ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ
ашық дереккөзі
318

«Қазақ Елі» – Мәңгілік Ел

Елбасы биылғы жолдауында: «…Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол Мәңгілік Ел идеясы», – деді. Көп ұзамай Атырау облысы халқымен кездесуінде ел атауын «Қазақ Елі» деп өзгертуді ұсынды. Ә дегенде қызу қолдау тапқан бастама төл теңгеміздің құнсыздануы төңірегіндегі айқай-шудың көлеңкесінде қалып бара жатыр.  Пікір екіге жарылып тұр. Бір қарағанда бәрінікі дұрыс көрінгенмен, дұрыс емесі – көптен зарыға күткен осындай қастерлі ұғымды көкпарға салып,  оң шешімге келе алмауымыз. 

Біз әлі күнге ақпарат айдынында Мәскеуге тәуелдіміз. Мәскеу тілшілерінің шайнап бергенімен қоректеніп, әлемге солардың көзімен қараймыз. Біздің шенеуніктеріміз маңызды да лауазымды қызметке тағайындаларда Мәскеуде оқығандығы «жирный» шрифтпен жазылып, басымдыққа ие болады. Бірақ сол Ресейде оқығандарымыздың көбі олардың бізге ең керек деген ұлтшылдық қасиеттерінен үлгі алмай құралақан болып келеді. Өкінішті-ақ. Қаламгер Қали Сәрсенбайдың жазуына қарағанда, Мәскеудің зиялы қауымы қоғамдық мәселелерде әншейінде бір-біріне кереғар пікірлер өрбітіп, қызыл кеңірдек боп қырқысып жатады екен. Ал енді сол алауыз боп жүргендер ұлт мүддесі, орыс мүддесі дегенде өзара қыжылдарын лезде ұмытып, бір қолдың саласындай, бір атаның баласындай бірігіп, ірі саяси күш ретінде ұйымдасып шыға келетін көрінеді. (Кейбіреулер мұны Бату хан шапқыншылығына қарсылық синдромы деп түсіндіреді) 

Мүмкін біз де осы жолы мәскеуліктерден үлгі алып, кері тартқанды қазақ мүддесі үшін бері тартып, жөнге салып, Елбасы ұсынған Қазақ Елі атауын бір ауыздан қолдармыз. 

Ырыс ынтымақ бар жерге қонады. Бұл ұлттық бірігуіміз – елімізді ұлы мақсатқа, кемел болашаққа бастары анық.

Махамбет Аязұлы, Алтынбек Сағындықұлы, 

Қуаныш Оңалсынұлы, Нысанбай Қуанәлиұлы

Астана қаласы


Отандық өнімдерге қолдау көрсетейік


Бұл күнде кез келген дүкенге кіре қалсаңыз, іздегеніңіздің барлығын табасыз. Азық-түліктерді таңдап жүріп, сапасын, құрамын тексеріп қана сатып аламыз. Қолымызға ұстаған өнімнің қорабын қанша зерттесек те, оның қайдан шыққанына мән бермейміз. Біз әлі де отандық өнімдерге қолдау көрсете алмай келеміз. Неге дүкенге кіргенде елімізде дайындалған өнімдерді алмаймыз? Мұның бір себебі, отандық өнімдердің жарнамасының аздығы болар. Мәселен, бізде табиғи сүт өндіретін кәсіпорындар бар, бірақ олар өздерінің өнімдерінде денсаулыққа зиянды қоспалардың жоқ екендігін тұтынушыға жеткізуді жөн санамайды, жарнаманы құп көрмейді. Нарықтағы сүт өнімдерінің 40 пайызы Ресей, Қытай және Қырғыз Республикасынан тасымалданады екен. Бұл мемлекеттер елімізге іргелес орналасқандықтан, бағасы да тым қымбат болмайды. Бұл жағдайда еліміздегі сүт өнімдерін өндіретін шағын кәсіпорындар сырттан келген өнімдермен бәсекеге түсе алмайды. Бұл сыннан отандық өндірісті дамыту арқылы ғана шыға аламыз. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мен әрбір қазақстандық азаматты патриоттыққа тәрбиелеу қажет екендігін де айта кетейін. Яғни, «Қазақстанда жасалған» өнімдерді пайдалану арқылы денсаулығымызға зиян келмейтінін және еліміздің экономикасына тамшыдай болса да пайдамыз тиетінін бәріміз жадымызда ұстап, отандық өнімдерге қолдау білдірейік! 

