро жәрдемақы беріледі. Басқосуда осы жәрдемақыны екі еселеу мәселесі алға қойылды. Сондай-ақ бала күтіміне байланысты берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мерзімін 3 жасқа дейін ұзартуды да ұсынды. Ж.Ахметбеков көп балалы отбасыларға да ерекше қамқорлықтың қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, егер отбасында үш бала болса, онда коммуналдық қызметтің 30 пайызын өтеп берген орынды болмақ. Ал 4-5 балалы отбасыларға 50 пайыз жеңілдік беріп, 7 және одан көп балалы отбасыларды коммуналдық қызметке ақы төлеуден мүлдем босату керек. Бұл жүйе қоғамға да, экономикаға да еш шығын келтірмейді, сондықтан көптеген дамыған елдер көпбалалы аналарға салық, коммуналдық төлем, медициналық жәрдем сияқты қызметтерге жеңілдік жасап қойған. 

Жәрдемақы қаражаты қайдан бөлінеді? Әрине, мемлекеттік бюджеттен. Яғни, әрбір анаға берілетін жәрдемақыны қайдан табамыз деген сауалдарды тілге тиек етеді Үкімет. Бірақ Алпысбай Әлімбаев мырза жыл сайын игерілмей қалатын миллиардтаған теңге есебінен төлеу табылған ақыл болар еді деген ұстанымда. 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары