ҰЛ – ҰЛАҒАТЫҢ, ҚЫЗ – ҰЯТЫҢ

ҰЛ – ҰЛАҒАТЫҢ, ҚЫЗ – ҰЯТЫҢ

ҰЛ – ҰЛАҒАТЫҢ, ҚЫЗ – ҰЯТЫҢ
ашық дереккөзі
492

ХХІ ғасырды темірлену дәуірі деп айтуға болады. Білгің келген дүниенің бәрі (қай салада болмасын) интернетте жайнап, сайрап тұр. Тек темір түймені басасыз. Адамдар оқшауланып, жалғыздыққа ыңғайланған. Ешкім шақырылмай есік қағып, рұқсат сұрамай үйіңізге кірмейді.

Адамдардың өмір сүру өлшемдері адам айтқысыз өзгерістерге тап болды. Қалай болғанда да адамдар өсіп-өніп, көбейіп отырады. Той жасап үйленіп, бала-шағалы болады. Тойда сол халықтың үлкен мәдениеті, өткені мен болашағы жатыр. Қазіргі той өтетін жер – мейрамхана. Әртістердің, әсіресе әншілердің қызмет орны, табыс табатын жері де осы жер. Бүгінгі таңда мейрамханалар мәдениет ошағы рөлін барынша атқарып тұр. Ондағы басты рөлді ақша ойнайды. Ақша адамның қарулы күші. Бәріне әлі жетеді, қандай қамал болмасын бұзып өтеді. Даусы жоқ әншілерге дауыс береді, санасыздарға сана, ақымақтарға ақыл, надандарға білім береді. Ақша бәрін бағындырады, табындырады, тамсандырады. Осылай қалыптасып барамыз. Той басқарушы түрі, киімі келіскен, сөзге шешен, жан-жақты білімді болуы міндет. Дикциясы (сөйлеу мәнері) анық, даусы қуатты, тембрі (дауыс бояуы) құлаққа жағымды. Тойды ер адам басқарады, әйелді жібермеу керек. Тойдан ләззат алған абзал. Тойда адамның есінде қаларлықтай сөз айтылуы керек. Ал бүгінгі тойда тез (ритмді) жат ел музыкалары бірінші орында. Музыканың қаттылығынан құлағың тұнып, қатар отырған адамның сөзін естімейсің. Тойды шоуға айналдырып барамыз. Тойда сыпыра мақтаумен қатар Отан, жер, намыс туралы, азаттық туралы, қазақтың айтулы алып тұлғалары, зиялылар есімдері айтылып, ел болуға бастайтын отты ойлар, ақылды сөздер негізгі тақырып болса құба-құп. Ар, намыс, адамгершілік, зиялылық туралы да осы ретте айтылуға тиіс. Арлы, намысты болу кез келген адамның маңдайына жазыла бермейді. Ол ұлы тәңірі сыйлаған үлкен сый. Қазақ радиотеледидарында қызмет істедім. Хабарлар жасадым. Не жазып, не түсірсем де Алтын қордан орын алды. Өшірмеді. Көрнекті қоғам қайраткері, жазушы-сыншы, адамгершілік рухы биік, ешкімді алаламайтын дара тұлға Сағат Әшімбаев болатын. Сол Сағат Әшімбаев басшылық еткен тұста қазақ теледидар шаруашылығы сөз жоқ кәсіби түрде биіктен көрінді. Адам жанын кіршіксіз түсінетін ондай азаматты өз басым өте сирек жолықтырдым. Теледидардан кетуге оңтайланып жүргенде: «Зәуреш, сен ешқайда кетпейсің, осында боласың» деген жанашырлық қамқор сөзі әлі құлағымда, санамда жаңғырып тұр. Жаның жабырқаған сәттерде осындай арқа сүйер жылы лебізді азаматтарды аңсайсың. Бірақ елдің бәрі Әшімбаевтай парасатты, пайымды емес екені ойыңды ойсыратады. 

Егер біз тәуелсіз ел боламыз десек, ұлттық болмысымызды сақтап қаламыз десек, айналадағы болып жатқан ( кейде адам төзгісіз) оқиғаларға аса бір сақтықпен қарау керек. Демократия, жариялылық деген сылтаумен не болса соны эфирден өткізе бермеу керек. Ел-жұрттың жаңалықтардан хабардар болғаны дұрыс-ақ, дегенмен кейде тек қана бірыңғай жағымсыз дүниелерді көргенде, сол хабардың ұлтымыз үшін, балаларымыз үшін көк тиын да пайдасы жоқтығын, зияны көп екенін түйсігі бар көрермен білуге тиіс. Атыс-шабыс, жан беріп, жан алып жатқан оқиғалар онсыз да еліктіріп-желіктіріп әкетері даусыз. Одан гөрі қанымызға, жанымызға жақын, ұлттық тәлім-тәрбиені әспеттейтін хабарларды көптеп таратса. Ұлттық болмыс, ұлттың тілі мен үрдісі үшін күресіп өткен Сағат Әшімбаев сынды азаматтар жайлы жастарға жиі айтып, жиі хабарлар ұйымдастырылса құба құп. 

Бірді айтып, бірге кетіп жатқаным да осындай ұлттық тәлім-тәрбиенің, үрдістің, өнегенің әлі күнге жастар санасына жетпей жатқанынан шығар. Сонымен бүгінгі қазақ тойы қалай өтеді. Осы бір мәселе талай рет қазақтілді басылымдарда айтылып та, жазылып та жүр. Өзімнің жоғарыдағы пікірімді тағы да қайталайын, айта беру керек, жаза беру керек! Айтыла-айтыла жа-уыр болған тақырыптар біреуге болмаса біреуге ой салатын болады. Оның үстіне, бұл естілердің бәрі қайталаудан жалықпайтын тақырып болуға тиіс! 

Қазақтың тойы неге Түркештің «Көңілашарымен» ашылып, күй атасы Құрманғазының «Сарыарқасымен» аяқталмайды деген ой әрбір той-жиыннан қайтқандағы арманым. Көпшілікке «Қазақ күйін тыңдағанда бүткіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» сезіндіретін шығармалар жеткілікті ғой бізде. Ми шайқайтын ашулы музыка-әуендер жаныңды ғана жеп қоймайды, қаныңды басыңа шаптырып, жүрегіңді сыздатады. Оған қоса асаба да микрофон, дыбыс күшейткіш (усилитель) пайдаланып, акустика бұзылып, жаңғырықтар пайда болады да, онсыз да шетелдік музыкадан қажып отырған тойшыл қауымды мезі етіп жібереді. Ал енді, сол тойға келген қонақтардан бастап, қалыңдық пен күйеу жігіттің киім үлгілеріне назар салып көрдіңіз бе?! Әні түгілі, киім үлгісі мен сәні де еуропаша. Жартылай жалаңаш. Көңіл суиды. Құдай-ау, өз еркіміз өзімізде, тәуелсіз елміз. Ұлттық идеология қайда? Жастар қайда барады? Қоғамды жат қылықтардан алас­тау үшін ең алдымен қыздарымызды дұрыс тәрбиелейік! Қыз – Ана – Әйел бұзылған жерде қоғам да бұзылады деген ұғым бар. «Ұл – ұлағатың, қыз – ұятың» дегенді де айтқан дана қазақ неге шетелдік даңғаза тәрбиенің алдында әлсіз? Бір күндік ұрыстың қырық күн кесірі болғанда, ғасырлар бойы тепкіде, бұғауда болып, ит-сілікпесі шыққан, сағы сынған халықты қайта тірілту, айналдырған жиырма жылда бүткіл болмысын, тілі мен дінін жолға сала қою да оңай емес, әрине. Сүйектен өтіп кеткен орыстық болмыс, қасиеттерді сылып тастау біліктілікпен қатар бірауыздылықты қажет ететін тірлік. Жасыратыны жоқ, қазақ халқы өзімізден гөрі өзгелерге емешегі үзіліп тұрған халық. Өлдім-талдым, халық болудан қалдым деген осы бір жансебіл сәтте ақ түйенің қарны жарылып, айдай сұлу аппақ Азаттық келді. Бұл ұлттық қасиеттерімізді қалпына келтіруге мүмкіндік шаш-етектен деген сөз. Бас­ты міндет – Азат ел екеніңді сезіну. Сананы селт еткізіп, намысты ояту.

Тіпті, назар салып қарасаңыз, қазақ хал­қының басқа жұрттан ерекше, өз­геше екендігі тіпті дастарқанындағы асы­нан да сезіліп тұрады емес пе? Қымыз-шұбаты мен қызыл-күрең бадана­дай бауырсақтары, ірімшік пен құрт, қа­зысы мен жал-жаясы тартылған той дас­тарқанындағы талан-тараж дәстүрі де көңілге аса қона қоймайтын үрдіс. «Тойдан тобықтай, тойдан сарқыт» дегенді бүгінгі жаңа қазақтар басқаша қабылдайтын сияқты. Өйткені көп тойларда екінші отырыстың өзінде-ақ жайнап тұрған дастарқаннан ештеңе тауып жеу мүмкін емес жағдайлар әрбір қазақ тойынан көрініс табады. Бұл не сұмдық! Бір қарағанда обал-сауап деген де бар, әрине, дегенмен той жасап жатқан әулеттің тақ-тұқ дас­тар­қа­нына да жанашырлықпен қарау керек сияқты. Су жаңа қазақтарға арнап, ата дәстүр мен болмыс-бітімімізге, салт-дәстүрімізге сызат түсірмей, арлы-намыс­ты болайықшы деген ниеттен туған ойларды жолдадық. Кім қалай қабылдар, бәлкім біреуге қажет те болып қалар, тіпті әлдебіреулердің де ойында айтылмай жүрген пікірлеріне қозғау салар…

 Зәуреш ЕСБЕРГЕН,

 «Құрмет» орденінің иегері

Серіктес жаңалықтары