   

Арайлым Талғатқызы

Сәби саудасының артуына не себеп?


«Жетімін жылатпаған қазақпыз» деп жетімдер үйіндегі ата-анасынан айрылған сәбилердің шетелге сатылып жатқандығын көз көріп, жүрегіміз жылап жүргенде бауыр еті баласын саудаға салатын аналардың қатары артқандығы елді есеңгіретті. Тоғыз ай құрсағында көтерген шаранасын дүние есігін ашқан сәтте көзі қиып, көк қағазға айырбастап жатқан әйелдерді естігенде жағамызды ұстадық. Бала сату ісі бойынша қолға түскен әйелдердің бәрінің де айтатыны бір себеп – әлеуметтік жағдайдың төмендігі. Ішерге асы, киерге киімі жоқ аналар амалсыздан осындай қадамға бардық дейді. Сонда олар сол тапқан қаржысымен жағдайын жақсарта аламын деп сене ме? Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, қаржының жоқтығы бұл қылмысты ешқашан ақтай алмайды. Елімізде мұндай қылмыстың орын алуына тек бір ғана себеп бар. Ол – отбасылық тәрбиенің жүйесіздігі. Безбүйрек аналардың бір ғана емес, бірнеше баласын саудаға салуын мұқтаждықпен байланыстыруы санаға сыймайтын жағдай. Қазақ әйелдерінің мұндай әрекетке баруы – олардың аналық сезімдерінің жойылғандығының белгісі. Баласын жатқа сатқан ананы да, сол қылмыстық іске қатысы бар жандарды да қатаң түрде жазаға тарту керек. Бұл өмірдің заңына, қазақтың тәрбиесіне бағынбай, өз дегенін істеген «аналардың» ана өмірдің де заңы бар екенін ұмытпағандары абзал.

Нұрғазы Есіркепов

«Қағанат» қапаландырды

Алматы шаһарының тұрғындарының көпшілігі «Қағанат» асханасының қызметіне жүгінетіні жасырын емес. Бұл асхана Алматыдағы көп пайда түсіретін тамақтану орындарының бірі. Дәл осы асхананы іздесеңіз, қаланың кез келген нүктесінен табасыз. Дегенмен, бүгінгі күні «Қағанаттың» қызмет сапасы көңілден шықпай тұр. Жуырда Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысында орналасқан асханаға түстенуге барған едім. Келушілердің саны артқан сайын асхана басшылығының бағаны да арттырғаны көрініп-ақ тұр. Бұл – алғашқы олқылық. Тұтынушыларға қызмет көрсететіндердің барлығы қазақ жастары. Бірақ олар қазақ тілінде қызмет көрсетпейді. Екі сөзінің бірі – орыс тілінде. Өз елімізде, өз жерімізде тұрып өз тілімізде тіпті тағамға да тапсырыс бере алмайтын болдық. Асхананың барлық қабырғасында теледидар орнатылғанын «Қағанаттың» тұрақты тұтынушылары біледі. Алғашында сол теледидардан тек жарнама көретін едік. Кейін бейнебаяндар тамашалайтын болдық. Сорақысы – олар да орысша. Біз мұндай қарқынмен мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтере алмаймыз. «Қағанаттың» қарны тоқ, көйлегі көк басшылары қарапайым тұрғынның осы сөзін ескерсе екен деймін.

Берік Сүгірбек,

студент

Наурызда селт еткізіп, ұйқы ашайық

Қазақтың жаңа жылы – Наурыз мейрамы деп барлығымыз жарыса айтқанымызбен, 1 қаңтарды асыға күтетініміз тағы бар. Сол мерекеге алдын ала дайындалып, жақын жандарымызға түрлі сыйлықтар жасаймыз. Барлығымыз да жаңа жылда қандай сый алар екенбіз деп тағатсыздана сол күнді тосамыз. Бір қызығы, Наурыз мейрамында дәл осы жаңа жылдық мерекедегідей көңіл-күйде болмаймыз, бұл күні ешқандай сыйлық та күтпейміз. Наурыз мерекесіне де неге жаңа жылдағыдай дайындалмасқа? Біз де жыл басы Наурызда бір-бірімізге жаңа жылдық сый жасайық. Сонда ғана біз Наурызды жаңа жыл деп қабылдайтын боламыз. Ертеде жігіттер қыздарға селтеткізер, ал қыздар азаматтарға ұйқыашар тарту ететін болған. Біз мұны қазір тек Наурыз мерекесінде көрсетілетін қойылымдардан ғана тамашалаймыз. Халқымыздың осы салтын жаңғыртсақ, қандай тамаша болар еді. Нағыз қазақы дәстүрмен, мерекелік көңіл күймен жақын адамдарымызға сый жасап,  сәніміз кірер еді. Наурызда жақындарымызды қуанышқа бөлейік, ағайын! Өзіміздің ұлы мерекеміз ұлыстың ұлы күнін ұлықтай білейік!

Рахат Исақұл 

«ТҰРАН» деп ұран салсақ…

 Мемлекет басшысының «Қазақстан» ата­уын өзгерту туралы ұсынысын әркім өз өресіне сай қабылдауда. Қазақстан – Азияның төрінде орналасқан, адамзаттың тағдырына тиесілі қаншама тарихи өзгерістердің, жаңғырулардың ұйытқысы болған түрік халықтарының түп төркіні. Бүгінде Түрік әлемі, басқа да елдердегі қандастарымыз Қазақстанға құлақ түріп, үмітпен қарауда. 

 Сондықтан елдің аты өз тарихына, атағына, меңзеген ұлы мақсат-міндетіне сай болуы тиіс. Аз ғана жылда даму қарқыны және сарабдал саясатымен әлемді аузына қаратқан Қазақстанның аты ұлттық деңгейдегі тар ауқымда қалып қоймауы тиіс. Қазақстан президенті тегіннен тегін Түрік халықтарының ақсақалы атанып отырған жоқ. Осы орайда, жақында қырғыз бауырларымыздың да Қазақстанмен бірегей мемлекет құруға ұмтылысы, алмағайып заманда адасып қалған ағайынын іздеуінің көрінісі. 

Біз қазіргі таңда Елбасымыздың қолдауымен, Түрік халықтарының Дүниежүзілік Ассамблеясының ортақ қазынасы Тұран қаласын – әлем түріктерінің тарихи-мәдени, қоғамдық-ғылыми орталығын тұрғызудамыз. Түрік халықтары туыстас қана емес, Тұран ойпатының жазығын емін-еркін жайлаған жұрт. Оның астындағы Скиф-Тұран жер қыртысы Қазақстаннан басталып, Ауғанстанды қамти отырып, Еуропаға тірелген ауқымды үлкен кеме іспеттес тұтас платформа. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, тұрандықтар рухани тұтас дүниеге айналуы тиіс. Тұран деген сөз түрік халықтарының бастапқы атасы, Нұх пайғамдардың немересі Ер Түріктің атынан шыққан. Қазіргідей жаһандану үдерісінде азуын айға білеген алпауыт мемлекеттердің аузына жұтылып кетпеудің бірегей жолы – осы ТҰРАН атауын иемденіп, іргелі істерді бүгіннен бастау.

Мәңгілік ел болу бір ғана елдің емес, біртұтас халықтардың бірігуінен көрінеді. Ежелгі ТҰРАН ойпатында түрік халықтарының көк байрағын көтеріп, оларды ұйыта түссек, ешкім қолымызды қақпайды. Сондықтан осы атауға лайық болып, оны алу еліміз үшін мақтаныш та, міндет. Бұл біздің тарихи жаңғыруымызды жаңа белестерге тың серпінмен бастайтын тұс. Бұл – түрік халықтарының бір тудың астына бірігетін күн туғандығын көрсететін намысты шақ. Ендеше, жаңа құрылым қазақтық аядан шығып, мемлекет, республика, хандық, патшалық, халифат деген ескі шапандарын тастап, ТҰРАН түрік халықтарының қауымдастығы деген атқа лайық. Бұл біздің әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың, қоғамдық құрылымның жаңа сатысына ұмтылысымыздың белгісі болмақ. Сол жолға түсу арқылы ұлтқа ұран боламыз, түрік халықтарының көксеген арманына жетелейтін тұғырлы алпауыт мемлекетке айнала бастаймыз. Және де болашақта ТҰРАН түрік елдерінің федерациясына айналып, әлемдік саясаттың дамуына шынайы ықпал ете алатын тұлғалы елге айналуымыз да ғажап емес. Ол біздің арманымыз да.

Ерментай СҰЛТАНМҰРАТ, 

академик, Түрік Халықтары Дүниежүзілік 

Ассамблеясының президенті

«Қазақ еліне» ешкім қарсы емес

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Атырау­да айтқан: «Орталық Азиядағы мемлекеттердің атында бар «стан» бізде де бар. Алайда осы «станды» қойып, «Қазақ елі» атансақ болады. Мысалы, шетелдіктер екі миллионнан асар-аспас халық жайлап жатқан Моңғолия мемлекетінің атауына қызығушылық біл­діруде. Сондықтан біз де «станды» қойып, Қазақ елі атануға қақылымыз. Бірақ бұл туралы халықпен ақылдасып, ойласып алу керек» деген орынды сөзіне байланысты пікір білдіргім келеді.

Осы атаудың ұтымдылығын Моңғолия мысалымен, ал заңдылығын, еліміздің 70 па­йызын құрайтын қазақтардың өзінің ата-баба жерінде тұрғандықтан қақылы екендігін, Елбасы өте дәл білдірген. Меніңше, мемлекетіміздің атауы шетелдіктер бізді Ауғанстан, Пәкістан сияқты үнемі қантөгіс болып жатқан елдермен шатас­тырмас үшін ғана емес, бірінші кезекте тәуелсіз ел болған соң өзінің тарихи атауымен аталуы үшін керек. Біз қашаннан «Қазақ елі», «Қазақ хандығы» атанып келгенбіз. Патшалық Ресейдің боданында болғаннан бас­тап, ұлы орыс мемлекетінің шет аймақтағы бұратана халықтарына жатқызылып, қырғыз-қайсақ аталып жүргенімізде кеңес үкіметі біздің ұлтымызға өзінің тарихи «қазақ» атауын қайтарып, мемлекетіміз 1925-1991 жылдар аралығында «Қазақ Советтік Социалистік Рес­публикасы» атанғанын білеміз. Биліктің айналасында жүргендер 1990 жылы егемендік, 1991 жылы тәуелсіздік алған кезде көлеңкесінен қорқып, «станның» қамытына өздері барып кірген деп ойлаймын. Әйтпесе «совет» үкіметі де, «социалистік» қоғам да аренадан кетіп, соңғы атау­дан «Советтік», «Социалистік» сөздері автоматты түрде түсіп, «Қазақ Республикасы» ғана қалып, тәуелсіздікке қолымыз жетті-ау деп тұрған сәтте не себепті «стан» деген жұрнаққа басымызды апарып сұққанымыз түсініксіз. Егер Ресейге қарайлады десек, оның сол кездегі президенті Б.Ельцин тәуелсіздік алған елдердің егемендігіне араласпақ түгілі, өз қарамағындағы автономиялық республикаларға «қанша демократия керек болса, соншасын алыңыздар» деп жариялағаны белгілі.

Оның үстіне Конституциямызда «Қазақстан Республикасы» мен «Қазақстан» атауларының мағынасы бір деп жазылып, «Қазақстан Респуб­ликасы» атауында қателікке жол берілген. «Стан» сөзі «ел» дегенді білдіргендіктен «Қазақстан Респуб­ликасы» атауы «Қазақ елі Республикасы» болып оқылып, ел мағынасы екі рет айтылып жүр. 

Елбасы сөзінің соңында «халық­пен ақылдасып, ойласып алу керек» деді. «Халық» деп отырғаны қазақстандықтар екені түсінікті. Сол қазақстандықтардың ішіндегі қазақтар жағы ақылдаспай-ақ мұнымен келісетіні айдан анық. Ал, президент төрағалық ететін Қазақстан халқы Ассамблеясын құрайтын мәдени-ұлттық орталықтарының өкілдері қазақ тілін, Президентін өте құрметтейтіндіктері жайлы ылғи тебіреніп сөйлегендерін көріп жүрміз. Енді оларды Елбасы тағы бір жинап, осы атауға көзқарастарын сұраса, олардың сөздері мен сезімдерінің шынайылығы анықталған  болар еді. 

Қазақ халқы түрлі себептермен сырттан келіп қосылған басқа ұлт өкілдеріне нағыз қиын кездерінде де, қазір де қонақжайлылық, сыйластық танытып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылда орыс тіліне өз ана тілінен бетер құрмет көрсетіп, тең дәрежеде ұстап төзімділік танытуда. Осындай басқа халықтарда кездесе бермейтін жақсылық жасап отырған біздерге олар тарапынан қайтарым жасаудың  кезі келген сияқты. Олар қолдаса, онда референдум жасап та керегі жоқ. 

Енді Президенттің айтқанын ең бірінші 96 пайыз қазақтар шоғырланған біздің өңір іліп әкетіп, өңіріміздегі ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдерінің қолы қойылған Үндеумен басқа қазақстандықтарға үлгі болуымыз керек. Ол үшін Облыстық ішкі саясат басқармасы мен Қазақстан халқы облыстық ассамблея хатшылығы белсенділік танытқандары дұрыс.

Сәдуақас АҢСАТ

Қызылорда

Ауыл жастарын жайлаған жұмыссыздық


Қоғамның басты індетіне айналған жұмыссыздық деген дерттің  дауасы әлі де табылар емес. Шалғайда орналасқан ауыл тұрғындарын бұл мәселе қатты алаңдатып отыр. Ауылда екі қолға бір күрек іздеген жандар саны артып келеді. Сананы тұрмыс билеген бұл күнде жұмыссыз жүру деген нағыз трагедия. Қазір елімізде наша шегіп,  өзін-өзі өксітетін де,  түрмені аузы-мұрнынан лықа толтырып, әртүрлі ағымның жетегінде жүрген де,  бүгін басы қосылса, ертең-ақ шаңырағы шайқалып, ортасына түсіп жатқан да, тіпті баспанасыз босып жүрген де – жастар. Мұның барлығы жұмыссыздықтың тигізген салдары. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар жасалып жатса да, бұл мәселенің шешімі табылар емес. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауылға аттанған жастардың да толық жұмысқа орналасып жатқаны шамалы. Өйткені ауылды жерлерде жұмыс орындары санаулы ғана. Ауылдық жерлерде мектеп, аурухана сынды мемлекеттік мекемелерден өзге жұмыс орындары жоқ. Сондықтан ауылда жүрген жастар ірі қалаларда тіркеусіз жұмыс іздеп сенделіп жүр.  Жас­тар – еліміздің болашағы, қозғаушы күші. Ал, жұмыссыз жүрген ауыл жастарының көпшілігінің жоғары білімі жоқ. Ауылда өсіп, мектеп бітіргеннен кейін жоғары білім ала алмаған жас­тар қаншама? Сондықтан олардың белгілі бір кәсіпті меңгеріп шығуына мүмкіндік жасап, олардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету қажет.

Шынар Жанаева, 

ұстаз, Алматы облысы

Ардагерді еске алу турнирі


Алматыда Қазақ Ұлттық Жиу-житсу және Будо федерациясының ХІІ кубогі өтті. Бұл шара Қазақстанда Айкидо шығыс жекпе-жегінің, Бусидо шығыс жекпе-жегі клубының негізін қалаушы Рүстем Сүйіндіковті еске алуға арналды. Кубок аясында І республикалық турнирі ұйымдастырылды.

Рүстем Сүйіндіков – Айкидо жекпе-жегінен 5 дан иегері, 2006 жылы Бусидо шығыс жекпе-жек клубының негізін қалаушы, Қазақ Ұлттық жиу-житсу және Будо федерациясының 2010-2013 жылдардағы вице-президенті. Ол Әлем біріншілігінің жүлдегерін, Азия, Қазақстан чемпиондарын, спорт шеберлерін дайындаған білікті жаттықтырушы болатын. Спорт шеберін еске алу шарасында сөз сөйлеген, Рүстем Сүйіндіковтің жары Райхан Қалиолдина: «Қазақстан азаматтарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Әлемдік додада үлкен жеңістерге қол жеткізді. Рүстем адал адам болатын. Әділетсіздікке жол бермейтін. Шәкірттерін өз баласындай жақсы көрді. Ол бақытты. Өйткені Рүстемнің жолын қуған шәкірттері көп», – деді көзіне жас алып. 

Жекпе-жек өнерінің ардагерін еске алуға арналған І Республикалық турнирдің жеңімпазы болып Алматы облысының командасы танылды. Алматы қалалық федерациясының командасы екінші орынды місе тұтты. Турнирдің жекелей сынының чемпиондары болып Молдыбай Нұрахмет, Ерасыл Базарбеков, Бекжан Әділжанов, Санжар Айтмұқалиев, Абылай Сәкенұлы, Ержан Мақсат, Назгүл Сапархан, М.Сәрсенова, т.б. танылды.

Рүстем Сүйіндіков атындағы Республикалық турнирді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу  қолға алынады.

Динара Мыңжасарқызы 

Серіктес жаңалықтары